Діни дастандар

Эпикалық жанрға жататын жырлардың бір тобы — діни дастандар. Бұлардың көбі XIX ғасырдың екінші жартысында және XX ғасырдың бас кезінде жеке кітап болып басылып, халық арасына қисса-хикая деген атпен тараған, жыршы-жыраулар репертуарынан да берік орын алған. Діни дастандарды көпшілік алдында мәнерлеп оқып, насихаттау өзгеше дәстүр болып қалыптасқан. Оларды ежелгі Тұран жерінде қиссахан немесе қиссашы деп атаған. (Қиссашылардың рухани өмірде атқарған қызметі өз алдына жеке зерттеуге лайық). Сол секілді қисса-хикаяларды қолдан көшіріп, көбейтіп, ел арасына тарататын хаттаттардың да (кешірушілердің) еңбегі елеулі болғанын айта кету керек.

Бірақ, соңғы сексен жыл ішінде жұртшылық діни дастандарды оқымақ түгілі, аттарын да ести алмады. Оның себебі — аға буын қауымға түсінікті. Ұзақ жылдар бойында өктемдік жүргізген әкімшіл-әміршіл жүйе, саясат дін атаулыға, әсіресе ислам дініне қатысты құндылықтарға қырын келгені белгілі. Дүниені түбірімен жаңартамыз деген қызыл сөзбен елеуреп, ұранға малданғандарының мәңгілік жасайтын қымбат тұстарын көргісі де, білгісі де келмеді. Сондықтан діннің тарихы да, тағылымы да үйретілмеді, осыған байланысты қыруар қазына архивтің терең түкпірінен орын тапты. Ал, дін шарттары мен ғибраттарын түсіндіретін, халық мұрасы болып кеткен аңыз-әпсаналар, ертегілер, шежірелер, көне сөздер мүлде жиналмады. Діни кітаптарын жинау былай тұрсын, олардың көзін жоғалту, тіпті өртеп жіберу әдеттегі іске айналған еді. Мешіттердің жойылуымен бірге солардағы сақталған кітаптар да құрдымға жіберілген.

Адам баласының тарихында кездеспеген мұндай жәһіл әрекеттер ислам дінінің тамырын қырқуға бағытталған еді. Мәселенің бір ұшы бұрынғы Ресей империясының қарауында болған көптеген халықтардың рухани, имандылық, тірегі болып келген дінді мүлде мансұқтау саясатымен астасып жатқан болатын. Терең ойластырылған мұндай зорлықтың өте жүйелі жүргізілгенін әлі күнге дейін толық ұғынып болдық деп айту қиын.

Патшалы Ресей дәуірінде Қазақстан туралы қалам тартқан миссионерлер жергілікті халықты ислам дінінен айыру қажет деп қаншама зерттеулер жазғанын қазіргі жұртшылық мүлде дерлік білмейді. Мәселен, қазақ жерінде көп жылдар қызмет істеген А. Алекторовтың (1) барлық кітаптарының негізгі сарыны қазақтарды ислам дүниесінен бөліп тастау ниетіне бағындырылған. Қазақстан жайында XVIII — XIX ғасырларда пікір айтқан саяхатшылардың, дипломаттардың, географтардың, тарихшылардың көбінің еңбектерінде исламды құбыжық етіп көрсету — негізгі сарындардың бірі…

Қазақ тілінде кітап шығарып, үлкен бауырмалдық көрсеткен татар баспагерлерінің ізгі істерін ғайбаттап, бірбеткей қаралаудан танбаған миссионерлер болатын.

Кеңес дәуірінде патшалық отаршылар көздеген арман «халықтар достығын дәнекерлеу» деген сырты жылтылдақ ұранға ұласты; исламды да, оның символы секілденген араб әліппесін де ұмыттыру жүзеге асырылды. Көптеген түркі халықтары мың жыл бойы пайдаланып келген араб әліппесінің «көзін жоғалту» басқыншылардың ежелгі арманының орындалуымен бірдей еді. Әліпбиінен айырылып, бір сәтте жаппай «сауатсыз» елге айналған қазақтар, өзбектер, татарлар, әзірбайжандар келе-келе араб әрпімен жазылған сан ғасырлық мәдени мұрасын оқи алмайтын мүшкіл халге жетті. Осылайша, замандар бойына жалғасқан мәдени дәстүр үзілді, бұрынғының қалдырған аманатын білмейтін, имандылық тәрбиесінен махүрым қалған жаңа буындар пайда болды. Олар өздері оқи алмайтын, араб әрпімен жазылған әрі үздіксіз жамандалған мұраға мойын бүрып та қараған жоқ. Діни дастандар деп аталатын көркемсөз мүлкі де ескішіл, зиянды деген жаманатқа ұшырады.

Қоғам өмірінде соңғы жылдарда орын тепкен күрделі өзгерістер рухани мұраны неғұрлым тұтас күйінде танып-білуге, оны ел игілігіне жаратуға мүмкіндік беріп отыр. Бұндай оң қадамдар ауыз әдебиетіне де қатысты. Соның бір мысалы — діни дастандарды тексеруге жол ашылғандығы. Ғылым алдына ондаған жылдар бойында қойылған тосқауыл бұзылғанын, жалпы адамзаттық құндылықтар халыққа қайта орала бастағанын көреміз. Әлбетте, көп уақыттан бері тұмшаланып келген, мағынасы теріске жорылған, кертартпа, зиянды деп есептелген қолжазбалар мен парақтары көнеріп, көмескіленген, оқуға да, түсінуге де ауырлық келтіретін ескерткіштерді толық қалпыңда жамағатшылыққа ұсыну үшін бірталай дайындық жұмыстар жүргізілуі тиіс. Соған қарамастан оқушы жұртшылыққа бұл мұраның жекелеген нұсқаларын ұсына беру қажеттігі де бар деп білеміз. Діни дастандарға тән ортақ ұқсастықтар мен сарындар оның әрбір шығармасынан да белгілі дәрежеде көрініс бергендей…

Өзінің құрылысы, көркемдік тәсілдері жағынан алып қарағанда батырлар жыры мен діни дастандар арасында ұқсастық мол. Ол бәрінен бұрын, қаһарманның ғажайып туысы, жедел ержетуі, соғыста ерекше күш-қайратымен көрінуі, жауды жеңіп, мұратқа жетуі, қысылғанда ғайыптан көмек келуі секілді дәстүрлі желілерден байқалады. Бұл белгілерді «Дариға қыз» дастанынан да табуға болады. Енді осы шығармаға қысқаша тоқталып өтейік.

«Тәңірінің досы пайғамбар төрт шадиярымен Мединеде кеңес құрып отырғанда, алыстағы Қатыран қаласында бір палуан қыз бар дегенді естиді. Қыздың «мені бұл жалғанда күресіп жығатын жан бар ма екен» деп асылық сөйлегені Ғали арыстанның (Әлішердің) құлағына тиген соң, ол күш сынасуға бекініп, пайғамбардан рұқсат сұрайды; дүлділ атын мініп, қызды іздеп барғысы, «тәуекел дариясына түскісі» келетінін айтады. Пайғамбардың батасын алып, Әлішер тоқсан күн жол жүріп, қасына ерткен жолдасы Қанбар бабамен бірге бір шаһарға келіп, қарауылдан жөн сұрайды. Хазірет Ғали (Әзірет Әлі) бұл қаланың Қатыран екенін, мұнда патшаның Дариға атты қызы барын, оның «еркектен артық туғанын» білген соң, сонымен күрескісі келетінін айтады, өзін таныстырады…

Дастанның осылай басталуы аңыз әнгімелер мен ертегілерде, көне жырларда сан рет қайталанған сүрлеу екенін дәлелдеп жату артық. Ғали мен Дариғаның тілдесуі, майдан жерге елдің жиналуы, шаһмардан (жігіттің падишасы) Арыстан Ғалидың (Әлішердің) күреске әзірленуі, қызбен бірге қырық палуан келді, «бір миллион жәйт» жиналды делінуі эпостық түрақты көріністерді еске салады. «Дүние жүзін топырақ пен шаңдақ басып, екеуі күресіпті он төрт күндей» деген тіркестер классикалық эпосты елестетеді. Сол он төрт күнде Әзірет Әлі қаза болған намазын оқуға бір-ақ рет тыныс алады, Аллаға мінәжат қылады, «бір қызды жыға алмасам, Омар, Оспан шадиярларға, отыз мың саһабаға не бетімді айтамын», — деп, күңіренеді. «Алла оның дуасын қабыл қылады, аспаннан жебірейілді жібереді. Керемет қуат алған Әзірет Әлі қызды жығады, жөйттер қорыққанынан дінге кіреді. Әзірет Әлі Дариғаны әйел етіп алады.

Дастанның негізгі идеясы исламды дәріптеу, оның артықшылығын үгіттеу екені осы жолдардан айқын аңғарылады. Ғали Мединеге қайтарында Дариғаға: «Жүкті болып босансаң, қыз атын өзің қоярсың, ұл болса, аты имам Мәди болсын» дейді. Дариға айы, күні жетіп ұл туады, атын Мәди қояды. Бала оқу жасына жеткенде, оған бес уақыт намазды үйретеді, медресеге оқуға береді. Міне, осы қарапайым «хабарламаның» өзінде мұсылман қауымындағы адам тәрбиесінің қалыптасқан шарты айтылады, жасынан намазға бас қойып, тәртіпті мойындап, жаратқанға сыйынып өскен адамның инабаттылық жібін аттап кетпейтін болып, кәмелет табатыны анық…

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *