1. Зерттелетін құбылыстарды сандық жағынан сипаттап, араларындағы байланыстарды білу үшін векторлық және скалярлық физикалық шамалардың мәндерін өлшеулер арқылы анықтайды. Физикалық шаманы өлшеу деп — оны өлшем бірлік ретінде алынған біртекті басқа бір шамамен салыстыруды айтады. Физикалық шамаларды арнайы аспаптардың көмегімен өлшейді. Ең қарапайым өлшеу құралдарының бірі — сызғыш. Оның көмегімен қашықтықты және денелердің сызықтық мөлшерін: ұзындығын, енін, биіктігін өлшейді. Мектепте көп қолданылатын өлшеуіш құралдарына мензурка мен секундомер жатады (сурет 1.13). Өлшеуіш құралдардың бетіне бөліктер сызылып, олардың өлшем бірліктері көрсетілген. Кейбір бөліктердің тұсына сандар жазылған.

Сурет 1.13.
Мензуркалар және секундомер

2. Құралдың бетіне түсіріліп, бірліктері көрсетілген бөліктер мен сандар аспап шкаласы деп аталады. Тек шкала бар болса ғана аспаптың көрсетуі, яғни өлшенетін шаманың мәні туралы бағамдауға болады. Көп жағдайда аспап бетінде шкаламен қатар өлшенетін шаманың бірлігі де қысқаша жазылады. Мысалы, ток күшінің бірліктері: ампер (А), миллиампер (мА) деп, ал көлем бірліктері: см3, дм3, литр (л) деп жазылады.

3. Өлшеулерді дұрыс жүргізу үшін аспап шкаласындағы бір бөліктің құнын таба білу қажет. Аспап шкаласындағы бөліктің құны өлшенетін шаманың шкаладағы кез келген екі мәнінің айырымын сол мәндердің арасындағы бөліктердің санына бөлу арқылы анықталады. Мысалы, мензурка шкаласы бөлігінің құны мына ретпен анықталады (сурет 1.13, ә): а) шкаладан бірлігі см3 болатын көлемнің кез келген екі мәнін аламыз: мысалы, 150 см3 және 100 см3; ә) олардың айырымын табамыз: 150 см3-100 см3 = 50 см3; б) көлемнің екі мәні (150 см3 пен 100 см3) арасындағы мензурка бөліктерінің санын анықтаймыз: суретте ол 10-ға тең; в) бір бөлікке келетін көлемнің мәнін анықтаймыз: 50 см3 :10 = 5 см3. Бүл сан шкаладағы ең кіші бөліктің мәні, яғни анықтама бойынша бір бөліктің құны болып табылады.

Бір бөліктің құнын білгеннен кейін, өлшенетін шаманың мәнін табу керек. Суреттегі сұйықтықтың көлемі 100 сантиметр кубтан (см3-тан) артық, бірақ 150 сантиметр кубқа (см3-қа) жетпейді. Сұйықтықтың деңгейі 100 см3-тің үстіне 8 бөлікке көтерілген. Осы 8 бөлікке сәйкес келетін көлем: 8 • 5 см3 =40 см3 болады. Сонда мензуркадағы сұйықтықтың көлемі: 100 см3+40 см3=140 сантиметр кубқа (см3-қа) тең.

4. Мензуркалар тек сұйықтардың ғана емес, басқа да кішігірім денелердің (сурет 1.14) және пішіні дұрыс емес (сурет 1.15) денелердің көлемдерін табу үшін қолданылады. Ол үшін мензуркаға дене толық бататындай етіп су құйылады да, оның деңгейі белгіленіп алынады. Одан кейін денені мензуркадағы суға толық батырып, судың деңгейін тағы да белгілеп алады. Сонда мензуркадағы судың соңғы және алғашқы деңгейлерінің айырымы қатты дененің көлеміне тең болады.

Өлшеуіш цилиндрге сыймайтын дененің көлемін шүмегі бар ыдыстың көмегімен анықтауға болады (сурет 1.15). Өлшеу алдында ыдысқа шүмектің жоғары деңгейіне жеткенше су құйылады. Денені ыдыстағы суға батырғанда оның көлеміне тең су асып төгіледі. Төгілген судың көлемін мензуркамен өлшеп, батырылған дененің көлемін анықтайды. Егер шүмегі бар ыдыс жоқ болса, онда бірінің ішіне бірі сыятын кез келген ыдысты пайдалануға болады. Бұл жағдайда ішкі ыдысқа суды оның ең жоғары кемеріне дейін толтырып құю керек. Денені суға батырғанда оның көлеміндей су сыртқы ыдысқа құйылады. Құйылған судың көлемін мензуркамен өлшейді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *