Мемлекеттік кəсіпкерлік жəне төрешілдік

1970-жылдардың басынан бері қарай іс жүзінде дамыған мемлекеттердің барлығында дерлік – Ұлыбританияда, АҚШ-та, Францияда, Жапонияда Скандинавия елдерінде «əкімшілік реформалау» атауына ие болған дəуір, яғни мемлекеттік басқару мен мемлекеттік қызмет саласындағы барлығын тегіс қамтитын жəне негізді өзгерістер дəуірі басталды.

Мемлекеттік қызметті реформалау Ұлыбританияда неғұрлым қарқынды жүргені белгілі, мұнда 1970-жылдардың өзінде-ақ əкімшілік етуден менеджментке көшу байқалады. Үкімет басына М.Тэтчердің келуіне байланысты мемлекеттік мекемелер қызметіне нарықтық экономика қағидаттарын енгізу жөніндегі іс-шаралар сериясы жүзеге асырыла бастайды: мемлекеттік сектор кəсіпорындарының біраз бөліктері жекешелендіріле бастайды, басқаруға конкурстық тендер, мердігерлік енгізіледі, білім беруге ваучерлер шығарылады, белгілі «Next Steps» бастамасы жəне көптеген басқа да мəселелер жүзеге асырылады.

Солай бола тұрса да, Ұлыбританиядағы əкімшілік реформалаудың көп аспектілігіне, көп қырлылығына қарамастан, бұл реформаның негізін салушы АҚШ болып табылады. 1883 жылы «Азаматтық қызмет туралы» Пендлтон Заңының қабылдануы қазіргі заманғы азаматтық қызмет институтының (civil service) заңнамалық ресімделуінің негізін салды. Заңның, оның мемлекеттік лауазымдарға үміткерлер үшін ашық конкурстар өткізу бөлігі қазіргі кезде де күшін жоймағанын атап өту қажет.

1887 жылы АҚШ-тың келешек президенті – профессор Вудро Вильсон «Əкімшілік етуді зерттеу» атты еңбегінде əкімшілік-мемлекеттік басқаруда бизнестегі ұйымдастыру жəне басқарудың ұтымды əрі пəрменді əдістерін қолдануды ұсына отырып, тиімді əкімшілік етудің моделін əзірледі. Американдық саясаттанушы Фрэнк Гуднаумен бірлесе отырып, демократиялық қоғам аясында «жұмыс істеуі мүмкін» төрешіл модель əзірленді, оның негізгі мəні саясаткерлер мен əкімшілер арасындағы өкілеттіктерді бөлуде болды.

1910-жылдардың өзінде бірқатар штаттардың губернаторлары басқару тиімділігі мен үнемділігі мəселелері туралы ойланып, мемлекеттік шығындарды қысқарту жəне озық басқару технологияларын енгізу тəсілдерін əзірлей бастады. 60-жылдары басқарудағы жаңалықтар арқылы АҚШ-та кедейшілікке қарсы күресуге деген ұмтылыс басталды. Кейінгі жылдары мемлекеттік қызметшілердің бойында жеке секторға тəн кəсіпкерлік пен бастамашылық рухын қалыптастыруға бағытталған қадамдар мен іс-шаралар қабылданды.

Бүкіл əлемде əр түрлі саяси жүйедегі мемлекеттер əкімшілік реформалар жүргізуге мəжбүр болды. Осыдан келіп, бұған қандай жағдай əсер етті деген сұрақ туындайды. Реформалардың ең қуатты факторы мемлекеттік қарыз бен бюджет тапшылығының өсуі болды, бұл барлық мемлекеттік мекемелердің бюджетінен тікелей байқалып отырды. Қаржылық қиындықтар əлеуметтік мемлекетті жəне оған барабар əкімшілік басқару жүйесін қамтыған терең дағдарыстың белгісі еді.

Бұл реформалардың екінші бір себебі нарықтың, жеке сектордың пəрменді ықпалына қатысты, өйткені жеке сектор барлық, əсіресе, медициналық қызмет көрсету, білім беру, құрылыс, қала аумақтарын абаттандыру секілді салаларда жоғары деңгейде қызмет көрсетуге бастамашылық жасайды. Мемлекеттік жəне жеке сервистердің қызметін салыстыру өзінің қызметтері мен міндеттерін атқарып жатқан мемлекеттік сектордың пайдасына шешілмеді. Мұның үстіне уақыт өте келе қызмет көрсету саласында орныға келе, жеке сектор мемлекет үшін тек «қолайсыз жағдай» болып қана қойған жоқ, мемлекеттік мекемелерге бəсекелестік тудыра отырып, бір кездері монополияландырылған жоғарыда аталған салаларға нақты ене бастады.

Ресей зерттеушісі Е.Г. Морозованың өзінің «Политический рынок и политический маркетинг: Концепции, модели, технологии» атты кітабында төмендегі факторлар əкімшілік реформа жүргізудің бастауына алып келді дейді: — мемлекеттік кеңселерде құрылатын қызмет түрлері, компьютерлік деректер базасының қалыптасуы жəне телекоммуникациялар арасындағы өзара байланыстарды күшейтетін қазіргі заманғы ақпараттық технологиялар қызу дамыды; — мемлекетке демократиялық қысым күшейді; — қоғам мемлекеттік аппараттың барынша ашық болуын, оның жұмыс істеуіне азаматтардың неғұрлым белсенді түрде қатысуын талап ете бастады.

Бүкіл жұртшылықтың төрешіл басқаруға наразы болып, қанағаттанбауы мемлекеттік басқару мен мемлекеттік қызмет саласында реформалар жасауға негізгі себеп болды, өйткені төрешіл басқаруға шығынның көптігі, басқару тиімсіздігі, азаматтардың одан алшақтауы, ешбір қатыспауы тəн.

Сервистік ұйымдардың тұтынушыларын бағдарға алған мемлекет тұжырымдамасы барлық елдерде əкімшілік реформалардың құралы ретінде қызмет етеді. Əкімшілік реформалау теориясының белгілі мамандарының бірі М. Бэрзлей мемлекеттік басқарудың дəстүрлі (төрешіл) жəне инновациялық «посттөрешіл») стильдерінің бір-бірінен негізгі айырмашылықтарын анықтап көрсетеді.

Ол айырмашылықтар мыналарға келіп саяды: — төрешіл мекеме бар ықыласын, ең алдымен, өзерінің қажеттіліктері мен келешегіне, ал посттөрешіл мекеме тұтынушының қажеттіліктері мен келешегіне жұмылдырады; — төрешіл мекеме қызметкерлер арасындағы рөлдер мен жауапкершіліктің нақты бөлінуіне, посттөрешіл мекеме біртұтас команда ретінде əрекет ететін қызметкерлердің топтасып, бірлесуіне негізделеді; — төрешіл мекеме өз қызметін игерілген ресурстар көлемі мен орындалатын міндеттердің санына қарай, посттөрешіл мекеме тұтынушылар үшін құнды болып табылатын нəтижелер бойынша бағалайды; алғашқысы «кірісті» (шығындар), соңғысы «шығысты» (құндылықтарды) бақылайды; — төрешіл мекеме белгіленген рəсімдерді басынан аяғына дейін бұлжытпай қатаң сақтайды, посттөрешіл мекеме өздері көрсететін қызметтерге қойылатын талаптар өзгерген жағдайда операциялық жүйе ішіндегі іс-əрекеттер алгоритмін өзгертеді; — төрешіл мекеме қызметін өзінің саясаты мен нақты жоспарларын хабарлаудан, ал посттөрешіл мекеме бұрынырақ тұжырымдалған стратегиясын дəлдей түсу немесе қайта қарау үшін тұтынушылармен екі жақты қарым- қатынас жасаудан бастайды; — төрешіл мекеме талдау жұмыстарын тікелей клиенттерге қызмет көрсетуден бөліп қарайды, ал посттөрешіл мекеме клиенттермен жұмысты жақсарту үшін қызметкерлердің өздерінің «бірінші желінің» мүмкіндіктерін ой елегінен өткізуін ынталандырады.

Жаңа жəне ескі мемлекеттік басқару модельдерінің параметрлерін қарастыру олардың арасындағы айырмашылықтарды көруге, басым көрсеткіштерін анықтауға мүмкіндік береді. Төмендегі кестеде дəстүрлі моделдің жаңа модельден ерекшеліктеріне түсіндірме көрінеді.

Көрсетілген айырмашылықтар ескі моделмен салыстырғанда жаңа моделдің даму қажеттіліктерін қамтамасыз етуге көбірек бейімделгеніне жəне бағдар ұстағанына дəлел бола алады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *