Экологиялық сукцессия

Егер құмды төбелерді немесе күтімсіз қалған даланы (егістік) 200 жыл және одан да көп уақыт бойы бақыласа, қандай өзгерістерді көруге болады? Уақыт экологиялық фактор болып табылады. Жылдар өткен сайын экожүйелер өзгереді: қоршаған орта жағдайлары, экожүйеде тіршілік ететін организмдердің түрлері мен саны.

Белгілі бір аумақтағы биоценоздардың табиғат факторларының немесе адам әрекетінің әсерінен бірізді ретпен ауысуы экологиялық сукцессия деп аталады. Бірінші және екінші реттік сукцессиялар болады.

Бірінші реттік сукцессия бұған дейін тіршілік болмаған, өнім бермейтін ортадан басталады. Бұл опырылудан немесе көшкіннен кейінгі тау беткейлері, құм қайраңдары, жанартаулық аралдар болуы мүмкін.

Екінші реттік сукцессия табиғи құрылымы бұзылған экожүйе орнын баяу қалпына келтіру процесінен басталады. Оған су-қоймасында, иесіз қалған егістікте (далада), шалғында, өртенген, кесілген орман орнында, батпақта өсетін өсімдіктер мысал бола алады.

Екі жағдайда да алғашында организмдердің қарапайым бірлестігі түзіледі, олар экожүйеде алуан түрлі организмдердің мекендеуі үшін қолайлы жағдайдың біртіндеп қалыптасуын қамтамасыз етеді. Бірінші реттік сукцессиялар аумағында өсетін алғашқы өсімдіктер -қыналар мен мүктер. Олар алғашқы топырақты түзеді, ол топырақта басқа өсімдіктер, негізінен, шөптесін өсімдіктер өседі. Өсімдік бірлестігі алуан түрлі болған сайын орта әсері жақсарады, бірақ организмдер арасында жарыққа, суға, қоректік заттарға бәсекелестік күшейе түседі. Шөптесін өсімдіктерден кейін бұталар өсіп, олардың тамыры түзілген топырақты бекітеді. Біраз уақыттан кейін алғашқы ағаштар пайда болады. Осы уақытта бұл аумақта жануарлар мекендей бастайды. Өсімдіктер мен жануарлар бірлестіктері қоршаған ортамен тепе-теңдікке жеткенше осы ортаның жағдайларына бейімделген, толысқан бірлестіктер қалыптасқанша біртіндеп күрделене береді. Сол сияқты өз кезегінде бірлестіктер де қоршаған ортаға әсер етеді. Бірлестіктердің сукцессия кезеңдерімен жылжуы барысында, әдетте, барлық түрдің қорекке, баспанаға, қалдықтарды жоюға қажеттілігін қамтамасыз ететін өсімдіктер мен жануарлар санының және аурулар деңгейінің реттелуіне бірлестікті динамикалық тепе-теңдікке бастайтын механизмдер дамиды. Табиғатта бұл процестің барлығы жүздеген жылдар бойы жүзеге асады.

Берілген суреттеме — бірінші реттік сукцессияның мысалы. Екінші реттік сукцессияда, мысалы, көптен бері өңделмеген жерге орман өсіру немесе көлді шөп басу процесінде бірлестіктердің ауысуына он шақты жыл кетеді (1-сурет). Алдымен су айдынының таяздануы жүреді, көл жиектерінде қияқтар, мүктер және т.б. өсімдіктерден тұратын, қалқып жүретін кілемдер — қалқымалар пайда болады. Өсімдік қалдықтары су түбіне шөгеді. Суда оттектің мөлшері азаяды, ол балықтар мен су омыртқасыздарының жойылуына алып келеді. Біртіндеп жағалау өсімдіктері суқоймасының ортасына қарай жылжиды, шымтезектік шөгінді түзеді. Уақыт өтісімен көл батпаққа айналады.

1-сурет

1-сурет. Қалпына келу сукцессиясы

Сукцессия барысында, нақты абиотикалық орта жағдайларына сәйкес, тұрақты комбинациялар қалыптаса бастайды. Бұған құмды шөлде биоценоздың қалыптасуы мысал бола алады. Сусымалы шағылды (барханды) қүмда алғашқы уақытта өсімдіктер мен тұрақты мекендейтін жануарлары болмайды. Бірінші болып мұнда көпжылдық астық тұқымдас (аристида) өсімдіктер өседі, ол құмның үнемі жел арқылы жылжуы жағдайында тіршілік етуге жақсы бейімделген. Бұл өсімдіктің тамыры жіп тәрізді, оның әрқайсысы құмды «цементтелген қапшыққа» оралған, ол тамырды кеуіп кетуден және механикалық зақымданудан қорғайды. Егер құм өсімдікті басып қалса, өсімдіктің өркендері тік жоғары қарай өсіп және аналық (негізгі) өркеннен биік қосымша түптену түйіндерін түзеді. Аристиданың арқасында енді кейбір жәндіктер тіршілік ете алатын болады. Сондықтан бархандарға кесірткелер келіп, әлсіз бекінген құмда ұзын тамырлы құм қияқтары өседі. Олардың артынша жүзгін, ақ сексеуіл, шөптесін өсімдіктер, негізінен, эфемерлер өседі. Жануарлар әлемі де толыға түседі — жәндіктердің алуантүрлілігі артады, сүтқоректілердің ішінде жіңішке аяқты сарышұнақ, қосаяқ, құмтышқан, құстардан сексеуіл жорғаторғайы, дуадақ, одан кейін жыландар мен жыртқыш сүтқоректілер келе бастайды.

Пайдаланылған әдебиеттер: Очкур Е.А., Құрманғалиева Ж.Ж. — Биология. 7-сыныбына арналған оқулық. — Алматы: Мектеп, 2017.  256 б.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *