Баласағұн қаласы туралы мәліметЕртедегі тарихи деректерде Баласағұн бірнеше түркі феодалдық мемлекеттердің астанасы, саяси, экономикалық және мәдени ірі орталық болғанымен, тарихи сахнадан түсіп, орналасқан жері де белгісіз болып қалған. Баласағұн шаһарының орнын табу күрделі мәселелердің біріне айналып, кейбір ғалымдар айрықша мән бере бастаған. Солардың бірі — әйгілі шығыстанушы, академик В.В. Бартольд. Ол Баласағұн қаласының тарихына және оның қай жерде орналасқанына айрықша көңіл бөлген. XIV ғасырдың бірінші онжылдығында Баласағұн өзінің ежелгі атымен аталғаны белгілі. Алайда Ақсақ Темірдің жорықтарын жазғанда Баласағұнның аты аталмайды. Олай болса, Шу, Іле және Талас қалалары сияқты, XIV ғасырдан бұрын үздіксіз болып жатқан тақ үшін өзара күрестердің нәтижесінде қираған болуы керек деген пікірді айтқан.

1893 жылдың мамырында жазба деректерден алған мағлұматтарды толықтыру үшін В.В. Бартольд ғылыми командировкаға шығып, Шу және Іле алқаптарындағы археологиялык және сәулеттік ескерткіштермен танысқан. Оны Шымкенттен Әулие-атаға (Таразға) дейін жалғастырып, жолдағы ескерткіштерді көріп, олар туралы ел арасынан мәліметтер жинап, қолға түскен заттарды (экспонаттарды) топтаған. Талас өңіріндегі ескерткіштермен танысып жүргенде аяғы сынып, Ташкентке қайтуға тура келген. Келесі жылы бұл ғылыми жұмыстарды жалғастырып, Талас, Шу, Іле, Нарын өңірлеріндегі және Ыстыккөл төңірегіндегі ескерткіштерді аралап, «Отчет о поездке в Среднюю Азию с научной целью 1893-1894 гг.» [38] атты көлемді еңбек жазған.

Осы еңбегінде Ақтөбе қаласының орнына барғанын былайша баяндайды: «Ақсу өзенінің жоғарғы ағысындағы Беловодский станциясына келгенде, Ақсу өзенінің төменінде үлкен қаланың орны бар екенін жергілікті түрғындардан естіген соң, солға бүрылып, Ақсу және Сукулук (Соклук) өзендерінің төменгі ағысындағы үлкен көлемді жерді алып жатқан каланың орнына келдім. Қаланың орналасқан жері жағырафиялық жақтан дұрыс зерттелмеген. Ал орыс армиясының генштабының жаңадан жасалған картасында Қарабалта, Ақсу және Сукулук өзендері нүктелермен ғана көрсетілген екен. Шындығында бұлар әжептәуір сулы өзендер екенін байқадым. Олар Шу өзеніне құяды. Сукулук пен Ақсудың оңтүстігіне жақын жерде Ақтейе (Ақтөбе. — У.Ш.) атты биік төбе бар. Ол төбеде, оның айналасында күйдірілген кірпіштің сынықтары көп. Соған қарағанда, бұл қала күйдірілген кірпіштен түрғызылған болуы тиіс деген пікірге келдім. Бірақ Ақтөбеден бағалы нәрсе таба алмадық, тек бір күміс сақинаны кездестірдік. Көрген қаланы көлемі үлкен». Солай болса да, ғұлама бірден бұл қала туралы толығырақ мәліметтерді ала алмаған сияқты. Өйткені Ақтөбе қаласының жалпы көлемі, оны қоршаған қамалдар туралы жазбайды. Тек, Ақсудың жағасында Төрткөл төбенің қасында орналасқан «Степнинское» деген орыс селосының бар екенін айтқан. В.В. Бартольдтан бұрын да, кейін де XIX ғ. бұл жерде археологиялық зерттеулер жүргізілмеген.

В.В. Бартольд бұдан кейін Шу өңіріндегі үлкенді-кішілі ортағасырлық қалалардың, бекіністердің орындарын көріп, олардан жинақталған ғылыми түжырымдарын осы еңбегінде жариялаған. Оның ішінде Баласағұн қаласы жөнінде пікірлерін жазба және археологиялық деректерге сүйеніп сәулелендірген. Сөйтіп, әр түрлі зерттеу еңбектеріндегі Баласағұн қаласы туралы айтылған пікірлерді жинақтап және Талас, Шу алқаптарынан ортағасыр қалаларының орнын көргеннен кейін пайда болған ойларын қосып, В.В. Бартольд Ақбешім қаласының орны іздеп жүрген Баласағұн болуы мүмкін деген болжамалы пікірге келген. Ақбешімнің құбыла-батысына жақын орналасқан Бұрана атты қаланың орнын көріп, оның жалпы көлемі кішкентай екенін жазған. Бірақ Ақбешім де, Бұрана да Баласағұнға балама болмайтынын атап өткен. Бұның бәрі Баласағұнның қай жерде орналасқанын дәлелдей алмайтынын айта келіп, В.В. Бартольд алдағы уақытта да Баласағұнның орнын анықтаудың тарихи мәні зор екенін жазған және өзі де осы проблеманы шешуге әрекет еткен.

В.В. Бартольд «Энциклопедия ислама» деген еңбегінде Орталық Азия, Солтүстік Кавказ жерлеріндегі ономастикалық және ортағасырлық қалалардың тарихына қысқаша шолу жасап, «Баласағүн» атты мақала берген. Осы еңбегінде әдеби және археологиялық деректерге негіздеп, Баласағұн проблемасын шешуге едәуір қызмет еткені байқалады. Әсіресе, араб, парсы, түркі тілдерінде жазылған ғылыми еңбектер мен қолжазбаларды кең пайдаланып, Баласағұн шаһарының орналасқан жерін табуға ұмтылған. Бірақ қолдағы деректердің жетіспеуінің нәтижесінде, бұл мәселеге болжам айтумен шектелген. Ол пікірді де сол күйінде бергенді жөн көрдік: «Баласагун — город в Средней Азии, местонахождение которого не удается точно установить… Город, по-видимому, следует искать в западной части русской области, называемой ныне Семиречье, вероятно на Чу, где и поныне можно увидеть много городищ. На это же, кажется, указывают приводимые Абу-л-Фида». Баласағұн қаласы туралы осындай ізденістер, болжамдар жинақтала берген. Бірақ бұл жұмбақ дәл шешілмей, Ұлы Қазан төңкерісіне дейін келіп жеткен.

Баласағұн қаласының стратиграфиясы

Баласағұн қаласының орналасқан табиғи-жағырафиялық жағдайы тамаша. Қырғыз Алатауының солтүстік бөктерінде, одан сағасын алатын Шу өзенінің сол жағында, Шарғау, Ақсу, Қарабалта, Тоқташ өзендерінің Шуға құятын төменгі ағысындағы тегістік алқапқа жайғасқан. Жері тегіс, құнарлы, суы мол және ауасы таза. Ертедегі әдебиеттерде бұл өңірдің тұрақты мекендері «Арғу» деп аталған, бұл екі таудың арасындағы қоныстар дегенді білдіреді. Солардың бірі — осы Баласағұн шаһары. Оның оңтүстігін Қырғыз Алатауы, солтүстік-шығысын Жайсан тауы қоршап жатыр. Бұл жерде 1930 жылдарда «Жданов» және «Калинин» шағын колхоздары ұйымдасқан. Олар 1957 жылы біріктіріліп «Калинин» деп аталған. Сол жердегі археологиялық ескерткіштің құрметіне 1991 жылдан кейін бұл шаруашылыққа «Баласағұн» аты берілген.

1941 жылы археолог Г.И. Пацевич Баласағұнға барып, онда барлау жұмысын жүргізіп, төмендегіше мәлімдеме жасаған: Баласағұн биікте орналасқан: солтүстік жағы — 265 м, шығысы -250 м, оңтүстігі — 255 м және батысы — 208 м. Оның төңірегінің биіктігі 1,5-2 м. Қырат жерден қазылған ормен қоршалған. Ортасында төрт бұрышы тең емес (трапеция) болып келетін биік цитадельдің орны бар. Оның ұзындығы: солтүстігі — 35 м; батысы -60 м; оңтүстігі — 80 м және шығысы — 50 м. Цитадельдің төрт бұрышында биіктігі 5-9 метр шамасында мұнара болған. Шахристанның төңірегінде 2,5 шақырым көлемінде рабад орналасқан, оның ені 10-20 м; тереңдігі 2,5-3 метрдей ор (қамал) қоршаған. Осы деректерге сүйеніп, Г.И.Пацевич Ақтөбе қонысы VІІ-ХІII ғасырларға жатады деген тұжырымға келген.

Г.И. Пацевичтің мақаласында Ақтөбе қонысы жөнінде аз да болса тыңғылықты мағлұмат берілген. Ол ескерткішті өзінше өлшеп, қарапайым көзбен қарап, жалпы шолу жасаған. Ол бұл жерде қазба жұмысын жүргізбеген. Сондықтан қаланың жалпы көлемін, оның ішіндегі цитадель, шахристан және рабадты, оны қоршаған ордың (қамалдың) ұзындығын толық көрсете алмаған. Қолға түскен деректер жеткіліксіз болғандықтан, Баласағұнның өмір сүрген дәуірін нақтылы анықтай алмаған.

Содан соң, 1954 жылы П.Н. Кожемяко Баласағұн қонысын зерттеп, оған Степнин қалашығы деп ат бергенін жоғарыда жазғанбыз. Бұл қоныс өте үлкен ортағасырлық қаланың орны екенін, оның бекініспен қоршалғанын автор нақты көрсеткен.

Археолог схемалық жобасында Ақтөбе қаласын қоршаған бекініске (орға) айрықша көңіл бөліп, оның жобасын қағазға түсірген және жалпы ордың ұзындығы 39 шақырымға жететінін көрсеткен. Оның мәліметтері бойынша, бізге дейін сақталып келген ордың тереңдігі 3-3,5 м, оның табанының ені 18-20 м, орды қоршаған су жүйелерінің ені 8-10 м, тереңдігі 0,6-0,8 екенін баяндаған.

Қаланы барлау үшін қоршаған орға үш жерден қазба жұмысын жүргізген. Ішкі қоршаудың үстіңгі биіктігінің ені 4,4 м, тереңдігі 2,5 м шамасындағы жерде қазба жұмысын жүргізіп, бұзылмай тұрған кезінде бекіністің биіктігі 5-6 м болуы мүмкін деген пікір айтқан. Бұл бекініс (ор) бірнеше қабаттан тұратынын анықтаған. Бірақ археолог Ақтөбедегі бекіністерді толық көрсете алмаса да, қаланың үлкен екенін, оның бекіністері айтарлықтай мықты болғанына айрықша көңіл аударған.

Онан кейін, ол Ақтөбенің цитаделінен 4,2 м шұңқыр қазып, оны 4,10 метрге тереңдетіп, ескерткіштің жоғарғы қабатына жеткен. Қазба кезінде көлемі 22x20x7 см қам кірпіш, 32×18 см, 5×3 см, 22x21x3,7 см үш күйдірілген кірпіш табылған. Табылған заттар негізінде Ақтөбе ескерткішін ІХ-Х ғасырға жатқызған. Осы археологиялық шолудың нәтижесінде П.Н. Кожемяко Ақтөбенің цитаделі мен шахристаны жоқ, Ақтөбе деп аталатын биік төбе феодалдардың мекені және әскери бекінісі болса керек деген пікірді айтқан. Бұл зерттеуші жоғарыдағы аты аталған Г.И. Пацевичтің жазғанына қарама-қарсы тұжырым жасап, Баласағұнның цитаделі, шахристаны жоқ және бұл ескерткіш қала емес, феодалдық бекініс дей келіп, Баласағұнның жасаған уақытын біршама кішірейтіп көрсеткен. Сөйтіп, бұл ескерткішті археологиялық зерттеуде әжептәуір еңбек еткеніне қарамастан, Баласағұн ескерткішіне толық ғылыми мінездеме бере алмаған. Ғалымның айтуынша, барлық ортағасырлық қалалардың цитадельдері және шахристандары бір тектес болу керек деген түсінік болған сияқты. Ғалым әр қаланың өзіне лайықты ерекшеліктері болатынын ескермеген. Археологиялық зерттеулерге қарағанда, ортағасырлық қалалардың цитадельдері мен шахристандары әртүрлі етіп салынып, олардың өздеріне тән ерекшеліктері болған.

Баласағұн қаласының бекінісі

Баласағұн ертедегі ортағасырлық түркілердің Ұлы Жібек жолындағы ірі қалаларының бірі екеніне дау жоқ. Орталық Азиядағы қалалардың төңірегін бекініспен қоршау кейін пайда болғанға ұқсайды. «Білге қағанның өсиеті» атты кітапшаның (Түркістан, 2001) 7-бетінде былай деп жазылған: «725 жылдан кейін, Білге қаған Қытайға оң қабақ таныта бастады. Олардың осы уақытта жіберген елшісін жақсы қарсы алды. Бас уәзір Тонюкүк туралы соңғы хабар осы елшінің келуіне байланысты болды. Ол осыдан аз уақыттан кейін өлген болу керек. Көктүрік мемлекеті құрылғаннан бастап Ілтеріш Құтлүк, Қапан және Білге кезінде мемлекетке үлкен қызмет еткен. Тонюкүктың жетістіктері дұшпаны Қытайдың деректерінде де айтылған. Бір кездері Білге, Қытай мемлекеті сияқты Түрік мемлекетінде де қалалардың айналасын қоршап, қорғандар салғысы келді. Тонюкүк бұған қатты наразылық білдірді және Білгені үлкен қауіп-қатерден құтқарды. Оның ойынша, түріктердің саны қытайлықтарға қарағанда аз болғандықтан, сыртқы дуалмен қоршалған жабық қалаларда өмір сүре алмайтын-ды. Өйткені түріктер сулы және шөбі шүйгін кең жазық далада өмір сүруге әбден дағдыланған болатын. Бұлай өмір сүру оларды әрдайым соғысуға дайын тұруды үйреткен. Егер күшті болса, әскер құрады, жорықтар жасайды, әлсіз болған жағдайда, жазық далаларға шегініп, күресе береді. Егер сырты қоршалған қорғандарда бекінетін болса, онда қытай әскері оңай басып алып, өлкені талан-таражға салар еді».

Осы келтірілген дерекке қарағанда, Орталық Азиядағы ертедегі ортағасырлық түркі қалаларының Білге қаған тұсында бекіністермен қоршалмағанын байқаймыз. 734 жылы 25 қарашада Білге қаған дүние салғаннан кейін, оның қол астындағы түркілер бөлшектеніп, үлкенді-кішілі мемлекеттерге айналып, ірі-ірі қалаларының төңіректерін бекіністермен қоршаған. Қалаларды қоршау Орталық Азия түркілерінде Білге қағаннан кейін етек алған сияқты. Төңірегі қоршалған қалалар біз зерттеп жүрген Шу және Талас өңірлерінде және Орталық Азияның басқа да аймақтарында жиі кездеседі. Бұл жағдай Көктүрік империясы ыдырағаннан кейін ен жайып, үлкенді-кішілі феодалдық мемлекеттер өздерінің астаналары мен ірі қалаларын қоршаған сияқты. Солардың бірі -Баласағұн шаһары.

Молалар

Ортағасырдағы қалаларды молаларды (мүрделерді) табу — өте қиын мәселелердің бірі. Себебі тек Маңғыстау өңірінен болмаса, басқа жерлерде молалардың үстіне мықты құрылыс заттарынан кесене сала бермеген. Осы еңбектерде Маңғыстауға қарасты жерлердегі молалардың үстіне салған адам таңқаларлық кесенелер зерттеліп, ғылыми тұжырымдар жасалған. Өкінішке қарай, Қазақ-станның басқа аймақтарында Маңғыстаудағыдай молаларға айрықша көңіл бөлінбеген сияқты. Бірақ бұл өңірлерде де азды-көпті монументті мавзолейлер (кесене) кездеседі. Алаша ханның, Жошы ханның (Қарағанды облысы), Қара ханның, Дәуіт атаның, Айша Бибінің, Бабажан хатунның (Тараз), Шохай датқа (Байқадам қаласы), Домалақ ана (Шымкент облысы), Қожа Ахмет Иассауи (Түркістан), Арыстанбаб (Отырар), Жанқожа батыр (Қазалы) және т.б. тарихи тұлғалардың бейітінің үстіне салынған кесенелер белгілі. Бірақ дүние салған адамдардың басына жаппай белгі орнату Үстіртті мекендеген Адай руларына тән. Ондай ерекшеліктер алдағы уақытта арнайы зерттеуді қажет етеді.

Ақтөбе қаласының орталық қорымдары (молалары) әлі күнге дейін табылмай келе жатыр. Түсірілген аэрофотоға қарағанда, Г-5, Г-6 квадраттарда шөптердің, егілген бидайлардың арасында майда-майда төмпешіктердің бар екені байқалады. Сол жерлер қорымдарға ұқсайды. Осы төңіректен орталық моланың табылуы мүмкін. Алайда ол жерлер әлі зерттелген жоқ. Баласағұн қаласының орталық молаларының үстіне салынған белгілер, кесенелер табиғат құбылысына төзімсіз заттардан тұрғызылып, уақыт өте келе майда төмпешіктерге айналып кеткендіктен оларды табу қиыншылық келтіруде. Егерде, оларды тауып зерттегенде, Баласағұн қаласын мекендеген тұрғындардың діни көзқарасы, наным-сенімдері туралы көптеген жаңалықтар ашылуы мүмкін.

Суару жүйелері

Баласағұн тұрғындары өзендердің суларын еркін пайдаланып, қолдан суару арқылы бау-бақшалар, түрлі көркем ағаштар, гүлдер, дәнді дақылдар және техникалық өсімдіктер өсірген. Олар еккен егістерінен тұрақты өнім алған. Аэрофотоға карағанда, Ақтөбенің төңірегіндегі қолдан суарылатын егістік жердің көлемі 2000 га екені байқалады. Оның қыратты жерлерінде жаңбырдың суымен өсірілетін егістік те болған. Қала осындай суы мол, ауасы таза жерде орналасқан.

Баласағұнның шарықтау заманы ІХ-ХІІ ғасырларда ұлы Қарахан әулеттерінің басқару кезеңіне тура келеді. Бұл ғасырларда түркілердің заттай және рухани өркениеті жоғары дәрежеге жеткен. Басқасын айтпағанда, сол кезде түркілердің әлемге әл-Хорезми, Ибн-Сина, әл-Бируни, әл-Фараби, М. Қашқари, Жүсіп Баласағүни, Қожа Ахмет Иассауи, М. Хайдари және т.б. көптеген ұлы ғұламаларды беруінің өзі айқын дәлел. Орта ғасырдағы көптеген ғұламалар шыққан қалалардың бірі — Баласағұн.

Жоғарыдағы келтірген деректер бойынша, Баласағұнның өзіне лайықты үлкен рабады болғанын көреміз. Онда феодалдар мен саудагерлердің, қолөнершілердің, басқару жүйелерінің кеңселері, шаруашылық пен мәдени орындар қарапайым баспаналармен бір қатарда, көше-көше бойынша орналасқан. Олардың араларында адамдардың демалатын алаңдары да болған. Үлкен қоныс орындарына құбыр арқылы су жүйелері тартылып, хауыз (бассейн) салынған және үлкен бау-бақша орындары болған. Ал қарапайым қоныстар салынған тұрғын үйлер және шағын жерлермен шектелген. Бұдан қала тұрғындарының әлеуметтік жағдайларының біркелкі болмағандығы байқалады. Баласағұнның этникалық тарихы да күрделі мәселелердің бірі. Оның негізгі тұрғындары автохтондық тайпалар болған. Олар Орталық Азияны мекендеген «Алты алаш» түркілерінің өкілдерімен қатар, басым көпшілігі өгіздер, тохш, шылы, қаңлы, үйсін тайпаларынан құрылған. Бұлардың арасында соғдылар (таттар) да өмір сүрген. Түркілер соғдыларды, яғни иран (парсы) тілдес халықтарды «тат» деген.

IX-XII ғасырларға жататын қыштан жасалған өрнексіз бұйымдар

Баласағұннан табылған бұйымдарБұл кезең Батыс Түріктердің экономикасы өрлеп, қалаларда қолөнер кәсібі мейлінше дамыған. VІІ-ІХ ғасырларда олар бай көпестер мен диқандар болса, енді қатардағы тұрғындар да өнімді негізгі тұтынушыларға айналды. Қала және ауыл тұрғындарының қолөнер кәсібінен шыққан өнімдерге қажеттігі күшейе түскендіктен, үлкен қалаларда қолөнершілер жеке мамандықтарына сай орналасты: қыш-құмыра жасаушы кәсіпшілер, теміршілер, зергерлер, ағаш ұсталары, т.б. Олардың өздеріне лайықты шеберханалары болған. Ақтөбедегі жүргізілген археологиялық зерттеулердің барысында, шахристаннан қыш құмырашылардың шеберханасы цитадельдің солтүстік-шығысынан ашылды. Бұл жердегі ертедегі шеберхана кеңейіп, Х-ХІІІ ғасырлардың қолөнер кәсібінің талабына жауап беретін қыш бұйымдарды күйдіретін бірнеше камералы (бөлімшелі) үлкен пеш ашылды. Бұл пеште сол кездің хұмдарын, үлкен құмыраларды, су құбырларын өте жоғарғы ыстықта күйдірілгені байқалады. Цитадельдің батысындағы рабадтан қатарынан салынған қыш құмыраларды, күйдірілген кірпіштерді шығаратын пештер шықты. Соған қарағанда, қыш бұйымдарды дайындайтын, кірпіш күйдіретін қолөнер кәсіпорындары Баласағұн қаласында бірнеше жерлерде болғанын байқадық.

Көркем өрнекті қыш бұйымдар

ІХ-ХІІІ ғасырлардың басында Орта Азия, Таяу Шығыс, Қазақстан арасындағы мәдени-экономикалық байланыстардың дамуы қыш бұйымдардың жаңа көркем туындыларының сәнділігін ғана емес, жетілдірілген технологиялық тәсілдерінің де тез таралуына барынша әсерін тигізді. Осы дәуірдің көркем қыш бұйымдары ортағасырлардағы қоғамның өзіндік талап-тілегіне сай болды.

IX-XII ғғ. Баласағұнның қыш бұйымдары
IX-XII ғғ. Баласағұнның қыш бұйымдары

Баласағұннан шыққан бай қыштан жапсырылып және қыш ұршық сияқты айналдыратын құралды (станок) пайдалану арқылы жасалған қыш бұйымдардың сод кездегі Орталық Азия қалаларынан шыққан бұйымдарға ұқсастығы бар. Ол өмірдің заңдылығы. Орталық Азияны мекендеген түркілер ежелден бір-бірімен аралас-құралас жасап, өздерінің заттай және рухани мәдениеттерін пайда еткен. Олар кең-байтақ жерді иеленгендіктен әр аймақтағы көршілерінің де әсері тимей қоймаған. Мысалы, оңтүстікте түркілерге Таяу Азия, Үндістан елдері жақын болса, шығыс түркілер Қытай және сол сияқты көршілермен қоян-қолтық өмір сүрген. Сондай-ақ, өздерінің көршілеріне түркілер де әсерін тигізген. Бұндай этникалық қарым-қатынастар олардың заттай мәдениетінде орын алған. Бұндай өзара байланыссыз бірде-бір халық өмір сүрмеген. Енді Баласағұннан табылған өрнектелген бұйымдарға көңіл аударайық.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *