Көлдер, жерасты сулары, мұздықтар

Көлдер. Жер шарының физикалық картасына көз салсаңдар, құрлық бетіндегі ойпаңдардағы көгілдір бояуларды байқайсыңдар. Бұлар – көлдер. Жер шарында көлдер өте көп. Жазықта да, тауда да кездеседі. Көлдердің көлемдері мен тереңдіктері де әртүрлі. Жер шарындағы ең үлкен көл – Каспий теңізі. Көлемінің үлкендігінен «теңіз» деп аталады. Қазақстан аумағында каспийден өзге Арал, Балқаш көлдері бар.

Көл – құрлық бетіндегі тұйық, іші суға толған табиғи ойыс.

Дүниежүзіндегі ең терең көл – Байкал көлі. Оның тереңдігі – 1620 м. Тереңдігі жөнінен екінші орындағы көл Африка құрлығында орналасқан – Танганьика көлі. Тереңдігі – 1435 м. Ал Титикака тұзды көлі Оңтүстік Америкадағы Орталық Анд тауында 3812 биіктікте орналасуымен ерекшеленеді.

Көл қазаншұңқырларының пайда болуы. Көлдер орналасқан ойпаңдар көл қазаншұңқырлары деп аталады. Көл қазаншұңқырлары пайда болуы жағынан бірнеше типке бөлінеді. Жер шарындағы тау жасалу үрдістері кезінде пайда болған көлдерді тектоникалық көлдер деп атайды. Тектоникалық көлдерге Сібірдегі Байкал, Тянь-Шаньдағы Ыстықкөл, Кавказдағы Севан, Алтайдағы Жайсан жатады.

Бір кездерде болған теңіз қалдықтарынан жасалған көлдерге Каспий, Арал көлдері (Тетис теңізінің қалдығы) жатады. Сондықтан бұлар қалдық көлдер деп аталады.

Сөнген жанартау кратерлерінде де көлдер пайда болған. Оларды жанартаулық көлдер деп атайды. Ява, Курил аралдарында, Камчаткада осындай көлдер көп.

Солтүстік Америка және Еуразияның солтүстігінде ежелгі мұздар жердің бетін жапқан, кейіннен оларға су жиналған. Осылайша мұздық көлдер пайда болған.

Бөген көлдер – таулардың опырылуынан тау өзендерінің бөлінуінен пайда болады. Памир тауындағы Сарез, Іле алатауындағы – Үлкен Алматы көлдері.

Ағынды және ағынсыз көлдер. Көл суының қасиеттеріне, қозғалысына байланысты ағынды көлдер, ағынсыз (тұйық) көлдер болып бөлінеді.

Ағынды көлдер деп – өзінен өзен ағып шығатын көлдерді айтады. Ағынды көлдердің суы тұщы болады (неліктен?).

Көлге өзендер келіп құйып, одан ешбір өзен ағып шықпаса, ағынсыз (тұйық) көл деп аталады. Мұндай көлдердің суы ащы болады. Кейбір көлге жаңбыр, еріген қар суы, өзендер түрлі заттарды, өсімдік, жануар қалдықтарын ағызып алып келеді. Олар шөгіп, көл тайызданып, өсімдіктер өсіп, біртіндеп батпаққа айналады.

Көлдердің маңызы. Көлдер балық шаруашылығын дамытуда, ауылшаруашылығына, өнеркәсіпке, тұрмыста қолдануда маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ көлдің маңы демалыс орындары ретінде де жиі қолданылады. Көлдің астынан тұздар және газ бен мұнай өндіріледі. Көл іші, маңы өсімдіктерге, құстарға, жануарларға бай. Сонымен қатар көлдер қалалар мен елді мекендерді сумен қамтамасыз етеді.

Ең бастысы, ішкі және халықаралық кеме қатынасында ерекше орын алады. Мысалы, каспий теңізінің жағалауында орналасқан Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Иран, Түрікменстан мемлекеттері кеме жолы арқылы қарым-қатынас жасайды. Ал Ұлы көлдер – АҚШ пен Канаданы жалғастыратын ірі су жолы. Көлдің өзендер ағысын реттеуде де маңызы зор.

Жерасты суларының түрлері. Жер қыртысында су өткізетін және су өткізбейтін қабаттар кезектесіп отырады.

Жерасты сулары осы қабаттар аралығында орналасады да еспе, артезиан, арасан сулары (минералды сулар) деп бөлінеді.

Еспе су (грунт) дегеніміз – жер бетіне жақын , алғашқы су өткізбейтін қабатқа дейінгі су.

Еспе су деңгейінің өзгеруіне жауын-шашын, еріген қар, булану көп әсер етеді. Жер бетінен сіңетін су көп болса грунт суының деңгейі жоғарылап, ал аз болса төмендейді. Жер бетінің еңістігіне қарай су өткізбейтін қабаттағы су ағынынан жер бетіне шығып, бұлақ немесе бастау пайда болады. Қазақстанның көптеген жерлерінде еспе және артезиан сулары бар.

Жердің терең қабаттарындағы қысымы жоғары су артезиан суы деп аталады.

Артезиан суы жерді бұрғылағанда атқылап шығады. XII ғасырда Францияның Артуа провинциясында алғаш рет бұрғыланған. Артезиан суы ондаған км-ден жүздеген км-ге дейінгі тереңдікте болады.

Жер астынан шығатын арасан суларды әртүрлі ауруларды емдеу мақсатында пайдаланады. Арасан сулары бар аймақтарға емханалар, емдеу-сауықтыру кешендері салынады.

Арасан сулар – құрамында еріген тұздары мен газдары бар сулар.

Қазақстан аумағында да арасан сулары шығатын жерлер өте көп. Мысалы, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, т.б. облыстарында бар.

Жылы жерасты суларын жылыжайлар мен үйлерді жылытуға, электр қуатын өндіруге кеңінен пайдаланады.

Жерасты суының әрекеті және оны қорғау. Жерасты сулары жер бетіндегі өзендер мен көлдер суының молаюына әсер етеді. Жер бедерінің өзгеруіне де ықпалы бар. Жерасты суларының әсерінен үңгірлер мен сырғымалар пайда болады.

Жерасты суы кейбір заттарды еріте отырып, шайып, жер астында түрлі үңгірлерді қалыптастырады. Осындай үңгірлердің бірі – Аппалач тауларының батыс беткейінен табылған, дүниежүзіндегі ең ірі Мамонт үңгірі.

Жерасты суы – Жер шарындағы тұщы су қорының негізгі көзі. Сондықтан жерасты суын ысырапсыз пайдаланып, тазалығын сақтау керек. Алайда ірі кәсіпорындардың қалдықтары, сарқынды сулар еспе суларға араласып, орны толмас зиян келтіреді де, суды жарамсыз етеді. Сондықтан жерасты суын қорғау әрі ұқыпты пайдалану – кезек күттірмейтін өзекті мәселелердің бірі.

Мұздықтар. Мұздықтар – тұщы судың орасан зор қоймасы. Олар қардан пайда болады. Егер қар еритін мөлшерінен артық түсетін болса, ол жинақталып, нығыздалады да, мөлдір, көгілдір мұзға айналады. Мұндай жағдайлар тауларда және поляр аймақтарында кездеседі.

Көп жылдар бойы биік таулар басына жиналған қарлар мен көк сеңгір мұздарды – мұздық дейміз.

Биік тауларда ауаның температурасы төмен болады да, қар түрінде түсетін жауын-шашын еріп үлгермейді.

Тауларда жаздың өзінде ауа температурасы биіктік артқан сайын төмендей береді (әр жүз метр көтерілгенде қанша градусқа төмендейді?). Сондықтан жаздағы ыстық кездің өзінде тау басындағы ауа температурасы 0˚С-ден төмен болады.

Тауларда қар жинақталып, мұздықтар пайда болатын шекара қар жиегі деп аталады.

Ол аумақтың климат жағдайларына беткейлердің күнгей немесе теріскей бағдарына байланысты болады. Экватор тұсындағы тауларда қар жиегі 500 м биіктікте болады, тропиктік ендікте қоңыржай белдеуде 2500 – 4000 м биіктікте болса, полярлық аймақтарда теңіз деңгейіне дейін түседі.

Мұздықтардың таралуы қар жиегінің биіктігімен тығыз байланысты.

Мұздықтардың түрлері мен маңызы. Құрлықтың барлық мұздықтары тау мұздықтары және  жабынды мұздықтар болып бөлінеді.

Тау мұздықтарының көлемі мен пішіні алуан түрлі болып келеді. Тау басындағы қар жиегінен жоғарыда жинақталған қар нығыздалып, біртіндеп тау мұздығына айналады.

Тау басындағы қар жиегінен төмен сырғып түскен мұздықтар ери келе, тау өзендеріне бастама болады. Сөйтіп тау өзендерін қоректендіреді.

Қазақстандағы мұздықтар Алтай, Жетісу Алатауы, Тянь-Шань тауларында орналасқан. Еліміздегі ең ірі тау мұздығы – Іле Алатауындағы Корженевский мұздығы, ұзындығы – 12 км.

Жер бетіндегі мұздықтар көлемінің 98,5%-ын жабынды мұздықтар құрайды. Антарктида, Гренланд, Арктика араладарын жабынды мұздық алып жатыр.  Мұндай мұздықтардың пішіні қалқан және күмбез тәріздес болып келеді. Антарктиданың жағалауындағы жабынды мұздықтар өздерінің зор салмағының, табиғи құбылыстардың әсерінен ірі мұз кесектеріне бөлініп, мұхитта қалқып, жүзіп жүрген мұзтауларға (айсбергтерге) айналады.

Мұзтаулардың көлемі өте үлкен болады. Мәселен, олардың біреуінің ені 45 км, ұзындығы – 170 км, қалыңдығы 200 м-ден астам, орташа салмағы 20 млн тоннаға жуық.

Мұзтаудың 90%-ға жуығы су ішінде болады. Онымен кеменің соқтығысуы өте қауіпті, себебі бұл апатты жағдайларға алып келуі мүмкін.

Мұздықтар – тұщы судың зор қоймасы. Жер бетіндегі тұщы судың 97%-ы мұздықтар мен мәңгі қарларда шоғырланған. Көпшілігінің суы өзендерді қоректендіріп, қуаңшылықты аудандарды суландыратындықтан , мұздықтар дүниежүзілік су айналымында маңызды орын алады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *