Феодалдық қоғам. Феодализм түсінігі

Феодализм түсінігі. Орта ғасырлардың негізгі белгісінің бірі жерге жеке феодалдық меншіктің орнауы. «Феод» атауы «жерге мұрагерлік иелік ету» деген латынша ұғымды білдіреді. Ал бұл жердің иесін «феодал» деп атаған. Феодализмнің мәні — жер кімнің иелігінде болса, биліктің де соның қолында болуы. XVII ғасырдағы француз тілінің түсіндірме сөздігінде «феодализмге» берілген тұңғыш анықтамада «феодтың иесіне берілетін заңдық құқықтардың жиынтығы» деп сипатталған.

Феодалдық құрылыстың негізгі белгілері Батыс Еуропа елдерінде ІХ-Х ғасырларда қалыптасты. Оның ең басты белгісі — жердің негізгі табыс пен байлық көзіне айналуы Кімнің жері көп болса, сол құрметті адам болды. Ақсүйек шонжарлар мен корольдер, әскер қолбасшылары қауым жерлерін, жаулап алынған жерлерді өздерінің мұрагерлік меншігіне айналдырды. Ірі жер иелеріне өздерінің жер иеліктерін ұлғайтуға мемлекет көмектесті.

Король мен ақсүйек шонжарлар бірте-бірте ірі жер иеленушілерге айналды. Король, ақсүйектер мен әскер қолбасшылары — мырзалар артық жерлерін өз қызметкерлеріне, бағынышты феодалдарына (вассалдарына) үлестіріп берді. Алғашқыда жер әскери қызмет атқарғаны үшін сыйға берілсе, кейін мұраға қалдырылды. Сыйға берілген жер «феод», ал ол үлестің иесі «феодал» деп аталды. Бір феодалдың жер үлесі ұлан-ғайыр көп болса, екінші феодалдың жері аздау болды. Феодалдар жерді онда өмір сүретін жүздеген, мыңдаған шаруаларымен қоса иемденді. Сондықтан орта ғасырда «қожайынсыз жер болмайды» деген нақыл тарады.

Феодалдар өз жерлерінде ерікті шаруалардың еңбегіне негізделген шаруашылық құрды. Осындай шаруашылық феодалдық поместъе (вотчина) деп аталды. Феодалдық поместье VІІІ-ІХ ғасырларда Франк мемлекетінде қалыптасып, Батыс Еуропа елдерінде кеңінен қанат жайды. Мұндай шаруашылықта шаруалар жер иелеріне тікелей тәуелді еді. Феодалдық вотчинадағы жер 2 бөліктен тұрды: 1) қожаның жері домен деп аталды; 2) тәуелді шаруалардың пайдалануындағы үлестік жерлер. Кейбір шаруалардың шағын, дербес шаруашылықтары да болды. Бірақ олар жерсіз күн көре алмағандықтан, поместьенің иесіне тәуелділікке түсті. Феодалдар мемлекеттің көмегімен шаруаларды өздеріне кіріптар етті.

Шаруалар поместьедегі шаруашылық жұмыстарын өз еңбек құрал-жабдықтарымен жүргізді. Олар неғұрлым көп өнім өндірсе соғұрлым өзіне де көп өнім қалатын. Сондықтан да шаруалар өз еңбегінің нәтижесіне мүдделі болды.

Феодалдық шаруашылық түрінің ерекшеліктері. Феодалдық құрылыстың келесі бір белгісі — шаруашылықтың натуралды, яғни томаға-тұйық сипаты. Феодалдың өміріне қажетті бұйымдар мен азық-түліктердің бәрі оның поместьесінде (иелігі) өндірілді. Феодал поместьесіндегі шаруалар малдың жүнінен жіп иіріп, мата тоқыды, одан киім-кешек тікті, үй жиһаздарын, ыдыс-аяқ пен құрал-саймандарды өздері жасады. Шаруалар да, олардың қожайындары да еш нәрсені сатып алмады, «бәрі өзімізде бар» деген үрдісте өмір сүрді. Тек өздері өндірмейтін тұз бен темірді ғана олар азық-түлікке, малға айырбастап алатын. XI ғасырға дейін ел ішіндегі сауда-саттық өте төмен дәрежеде болды.

Феодалдық бытыраңқылық. Натуралды шаруашылық жағдайында жеке феодалдық иеліктер арасындағы экономикалық және саяси байланыстар өте мардымсыз болды. Батыс Еуропада ірі жер иелігі бар феодалдар жеке-дара шаруашылық жүргізе алды. Мұнда табиғат жағдайы қолайлы, жері құнарлы, езен-суы жеткілікті, шабындығы мол болды. Осының бәрі феодалдың байлығын молайтып, оның үкіметтен тәуелсіз өмір сүруіне мүмкіндік жасады. Феодалдық иеліктердің саяси және мәдени орталықтарына айналған қалалар өсіп-жетілді. Феодалдық иеліктер өзінше тәуелсіз мемлекет іспетті еді.

IX ғасырда Карл империясынан Франция, Германия, Италия бөлініп, жеке корольдіктер құрды. Олардың әрқайсысы көптеген иеліктерге бөлінді. Көптеген феодалдардың жер көлемі король иелігінен де асып түсті. Әрбір ірі феодалдың өз әкімшілігі мен соты, әскері болды. Оларды қол астындағы шаруаларды бағыныштылықта ұстау әрі сыртқы жаудан қорғануға пайдаланды. Ірі феодалдар көршілерімен соғысу немесе бітім жасау мәселелерін өздері шеше беретін. Күшейіп алған жекелеген феодалдар өздерін корольмен тең санай бастады. Осының бәрі ІХ-Х ғасырлардағы Батыс Еуропада феодалдық бытыраңқылықтың негізгі себептері болды.

Феодалдық қырқысулар. Бытыраңқылық кезінде феодалдар үнемі өзара қырқысу соғыстарын жүргізіп отырды. Олардың мақсаты — бай көршісін тұтқындап, қүн талап ету, тонаушылықпен олжа табу болды. Феодалдар соғыс кезінде қорғану үшін мықты қамалдар (замоктар) тұрғызып, сонда тұрған. Қамалдар алғашқыда ағаштан, кейін тастан салынды. Мықты етіп салынған қабырғаларына бірнеше жерден мұнаралар орнатылып, қамалдың айналасынан су толтырылған орлар қазылды. Ордың үстіндегі жиналмалы көпір түнде және жау шапқанда көтеріліп қойылды. Жаудың қамалға кіруі үшін мықты темірмен қапталған қақпаны бұзуларына тура келді. Бүкіл қамал құрылысының ең биігі бас мұнара еді. Мұнараның іші бірнеше бөлмелерден тұрған. Онда феодал өз отбасымен өмір сүрген. Қамалдың астында суы бар құдық, азық-түлік қорларын сақтайтын қамба орналасты. Сонымен қатар қолға түскен тұтқындарды ұстайтын зындан да бар еді.

Өзара қырқысулардан әсіресе қорғанатын қамалы жоқ шаруалар зардап шекті. Қырқысу соғыстары феодалдық шаруашылыққа зиянын тигізді. Егістіктер тапталып, елді мекендер өртелді. Бұл қырқысуды тоқтатуға шіркеу барынша күш жұмсады. Ол Христостың туған күні, пасха мейрамы кезінде соғысты күнә деп жариялады. Өзара қырқысуларды тоқтатуға корольдер де мүдделі болды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *