Ауадағы су буы, бұлттар, атмосфералық жауын-шашын

Ауадағы су буы. Ауаның құрамында су буы болады. Табиғатта су сұйық, қатты және газ күйінде кездесетінін білесіңдер. Атмосфера құрамындағы су буы мұхиттар мен теңіздер, өзендер мен көлдерден, батпақтар мен топырақтардан пайда болады.

Ауа белгілі бір температурада, белгілі бір мөлшерде су буларынан тұрады. Оны су буы немесе қаныққан ауа деп атайды. Егер ауа құрамына белгілі температурада ұстап тұра алатын су буынан аз мөлшерде су буы жинақталса, онда оны су буына қанықпаған ауа деп атайды.

Ауадағы су буының мөлшерін граммен және пайызбен есептейді. 1м³ ауадағы су буының граммен алынған мөлшері абсолюттік ылғалдылық деп аталады.

Салыстырмалы ылғалдылық дегеніміз – 1м³ ауадағы су буының пайызбен алынған мөлшері.

Мысалы, 20ºС температурада 1м³ ауа 1 грамм су буын ұстап тұрады. Ауадағы бар ылғал 0,5 г болса, салыстырмалы ылғалдылық 50% деген сөз. Ауа сумен қаныққанда салыстырмалы ылғалдылық мөлшері 100 %-ға жетеді.

Салыстырмалы ылғалдылықты шаш гигрометрі құралы көмегімен өлшейді. Салыстырмалы ылғалдылық 100%-ға жетіп, ауа су буына қаныққан кезде артық бу су тамшыларына айналады. Оны конденсация деп атайды. Ал егер температура 0ºС-ден төмендесе, су булары мұз түйіршігіне айналады.

1 м ауадағы түрлі температурадағы су буы мөлшері
Температура (С) Су буы (грамм)
-30 º 0,5
-20 º 1
-10 º 2
0 º 5
+10 º 9
+20 º 17
+30º 30

Тұман және бұлттар. Тұман ауаның жер бетіне жақын қабатындағы су буы тамшыларға айналуынан пайда болады. Жаздың соңына қарай немесе күзде ауа райы ашық, бұлтсыз кезде ауаның жер бетіне жақын орналасқан қабаты түндегі жерден келетін жылудың таралуы нәтижесінде салқындайды. Ондай жағдайда ауа құрамындағы су булары өте майда су тамшыларына айналып, қоюланады. Соның нәтижесінде тұман пайда болады.

Бұлт – атмосферада қалқыған өте ұсақ су буы тамшыларының және мұз кристалдарының жиынтығы. Ол жер бетінен 2-18 км-ге дейінгі биіктікте атмосфераның төмен бөлігінде (тропосфера) құралады. Бұлттар ауа құрамындағы су буының қоюлану нәтижесінде пайда болады. Бұлттарды құрайтын су түйіршіктерінің және мұз кристалдарының көлемі ұлғайып, олар бұлттардан бөлініп, атмосферадан жауын-шашын түрінде (жаңбыр, қар, ұлпа, бұршақ, т.б) жер бетіне түседі. Бұлттардың жоғары шекаралары полярлық ендіктерде 3-8 км, қоңыржай ендіктерде 5-13 км, тропиктік ендікте 6-18 км аралығында.

Бұлттардың төмендегідей негізгі типтері болады:

  1. Шарбы бұлттар – 10 км биіктікте кездеседі, жекелеген жұқа және сирек бұлттар, түрі ақ, шарбы немесе қауырсын тәріздес.
  2. Будақ бұлттар – 1-2 км биіктікте пайда болады, негізі жайпақ горизонтальды және басы күмбездер тәрізді жеке қалың бұлттар.
  3. Қатпарлы бұлттар – 1 км-ге дейінгі биіктікте пайда болады, одан тұманды бұлт түзіледі.
  4. Будақ-жаңбыр бұлттары – негізінде 1-4 км және басы 3-тен 5-км-ге дейінгі биіктікте болады, тау немесе мұнара тәрізді өте қалың бұлт массалары.
  5. Жаңбыр бұлттары немесе қара бұлт 2,5 км биіктікте, шеттері ыдыраған пішінсіз массалар тәрізді; олардан ұзақ ақ жауын немесе қар жауады.

Атмосфералық жауын-шашын – ауа райы мен климат элементтерінің бірі. Жерге бұлттан сұйық тамшы күйінде (жаңбыр) және қатты (қар, бұршақ, қиыршық қар) немесе жердің беті мен қатты заттарға шөгінді (шық, қырау, қылау, көктайғақ) ретінде түсетін су. Бұлттардан пайда болатын атмосфералық жауын-шашынға: қарлы жаңбыр, жаңбыр, түйіршік қар, қиыршық мұз, бұршақ, т.б. жатады. Жер беті мен заттарға ауадан бөлініп түсетін атмосфералық жауын-шашынның мынадай түрлері болады: шық, қырау, қылау, көкмұз.

Атмосфералық жауын-шашын мөлшерін арнайы құралдармен өлшейді. Атмосфералық жауын-шашын жер бетіне біркелкі жаумайды. Қазақстанда атмосфералық жауын-шашынның ең көп жауатын өңірі – Алтай тауының батыс беткейлерінде (1500 мм), ал ең аз жауын-шашын Арал қарақұмы мен Балқаш көлінің батыс жағалауында байқалады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *