«Қорқыт ата» кітабы

Түркі елінің ішінде ең танымал есім әрине — Қорқыт ата. Уақыт өлшемі, кейінгі заман идеологиясы оның атын біржолата өшіре алмауына қарағанда, оның қоғамдағы орны ғана емес, рухани өмірдегі салмағы да кезінде аса жоғары болса керек. Көшпелі түріктер арасында Қорқыт есімінің күні кешеге дейін ауызша аңыз-әнгімелердің, тамылжыған күйлердің тақырыбы болып келуіне себепші жағдай оларда тәңірлік ұғым мен исламдық түсініктін аралас жүруінен деп түсінеміз. Ал, отырықшы кәсіпке бет бұрған түріктердің Қорқытқа деген құрметі кейінірек жазбаша деректер мен шығармалардан орын беріп, есімін есте қалдыру ниетімен байланысты болды. Қорқыт туралы аңыз-әңгіме, әпсана, өлең-жыр, эпостық шығармалар мен тарихи жазба деректердің Евразияны ежелден мекен еткен түріктердің қазіргі ұрпақтарында сақталып қалуы өткен өмірдің бірегей құбылысы, ортақ тарихымыздың алтын діңгегі екені даусыз. Сондықтан болар XIX ғасырдың басынан бастап Қорқыт жайындағы үлкенді-кішілі зерттеулер қазіргі түркі халықтарында ғана емес, дүниежүзінің өркениетгі елдерінде үздіксіз жазылып, жарық көруде.

Деректік сипаты бар, жекелеген зерттеуліқ мәні бар әйтеуір Қорқытқа тікелей қатысты еңбектердің ұзын-ырғасы қазір 800-ден асып түседі екен, Қорқыт және «Қорқыт ата кітабы» туралы айтылған пікірлердің көш басында аузы дуалы атақты түркітанушы ғалымдар мен европалық ориенталистердің тұруы да көп жайды аңғартады.

Алайда Қорқыт туралы әңгіменің түйіні қазіргі жұмыр жердің тыныс-тіршілігі мен саяси-әлеуметтік өмірінде айрықша орны бар түркі халықтарының рухани ортақ мәдениетіне, оның ішінде исламға дейінгі дәуірдің болмыс-бітіміне барып тірелетін болғандықтан да зерттеушілердің бұған қарайлай беретіні анық. Қорқыт исламға дейінгі түркілік дүниетанымның ең соңғы ірі өкілі ғана емес, сонымен бірге ол өз дәуірінен есімі бізге толығырақ жеткен жалғыз идеологиялық тұлға. Ол туралы зерттеулердің жалпы түркілік тарихымыздың кенжелеп келе жатқан саласы байырғы дүниетаным мен төңірлік ұғымдарға қарай ойыса беретіні де содан. Ал бұл мәселеде әлі талай беті ашылмаған құпия сыр жетерлік…

Қорқыт туралы зерттеулердің дені ауызша және жазбаша деректерді жинақтау, жарыққа шығару, текстологиялық сараптаудан өткізу түрінде болып келе жатыр. Әсіресе, «Қорқыт ата кітабына» қатысты жанрлық, тілдік, тарихи ізденістердің нәтижелері талай-талай іргелі еңбектерге арқау болды. Соңғы 200 жылға жуық уақыт ішінде жарық көрген ғылыми зерттеулерге шолу жасап, көтерген жүгі мен қарастырған тақырыбы бойынша жүйелеп шығудың өзі арнайы бір көлемді еңбектің үлесіне лайық. Оның мақсаты да, сипаты да басқа болмақ.

Әрине, қай мәселені алсақ та және оны қай тұрғыдан шешуге әрекеттенсек те оның тарихнамасын қазіргі ғылымның жеткен өресі тұрғысынан зерделеп отыру әрбір жаңа зерттеудің міндеті. Бұрыннан айтылған ой-тұжырымдардың озығымен өрелесіп отыру ғылым үшін басты шарт. Сондықтан да сөз болғалы отырған мәселелердің тұсында біз де тиісті деректер мен ой-тұжырымдарды толық ескеруді, айтар сөзімізді содан сабақтап алуды өз міндетіміз деп білеміз.

Әйтсе де Қорқыттың өзі және әйгілі «Қорқыт ата кітабы» жайында қандай бір мәселені ғылымның қай саласына сәйкес қарастырсақ та қозғау салып, ұйытқы боларлық бірқатар іргелі зерттеулерді алдымең атап өту парыз. Әсіресе, кез-келген ой-тұжырым мен ізденістің тірегі болатын текстік материалдарды жариялауы, ғылыми түсініктеме беруі, тарихи-этнографиялық деректерді мейлінше толық ескеруі жағынан құнын жоймаған, мағлұматы мен ғылыми терендігі сайма-сай еңбектер бұл салада жетерлік.

1815 жылы неміс ғалымы Х.Ф. Диц Дрезден кітапханасынан «Қорқыт ата кітабының» 12 жырдан тұратын нұсқасын тауып, оның сегізінші жырындағы «Басаттың Депегөзді (Төбекөзді) қалай өлтіргені туралы» бөлімін аударып басқаннан кейін-ақ, бұл жазба эпосқа дүниежүзі ғалымдары назар аудара бастады. Оның әйгілі грек эпосы «Одиссея» сюжетіндегі циклопқа (жалғыз көз) байланысты болуы бұған елеулі дәрежеде қозғау салды. Осыдан-ақ бастап Қорқыт туралы зерттеуді талай-талай саңлақ ғалымдар қолға алды. 1857 жылы В.Гримм Төбекөз туралы оқиғаға халықаралық сюжеттер қатарынан орын берді.

«Қорқыт ата кітабы» немістерден Т.Нельдеке, В.Рубен, француздардан Палу Паллио, Е.Блоше, П.Ру сияқты ғалымдардың зерттеулерімен толықтырылды. Әсіресе, италияндық ғалым Е.Россидің еңбегі ерекше. Ол Ватикан кітапханасынан «Қорқыт ата кітабының» тағы бір нұсқасын тауып, 1956 жылы оны италян тіліне аударып, Дрезден және Ватикан нұсқаларының факсимилесін бірге жариялады. Осы еңбекте Қорқытқа байланысты барлық деректер жинақталып, түсініктемесі, түрікше-италянша сөздік қоса берілген.

Қорқыт есіміне қатысты зерттеулерге ерекше ден қойғандардың бірі — Түркия ғалымдары. 1916 жылы Килисли Рыфат Дрезден нұсқасын араб әліппесімен басып шығарғаннан кейін-ақ, осы бағытта тарихи, этнографиялық, әдеби, фольклорлық және лингвистикалық мақалалар мен көлемді зерттеулер үздіксіз жүргізіліп келеді. Осы орайда алдымен Орхан Шайк Гөкйайдың еңбегі ерен. Ол 1938 жылы жариялаған кітабында Қорқытқа қатысты дүниедегі деректерді топтастырған болса, 1973 жылы әлемнің түкпір-түкпірінде не бар, не жоқ, соның бәрінің басын құрап, мың беттен аса көлемді еңбегін жарыққа шығарды. Мәліметінің молдығы жағынан бұл кітаптан асып түсетін еңбек әзірге жоқ.

Сондай-ақ, М.Ф. Қырзыоғлы, Пертев Наили Боратав, Абдулқадыр Инан, Фуад Көпірұлі, Зәки Велиди Тоган, Садық Турал, Ахмет Бижан Ержуласын, Фарук Сумер, Суат Хизарчы, Метин Екичи, т.б. ғалымдардың еңбектерінде құнды деректер аса мол. «Қорқыт ата кітабының» текстологаясына арналған іргелі еңбектердің бірі — Мухаррем Ерегиннің көлемі екі томнан тұратын кітаптары. Мұнда мәтін, факсимиле және әр сөздің тіркеме көрсеткіші (индекс) берілген.

Бұл ескерткішті бастыру, зерттеу жұмыстарына Әзербайжан ғалымдары да елеулі үлес қосып келе жатыр. 1939 жылы Г.Араслы жарыққа шығарғаннан кейін «Қорқыт ата кітабы» туралы М.Тахмасиб, Ә.Дәмірізаде, Ш.А.Жәмшидов, М.Сейдов, М.А.Ширәлиев, К.Н.Велиев, т.б. іргелі зерттеулері мен мақалалары жарыққа шықты. 1975 жылы Әзірбайжан мемлекеттік университетінде «Қорқыт ата кітабына» арналған ғылыми сессия өтті.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *