Загрузка...

Әлеуметтанудың гуманитарлық біліммен өзара әрекеті. Әлеуметтану философиядан өсіп шықты. Тіпті әлеуметтану дербес ғылымға айналғаннан кейін де әлеуметтік философиямен байланысын үзген жоқ және үзбейді де.

Философиямен әлеуметтану тарихынан әлеуметтану теориясына неопозитивизм, феноменология (Шюц), жаңа фрейдшілдік (Фромм және басқалар), француз структурализімінің күшті ықпал еткені белгілі. Бастапқы философиялық нұсқамалар зерттеу тақырыптамасына да, әдістеріне де елеулі ықпал етеді. Егер әлеуметтанушы-позитивист әлеуметтік құндылықтар мен нормаларды «ашық» бақыланатын мінез-құлық фактілеріне (мысалы, сайлауға қатысу және қатыспау статистикасына) телуге тырысса, онда феноменологты, керісінше, оған қатысушылар үшін белгілі бір әлеуметтік әрекеттің қандай ішкі мағынаға ие болатындығы қызықтырады.

Әлеуметтік философияның қоғам, оның құрылымы, қызмет етуі мен дамуының жалпы заңдары туралы біртұтас түсінім жасап шығаратындығы белгілі. Ол әлеуметтік дүниеге деген жалпы көзқарасты әзірлейді. Оның әдіснамалық маңызы бәрінен бұрын әрбір қоғамдық ғылымның, оның пәнінің, заңдарының әлеуметтік өмірдің жалпы суреттемесіндегі орнын ашуға көмектесетіндігінен көрінеді.

Принципті жағынан оны қоғамдық өмірдің қандай да бір жағымен, саласымен шектеуге болмайды. Мысалы, еңбек әлеуметтануы, тұрмыс әлеуметтануы, спорт, отбасы, өнер, бұқаралық коммуникациялар, халықаралық қатынастар, қала, ауыл және т.б. әлеуметтануы қалыптасты. Сондықтан әлеуметтануды өмірдің қандай да бір бөлігіне «байланыстыру» әрекетінің келешегі жоқ.

Көптеген ғылыми пәндерге – тарих, құқық, саясатқа қатысты олардың өз философиясы «тарих философиясы, құқық философиясы, саясат философиясы) бар.

Әлеуметтану ғылымдарында мұндай философия жоқ. Өйткені оның теориялық деңгейі әлеуметтік философиялық деңгейге өте жақын.

Қоғам туралы ғылымдар құрылымында философия ең жалпыланған теориялар құрады, ал олар тарихи рөл атқарады және макроәлеуметтанушылық теориялармен өзара әрекеттеседі. Бұл өзара әрекеттер теориялық-танымдық проблемалар шешілетін жалпы философиялық деңгейде көрінеді. Сондай-ақ циклдік даму, прогресс, жаңғырту, жаһандандыру, әлеуметтік эволюция мен революция сияқты әлеуметтік трансфомациялаудың ең абстрактілі теорияларын және әлеуметтік құрылымды, таптар теориясын, дүниетанымды және басқаларын талдау деңгейінде зерделейтін әлеуметтік философия деңгейінде де жүзеге асырылады.

Макроәлеуметтанулық теориялар әлеуметтік-философиялық теориялармен тығыз байланысқан. Олар көбінесе философиялық алғышарттарға ие және философиялық идеялардың дамуына жағдай жасайды. Мысалы, М.Вебердің протестанттық этика негізінде капитализмнің қалыптасу теориясы жалпы капитализм дамуының философиялық теориясының, сондай-ақ рационализм теорияларының негізін құрады.

Философ Э.Гуссерль әзірлеген феноменология А.Шюц, П.Бергер, П.Лукман және басқаларының еңбектерінде табысты дамыды. Оны әлеуметтануда қолдану философияның феноменология саласындағы жұмысын одан әрі өрістетуге ынталандырды. Мұның бәрі неғұрлым жалпыланған философиялық тұғырнамалардың бар екендігіне және олардың әлеуметтануға ықпал етуіне қарамастан, әлеуметтанулық теориялардың философияға кері әсер етуінің орын алып отырғандығын білдіреді.

Кез келген ғылымды үшқабатты құрылым түрінде (1-сурет) ұсынуға болады, жоғарғы деңгей (қабат) берілген ғылымның әдіснамалық және жалпы теориялық проблемаларын құрайды. Бұдан кейін жалпы теория ережелерінің жалпылық ауқымы тарлау объектілерге қолданылуын нақтылайтын орта деңгей теориялары (мамандандырылған теориялар) деп аталатын қабат келеді. Физикада орта деңгейдің (орта олардың сапасы бойынша емес, басқа екі «қабаттың» арасындағы орны бойынша) мұндай теориялары қатты дене физикасы, элементар бөлшектер физикасы және т.б.; биологияда – цитология, жоғары жүйке қызметінің физиологиясы, молекулалық биология және т.б. болады. Одан да төменіректе оны практикамен тікелей байланыстырушы ғылымның қолданбалы қабаты орналасады.

Мұндай үш қабатты құрылым әлеуметтануға да тән (3-сурет). Жоғарғы, әдіснамалық және жалпы теориялық қабат ретінде бұл жағдайда әлеуметтік философия әрекет етеді, бұдан әрі салалық әлеуметтанулық теориялар (ауыл әлеуметтануы, өнеркәсіп әлеуметтануы, тұлға әлеуметтануы және т.б.) келеді, қолданбалы қабат ретінде нақты әлеуметтанулық зерттеулер орналасады.

Бұл жерде әлеуметтану үшін жалпылаудың шектері деңгейі бар теориялар ғана емес, сондай-ақ орта деңгейлі теориялары, мысалы, өз қызметі саласын әлеуметтанудың пәндік саласының айрықшаланған бөлігімен шектейтін элиталар теориясы, институттандыру теориясы және басқа теориялардың да зерделенетінін айта кеткен жөн. Философтар оларды жалпы әлеуметтанулық теориялармен байланысында да есепке алады. Философия әлеуметтануды тұғырнамалық танымдық сұлбалармен қамтамасыз етеді, ал олардың шеңберінде әлеуметтану құрылымдық-функционалдық, «түсінуші» әлеуметтану, феноменология және басқа парадигмаларды дамытады.

Философия мен әлеуметтанудың өзара әрекеті «қоғам», «адамзат», «тұлға», «әлеуметтану» сияқты бірқатар ең жалпы ұғымдарды олардың бірлесіп талқылауының қажеттілігінен көрінеді. Олардың мазмұны мен пәндік орны өзгереді.

Сондай-ақ әлеуметтану парадигмалары да өзгереді. Атап айтқанда, әлеуметтану объектісі мен пәнінің өзгеруі И.Валлерстайнның «дүние-жүйелі парадигмасының» және жаһанданудың жаңа парадигмасының пайда болуымен байланысты.

Жылдам әлеуметтік транформациялар жағдайларында әлеуметтанудың көптеген тақырыптары философиялық тақырыптарға және керісінше айналады. Бүгінгі күні әлеуметтілікті әлеуметтанулық және әлеуметтік-философиялық зерттеу саласы ретінде түсіну пікірсайыстың ортақ пәніне айналды.

Қазіргі кезде әлеуметтану феноменін философтар, әлеуметтанушылар, психологтар, тарихшылар, антропологтер зерделейді. Бұл жерде де пәнаралақ талдау күшейе түседі, ал бұл әлеуметтанудың әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдармен өзара байланысы мен әрекетін білдіреді.

Әлеуметтанулық білімнің құрылымы

Дербес ғылыми пән ретінде өзінің тарихи қалыптасуы мен дамуында әлеуметтану ішкі институттандыру үдерісінен өтті. Ол мына мәселелерді қамтиды:

  • ғылымның ұйымдық құрылымын жетілдіру;
  • пәннің ішінде орнықты еңбек бөлінісінің болуы;
  • кәсіптік әдеп ережелері мен нормаларын қалыптастыру;
  • тиімді зерттеушілік әдістер мен тәсілдерді әзірлеу.

Ғылымның ішкі институттандырылуы үдерісінде үстемдік ету мәртебесіне еңбек бөлінісі, ғылыми пәннің ұйымдық құрылымында үш салыстырмалы түрде тәуелсіз деңгейдің болуы иемденеді:

  • іргелі зерттеулер деңгейі: олардың мақсаты ғылыми білімнің берілген саланың әмбебап заңдылықтары мен ұстанымдарын ашатын ғылыми теорияларды құру негізінде өсіп шығуы болып табылады;
  • қолданбалы зерттеулер деңгейі: оларда қолданылатын іргетастық білімдер негізінде тікелей практикалық мәні бар өзекті проблемаларды зерделеу міндеті белгіленеді;
  • әлеуметтік инженерия – бұл әртүрлі техникалық құралдарды конструкциялау және қолда бар технологияларды жетілдіру мақсатымен ғылыми білімдерді практикаға ендіру деңгейі.

Бұл жіктеу әлеуметтану құрылымында үш деңгейді бөліп көрсетуге мүмкіндік береді: 1) теориялық әлеуметтану; 2) қолданбалы әлеуметтану; 3)әлеуметтік инженерия. Оларды сызба түрінде былай бейнелеуге болады:

Әлеуметтану барлық деңгейлерінде және өзінің барлық құрылымдық элементтерінде әлеуметтік өмірдің барлық салалары туралы жаңа білімнің өсуін қамтамасыз етеді. Қоғамның әлеуметтік дамуының заңдылықтары мен перспективаларын ашады. Барлық құрылымдық элементтері жинақтаған білімнің негізінде әлеуметтану, тұтастай алғанда, қоғамда бірқатар маңызды функцияларды орындауға қабілетті болып шығады.

Әлеуметтанудың танымдық функциясын орындауға іргелі теориялық зерттеулер де, бұл ғылымға бай фактологиялық материал, қоғамдық өмірдің қандай да бір салалары туралы ауқымды нақтылы ақпарат беретін эмпирикалық зерделеулер де қызмет етеді.

«Функция» сөзі (лат.functio) – қызмет, жұмыс, тағайындалу, рөл дегенді білдіреді. Осылайша әлеуметтану ғылымы үшін қоғамда көптеген функциялар, яғни көптеген жұмыстар бар болып шығады.

Әлеуметтанушылық зерттеулерді қоғамдық өмірдің әртүрлі салалрын басқару мен жоспарлау үшін пайдаланудың рөлі зор. Әлеуметтік жоспарлау дүниежүзілік қоғамның, жекелеген аймақтар мен елдер тіршілік қарекетінің белгілі бір үдерістерінен бастап қалалар, ауылдардың, жекелеген фирмалар мен кәсіпорындардың өмірін әлеуметтік жоспарлауға дейінгі өте кең салаларды қамтиды. Бұл жерде әлеуметтанудың басқарушылық функциясы көрініс береді, оны кейде әлеуметтік бақылау функциясы деп те атайды.

Әлеуметтанудың мәнді белгісі теория мен практиканың бірлігі болып табылады. Әлеуметтанудың практикалық бағытталғандығы оның болашақта әлеуметтік үдерістердің даму үдерістері туралы ғылыми негізделген болжамдар жасап шығаруға қабілетті екендігімен білдіріледі.

Бұл тұрғыдан алып қарағанда әлеуметтану мынаған қабілетті:

  • белгілі бір тарихи кезеңдегі оқиғаларға қатысушылардың алдында ашылатын мүмкіндіктер, ықтималдықтар ауқымының қандай екендігін анықтауға;
  • таңдап алынған әрбір шешімге байланысты болашақ үдерістердің баламалы сценарийлерін ұсынуға;
  • жанама әсерлерін, сондай-ақ ұзақ мерзімді салдарларын және т.б. қосқанда баламалық нұсқалардың әрқайсысы бойынша ықтимал жоғалтуларды есептеуге.

Әлеуметтанудың практикалық функциясы төмендегідей.

Теориялық әлеуметтануда әлеуметтік үрдістерді танудың тәсілдері мен әдіснамалық принциптері жасап шығарылады.

Әлеуметтанулық терең зерттеулер жүргізу үшін ғылыми гепотезалар, ұғымдық аппарат және т.б. түрінде алдын ала рационалды конструкциялар жасауы қажет. Сондай-ақ адам тұлғасының ішкі дүниесіне ену, оның құндылықтық, психикалық және өзге де уәждемелерін тану әдіснамасын жасап шығарудың да маңызы зор. Мұндай әдіснамаларды іздестіру әлеуметтануда әлеуметтік әрекет пен құрылымдық-функциялық талдаудың жалпы теориясын жсауға әкелді. Оның негізін салушы америкалық әлеуметтанушы Толкотт Парсонс (1902-1979).

Өз еңбектерінде Т.Парсонс адамның кез келген әрекетінің жалпыланған моделін жасады. Бұл модель өзіне үш негізгі элементті қамтиды:

  • әрекет етуші тұлға (actor) – белгілі бір мақсаттары бар және қол жеткізу тәсілдерін сипаттауға қабілетті, әрекет етуге ұмтылуды иеленген адам;
  • жағдаяттық қоршау – әрекеттің неге қатысты бағытталғаны және оның неге тәуелді екендігі бойынша қоршаудың өзгеретін және өзгермейтін факторлары;
  • мәнді (рәмізді өрнектелген белгілеулер) ұмтылыстар («интенциялар») және олардың нақты жағдаятта азды-көпті табысты қолданылуы.

Бірге алғандағы интенциялар мен олардың қолданылуы жекелеген немесе ұжымдық әрекеттер жүйесінің алдын-ала белгіленген жолмен жағдаяттық қоршаумен қатынастарды өзгертуге бағытталғандығын білдіреді.

Әлеуметтік әрекет төрт құрылымы өзара байланысқан, бірақ бір-біріне телінбейтін, талдаушылық жағынан бір-бірінен айырмашылығы бар төрт жүйеден тұрады: биологиялық (органикалық), мәдени, тұлғалық және әлеуметтік жүйелер. Олардың бәрі жағдаят ерекшеліктеріне қарай қандай да бір жүйе басым ықпал етсе де, әркетке әсер етпей қоймайды.

Т.Парсонстың пікірінше, әрекет жүйелері ашық жүйелер болып табылады. Сондықтан олар өз тіршілігін жалғастыру (тепе-теңдікті сақтау) үшін төрт негізгі функциялық талапты бейімделу, мақсатқа жету, интеграция, құрылымды қалпына келтіру мен дегбірсіздікті түсіруді қанғаттандыруы тиіс.

Бұл функциялық міндеттерді шешу мамандандырылған қосалқы жүйелермен қамтамасыз етіледі. Мысалы, әлеуметтік жүйенің ішінде бейімделу функциясын экономикалық қосалқы жүйе, мақсатқа жету функциясын – саяси қосалқы жүйе, интеграция функциясын – отбасы, білім беру органдары, діни сенімдер жүйесі, мораль т.б. қамтамасыз етеді.

Өзінің әлеуметтік әрекет тұғырнамасының негізінде Т.Парсонс «әлеуметтік жүйе» және «қоғам» ұғымдарының аражігін ажыратты. Ол қоғам әлеуметтік жүйенің ерекше үлгісі болып табылады деген ұйғарым жасады. Қоғам өзінің айналасындағы қоршаған ортаға қатысты өзіне–өзі жеткіліктіліктің ең жоғары деңгейіне жеткен әлеуметтік жүйе болып табылады.

Құрылымдық функционализм (Т.Парсонстың әлеуметтік әрекет теориясы) идеяларын оның шәкірті Роберт Мертон одан әрі дамытты.

Парсонстың әлеуметтік іс-әрекет теориясының осы мысалы, әлеуметтану білімінің әдіснамалық функциясының тиімділігін ашады.

Қазіргі қоғам проблемаларын түсінудегі әлеуметтанулық қарастырудың рөлі

Бірнеше пәндердің түйілісінде пайда болып және айқын белгіленген әлеуметтану алғашқы кездерде неғұрлым ескі пәндер өкілдері (әсіресе философтар мен тарихшылар) тарапынан күшті қарсылыққа тап болды. Ол классикалық гуманитарлық білім беру жүйесіне кіріге алмады. Алайда әлеуметтанудың жағдайы біртіндеп өзгерді. XIX ғасырдың соңында әлеуметтану университеттік пәнге айналды. Арнаулы әлеуметтану журналдары шыға бастады.

Әлеуметтану ғылымынң өрлеу және құлдырау сәттері көп болды. Қазіргі кездегі әлеуметтанудың сипатты белгісі теория мен практиканың бірлігі болып табылады. Бүгінгі таңдағы әлеуметтанулық зерттеулердің елеулі бөлігі, шын мәнінде, практикалық проблемалар мен міндеттерді шешуге арналған. Бұл аспектіде бірінші орынға әлеуметтанудың қолданбалы функциясы шығады. Қоғамның барлық ірі салалары әлеуметтанулық тәсілдер мен әдістердің негізінде зерттеледі. Мысалы, еңбек әлеуметтануы еңбекті оның әлеуметтік институттармен байланыстарының саналуандығындағы әлеуметтік экономикалық үдерісті зерделейді. Онда азматтардың еңбек қызметін әлеуметтік басқарудың теориясы мен практикасы табиғи байланысқан. Әлеуметтанушылардың назар салу өрісі еңбектің әлеуметтік формалары мен жағдайларын, оның ұжымдық немесе жеке сипатын, бірлескен еңбектің әлеуметтік ұйымын қамтиды. Еңбек әлеуметтануы қызметкерді еңбек қызметіне қосудың әртүрлі әлеуметтік-психологиялық тетіктерін, яғни еңбекке тарту мен ынталандыруды, жұмысқа қанағаттанушылық пен оған деген көзқарасты, еңбек белсенділігін, еңбек өнімділігін арттыру жолдарын және т.б. сипаттайды.

Дүниежүзінің көптеген елдерінде атқару және өкілдік билік органдары , саяси партиялар мен бірлестіктер әлеуметтанудың мүмкіндіктерін қоғамдық өмірдің барлық салаларында мақсатты бағытталған саясат жүргізу үшін кеңінен пайдаланады.

Әлеуметтанудың негізін қалаушы О.Конт бастапқыда қоғам ретінде бүкіл адамзатты түсінді. Алайда ол әлеуметтанудың объектісі мен пәні ретінде ұсынылған жоқ. Бүгінгі күні жаһандану қаупі мен тәуекелдері бұл түсінікті неғұрлым өзекті етті.

Әрқашан ұлттық-мемлекеттік шекараларда (жеке қоғам) өмір сүретін жүйе ретінде қабылданып келегн қоғамдар бүгінде халықаралық қоғам, сондай-ақ өзінің бірінші, негізгі мазмұнын әзірше жоғалтпай адамзат ретінде де түсіндіріледі. Заманауи әлеуметтануда жаһандық үдерістерді талдау және халықаралық қатынастар әлеуметтануы сияқты бағыттар да бар, алайда әлеуметтанулық қарастырудың негізгі саласы дегенменен де жекелеген қоғамдар, нақты әлеуметтер болып табылады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *