Асанқайғы Cәбитұлы өмірбаяны

Асанқайғы — оның есімі кез келген қазақ баласына, соның ішінде тек қазіргі қазақтарға ғана емес, бұдан бірнеше ғасыр бұрынғы баба қазақтарға да соншалықты таныс, соншалықты жақын еді. Өйткені, ол — біздің ел болып, есімізді жинап, халық болып, қауқарлы жұрт болу жолындағы қаһармандығымыз бен қайсарлығымызды шыңдаушы абыз тұлғамыз, мемлекеттік қайраткер, далалық өркениеттің данагөйі болатын. Ол тек өзі тұстас қандастарының ғана емес, айтқан сөзіне құлақ асар адамзат баласын тәрбиелеуге үлес қосып өткен кемеңгер еді. Нәпсі алдаушы дұшпанның насихатын алмағыл», — деп келетін сөздерін біреуге көңілің толмай, астамшылықта болу — өзіңді жарға жығатын күпіршілік екенін ұқтыру, сондай-ақ кең пейілділікке, кемел ақылдылыққа бастайтын, даңғойлық пен сенімпаздықтан сақтандыратын құнарлы ойлардың мәйегі деп білеміз.

Асанқайғының осы күнге дейінгі қазақ әдебиетіндегі сабырлылық пен кешірімділікке үндейтін шығармаларының қайсысынан да өзінің нұсқалылығымен, оқ бойы озық тұрған «Еділ бол да, Жайық бол» деп басталатын туындысында қаншама идея бар?! Соның бірі — адамзат баласына тән ашушаңдықтан сақтандыру. Жырау: «Ашу-дұшпан, артынан түсіп кетсең қайтесің түбі терең қуысқа», — деп тыңдарманын мүсіркегендей болады. Осындағы автор аузымен айтылып отырған «түбі терең қуыс» бұл — жердің жарығы — оқпан шығар, көр болар… Қалай болғанда да ол азаматты елдің бетіне қарай алмайтындай, халықты назырқататындай жағдайдан аулақ болуға үндеу. Сондықтан да «Атадан алтау тудым деп, асқынып жауап айтпаңыз. Атамның малы көп-ті деп, атты басқа тартпаңыз. Есеніңде, тіріңде — бір болыңыз бәріңіз. Ақыретке барғанда, Хақ қасына тұрғанда, Қыдырдың өзі болғай жарыңыз», — дейтін бүкіл елді тәубесінен жаңылмауға, татулықта өмір кешуге мүдделі қылатын лебізіне көз жүгірте отырып, оны тек бір мезгілдің емес, бар мезгілдің данагөйі деп тануға лайықты деп білеміз.

Ол — адамның сыншысы, жердің сыншысы. Туған жұртына жерүйықты іздеуші — ел қамқоры. Бұл ретте ол халқының қолын мамыражай тірлікке жеткізуді арман еткен утопист Томас Мор, Томмазо Кампанелла секілді. Уақыт жағынан алып қарағанда, осы идеялары тұрғысынан ол — әлемге мәшһүр осы екі адамның қайсысынан да болсын жасы үлкен.

Елі алдындағы баба жырау Асанқайғының осындай ақниет асқақ тілегіне іңкәр болған XX ғасырдағы қазақтың дарынды ақыны, екінші дүниежүзілік соғыстың құрбаны Абдолла Жұмағалиев оның рухына үлкен полотнолық еңбек арнауды алдына мақсат етіп қойған. Қазіргі ел оқып жүрген Асанқайғы туралы аяқталмай қалған ақын поэмасы сол кең ауқымды, кемел ойлы кесек туынды болмақ еңбектің алғашқы фрагменттері болатын. Сондай-ақ профессор Ханғали Сүйіншәлиевтің айтуынша, Ысқақов Ілияс деген азамат та 1948 жылы «Асанқайғы» атты поэма жазған. (Сүйішәлиев X. Қазақ әдебиетінің тарихы. Алматы: Санат, 1997, 242-бет).

Асанқайғы туралы Ш. Уәлиханов, М. Әуезов, С. Сейфуллиннен бастап бірсыпыра адамдар пікір айтқаны белгілі. Солардың негізінде автор шығармашылығы жоғары оқу орындарының оқу программаларына енгізілді. Әйтсе де, өткен ғасырдың отызыншы жылдарында жазықсыз жандар жазаланып жатқан кезде Асанқайғының болсын, соның алды-артындағы ақын, жыраулар мұрасына болсын күдікпен қарау бел алып түрды. Сол мезгілде профессор Бейсенбай Кенжебаев 1942 жылғы «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналында Асанқайғының халықтың ойдан шығарған мифтік тұлғасы емес екендігін айтып, «тарихта болған адам, Жәнібек ханның ақыны, ақылгөйі», — деп, сондай-ақ Совет одағына белгілі тарихшы-ғалым, Сырым Датов туралы ғылыми зерттеу еңбегі үшін бірінші дәрежелі сталиндік сыйлықтың лауреаты атанған М. Вяткин 1942 жылғы «История казахской ССР» дейтін еңбекте жырау туралы ел аңыздарына сүйене келіп «Асанқайғы Жәнібек ханның тұсында жасаған қазақ поэзиясының бастаушысы, оның өлеңдерінде ақсүйек төрелерді әшкерелейтін, оларға қарсы сарынның кездесуі таңданарлық» деп жазды. Ал елдік мұраның қамқоры академик Әлкей Марғұлан сол тұста: «Асанқайғы — белгілі ойшыл және ақын. Жәнібек ханның тұстасы… тарихта шын болған жырау, шешен…» деген пікір айтады (Сүйіншәлиев X. Қазақ әдебиетінің тарихы. Алматы: Санат, 1997. 247-бет).

Тегінде авторлығы жоғалмаған шығарма әманда туынды иесінің қай кезде өмір сүргендігін, ол кездегі жыраудың немесе ақынның елінің хал-ахуалын, билеушісі кім екендігін анықтауға жәрдемін тигізетіндігінде дау жоқ. Бұл тұрғыдан келгенде халқының тағдырын өзінен бұрын өмір кешкен Қорқыт атасы секілді көп ойлап, уайым жегендіктен Асанқайғы атанған, тек бір ғана қазақ халқы ғана емес, көршілес қырғыз жұртына да белгілі: Әз-Жәнібек, Керей хандармен бірге Әбілқайырға қарсы күрестің басында болған қарт жыраудың орны айрықша. Бүкіл саналы тірлігі, кейінге қалдырған әдеби мұрасы қазақ жұртының өмірінен ажыратып алғысыз болып келетін оны қазақ жырауы емес еді деуге ауыз бармайды.

Аңыз бен жырау сөздерін өзара салыстырғанда, бірінде айтылатын ой екіншісінде түгелдей дерлік қайталанады. Және көріпкел жанның айтқандарының кейін барлығының да іс жүзінде дәл солай болып шыққандығы таңғалдырады. Шынында, тарихта Әз-Жәнібек қандай сарай салдырды, оны дэлелдерліктей біздің қолымызда дерек жоқ. Бірақ, қазақ аңызы Астрахань шаһарын Жәнібек салдырған деп есептейді. Ал, тарихта Астрахань хандығының XV ғасырдың ақырында Алтын Орданың күйреуімен байланысты өмірге келгендігін ескерер болсақ, тегінде бұл аңызды негізсіз деуге келмейді. Асанқайғы сөзі де соны тірілтіп тұр. Соған қарағанда қандай ғимарат болса да қазақ ханы Әз-Жәнібектің әйтеуір елеулі бір құрылыстарды орыс шеберлерін алдырып салдыртқаны шындыққа келеді.

Ал, орыс шеберлерімен, олардың билеушілерімен Жәнібек тұсында барып-келу араласы болды ма екен деп көңілге күмән жүгіруі мүмкін десек, бұл күдікті сейілтерліктей дәлелдер жеткілікті. Біріншіден, Асанқайғының Әз-Жәнібекке ақыл-кеңес айтып отырған мезгілі — Жәнібектің Кереймен бірігіп 1456 жылы Моғолстанға, Хантауына, елді бастап келген уақытында емес, 1465 жылы оларға теперіш көрсеткен АқордаДешті Қыпшақ билеушісі Әбілқайырдың өліп, Жәнібектің кері қайтып Астраханьда хандық құрып тұрған кезіне сәйкес келеді. Одан басқаша жорамал жасауға аңыздар мен Асанқайғы өлеңдерінің мазмұны мүмкіндік бермейді.

Екіншіден, «Орманбет хан Ордадан шыққан күнде, Асан ата қайғырып айтыпты жыр» деп Құдабай ақын жырлаған Орманбет есімін Тоқай-Темір тұқымы ұлығ Мұхамед хан деп есептейтін (1419-1432 жылдардағы Алтынорда билеушісі) Шәкәрім Құдайбердиев, тарихшы Құрбанғали Халидұғлы, Қ.И. Сәтбаев, М. Мағауин, Ш. Ыбыраев, пікірлеріне ден қойсақ, оның Орыс хан шөпшегі Кіші Мұхамедтен тізе бүккеннен кейін Солтүстікке барып, тәуелсіз Қазан хандығын құрғаны мәлім. Ал, бұл — Орыс мемлекетінің іргесі. Асанқайғы біраз жыл бұрынғы билеушісін қимай, соның соңына ерген халқымен ілесіп, ол бетте де болып қайтқан. Орыс жұртының құлқын да, сол кездегі жыл өткен сайын қайраттанып келе жатқан күшін де ел басшысынан әрмен біліп отырғандығы сондықтан.

Әз-Жәнібек хан — қазақ халқының тарихында есімі ілтипатпен еске алынатын хандардың бірі. Оның Әз-Жәнібек атануы да содан. Әбілқайырдан елін бөліп алып шыққанда өзіндей еңбек сіңірген деп есептелетін онымен бірге туған бауыры Керей хан туралы не Асанқайғы, не басқа жыраудың бір ауыз лебіз білдірмей, разы болса да, наразы болса да, тек қана Жәнібектің жырлануында көп мән бар. Өйткені, тарихи тұлға атаулының бәрі — әдеби кейіпкер бола бермейді. Ауызша жырланатын әдебиетте бірнеше ғасыр бойы есімі жоғалмай жүру үшін кейіпкер де, авторда сол халыққа айрықша еңбегі сіңген үлкен бедел иесі болуы керек.

Демек, қазақ ұлысының Жәнібекті де, ол хандық қүрған кезеңді жырлаған Асан сөзін де ұмытпауында осындай сыр бар.

Біз Асанқайғының Әз-Жәнібекке айтқан сөздерін қазақ жүрты Шу бойында жүргенде емес, Әз-Жәнібек Астрахань хандығын өзіне қаратып түрған кезде шығарылған деп есептейміз. Шынында, осы жаңылыс пікір емес пе екен? Мүмкін, Моғолстандағы Иса-Бұға ханға келе жатқан бетте айтылған шығар? Міне, осының бәрін анық-қанығын анықтау үшін жырау сөзіне құлақ тосу қажет:

— Қырында киік жайлаған,
Суында балық ойнаған,
Оймауыттай тоғай егіннің,
Ойына келген асын жейтұғын,
Жемде кеңес қылмадың,
-Жемнен де елді көшірдің.
Ойыл деген ойыңды,
Отын тапсаң тойыңды,
Ойыл көздің жасы еді,
Ойылда кеңес қылмадың,
-Ойылдан елді көшірдің.
Елбең-елбең жүгірген,
Ебелек отқа семірген,
Екі семіз қолға алып,
Ерлер жортып күн көрген,
Еділ деген қиянға
Еңкейіп келдің тар жерге,
Мұнда кеңес қылмасаң,
Кеңестің түбі нараду…
Ақылды белден алдырдың,
Көңілді жаман қалдырдың…
Нәлет біздің жүріске!
Еділ менен Жайықтың,
Бірін — жазға жайласаң,
Бірін — қысқа қыстасаң,
Ал, қолыңды маларсың,
Алтын менен күміске!

Жоқ, көріпкел жырау Асанқайғы Еділден бастап жылжып жайлы мекендерді кейінге қалдырып келе жатырмыз деп қайғырып, қапаланбайды, керісінше Шығыстан Батысқа қарай беттеген жолдарында ордалы жұрт болып орнығуға ылайықты Ойыл, Жем секілді сулардың бойындағы шұрайлы атыраптардан тоқтамай өтіп, бір қиыр шеттегі Еділ атты тар жерге келгендігінен, егер осында байырқамаса шаруаның түбі берекелі болмайтындығынан хабардар етеді. Көшпенді елге Жайық пен Еділді тастап әрмен барғанда береке табар жөн жоқ, енді осында аялдағын деп кеңес береді.

Аңызда да солай: Жәнібек ханның жұрты Еділ мен Жайықтың арасында болған дейді. Демек, бұл жерде жаңсақ айтылған пікір жоқ. Бұл сөздер шын мәнісінде 1465 жылы Әбілқайыр өліп, сол кезде қазақтардың баяғы өздерінің ата жұртына оралған кезеңінің көрінісі деп қорытынды жасауға голық негіз бар. Жырдың айтылған тұсы қалай болғанда да 1465 жылдан кейінгі мезгіл: шамамен оны 1465-1470 жылдар арасы деп межелеуге болатын болар. Олай дейтін себебіміз: Жәнібек осы жұртта кейін қарамағындағы халқының саны өсіп, қарашысы көбейіп, хандық пәрмені төңірегіне түгел жүретіндей дәрежеге жетіп, әбден нығайған тұста, айрықша саят құрып (құладынға қу ілдіріп), төсек жаңғыртып, сарай (қорған) салдырып, бірсыпыра шаруалар істейді. Ол толғау Асанқайғының Еділ мен Жайықтың бойына көшіңді кідіртіп, халқыңды орнықтыр дегенді айтатын, біздің қазір ғана сөз етіп отырған жырдан басқа. Оны ілгері жақта келтіргенбіз. Тегінде осы жырдың мазмұнына іштей үңіле түссек, бұл тұс аңызда айтылатындай: «Жэнібек хан дегеніне жетіп тұрған кезі. …Асанқайғының 95-ке келген шағы». Бұл толғаудан Асан Атаның «Тіл алсаң іздеп қоныс көр, Желмая мініп жер шалсам, тапқан жерге ел көшір, Мұны неге білмейсің?… Қош, аман бол, Жәнібек, енді мені көрмейсің!» — деп Жәнібектің жоғарыда аталған үш қылығына риза болмай, басқа жақтан қоныс іздейтіндігіне, хан бұған ермесе, өзінің оған жолдас бола алмайтындығын айтып, ат құйрығын шорт кескендігіне куәлік табамыз.

Шындығында мұны қалай деп білуге болады? Әбден билігі нығайған хан Жәнібекке 95 жастағы қария Асан Ата риза емес. Неге? Сол уақыттан 4-5 жыл ғана (әрине, мұның бәрі болжам ғой) осы тұсқа еліңді орнықтырсаң дұрыс болады деп отырған жан, неліктен Жәнібектен шошынады? Мейманасы тасқандығынан ба, ақылының қашқандығынан ба? Оны дәйектерлік қандай дерек бар?

Біздіңше, бұл да тарихи шындықтан онша көп алшақ кетпейтін жай. М. Тынышбаев өзінің белгілі еңбегінде сол дәуірді зерттеген тарихшылар еңбегіне сүйене отырып, 1465 жылы Әбілқайыр өлісімен Жәнібек пен Керейдің Моғолстанда жүрген жұрты кері қайтып, оларға Әбілқайырдан қалған қазақ рулары қосылып, айбыны асқандығын, кейін Астраханьды билеген Жәнібектің 1477 жылы Қырым хандығына пәрменін жүргізгендігін, сол жақтан Ресей жұртына барып, ақыры сонда қаза тапқанынан құлағдар етеді (Тынышбаев М, аталған еңбек, 131-бет).

Демек, Әз-Жәнібек ұлысының Еділ-Жайық атырабында саны өсті, әлеуетті елге айналды, малы көбейді. Жаны өсіп, малы өскен елге қоныс тарлық етті. «Бір жігіттің қайратына қырық жігіт мас болар» дегендей, Әз-Жәнібек енді байтақ ұлыстың билеушісі болып алғаннан кейін Қырымға көз алартты. Бірақ, Қырымдағы тұрақты жұртты ығыстыра отырып көшпелі халыққа қонысын кеңейтердей далиған жайылым табу мүмкін емес еді. Оның үстіне бұндай тұста әліптің артын аңдып, ағайынды қауым араздаса қалса, өз пайдасына асырмақ болып, бағумен отырған Ресей жұртының да мұндай кезде қарап қалмасы ақиқат еді. Осының бәрін Асанқайғы жырау көре білді де, соны Жәнібекке ескертті. Ханның қалың жұрты береке табу үшін қонысты басқа жақтардан іздеп кеңейту керек деп түсінді. Сондықтан өзінің желмая мініп, жер шолып, егер қоныс тапса, күн сайын аумағы өсіп бара жатқан елін сол бетке апару керек деп білді. Ал, ол ойын Жәнібек хош алмаған. Сонан кейін жырау ашуға мінеді. Бұл атырапқа енді қайырылып соқпайтындығын, ханның бетін көрмейтіндігін кесіп айтады. Яки, Жәнібекпен ат құйрығын үзіседі.

Әрине, Асанқайғы жырау халық аңызында желмаяға мініп, есіл-дерті жайлы қоныс тауып берем деп, әбігерге түсіп жүргеніне қарап, оны ел кезген кейуана дәруіш деп ойлауға болмайды. Ол соңынан ерер қабырғалы елі бар, берісі рубасы, әрісі кіммен қатар тұрса да, өзі ешкімнің де көлеңкесінде көрінбей қала алмайтын дағуалы пікір, үлкен билік иесі. Сондықтан да оның қимылдары адуын, жалтақтықты білмейді. Шоқан Уәлиханов, Әлкей Марғұлан және басқа ғалымдардың зерттеуінше, XV ғасыр басында Сарай, кейін Қазан қаласында, бертін келе Жәнібек маңында болған ақсақалдың ақырғы тұрақ етіп тепкен қонысы — қазақ даласы. Оның ішінде Жетісу өлкесі, Ұлытау бойы болып суреттеледі. Мүрдесі бірде Ыстықкөл жағасында, бірде Ұлытау бойындағы Ақмешіт әулие қорымына жерленген болып әңгімеленеді. Не болғанда да осынау өз атымен бүгінге шығармасы жеткен, елі үшін жанын шүберекке түйіп, от пен суға түскен аруақты Қазақ жырауы 1470 жылдардан кейін Еділ бойына қайтып оралмаған. Сол беті дүниеден көшкен.

Асанқайғы жыраудың осы күнге дейін өмір сүрген кезеңі туралы айтқанда, жобалап та болса, ол қай кезде туып, қай тұста дүниеден өтті деген мәселеде көп күмілжитініміз аян.

Ол заңды да. Бірақ, бір нэрсеге ден қою керек сияқты. Егер Асанның осы мезгілге жеткен шығармаларының өзінікі екендігін, оның Әз-Жәнібекке айтқан сөздерінің деректілігін мойындар болсақ, сол шығармалардағы барша мәліметтерді Әз-Жәнібек пен Асанқайғы туралы эпсаналар жарыса баяндап, көмескіліктің пердесін ысырып отыратындығы тегіннен тегін емес деп білу керек. Сөйтіп, эпсананың берер дерегін мойындасақ, Әз-Жәнібектің абыройы-беделі дәуірлеп тұрған тұс, 1460 жылдардың ақырында, Асанқайғы — 95 жаста. Демек, көпті көрген көне көз жырау 1360 жылдардың соңы, берісі 1370 жылы дүниеге келген азамат болып шығады. Сонда ол 1432 жылы Алтын Орда тағынан тайып «Орманбет хан ордадан шыққан күнде, Асан Ата қайғырып айтыпты жыр» деп Қүдабай ақын жырлайтын Тоқай Темір түқымы Ұлығ Мұхамед (Өр Мұхамбет, Өрмәмбет, Орманбет атанып кеткен) ханның Орыс хан шөпшегі кіші Мұхамедтен тізе бүккен кезінде ғана емес, оның алдындағы Едіге мен Темір-Құтлық, Тоқтамыс кезінде де өмірде бар, ат жалын тартып мінген ересек кісі болып шығады.

Бір ескеруге тұрарлық жәйт: тарихшы Құрбанғали Халид Асанқайғының «өз аты Хасан, оны халық Асан Ата деп кеткен» деп жазады. Сондай-ақ, Тоқтамыс ханның басынан бағы қайтып, 1393 жылы 20 майда Полынаның королі Ягайлаға жазған Жарлығында аттары көрсетіліп, елшілікке жіберіліп отырған Котлубаға, Асан (Хасан) есімді адамдар бар екенін білеміз. Ол құжатты А. Казембек, И. Березин, Д. Банзаров, Ш. Уәлиханов, В. Радлов, секілді ғалымдардың тарих ғылымының игілігіне айналдырғанына талай уақыт өтті.

Елшілікте жүретін Асанды, алайда, қазақтың тарихына қатынасы бар адам емес пе екен деп ойлауға, кейінге дейін заманның, заңның қабағына қарап келгендіктен ғалымдарымыз тәуекел ете алмай келді. Тіпті, оны былай қойғанда Асанқайғының жыраулық бетін танытқан Әз-Жәнібекке айтқан ақыл сөздерінің өзін кертартпа феодалдық рухтағы тоңмойын кісінің лебізі еді деуге мэжбүр болды. Өйткені, дәуірдің күрзісі — талай ғұламаны солай сөйлеуге душар етті. Ал, шындығында осы кезге дейін Асандікі болып келген сөздердің бәрі де сонікі. Ягайлаға елші болып баратын екеудің біреуі де — сол Асан ақсақал. Өйткені, 1393 жылы біздің жырауымыз Асанқайғы Сәбитұлы ақсақал жиырманың ішіндегі жігіт. Ал, бүкіл алты ғасыр бойы ел есінде жүруге лайықты ақылға, көшелі сөзге ие данышпан азамат жиырманың ішінде өз қатарынан озып шығып, елінің елшілігіне жүретін екеудің біреуіне жарамайды, оған алысты болжар кемеңгерлік кейін қонған деп, оңынан ойлайтын ешкім де дауласпақ емес. Демек, осыған қол қойсақ, Асанқайғы Сәбитұлы есімді абыз жырау шындығында да, 1370 жылы дүниеге келіп, 1470 жылы жүз жас жасап, өмірден көшкен болып шығады.

Пайдаланылған әдебиеттер: Тілепов Жұмат — Ел мүддесі — ерлер еншісі. Ғылыми зерттеулер. Үш томдық шығармалар жинағы: 2 — том. — Алматы: «Дәуір-Кітап» баспасы, 2017. — 384 бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *