Еуропа қазақтары — әлем қазақтарының бір бөлшегі

Әлемнің 40 шақты елінде тарыдай шашыраған 5 миллиондай қазақтың бір бөлігі кәрі құрылық — Еуропаның оннан астам елінде өмір сүреді. Осыдан 24 жыл бұрын Еуропа қазақтары да атажұрт Қазақ елінің жеке шаңырақ көтеріп, тәуелсіз ел болғанын аса қуанышпен қарсы алған еді. Олар Қазақ елінде өтуі тиісті әлем қазақтарының бас қосар ірі жиыны — алғашқы кұрылтайды көппен бірге асыға күткені шындық. Өйткені соның алдында бауырлас татар, башқұрттар тағдыр тәлкегімен әлемге шашырап кеткен қандастарының басын қосқан алғашқы кұрылтайларын Қазан, Уфада өткізіпті деген хабарлар оларға да жетіп, осындай жақсы хабарды қашан естиміз деп Алматыға құлақтарын түріп жүрген кез, әрине.

1992 жылы тамыз айының орта кезінде Венадағы алты айлық ғылыми зерттеу жұмысымды аяқтап Қазақстанға, Алматыға келгенім бар. Елдегі экономикалық қиыншылықтарға қарамастан тәуелсіздіктің дәмін жаңадан тата бастаған қазақтардың қуаныштарында шек жоқ екен. Қазақстан әлемге тарыдай шашыраған 5 миллионға жуық қандастарын атажұртқа шақырып қана қоймай, әлем қазақтарының құрылтайын өткізу жөнінде маңызды іс-шараны қолға алатын болыпты деген хабарды Венада жүргенімде естіген едім. Соның алдында Президент Н.Назарбаев алғашқы ресми сапарымен Түркияға барып, Стамбұлдағы қазақтармен кездескен кезінде әлем қазақтарының алғашқы құрылтайын өткізу туралы мәселе көтерген-ді.

Бірде жолым түсіп, Алматыдағы Жазушылар одағына барғанымда Дүниежұзіндегі қазақтардың алғашқы күрылтайын өткізу дайындығы жаңадан басталып жүріп жатқан кез екен. Құрылтайды ұйымдастыру комиссиясының төрағасы, жазушы Қалдарбек Найманбаев және үйымдастыру комиссиясының жауапты хатшысы, жазушы Сұлтанәлі Балғабаев екеуін сонда кезіктіріп, өзімнің Моңғолияда туып-өскен қазақ екенімді, жұмыс сапарымен Австрияда жарты жылдай болып келгенімді айтқанымда ол кісілер бірден Австрияда жүрген, жалпысы Еуропадағы қазақтар туралы, олардың тіршілік жағдайын, Еуропаға қалай барғанын, тұратын қалалары, істейтін іс-қызметтері жөнінде тәптіштеп сұрай бастады.

Менің қолымда 1990 жылы Стамбұлда жарық көрген «Қазақ turkileri» деген анықтамалық кітапша бар болатын. Онда Түркияда тұратын және Еуропаның Вена, Берлин, Париж, Лондон, Брюссель, Стоктольм, Осло, Кельн, Мюнхен, Амстердам, Цюрих секілді басты қалаларында тұратын қазақтардың адрес, телефондары тіптен қазақтың қай руынан шыққандарына дейін толық жазылған еді. Венада болған кезімде Еуропада жүрген осы қазақтардың біразымен де танысқан болатынмын. Міне осының пайдасы енді тиді. Қолымда бар осы кітапшамен бірге өзім көріп, естіп білген барлық жайттар мен деректерді Сұлтекеңе айтып бердім. Ол кісі мұқият тыңдай отырып, бірін қалдырмай қағазға жазып алды.

Сөз реті келгенде жазушы С. Балғабаев ағамыз: Әлем қазақтарының құрылтайын өткізу ауқымды шара болғандықтан шетелде жүрген әр қазақты әсіресе қазақ атын шығарып жүрген танымалы адамдарды құрылтайға шақыру, қатыстыру талабына сай құрылтайға кімдерді шақыру, қалай шақыру, келетін қонақтар тізімін қалай жасау мәселесінде қиындықтар барлығын ашық айтты. Расында ол кез Қазақстанның шетелдерде елшіліктері әлі ашыла қоймаған кезі болғандықтан, шетелдегі қазақтар туралы дерек, ақпараттар тым аз болатын. Менің бір таңқалғаным, осындай ірі, маңызды іс-шараны ұйымдастыру комиссиясының Жазушылар одағы үйінің астыңғы қабатындағы алақандай кіщкене бөлмеде орналасқандығы және онда бір үстел, екі орындықтан басқа ешнәрсенің жоқтығы. Қазіргі әркімнің алдында тұратын компьютер ол заманда атымен жоқ кез.

Соған қарамастан алыстағы ағайындар алғашқы қүрылтай болатындығы туралы хабарды қуана қарсы алды. Бұл барша қазақ үшін сүйіншісі мол, жақсы хабар болды. Міне атажұртын аса сағынған және әлем қазақтарының алғашқы құрылтайының басталуын асыға күткен шетелдегі қазақтардың көктен тілегені жерден табылып, 1992 жылы 25 қыркүйекте Шәріп Найман (Мюнхен), Әбдірахман Шетин (Кельн), Арыстан Тосын (Берлин), Мехмет Зенгин (Париж) бастаған Еуропа қазақтарының өкілдері Германияның Ганновер қаласынан Қазақстан үкіметі жіберген арнайы шартер ұшағымен ең алғашқылардың бірі болып қазақ топырағына келіп жеткен болатын. Алғаш Еуропа қазақтары туралы Қазақ еліне менің берген мәліметтерім мен деректерім негізінде Алматыда өткен алғашқы құрылтайға ағайындарды шақыру мәселесі өзінің оңтайластығын, тапқандығын ДҚҚ төралқасының орынбасары, жазушы С.Балғабаев қауымдастықтың бір жиынында, алқалы топтың алдында менің де аз болса да үлесім бар екенін еске салып әдейі атаған еді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *