Ауа райы, климат туралы мәлімет

Ауа райы. Күнделікті радиодан, теледидардан ауа райы туралы хабарламаны тыңдауға болады. Ауа райы әр жерде әртүрлі болады. Мысалы, бір жерде күн ыстық, ашық болса, екінші бір аймақта жаңбырлы, бұлтты, келесі бір жерде ала бұлтты. Ауа райы тез өзгеріп отырады, оған жер бетіндегі ауаның ауысуы әсер етеді.

Ауа райы – атмосфераның төменгі жер бетіне жақын қабатындағы белгілі жердегі және белгілі бір уақыттағы ауаның жай-күйі.

Ауаның қасиеті қалыптасқан аймағының ерекшелігіне байланысты болады. Күн сәулесі аз түсетін поляр аймақтарында ауа қатты салқындаса, экватор, тропикте ауа жақсы қызады. Мұхит үстіндегі ауа ылғалды, құрлықтың ауасы құрғақ болады.

Ауа райының элементтері мен құбылыстары. Атмосфера қысымы, температура, ылғалдылық – ауа райы элементтері болып саналады, ал жауын-шашын, жел, тұман, бұлт – ауа райы құбылыстары.

Ауа райының жай-күйі тек қана бір белгісіне, айталық, температураға немесе бұлттылыққа ғана емес, барлық элементтер мен құбылыстарының жиынтығына қарап анықталады. Мысалы, ауа райына суық, салқын деп анықтама беру жеткіліксіз. Салқын ауа райы желді, бұлтты, жаңбырлы, бұлыңғыр болуы мүмкін. Ауа райы тәулік ішінде өзгермелі болады. Ауа райының толық сипаттамасын беру үшін алдымен оны түзетін элементтер мен құбылыстарға метеорологиялық бақылау жүргізу қажеттілігі туындайды.

Ауарайы метеорологиялық өлшемдермен (температура, қысым, жел, ауа ылғалдылық, бұлттылық, атмосфералық жауын-шашын) және атмосфералық құбылыстармен (тұман, найзағай, боран, дауыл, т.б) сипатталады. Ауа райының өлшемдері мен құбылыстары өзара байланысты. Жер бетіндегі ауа райының өзгеруі тіршілікке, табиғатқа елеулі ықпал жасайды.

Климат. Жер шарының әр аймағының өзіне тән ауа райы болады. Мысалы, Қазақстанның орталығында қыс аязды, қарлы боранды, жазы ыстық, құрғақ болып келеді. Экватор маңында жыл бойы ыстық, ылғалды болса, поляр аймақтарының қысы суық, аязды, жазы бұлыңғыр, салқын болады. Ауа райының мұндай сипаттары жыл сайын қайталанып отырады.

Климат – жер бетіндегі белгілі бір аймаққа тән қайталанып отыратын ауа райының көпжылдық жай – күйі.

Климаттың негізгі элементтеріне атмосфералық қысым, ауаның ылғалдылығы мен температурасы, атмосфералық жауын-шашын, т.б. жатады.

Жер бетінің климаты алуан түрлі. Климаттың алуан түрлілігіне күн сәулесінің түсу бұрышының ендікке байланыстылығы, мұхиттар мен теңіздерге алыс-жақындығы, жер бедері, адамның шаруашылық әрекеті әсер етеді.

Жер бетінің мұхиттарға жақын аймақтарындағы қоңыржай белдеулерінде қысы жылы, жазы қоңыр салқын, жауын-шашынды болады. Ал құрлықтың орталығында климат құрғақ, қысы суық, жазы ыстық, континенттік типті климат қалыптасады.

Климаттық белдеулер. Жер шарында климат типтері белдеулер түрінде таралған. Климаттық белдеулер әр жарты шарда 4 негізгі, 3 өтпелі климаттық белдеулерге ажыратылады. Негізгі климаттық белдеулер – экваторлық, тропиктік, қоңыржай, арктикалық не антарктикалық, ал өтпеліге – субэкваторлық, субтропиктік, субарктикалық немес субантарктикалық белдеулер жатады.

Экваторлық климаттық белдеу. Жыл бойы ыстық күн сәулесі мол түсетіндіктен, ауа температурасы тұрақты. Жауын-шашын көп түседі, ылғал мол әрі қапырық. Экваторлық ауа жыл бойы үстемдік етеді.

Тропиктік климаттық белдеу. Құрлықта құрғақ, континентті климат, жауын-шашын мөлшері аз (100-200 мм). Жазы өте ыстық, қысы қоңыр салқын.  Жыл бойы тропиктік ауа массасының ықпалында болады.

Қоңыржай климаттық белдеу.  Жазы жылы, қысы суық. Жылдық жауын-шашын құрлықтың ішкі бөлігінде 100 мм.

Климаттың екі түрі кездеседі: қоңыржай теңіздік және қоңыржай континенттік климаттар. Қоңыржай ауа массасы әсер етеді.

Полярлық климаттық белдеулер (арктикалық, антарктикалық). Жазы салқын, қысы суық, жауын-шашын аз, булану төмен. Жер бетін қар мен мұз жауып жатады. Полярлық (арктикалық, антарктикалық) ауа массалары жыл бойы әсер етеді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *