Агроценоздың ерекшеліктері

Агроценоз — бұл белгілі бір деңгейде және сипатта өнімділігі болатын, адам өз мақсаты үшін жасаған жасанды биоценоз. Қазіргі уақытта агроценоздар құрлықтың шамамен 10%-ын алып жатыр. Агроценоз да, басқа кез келген табиғи экожүйе секілді трофиктік желі түзуші, үлгілік трофиктік дэрежелер — продуцентер, консументтер, редуценттер болады, бірақ бұл екі қауымдастықта айтарлықтай айырмашылық бар.

  1. Агроценозда ағзалардың әртүрлігі жұтаңдаған. Агроценоздың біртүрлігін және түрлік кедейлігін адам арнайы күрделі агротехникалық жүйелер шарасымен қолдап отырады. Әдетте егістікте өсімдіктің бір түрі егіледі, соған байланысты мекендеуші жануарлар, топырақтағы микроағзалар құрамы азаяды. Бірақ өте кедейленген агроценоздардың өзінде әр түрлі жүйе мен экологиялық топтарға жататын бірнеше ондаған ағзалар тобы болады. Мысалы, егістік алқапты агроценозда, бидайдан басқа арамшөптер, бидайдың зиянкес жәндіктері мен жегіштері, топырақта және топырақ бетінде өмір сүретін омыртқасыздар, потогенді саңырауқұлақтар және т.б. болады.
  2. Адам қолымен жасанды түрде өсірілген түрлерді қолдап отырады және олар адам көмегінсіз өмір сүре алмайды.
  3. Агрожүйелер өсу жағдайын қамтамасыз ететін қосымша энергияны адам қызметінің нәтижесінде алады.
  4. Агроценоздың таза алғашқы өнімі (өсімдік биомассасы) экожүйеден өнім түрінде аласталады және қорек тізбегіне түспейді. Оларды жартылай зиянкестердің пайдалануына адам жол бермейді. Осының нэтижесінде өсімдіктердің тіршілігі үшін қажет минералдар топырақта жетіспейді. Олай болса адам топырақты тыңайтуға араласуы қажет.

Агроценозда табиғи сұрыптау әрекеті өте нашарлаған және орта жағдайына бейімделген өсімдіктің орнына көбіне адамға қажетті өсімдіктің мол өнімін алуға негізделген жасанды сұрыптауы бағытталған.

Сонымен, агроценоздардың табиғи жүйеден ерекшелігі -өздігінен реттелген жүйе емес, оларды адам реттейді. Мұндай реттеудің мақсаты — агроценоздың өнімділігін арттыру. Ол үшін құрғақ жерлер суландырылады, аса ылғалды жерлер құрғатылады, арамшөптер мен егінді жейтін жануарлар жойылады, өсіретін дақылдың сүрпы өзгертіліп, тыңайтылады. Осының бәрі егілген өсімдікке қолайлы жағдай жасайды. Табиғи жүйеден ерекшелігі — агроценоз тұрақты емес. Егер оларды үнемі қолдап отырмаса, олар тез жойылады, яғни қолдан өсіретін дақылдар жабайы өсетіндермен бәсекелесе алмайды және ығыстырылады.

Пайдаланылған әдебиеттер: Рыскиева Г.Ә., Өнеркісіп экологиясы – Алматы: Экономика, 2011. -262 бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *