Осы тақырыпта: атом заттың ең кіші бөлшегі екенін білетін боламыз; молекула заттың құрамы мен қасиетін сақтайтын ең кіші бөлшегі екенін түсінеміз; заттар құрамына қарай жай және күрделі деп жіктелетінін оқып-үйренеміз.

Заттар неден құралатыны жөніндегі сұрақтар адамзатты ертеден-ақ ойландырды. Гректер заттардың ұсақ бөлшектерден тұратынын білген. Б.з.д. 420 жылы грек философы Демокрит «материя бөлінбейтін ұсақ бөлшектерден тұрады» деген гипотезаны ұстанған. Грекше «атом» — бөлінбейтін деген мағынаны білдіреді.

Заттарды шексіз ұсақтау мүмкін емес екеніне ойша қорытынды жасауға болады. Ең соңында әйтеуір бір ұсақ, бөлінбейтін бөлшек немесе атом қалуы тиіс. Егер бөлінбейтін бөлшек қалмаса, кез келген затты ақырына дейін жойып жіберуге болар еді. Олай болса, жаңа заттар (тіпті жануарлар мен өсімдіктер) жоқтан пайда болатын еді.

Атом-молекулалық ілімін дамытып, оны алғаш химия ғылымында қолданған -ұлы орыс ғалымы М.В.Ломоносов. Бұл ілімнің негізгі қағидалары «Математикалық химияның элементтері» (1741 ж.) еңбегінде және басқа да еңбектерінде баяндалды. М.В.Ломоносовтан кейін, 67 жылдан соң атомдық ілімді химия ғылымында қолданған — ағылшын ғалымы Дж.Дальтон. Ілімнің негізгі қағидаларын ол өзінің «Химиялық философияның жаңа жүйесі» кітабында жазды.

Атом-молекулалық ілім химия ғылымына XIX ғасырдың ортасында ғана енді. 1860 жылы Карлсруэ (Германия) қаласында химиктердің халықаралық съезінде атом және молекула ұғымдарының нақты анықтамалары қабылданды.

Заттың қасиеттері мен құрамы сақталатын ұсақ бөлшектері молекулалар деп аталады. Молекулалар химиялық реакциялар барысында ыдырайды. Яғни, олар химиялық бөлінетін бөлшектер. Атомдар — заттың химиялық бөлінбейтін ұсақ бөлшектері. Атомдар өзара бірігіп молекула түзеді. Молекулалар атомдарға ыдырайды.

Суды айыратын аппарат
Суды айыратын аппарат

Атомдар мен молекулалар көзге көрінбейді, бірақ олардың бар екеніне суды ыдырату арқылы көз жеткізуге болады. Су — өте берік зат. Ол жоғары температурада, тұрақты электр тогы әсерінен айырылады (16-сурет). Тәжірибе нәтижесінде суды айыратын аппараттың екі түтігінде екі түрлі газ пайда болады. Бірінші түтіктің (1) аузына тұтанған шырақты апарғанда жарқырап жанады. Бұл түтікте жануды қолдайтын оттек газының түзілгенін дәлелдейді. Екінші түтікте (2) газ екі есе көп түзіледі және ол газ жанған шырақ әсерінен оталып жанады. Ол — сутек газы. Сутек жанғанда ауадағы оттекпен қосылып су түзіледі. Оған былай көз жеткізуге болады: жанған сутектің жалынына шыныны жақындатса, түзілген су булары әсерінен шынының беті буланады.

Су молекуласы сутектің екі атомына және оттектің бір атомына ыдырайды. Бірдей атомдар бір-бірімен қосылып, сутектің екі молекуласы және оттектің бір молекуласы түзіледі. Сондықтан екінші түтікте сутек оттекке қарағанда екі есе көп түзіледі.

Заттарды жай заттарға жіктеу арқылы олардың құрамын анықтау әдісі анализ (талдау) (грек. analisis айырылу) деп аталады. Атомдардың бір түрінен түзілген заттар жай заттар деп аталады. Мысалы: мыс, темір, күкірт, оттек, сутек т.б.

Атомдардың әр түрінен түзілген заттар күрделі заттар деп аталады. Оларға қант, су, сода мысал бола алады. Күрделі заттар химиялық қосылыстар деп аталады. Егер темір мен күкірт ұнтағын араластырсақ, жай заттардың қоспасы түзіледі. Қоспада әр зат өзінің қасиетін сақтайды. Егер бұл қоспаны қыздырса, темір мен күкірт атомдары қосылып, күрделі зат — темір сульфиді түзіледі. Оның молекуласы әртүрлі атомдардан — темірден және күкірттен тұрады. Түзілген зат химиялық қосылысқа жатады және оның қасиеті бастапқы темір мен күкірттің қасиетіне мүлде ұқсамайды.

Атомдар мен молекулалар анықтамасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *