Климат құрушы факторалар

Негізгі климат қалыптастырушы факторлар. Әр аймақтың климаты бір-біріне ұқсамайды. Жер бетінің кез келген бөлігінің климаты географиялық ендікке ғана емес, оның жер бедерінің пішініне, беткі жамылғысына, жергілікті жердің географиялық орны мұхиттар мен теңіздерге, мұхит ағыстарына қатысты жағдайына да байланысты. Климат мұхит немесе материктің ұлан-байтақ кеңістігі жақтан келетін ауа массаларының қасиеттеріне тәуелді.

Климаттың пайда болу себептері климат қалыптастырушы факторлар деп аталады.

Климат қалыптастырушы факторлар 4-ке бөлінеді. Олар: географиялық ендік, ауа массаларының қозғалысы, жер бедерінің сипаты, мұхиттардың әсері.

Климаттың географиялық ендікке байланыстылығы. Бір ендіктегі жер бетіне түсетін жарық пен жылу мөлшері бірдей болады. Егер жердің беті тегіс болса, онда бір ендікте орналасқан жерлердің климаты экваторға қатысты жағдайына ғана өзгереді. Алайда жер беті өте алуан түрлі болғандықтан Күннен келетін жылу мөлшері жер бетінде түрліше таралады. Климатқа биіктік қана емес, күн сәулесінің түсу бұрышы мен жер бедері де әсер етеді.

Жергілікті жер климатының теңіз деңгейінен биіктігіне, жер бедерінің сипатына және өсімдіктер жамылғысына байланыстылығы. Жер бетінен биіктеген сайын тропосферадағы ауа температурасы төмендейтінін білесіңдер. Әрбір белдеудегі мұхит деңгейінен биік орналасқан жердің климаты ойпатты жердің климатына қарағанда суық болады. Таулы климатқа биіктік қана емес, жер бедері де әсер етеді. Мысалы, Памир тауының қысы поляр шеңберінің солтүстігіндегідей суық болады. Кейде мұндағы температура қыста -46˚С-ге дейін төмендейді. Қаңтардың көпжылдық орташа температурасы -15˚С, шілденікі +18˚С. Бұл биік таудың климаты. Ал шамамен осы ендіктегі Тұран ойпатының оңтүстігінде қаңтардың температурасы -2˚С, шілденікі +30˚С. Бұл ойпаттың көп бөлігін шөлдер алып жатыр. Жазда оның бетін күн тез қыздыратындықтан, шілденің орташа температурасы жоғары болады.

Сондай-ақ таулы аймақтың климатына күн сәулесінің түсуі де әсер етеді. Мысалы, тау жотасының оңтүстік жақ баурайының климаты қарама-қарсы беткейінің климатынан жылы болады, тау аңғары табанындағы климат беткейлердің  климатынан өзгеше келеді.

Мұхиттар мен желдердің климатқа әсері. Еліміз аумағында бір ендікті бойлай батыстан шығысқа қарай жүргенде температура ауытқуының амплитудасы мен жауын-шашын мөлшері өзгереді (неліктен?).

Жергілікті жердің климаты оның мұхитқа қатысты жағдайына байланысты. Мысалы, Атлант мұхиты мен оның жылы ағысының Еуропаның климатына әсері көп. Мұнда батыс желдері басым. Сондықтан Ұлыбритания аралында сіркіреген жаңбырлы бұлтты ауа райы жиі кездеседі. Қаңтардың орташа температурасы -4˚С, шілденікі +16˚С (амплитудасын есептеп шығарыңдар). Жылына 1000 мм-ге дейін жауын-шашын түседі. Қыста қар сирек жауады да, тез еріп кетеді, қалың тұман жиі болады.

Температураның ауытқу амплитудасының айырмасы төмен және бүкіл жыл бойына жауын-шашын біркелкі түсетін мұндай климатты теңіздік климат деп атайды. Материктің батыс жиегінің климаты да ұқсас. Атлант мұхитынан шығысқа қарай жылжыған сайын шуақты ауа райы жиілейді, температураның ауытқу амплитудасының айырмасы көбейеді, жауын-шашынның мөлшері азаяды.

Астана қаласы барлық мұхиттардан шалғайда жатыр. Оның климатына Солтүстік Мұзды мұхит пен Орталық Азиядан келетін ауа массалары да әсер етеді. Климаты – шұғыл континентті.

Мәскеу қаласының климатына Атлант мұхиты үлкен әсер етеді, мұнда Солтүстік Мұзды мұхиттан да ауа массалары жиі келеді. Мұндай климатты қоңыржай континентті климат деп атайды.

Азияның Қиыр Шығысының климатына Тынық мұхит күшті әсер етеді. Мұндағы климат қоңыржай ендіктегі муссонды климат.

Климаттың тау жоталары мен жазықтарға байланыстылығы. Ауа массалары ұлан-байтақ жазықтардың үсті мен мыңдаған километр қашықтыққа кедергісіз өтеді. Кавказ тауларының солтүстік етегіндегі тұрғындар Арктиканың лебін сезеді (осы тауларды Жарты шарлар картасынан көрсетіңдер. Оларға солтүстіктен келетін ауа қай жазықтың үстімен өтеді?).

Ауа массаларының жолында тау жоталары кездессе, не болады? ауа беткейді бойлай баяу жоғары көтеріліп, салқындайды да, одан жауын-шашын түседі. Жотадан асқан құрғақ әрі суық ауа төмен түсіп, қызады да, қаныққан күйінен айырылады, одан жауын-шашын түспейді. Сондықтан жотаның бір жағындағы жердің климаты оның екінші жағындағы климатынан өзгеше болады. Кавказ тауларының оңтүстігінде қаңтардың орташа температурасы 0˚С-тен жоғары, ал солтүстігінде оған жанасып жатқан жазықтағыдай суық болады.

Дүниежүзіндегі ең биік Гималай таулары Үнді мұхитынан солтүстікке бағытталған ылғалды ауаны бөгеп қалатындықтан, таудың оңтүстік беткейі етегінің климаты жылы әрі өте ылғалды (Черапунджиде жылына орта есеппен 12 мың мм жаңбыр жауады) болады. Ал Гималайдан солтүстікке қарай шөлдер созылып жатыр (атластағы Жарты шарлар картасынан, Дүниежүзінің климат картасынан көрсетіңдер).

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *