Қазақ зиялылары тіл саясаты хақында

Кеңес үкіметінің Қазақстанда жүргізген тіл саясаты көп жағдайда бұрынғы патша үкіметі ұстанған ұлт саясатының заңды жалғасы іспетті әрі оның қағидаларына сәйкес келді. Қазақ қоғамының осы бір қасіретін халықтың озық ойлы, көзі ашық өкілдері аңғара бастады. Олар халықты саяси күрес додасына бастап шықты. Бұған себеп болған 1917 жылғы Ресейдегі қос төңкеріс еді. Патша үкіметінің тақтан құлауы саяси күресті одан әрі қыздыра түсті. Қазақ зиялылары саяси қызметтің қатерлі жолына тайсақтамай, жанқиярлықпен күресті. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Ақбаев, Ә.Ермеков, Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов және т.б. патша самодержавиесінің қазақ халқының саяси-сезімінің қалыптасып, оның саяси күреске ұласуына барынша кедергі келтіріп отырғанын бірден түсінген еді.

Қазақтың кемел қайраткері, тіл ғылымының кемеңгері Ахмет Байтұрсынұлының жетекшілігімен алғашқы оқулықтар жазылып, баспаға ұсынылды [1 16]. Ұлт зиялылары қазақ тілі мен оның мәртебесін көтеруді басты міндеттердің бірі ретінде таныды. Алашорда зиялыларының үні «Қазақ» газетінде: «…Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тыры­ сады. Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұру­ ды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағанда тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек» [2], – деп тіл мәселесіне ерекше маңыз берді.

Тіл саясатын көтерген XX ғасырдың басындағы Алаш қайраткерлерінің қазақ қоғамындағы басты ұстанымдарының бірі – автономиялық басқару жү­йесіндегі мемлекеттік құрылыс болса, екіншісі – мемлекеттік тіл саясаты, ана тіліне деген үлкен жауапкершілік еді. Алаштың арыстарының бірі – Ахмет Байтұрсынұлы «Дүниеде ешбір тіл өз-өзінен шықпайды. Тіл деген нәрсе қалың елдің күндегі тұрмыс қазанында қайнап, пісіп дүниеге келеді» [3], – десе, Батыс Алашорданың идеологы саналған Ғ.Қараш: «Тіл болмаса, ұлт та болмайды, яғни ұлт бүтіндей өлген, жоғалған ұлт болады. Ең әуелі ана тілі қажет. Егер ана тілін білмесең, онда сен ол ұлттың баласы емессің. Ана тілін білмей тұрып, ұлт білімін ала алмайсың. Ұлт білімі болмаса, онда әдебиеттің болмайтындығы өзі-ақ белгілі. Әде­ биеті жоқ ұлттың өнері де өршімейді» [4], – деген. Батыс Алашорда үкіметі жетекшілерінің бірі Х.Досмұхамедұлы тіл туралы: «Біздің тәжірибемізде қазақ тілі – бай тіл. Тек сөздерін ғылым жолына салып реттесе, ешбір жұрттың тілінен кем болмайды» [5], – деген пікірді айтқан.

Қазақ АССР-і орнаған соң 1924 жылы Орын­борда маусымның 12-сінде Қазақ (қырғыз) білімпаздарының тұңғыш сиезі шақырылды. Осы сиезде 12-13 жыл бойы қолданылып, орнығып қалған қазақ тілінің дыбыстық табиғатына лайықталып өзгертілген, ресми түрде қабылданған альфавиттің мәні мен дыбыс әдісімен оқыту ісі жөніндегі мәселелер талқыланды. Ал 1927 жылы Қызылордада жазу (графика) мәселесіне арналған конференцияда А.Бай­тұрсынов сиезде айтқан пікірін қуаттай келе: «Түрік жұртының 90%-і баяғыдан бері араб әрпін пайда­ ланып келеді. Әрқайсысының араб әрпімен жазылған хат мәдениеті бар (хат мәдениеті –сауаттылық, оның жүзіндегі өнер-білім, ілім, емле, үйрету әдісі, баспа істері, баспа мамандары, жазба мамандары, жазылған, басылған барша сөздер т.т.). Хат мә­ дениеті бар халыққа бір әрпін тастап, екінші әріпті ала қою оңай нәрсе емес» [4], – деп өз ойын білдірген.

Қазақ тілінің көптеген объективті себептерге байланысты беделінің төмендеуі, қолданылу аясының тарылып, атқаратын қоғамдық қызметінің ауқымы тұрмыс тілімен шектелуі ұлтжанды зиялылардың жанына батты. Қазақ тілінің тағдырына төнген қауіп-қатерді терең ұғынғандар Алаш зиялылары еді. Олар ты­ғырықтан шығудың нақты жолдарын көрсете алды. Бұл тезистің ақиқатына илану үшін “Алаш” пар­­­тиясы бағдарламасының жобасына көз жүгіртсек жетіп жатыр. Ресейдің демократиялық, федеративті республика болуын қалаған алаштықтар оған кірген әр мемлекеттің іргесі бөлек, ынтымағы бір, әрқайсысы өз тізгінін алып жүреді деген көзқарасты ұстанды. Жергілікті бостандық мәнін де өз тізгінінің өзінде болуынан көрді. “Реті келсе, – деп көрсетілген бағдарлама жобасында, – қазақ автономиясы сы­ байлас жұрттармен әзірге бірлесе болу, реті келмесе, бірден-ақ өз алдына жеке болу”. Өз тізгінін өзі алып жүру ұлт тілінің қажетін толық атқару екенін бағдарлама жобасының “Билік һәм сот”, “Ғылым-білім үйрету” бөлімдері дәйектейді. Мәселен, қазақ көп жерде сот тілі қазақ тілі болатыны қарастырылған. Ал зор жазалы қылмыстар присяжный сотпен қаралып, присяжныйлар қазақтан алынатын болды. Осынау талаптар өмірге енгенде демократиялы, құқықты мемлекет құруға септігін тигізері сөзсіз еді.

Пайдаланылған әдебиет:

Махат Д.А. Тіл мен діл тағдыры: тарихи деректер, уақыт бедері және ақиқат: (мақалалар мен зерттеулер). – Астана: Ана тілі – Ата тарих, 2007. – 190 б. – 16-бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *