Француз абсолютизмі мен экономикасының даму ерекшеліктері. Францияны біріктіру XI Людовиктің тұсында (1461-1483) аяқталды. XVI ғасырда ірі герцогтік Бретань Францияға қосылғаннан кейін Франция өзінің аумағын қалыптастырып, Батыс Еуропадағы орталықтандырылған аграрлы ірі мемлекетке айналды. Франция — Лангедок, Прованс, Дофинэ, Бургундия, Бретань және Нормандия провинцияларынан тұрды. XVI ғасырдағы саяси-әлеуметтік өзгерістер Францияда абсолюттік монархияны қалыптастырды. Басқа Еуропа елдеріндегі абсолютизммен салыстырғанда француз абсолютизмі күшті дамыған классикалық түрде орнықты. Феодалдық дворяндар елдегі артықшылық жағдайдағы абсолютизмнің арқа сүйер негізгі тірегіне айналды. Француз королін католиктік шіркеу де қолдады. Жаңадан дамып келе жатқан буржуазия тобының өкілдері де абсолютизмді қолдап отырды. Себебі, қаржысы жетерлік буржуазия өкілдерінен мемлекеттік шығын көбейген сайын өкімет қарыз алып отырды. Ал өкімет өз тарапынан қарыз бергендерге жанама алым-салықтарды жинауға рұқсат етті. Олар алым-салық жинайтын компаниялар құрып, халықтан түсетін салықтан үлкен көлемде қаржы жинап алып отырды. Мұндай жолмен жиналған қаржы капиталдың алғашқы қорлануындағы француздық ерекшелікке айналды. Сонымен бірге француз буржуазиясының ірі тобы абсолютизмді қолдауының нәтижесінде күйзелген дворяндардың жерін сатып алды.

Француз абсолюттік монархиясының негіздері XI ғасырда Людовиктің мирасқоры VIII Карл (1483-1498), XII Людовик (1498-1515) кезінде қалана бастаған еді. Ал I Францискінің тұсында (1515-1547) ол одан әрі күшейді. I Франциск шіркеуді толық өзіне бағындырды. Болонь келісімі бойынша Рим папасы X Лев француз короліне епископтарды тағайындауға келісім берді және француз шіркеуінің тапқан пайдасының басым көпшілігін иемденуге рұқсат етті.

I Францискінің уақытында Бас штаттың шақырылуы тоқтатылды. Олардың орнына нотаблилер, яғни корольдің өзі тағайындаған адамдар тобының жиналыстары өткізіліп тұрды. Елді басқару билігі Королъдік кеңестің қолына шоғырланды.

Король әскері мен жыл сайынғы өсіп отыратын мемлекеттік аппаратты ұстауға және ақсүйектер мен дворяндарға артықшылық беруге көп қаражат қажет еді. Сондықтан да елдің қазынасы алым-салықтарды көбейту мен тонаушылық соғыстар жүргізу арқылы толықтырылып отырды. Мысалы, XV ғасырдың аяғында салықтар 3 млн болса, XVI ғасырдың ортасында 9 млн ливрге жеткен. Өзінің алдындағы француз корольдері VIII Карл мен XII Людовик сияқты I Франциск Италияға қарсы соғыс ашты. Бірақ кейбір жекелеген жеңістеріне қарамастан Италиямен болған соғыс сәтсіз аяқталды.

I Франциск қайтыс болғаннан кейін оның орнына отырған III Генрих те (1547-1559) Италиямен арадағы соғысты жалғастырды. 1559 жылы Като-Камбрези келісімі бойынша II Филлип (испандық) Францияға Мец, Туль және Верден қалалары орналасқан Лотарингия аймағын қайтарды. Сөйтіп, Франция мемлекеті қазіргі кездегі шегаралық аумағына сәйкес өз жерлерін біріктіруді толық аяқтады.

XVI ғасырдың басында Францияның саяси-экономикалық күш-қуаты артып, бүкіл ел бір орталықты өкіметке — королъ билігіне бағындырылды. 1539 жылы Франция королі I Франциск мемлекеттік тіл ретінде француз тілін енгізді. Осыдан бастап мемлекеттегі ресми құжаттар латын тілінде емес, француз тілінде жүргізіле бастады.

XVI ғасырда Франция алғашқы қорлану кезеңіне аяқ басты. Феодалдық қоғамның ішінде капиталистік өндіріс туа бастады. XVI ғасырдың басында мануфактуралық өндіріс өмірге келді. Мануфактура дегеніміз — еңбек бөлінісіне және қолөнері техникасына негізделген ірі кәсіпорындар. Оның бытыраңқы, аралас және орталықтандырылған үш түрі болды. Шыны, жібек, шұға, қағаз т.б. өндіретін мануфактуралар кең өріс алды.

Мануфактураның дамуы үшін Францияның сыртқы саудасының кеңеюі маңызды болды. Франция Англиямен, Германия, Скандинавия елдерімен, Испания және Америкамен сауда жасады. Әсіресе Жерорта теңізі жағасындағы елдермен сауданың маңызы зор болды.

XVII ғасырдың басында сыртқы сауданы дамыта түсу мақсатымен Франция Америка құрлығынан отар басып алуға кірісті. 1608 жылы Канадада француз отарының орталығы болған Квебек қаласының негізі қаланды.

Францияның XVII ғасырдың бірінші жартысындағы саяси-экономикалық жағдайы жақсара түсті.

Бұл жетістіктерде корольдің бірінші министрі кардинал Ришельенің үлесі зор болды. Ришелье Францияны 1624 жылдан 1642 жылға дейін биледі. Ол барлық күш-жігерін орталық үкімет билігін нығайтуға, экономиканы дамытуға, Францияның басқа елдер арасындағы беделін арттыруға жұмсады. Ришелье феодал-ақсүйектердің қарсылығын тойтарып, бір орталыққа бағынған өкімет билігін нығайтты.

XVII ғасырдың екінші жартысында Францияда шексіз абсолюттік монархия түпкілікті орнады, ел билігі түгелдей корольдің қолына жинақталды.

Абсолюттік монархияның негізгі белгілері:

  • корольдің сөзі бүкіл ел үшін заң болды;
  • король қазынаны өзі басқарды;
  • соттарды өзі тағайындап отырды;
  • армияны өзі басқарды;
  • салық мөлшерін өзі белгіледі;
  • салық жинаушыларды өзі тағайындап отырды;
  • елдің барлық халқы корольдің боданы деп саналды;
  • ағылшын корольдері сияқты француз корольдері де шіркеуді өздеріне бағындырып алды.

Мұндай биліктің кемшіліктеріне қарамастан, ХVІ-ХVII ғасырдың бірінші жартысында Франция Еуропа елдерінің арасындағы ең қуатты мемлекеттің біріне айналды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *