Мағжан Жұмабаев 1894 жылы қазіргі Бейнетқор ауданында (бұрынғы Сары айғыр болысы, Ақмола облысы, Қызылжар уезі) туған. Мағжанның өз əкесі Бекен деген адам (1867 жылы туған). Жұмабай Бекеннің əкесі (1827 жылы туған). Жұмабайдың əкесі Шонай. Оның əкесі Өтеген, оның əкесі Өтеміс. Қазір Өтеміс деген арғынның Атығай деген танабының бір руы.

Мағжан Жұмабаев өмірбаяныШонай момын, жуас, шаруа адам болған. Жұмабай ат арқасына мінгеннен кейін, сауда істеген де байыған. Бертін келе қажыға барған. Елде беделді кісі болған. Жұмабайдан: Нұрмағамбет, Бекен, Батай деген үш ұл туған. Соңғысы өлген, екеуі əлі тірі. Жұмабайдың өзі 1899 жылы өлген. Бекен екі əйелді болған адам. Бастапқы əйелі Малика Құдайбердіқызы. Одан бала болмаған. Соңғы əйелі Қызылжар қаласында тұратын Əшір деген өзбек саудагердің Гүлсім деген қызы. Жасы 55-те, əлі тірі. Бекеннен: Абау мүсін, Қарман, Мағжан, Мұхаметжан, Қалижан, Салтай деген бес ұл туыпты. Осылардың ішінен Абау мүсінді Жұмабай көзі тірісінде қолына алып қап, Бекенді еншісін беріп шығарған. Нұрмағамбет бұдан бұрын бөлінген. Жұмабай өлгеннен кейін Абау мүсінмен малға дауласып, əкесінің дəулетін қолына алған. Бұл кезде Жұмабайдікі елдегі белгілі бай.

Бекен жасында боз балашылық соңына түскен, малға қарамайтын адам екен. Бертін келе ол кəсібін тастап, саудаға кіріскен. 1906-1910 жылдары Бекен би сайланған. 1911 жылдан бастап 3 жыл болыс болған. Бұл болыстықты ол Қызылжар уезіндегі меликер байлар Қуанышовтардан тартып алған. 1914 болыстықтан түсірілген де, Колчак тұсында бір жыл болыс болған. Одан бергі өмірінде елдің қабырғалы ақсақалы боп келген. Əлі тірі. Мағжан сегіз жасында Кəрім дейтін ауыл арасындағы дүмше молдаға сабаққа беріледі. Одан бір жаз оқығасын, сол қысында Қызылжар қаласында медресе ашқан Мұхаметжан Бегешев деген молдаға (қазір мешіттің имамы) беріледі.

1902 жылы Данияр қажы дегеннің ауылына келіп мұғалім болған Ақия Ақанов деген мұғалімнен (Ақия қазір қазақ болып кеткен. Комунист. Қазақ ауданында қызметкер) бір жыл оқиды. 1903 жылы Ақияны Бекен өзі жалдап алады. Ақия Бекенде үш жылдай тұрады. Осы үш жылда ол Мағжанды пəнмен жақсы таныстырады. Арапша тілді білдіреді. Жəне Мысырда сол кезде Мұхамет Ғапдыловдеген адамның жəдит жолымен жазған тапсырмаларын алдырып, сонымен таныс қылады.

1906 Мағжан Қызылжар қаласында Қасен Панамаров деген молданың (жəдит молдасы. Қазір Омбы қаласында имам) медресесіне кіреді. Осы медреседе ол 1910 жылдарға дейін оқып, 1910 жылы Қызылжарға барып, судьяға бірнеше ай переводчик болған Міржақып Дулатұлынан орысша оқиды.

Одан кейін Уфа қаласындағы медресе Ғалияға барады да, оны бітірместен, бірер жыл оқығаннан кейін, 1913 жылы Омбы қаласына келіп аздап орысша даярлық жасайды да, Омбыдағы орысша семинарияға түседі. Семинарияны 1916 жылы бітіреді. Осыдан кейін Мағжан тиянақты мектепке түсіп сарылып оқыған жоқ.

Колчак тұсында бір жыл политехникалық институтта жабайы тыңдаушы болған. Сонымен Мағжанның оқу жағы бітеді. Оқу мəселесінде Мағжан көп тарлық көреді. Өйткені Бекен Мағжанды оқытқанда өзінің болыстық, билік мақсатына құрал қылуға оқытады. Мағжан олай болмай шығып əлеумет адам боп кеткесін Бекен оған көк тиын қараспайды. Кəтте Міржақыптың жалдатып оқытқан ақшасын төлей алмай, Ғазман дейтін Мағжанның ағасы Бекеннің бір өгізін ұрлап əкеп сатып төледі деген сөз бар.

Мағжанның ақындық қызметі 1910 жылдардан басталады. Оның ақындығын жарыққа шығаруға себеп болған нəрсе оның өз үйінің ішінен басталады: Жұмабайдың алпыс сегізінде алатын тоқалы Сызбай деген кісінің қызынан Ғазиза деген қыз туады. Мағжан Ақиядан оқып жүрген кезде бұл қыз бой жеткен көркем қыз болады. Бұл қызға Жұмабайдың бəйбішесінің інісі Fали Құдайбергенұлы деген əрі жаңашыл, əрі саудагер жігіт ғашық болады. Осы қызды Жұмабай өлгесін малқұмар Бекен Қызылжар қаласында тұратын Есентай деген байға тоқалдыққа береді. Бұған Ғали (қазір тірі, 45-тер шамасында. Қажылыққа барған. Жаңашыл адам болған. Қазір қара шаруа, колхозға мүше) наразы боп өлең шығарады. Бұл өлең 1906 жылдары татар тілінде шығатын «Уақыт» газетінің «əдебиет қапшығы» деген бөлімінде əлденеше рет басылады. Мағжанды білетіндер Мағжан сол кезде «Уақытты» оқитын еді. «Уақытта» өзінің апасы туралы жазылған өлең оған үлкен əсер етті дейді.

Мағжанның ақындығын қозғауға екінші себеп – Міржақып болуға керек. 1910 жылдары Міржақып Қызылжарда тұрып Мағжанды оқытқанда, өлең жазуына көп себепкер болды, деседі. Осыдан кейін ол өлең жаза бастап, ең алғаш жазған «Шолпан» атымен 1912 жылы басылып шықты. Содан бастап ол əдебиетке белсене қатынасты.

Саясат мəселесіне Мағжан басқа ұлтшыл ақындар сықылды, көркем əдебиеттен бастап кірісті. «Шолпанда» оның ұлтшылдық беті көрінді. Осы бетпен ол февральға шейін келді де февральдан кейін таза байшылдыққа ауды. Алашорданың белсенді мүшесі болды. Учередительное собраниеге мүше боп сайланды. Сібірде уақытша Совдеп билік құрып тұрғанда, Совдеппен бірлесіп іс істеген «үш жүз» партиясы Мағжанды абақтыға алды. «Абақтыда айды, күнді жаңылды ма» деген өлеңді, «Ғазизаға» деген өлеңді ол сонда жазды. Совдеп құлап, чекословактың өзгерісі боп, үкімет басына Колчак мінгесін «алашорда» іске кіріскесін, Мағжан Ақмоланың Омбы қаласында ашылған облыстық «Алашордасына» белсенді мүше болды. Қызылжар қаласында Алашорда атынан шығатын «Жас азамат» газетіне, Семейде шығатын «Алаш орда» газеті, «Сарыарқаға», Семейде шығатын «Абай» жорналына қатынасты. Оларда байшылдық рухта кеңес үкіметіне қарсы түрде көп өлеңдер жазды. Сол кезде Омбы қаласындағы «Алашорда» жастары шығаратын «Балапан» дейтін қолжазба жорналға редактор болды.

1917-1918 жылы Мағжанның күрделі істеген істерінің біреуі Алашорда тарапынан ашылған күрестерде сабақ беру болды. 1919 жылы Сібірді Кеңес үкіметі алғанда Мағжан еліне барып, біраз жасырынып жатты да, өзінің тілектестері партияға кіріп алғаннан кейін, солардың көмегімен Қызылжар келіп, 1919 жылдың қыс ортасынан бастап Қызылжарда шығатын «Бостандық туы» газетіне жауапты редактор болды. Бұл қызметте ол 1929 жылдың күзіне шейін болды. Газетте редактор боп тұрғанда «Бостандық туын» Кеңес үкіметіне қарсы газет қып ұстады. Бірнеше байшылдық өлеңдер, үкіметтің беделін жоятын мақалалар жазады. 1922 жылдары еңбекші таптан шыққан жастар оны құжай бастады. Сондықтан ол Қызылжарды тастап, Тəшкен жағына кетті.

Тəшкенде ол кезде Қожанұлының жігі үстем боп тұрған кез. Қожанұлы негізінде алашорда жолы үшін күресті (Голощекин). Əуезұлы, Досмұқамбетұлы, Аймауытұлы, Кемеңгерұлы, Жұмабайұлы бəрі бастарын қосты. Қожанұлы бұларды қарсы алу былай тұрсын, қолдарына «Ақ жол» газетін берді. «Шолпан», «Сана» сықылды соларға арнап жорнал шығарады. Кітаптарын басты. Мағжанның Кеңес үкіметіне ең қарсы шығармалары осы кезде басылды.

1925 жылдары Мағжан Тəшкеннен де қуғын көре бастады. Еңбекші жастар оны бетке қаға бастады. Сондықтан Мəскеуге кетті. Онда бір жағынан күншығыс баспасының қазақ бөлімінде кітап аударушы қызметін істеді де, бір жағынан Бреусов атына ашылған көркем əдебиет институтына кірді.

1928 жылдары бұл қызметті тастап еліне қайтты. Осы кезде оның торыққандығын көрсететін «Тоқсан тобы», «Толғау» деген өлеңдері жазылды. Сол жылы Бурабайда ашылған ағаш мамандарын даярлайтын мектепке қазақ тілінен сабақ берді. Келесі жылы Қызылжарға кеп, Кеңес партия мектебіне сабақ берді. Бір қыс онда болып, 1929 жылдың жазында қызметті тастап, бірде елінде, бірде қалада бос жүрді. 1930 жылы, Алашордашылдардың Кеңес үкіметіне қарсы ашқан жасырын ұйымына қатынасқандығы үшін абақтыға алынды. Мағжанның өмірі туралы біздің білеріміз осы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *