Қартаю және қарттық жас

Қарттық жас ақыл-ойы мен денесінің кері қарай құлдилауы деп санағандықтан, көп адамдар қартаю алдында үрейленуді бастан кешеді. Алайда өзін жақсы сезінген жағдайда өмірін толыққанды және қанағатты түрде өткізуіне болады. Жетпіс жастан асқан көптеген адамдарда өз өмірінің «қарттық жас» деп аталатын кезеңіне тап болғанын сезіну пайда болады. Алайда хронологиялық жасты егде жас (әдетте олардың бұл жасын зейнет жасына жету бойынша айта бастайды) және қарттар деп бөлетін шарасыз кедергі ретінде қарастырмаған жөн. Белсенді өмір салтымен жүрген адамдардың түсінігінше, олар жетпістен әлдеқашан асып кеткен күші жоқ қарттар емес, күш-қуаты мол тұлға күйінде қалуды жалғастыра береді. Кейбіреулері, керісінше, салыстырмалы түрде жас кезінде-ақ өздерін қарттар сияқты ұстай бастайды.

[toc]

Қарттыққа көзқарас уақыт өте өзгереді

Қоғам қарттықты әрқалай қабылдайды. Балалар әдетте жас өзгерісін байқамайды, ал жас адамдар күшінің еселеніп, көркейер шағында, қарттықтың шарасыз салдарынан өзінің дене тартымдылығын жойып алам деген қорқынышқа бейім келеді. Қарттық сезім және қарттыққа көңіл бөлу жастық шақта санасына кіріп-шықпайды, бұл кейін өзінің қартаю үдерісін қалай қабылдайтынына жиі әсерін тигізеді.

Қоғамдағы қарттыққа қарсы теріс ұғым

Егер адамдар егде жастағы барлық стереотипті теріс қасиеттерді — тартымсыздықты, епсіздікті және әлсіздікті бойына тартуға бейім болса, қоғамда қарттыққа қарсы теріс ұғым басым бола бастайды. Тіпті дұрыс пікірлі адамдардың өзі оларға қарым-қатынаста санасыз түрде тәкаппарлық білдіруі немесе өзін жоғары ұстауы мүмкін.

Батыста егде жастағы адамдар алдында тұрған түбегейлі мәселелердің бірі — олардың қоғамдағы рөлінің айтарлықтай азаюы. Егер бұрын қарттарды олардың біліміне және тәжірибесіне қарап сыйлап құрметтесе, барлық цивилизация олар кейінгі ұрпаққа дәстүрлі түрде ауыздан-ауызға жеткізуге негізделсе, ал қазір барлық ақпаратты кітаптардан оңай жиып алуға болады. Осылайша, қарттар қоғамдағы күні кешеге дейін нақты белгілі болған өз рөлін жоғалтады.

Физикалық жағдайының нашарлауы

Жас өсе келе адамдар дене дімкәстігін бастан өткереді, олар белгілі бір созылмалы ауруларға бейімдірек болады. Қарттардың иммунды жүйесі әлсіреген, бұл олардың жұқпаға көбірек шалдығуының белгісі. Көбіне сезім мүшелері нашарлайды: естуі, көруі, иіс сезуі және дәм сезуі әлсірейді. Көру бұзылыстары, мысалы, катаракта немесе сары дақтың дегенерациясы пайда болуы мүмкін. Катаракта — қарашықтың көмескіленуі. Бұл ауруда барлық заттар бұлдырап, анық көрінбейді, ал ашық түстер қоңыр түске түскен дақ тәрізді көрінеді. Сары дақтың тозу себебі көздің торлы қабығы жасушаларының ыдырауынан болады.

Қарттықта адамның жоғары жиіліктегі дыбыстарды қабылдау қабілеті төмендейді, өйткені ішкі құлақтың «кірпікшелі жасушалары» зақымданады. Нәтижесінде «т» немесе «с» сияқты дыбыстарды есту қабілеті бұзылады да, сөз түсініксіз болады. Біртіндеп бұлшықет және сүйек тіндерінің салмақтары азаяды. Сүйек тінін тым көп жоғалту остеопорозға (мұнда сүйектер тым осал және сынғыш болады) әкеп соғады. Буындар қатайып, иілгіштігін жоғалтып, ауруы мүмкін.

Дәрі-дәрмектерді қабылдау зардаптары

Көптеген қарттар жас кезіндегіге қарағанда қабылданған дәрілерге сезімталдау екендігін байқайды.  Бұл қарттық кезде организмнен зиянды заттарды шығаратын бауыр мен бүйректердің қарқындылығының азаюынан. Сондықтан егде жастағы адамдар қабылдайтын белгілі бір дәрілік заттар жастау кезінде сезіле қоймаған жағымсыз әсерін тигізуі мүмкін.

Балтиморлық зерттеулер

1958 жылы ғалымдар «Ұзақ өмір сүрудің Балтиморлық зерттеулері» деп аталатын жобаны бастады, оның мақсаты қартаю үдерісінің табиғатын зерттеу болды. Зерттеу объектілері америкалық қала Балтимордың мыңдаған тұрғындары болды. Зерттеушілер адам организмінде қартаю үдерісінде дағдылы өзгерістердің көбісі әртүрлі аурулардың салдары болып табылатындығын байқады. Жалпы денсаулығын жақсы сақтай білген қарттарда осы жасқа тән физиологиялық немесе ақыл-ой бұзылыстарының байқалмағандығын анықтады. Ғалымдар бірауыздан, егер егде жастағы адамдар зиянды әдеттерден (мысалы, темекі тарту немесе шамадан тыс тамақтану) бас тартса, және де салауатты өмір салтын сақтаса, онда қарттықта олардың денсаулығында проблемалар болмайды деген пікірде.

Қартаюдың да жағымды жақтары бар

Көптеген адамдарда жыл сайын өмірлік тәжірибе жинақталады. Қарттықта оларда өткен өмір жолына көз жүгіртіп, оған баға беру және өмірдің мәнін ойлап, ұғыну мүмкіндігі пайда болады. Сонымен қатар өзінің қартая бастағанын шарасыз болатын жүдеу үдерісі деп қабылдамайтын адамдар да бар. Олар оны өз өмірінің жаңа фазасы ретінде қарастырады, онда олар дамуды, оқуды жалғастыра береді, оларда жаңа ермектер және қызығушылықтар пайда болады.

Бұдан басқа, жыл өткен сайын ер адамдар да, әйелдер де қарама-қарсы жынысқа тән қасиеттерге ие болады, бұл оларға пайдалы. Ер адамдар, өздерін таңдандырып, табиғи ұстамдылығын тастап, өздерінің сезімдерін ашық білдіруге бейім, ал әйелдер керісінше өзіне сенімдірек болады. Бірақ ерте ме, кеш пе, жас емес адамдар күнделікті өмірде басқалардың жәрдемінсіз өмір сүре алмау фактісін мойындауына тура келеді. Олардың күнделікті дүкенге баруы, тамақ дайындауы, үйді жинауы және ванна қабылдауы қиындай түседі. Осындай кезде қартайған атааналары мен олардың ересек балаларының рөлі алмасады. Көптеген балалар үлкен адамдарға сүйіспеншілік және жақындық танытады, олар бір кездері атааналарының өздеріне деген мейірімін және қамқорлығын өтегісі келеді.

Алайда қарт ата-аналарына қамқорлық жасауға күн өткен сайын кедергі келтіретін факторлар да бар. Жұмыс бабымен ата-ана үйін тастап, үлкен қалаларға кеткен балалар да аз емес. Олар көбіне алыста болып, атааналарына күтім жасауға мүмкіндіктері болмай қалады. Қазіргі тағы бір тенденция, бала туудың кеміп, отбасында бала санының азаюынан атааналарына қамқорлық жасау тек бір баланың ғана мойнында болады, оны басқа ешкіммен бөлісе алмайды. Қоғамдағы әлеуметтік ауысулар, бұрын дәстүрлі түрде қартайған ата-аналарын күтімге алатын 45-55 жастағы әйелдердің енді негізінен жұмыс істеуін жалғастырып, мансап жасауына әкелді.

Қайда тұру керек: таңдау қиындығы

Кейбір егде жастағы атааналардың, мұның жағымсыз жақтары болса да, өз балаларына көшіп бару мүмкіндігі бар. Жаңа үйде олар қамқорлықта және күтімде болады, бірақ көп адамдар тәуелсіздігінің жоғалғанын сезеді, бұдан басқа достарын, көптеген жылдар бойы қалыптасқан байланыстары мен дағдыларын жоғалтқанын қатты сезінеді.

Бұл мәселені дамыған Еуропа елдерінде қарттарды пансионаттарға немесе қарттар үйіне орналастыра отырып, басқаша шешуге болады. Пансионаттағы өмір — өзінше ымыраға келу: адам өзінің еркіндігін сақтайды, сонымен қатар қажет болғанда күтім жасалады және медициналық жәрдем ала алады.

Қаусаған қарттықта, адам бөгде адамның көмегінсіз ештеңе істей алмаған кезде, қарттар үйін таңдай алады. Екі нұсқа да барынша қымбат және қарттардың қандай да бір уақыт ішінде өзіне күтім жасау дағдыларын жоғалту қаупімен де байланысты. Кез келген жағдайда жай шешім қабылдамай, жасамыстық мүдделеріне, оның дене және рухани жай-күйіне негіздеген жөн.

Қолданылған әдебиет: Егде жастағы денсаулық / Питер Абрахамс; орыс тілінен аударған: Ұ. Тілегенова.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *