Атмосфера, оның құрылысы, ауаның құрамы

Атмосфераның құрамы. Жер атмосферасы (грек. atmos – бу және sphaira – шар) – оны айнала қоршап тұрған газды қабықша. Атмосфера әртүрлі газ, су буы және ауа тозаңы бөлшектерінің қоспаларынан тұрады. Құрғақ ауа көлемінің 78%-ын азот, 21%-ын оттегі, ал қалғанын әртүрлі газдар құрайды.

Ауа дегеніміз – әртүрлі газдардың қосындысы.

Атмосфера Жер шарындағы барлық тіршілік үдерістерінің жүруін қамтамасыз етіп, адамзаттың өмір сүруіне үлкен әсер етеді.

Атмосфераның қабаттары. Атмосфера қабаттарының нақты шекарасы дәлме-дәл анықталмаған. Ғарыштан бақылау жасау арқылы алынған деректер бойынша атмосфера 10-20 мың км биіктікке дейін жайылған.

Атмосфераның құрылысы бірнеше қабаттан: тропосфера, стратосфера, мезосфера, ионосфера және термосферадан тұрады. Атмосфера жер бетінен жоғары қарай шамамен 3000 км-ге дейін созылады.

Атмосфераның жер бетіне ең жақын қабаты «тропосфера» деп аталады. Тропосфераның қалыңдығы экваторда 16 – 18 км, орта ендіктерде 10 – 12 км, ал полюстерде 7 – 10 км. Осы қабатта жауын-шашын, бұлттар түзіліп, найзағайлар жарқылдап, күн күркіреуі жүреді.

Тропосфера қабатында ауа 80%-ға дейін жинақталады. Тропосферадағы ауа түрлі бағытта әртүрлі жылдамдықпен үнемі бейберекет қозғалып, өзгеріп отырады. Қозғалыс нәтижесінде құрғақ ауа ылғалды ауамен, жылы ауа салқын ауамен алмасып тұрады. Негізгі бұлттардың түзелетін жері – жылы аралық қабат.

Стратосфера қабаты жер бетінен 20 – 50 км биіктікте орналасқан. Ауаның қалған бөлігі осы қабатта болады, жел екпіні төменгі қабаттармен салыстырғанда мұнда өте баяу келеді. Стратосферада жерден 25 – 30 км биіктікте шоғырланған жұқа озон қабаты бар. Оның тіршілік үшін маңызы өте ерекше. Себебі озон қабаты Күннен таралатын тіршілікке өте зиянды ультракүлгін сәулелерді ұстап қалады.

Мезосфера қабаты атмосфераның 55 – 80 км биіктігінде орналасқан. Бұл қабатта әр 1 км-ге жоғары көтерілген сайын температура 2 – 3˚С-ге төмендеп отырады.

Ионосфера – жер бетінен 80 – 100 км-ден жоғары экзосфераға дейінгі аралық қабат. Мұнда иондалған газдар кездеседі.

Экзосфера қабаты атмосфераның ең жоғарғы қабатында орналасқан. Бұл қабаттың ең төменгі шегі жер бетінен 1000 км биіктіктен өтетін болса, ал жоғары шегі нақты айқындалмаған. Экзосферада ауа тығыздығы өте төмен.

Атмосфераның маңызы. Жалпы жер бетіндегі тіршіліктің өзі ауамен тығыз байланысты. Жер бетіндегі температураның қалыпты болуы да ауа қабығына тәуелді. Күндіз жер бетін күн сәулесінің қатты қызуынан сақтаса, түнде қатты суынуынан сақтайды. Атмосфера ғаламшарды метеориттерден қорғайды. Олардың барлығы дерлік жердің бетіне жетпей-ақ, атмосферада жанып кетеді.

Атмосфераны зерттеу. Атмосфераның төменгі қабаттарына адамдар ерте кезден-ақ бақылау жүргізу арқылы зерттей білген. XIX ғасырдың бас кезінде ауа қабатын аэростаттардың көмегімен зерттеген, сол кезеңдерде атмосфера қабаттары туралы шар-зонд мәліметтер бере бастаған. Ал кейінірек радиозонд атмосфераның биік қабаттарын да (35-40 км) зерттеді. Қазіргі кезде Жердің жасанды серіктерінің көмегімен жан-жақты толық зерттеулер жүргізілуде.

Атмосфераны қорғау. Адам баласы өзінің материалдық мұқтаждығын өтеу үшін өнеркәсіпті, автокөлікті, ғарышты, су көліктерін пайдалану барысында атмосфераның ластануына себепші болады.

Қышқыл жаңбыр, озон қабатының жұқаруы, түтін, газ, т.б. – атмосфералық ластанудың көріністері. Ауа ластануының әсерінен атмосфера жылынуда. Атмосфераның жылынуынан 2006 жылы қыста Солтүстік Мұзды мұхит қатпай, Мәскеу маңындағы ормандарда саңырауқұлақтар жаппай бой көтеріп, ал Оңтүстік Қазақстан облысында жер көгеру сияқты әдеттен тыс құбылыстар байқалады. Атмосфераны қорғау – өте күрделі, өзекті мәселе. Атмосфераны қорғаудың негізгі шаралары – ірі кен байытатын, мұнай өнімдерін өндіретін және оларды өңдейтін өнеркәсіп орындарында аз қалдықты немесе қалдықсыз технологияға көшіру, автокөліктерден, ұшақтардан, жылу қазандықтарынан бөлінетін зиянды заттардың шекті мөлшерден асып кетпеуін бақылау. Атмосфераны таза сақтаудың, қорғаудың ең тиімді жолы – көгалдандыру.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *