Загрузка...
Мұхтар Әуезов туралы мәлімет
Мұхтар Әуезов туралы мәлімет

Мұхтар Әуезов – қажымас қайрат, үлкен дарын, сарқылмас шабыт, мол парасат, шалқар ой, терең сезім иесі, гуманист жазушы. Оның проза, драма, ғылым, аударма саласында жазып қалдырған еңбектері – қазақ халқы әдебиетінің зор қазынасы. Бұл өмірбаянда жазушы шығармаларының бәріне баға беру мүмкін емес, алайда түсінігіміз үстірт болмау үшін Әуезовтың өмірбаяны, 1917-18 жылдары жарияланған мақалалары, «Еңлік-Кебек», «Абай жолы» және Абай туралы жазған ғылыми еңбегі жөнінде кейбір ойымызды ортаға салмақпыз.

Жас шағынан үнемі үйрену, іздену үстінде – қоғам қайреткері, педагог, жазушы, аудармашы болып көрінген Мұхтар Әуезов өмірінің ақырына дейін осы салаларда қажымай еңбек етті. Батыс, Шығыс классиктері, қазақ халқының ұлы демократтары үлгі алды. Оның ойы сараланып, сөз шеберлігі арта түсуіне әсіресе Абай игі әсер етті.

Бір-біріне қара-қарсы екі түрлі қоғам өмірінің қос қыртыс аралығында әдебиет дүниесіне келген Мұхтар Әуезов өмірбаянында алғаш жазған көркем шығармаларының өзімен өрелі, байсалды, дарынды жазушы екенін аңғартқан еді.

Мұхтар Әуезов шығармаларында қазақ өмірінің алуан көріністері, түрлі құбылыстары мол қамтылған. Автор аз сөз, шағын пейзаж, ықшамды суреттерді ұтымды пайдаланудың тәсіліне шебер. Оның шығармаларынан өз ара үйлеспей жүрген көріністерді, оқиғаларды, фактілерді ұшыратпайсыз, жазушының жазғандары өмірдің өзінен алынған.

Оның әңгімелері, романдары, пьесалары – қазақ өмірінің нақтылы құбылыстарын, табиғи қалпын көрсетеді. Жеке кейіпкерлерінің сөздері солардың сана-сезіміне, психологиялық ерекшелігіне, іс-әрекетіне, тәлім-тәрбиесіне сай келеді, бұлар өмірдің бір бөлшегі, қоғам уәкілі ретінде көзге түседі. Кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов түрлі қоғамдық сатыдан өтті, алуан өмірдің ойын-қырын байымдады.

Мұхтар Омарханұлы Әуезов 1897 жылы 28 сентябрь күні дүниеге келді. Үй ішінде «ең кішкентай, момын да ерке болған қоңыр бала» — Мұхтар атасы Әуез, әжесі Дінәсілдің аялаған немересі болып өседі. Мұхтардың туған жері – Семей облысы, Абай ауданы. Оның жас шағында да, кейін де көп аралап көзінен таса етпеген, бақытты, шабытты ыстық күндерін өткізген, талай құпиясын ашқан, өнер әлеміне ұшырған аймағы – қазақ халықының байтақ өлкесі. Ол «Еңлік-Кебек», «Абай жолы», «Қараш-қараш оқиғасы», «Көксерек» сияқты шығармаларын осы өзі туған өлкеден тапқан.

Мұхтардың «Қоңыр мұңлы туған анасы» Нұржамал – Ұлы жүз Үйсін, шала қазақ атанған атадан. Бұл шала қазақтардың арғы нәсілі қысымшылық көріп, Үйсіндер арасына қашып келген, алты өзбек екен. Нұржамал үш қызды болып қырыққа тақаған шағында Мұхтарды көтеріпті. Жалғыз ұл Мұхтар ерке болып өседі. Кішкентай кезінде ауыл арасындағы соқтықпалы сотқар балаларға есесі кете беріпті. Анасы Нұржамал даладан үйге жылап келген баласын «Қарашөңке момыным» деп уатады екен.

Жазушының әкесі Омархан – Әуездің байымды азамат етіп өсірген баласы. Омархан сөзге ыспар, іске ширақ, еңбекқор адам болыпты. Мұхтардың үшінші атасы Бердіқожаның қызы Нұрғаным Құнанбайға ұзатылған. Бердіқожаның баласы Әуез – Абай шығармаларын жұрт арасына таратушылардың бірі. Абай кейде Әуезден арап, парсы сөздерінің аудармасын сұрап алады екен. Кейін келе Құнанбай, Бердіқожа балалары құданда болып, араласып кетеді. Әуездің балалары Омархан, Ахмет Абай балаларымен алыс-беріс жасаған, достық қарым-қатынаста болған.

Мұхтардың өмірбаяны әжесі Дінәсілмен тығыз байланыста болған, сонымен қатар ауыл адамдары құрметтеп «кәрі апаң» атандырған ақжарқын, сөзшең, әңгімешіл адам екен. Бала Мұхтар әжесінен, әсіресе белгілі ертегіші Баймағамбеттен талай қызықты аңыздар, әңгімелер естиді.

Сол кезде сахара қазақтары арасына тараған ойын-сауық, мәдениет кештерінің талайына Мұхтар да қатысқан, алты бақан тепкен, асық, дойбы, тоғыз құмалақ ойнаған, ойын-тойларда, астарда болған. Он екі жасында домбыра, гитара тартып үйренеді. Ән салып, күй тартқандардың қасында көп болып, ит жүгіріп, құс салу ісіне құмартқан. Кейде ұзақ күн аң аулап, әбден шаршап жүрсе де қайтпай, қасындағы жолдастарын титықтатып, үйге азар оралады екен. Оның «Аңшылыққа құмарлығы сонша, бір жылы қыстың ең бір қырлы кезі – қарлы, боранды ақпан айында сонау Шыңғыстың сыртындағы Бақанас, Байқошқар жаққа салбурында жүрген атақты құсбегі Мұздыбай мен Шәкәрімге Бауырдан әдейі барып, олардың бүркіт салғанын көріп қайтты. Кейін сондағы көргенін құмарта суреттеп, жардай ғып айтатын-ды».

Мұхтар Әуезов өмірбаяны оқуды әліп-биден, әпжаттан бастады. Құран, Мұхтасар, Хиссәсүл әнбиенің беттеріне талай үңілді, арап, парсы,түркі тілдерін үйренуге құмартты. Ол кезде «әліп, би, ти, си» деп жылдар өткізіп, қат-қара танымаған шәкірттер бола беретін. Ұқыпты, зерек балалар ғана сабағын азар үлгеретін. Олардан молдалар, «ат басындй көк құранды» бастан аяқ жатқа айтатын қарилер, не ишандар, хазреттер, дәмоллалар шығатын.

Мұхтар Әуезов балаларын, немерелерін алдымен өзі оқытады екен. Ол кісінің бір тәуірі – шәкірттерін тек діни кітаптар соңына салып қоймай, сонымен қоса, Абай шығармаларын да жаттатқан. Мұхтардың сабақты ауырлап, созаңдап жүргенін сезген әжесі Дінәсіл: «Бес жастағы баланың не қауқары бар, әзірше асықпасаң қайтеді» деп, немересіне ара түссе де, Әуез көнбейді. Ол осы бетпен «өз оқуын» тамамдатқанша Мұхтардың оқыта береді. Мұхтар Самарбай молда, Қамалиддин хазірет алдын дүниесінен де хабардар, Абай шығармаларын сарынға салып оқып беруді машық еткен адам екен.

Мұсылманша дәріс алып жүрген кезінде Мұхтар көп кітаптар, шығармалар оқып үлгереді. «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу», «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр», «Қыз-Жібек», «Бозжігіт», «Біржан-Сара», «Ер Тарғынды» оқиды. Пушкин, Лермонтовпен танысады. «Мың бір түн» ертегілерін сан рет естиді. Фердауси, Низами, Фзули, Новаи бәйіттерінен де хабарсыз болмады. Бала Мұхтар Шығыс, Батыс ақындарын меңгеріп кетпесе де, олардың шығармаларынан көркем нәр тауып, ақындық қиялын сол кезде-ақ жетілте бастайды.

Сол жақта М. Хабибуллин, М. Әуезов, Ә. Марғұлан. 1926 жыл.
Сол жақта М. Хабибуллин, М. Әуезов, Ә. Марғұлан. 1926 жыл.

Бұдан әрі ағасы Қасымбек Мұхтарды Қамаллидин медресесінен шығарып, бес кластық орыс мектебіне түсіреді. Бұл іс оған оңайға түспейді, өйткені ол кезде баласын орысша оқытуды шам көретін қазақтар аз еместі. Олар мұндай мектепті діннен шығару үшін, «Ғайсаның қара дінін Мұхамедтің ақ дініне айырбастау» үшін әдейі ашады деп те үрейленетін. Мектепке баратын бала табылмаса, нашар үйдің баласын пұлға жалдап, не зорлап жіберетін. Осыны ойлаған Әуез бес класты орыс мектебіне түсіруге Мұхтарды қимайды. Бірақ Қасымбек болмай, әкесін айтқанына көндіреді. Мұхтарды орыс мектебіне орналастырады.

Мұхтар шәкірт кезінен-ақ халық аузындағы асыл сөздерді жинап, жадында тоқиды, қазақ өмірінің ертедегі өмір-тіршілігімен хабардар болуға құмартады. Жазда, көшпелі елінде демалысын өткізген кезінде, көп білетін көнелердің, ақындардың айтқандарын көңілге тоқиды. Мұхтардың ел жөніндегі көп мағлұмат алған адамдары арасында – қазақ туралы көп білетін, Абай жайын жақсы білетін Құдайбердіұлы Шәкәрім, Жамантайұлы Көкбай, Ысқақұлы Әрхам, Құлыкеұлы Жиренше, Ақбердіұлы Өміртай, Қорамжанұлы Қатпа болған. Өзгелердің білгенін айтқызып тыңдауды ұнатқан Мұхтар өзі де білгенін айтқызып тыңдауды ұнатқан Мұхтар өзі де білгенін айтып беру ісіне машықтанады екен.

Қырға шыққан кездерінде Мұхтар домбырашы, гитаршы, әнші, сауықшыл, күлдіргі адамдардың стихиялық түрде көрінген артистік өнерін ұйымдастырып отырған, әдеби кештер өткізген. Мұндай кештерге қатысқандар Абай өлеңдерін, не «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек» сияқты жырларды мақамға салып, оқып та береді екен. Осы кезді еске алған Құлатай Ақбердин: «Шыңғыс болысы тұрғындары арасында әріден келе жатқан бір салт бар еді. Оның қашаннан қалыптасқанын білмеймін. Сол салт бойынша, дауыстап оқуға арналған кештер ұйымдастырылатын, Бұл кештерге тарихи поэмаларды әндетіп оқитын әр ауылдың арнаулы оқығыштары қатынасатын еді», — дейді.

5 кластық мектепті бітіргеннен кейін Мұхтар 1916 жылы Семей семинариясының бірінші класында оқиды. Мұндағы оқушылар даярлығы, жастары жағынан әдеттегі мектеп шәкірттеріне ұқсамаған. Олардың ішінде Мұхтар орысшасы мен мұсылманшасын қосқанда он жылдай оқыған. Сол кездегі Мұхтар туралы В.Попов былай деп жазады: «Қашан да байсалды, ибалы, жолдастары мен оқытушылары алдында ұстамды, айдынды ия, ия, шын айдынды ол өз класында да басқалардан дара көрінетін және бірге оқыған шәкірттер арасында өте беделді еді».

Абайды білмек парыз ойлы жасқа
Абайды білмек парыз ойлы жасқа

Мұхтар Әуезов 1917 жылдан бастап газет беттеріне мақалаларын жариялады. 1918 жылы «Абай» журналын шығарып тұрушылар ішінде Мұхтар Әуезовтен басқа, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Бейімбет Майлин, Сәбит Дөнентаевтар болды. Ол қолына қалам ұстап, баспа бетін алғаш көрген кезінің өзінде маңызды мәселелер туралы ойын ортаға салды. «Адамдық негізі — әйел», «Қайсысын қолданамыз», «Ғылым», «Мәдениет әм ұлт», «Оқу әдісі» деген мақалалар жариялады.

Мұхтар Әуезов 1920-1922 жылдары «Семей губерниясының төңкеріс комитеті және ҚазЦИК президиумының мүшесі» болып қызмет істейді. Семей облысы Мұхтармен істес болған В. Попов: Мұхтар «Әкімшілік орында болған кезінде қабілетті, мемлекет қайраткерлеріне тән мінез аңғартқан еді» — дейді.

Мұхтардың баспа бетін көрген көркем шығармаларының тұңғышы «Қорғансыздың күні» Арғын деген құпия атпен 1921 жылы «Қызыл Қазақстан» журналында шыққан. Заманына қарай шебер жазылған, ескі өмірдің сұрықсыз бейнесін көрсеткен, озбырларды аластаған бұл әңгіме – қазақ прозасының өркендеуіне, қалыптасуына көмектескен, жазушының сәтті қадамының айғағы болған шығарма. Мұхтар Арғын, Жаяусал, Қоңыр, Айғақ деген құпия атпен 1921-1926 жылдары «Қызыл Қазақстан», «Шолпан», «Сана», «Таң» журналдары, «Қазақ тілі» бетінде түрлі әңгімелер жариялады. Олардың ішінде: «Оқыған азамат», «Жас жүректер», «Заман еркесі», «Қанды түн», «Ескі індет» бар. Осы әңгімелермен қатар «Еңлік-Кебек», «Бәбіше, тоқал» пьесалары да шықты.

Мұхтар Әуезов 1923 жылы Ленинградтың  мелекеттік университетінің филологтар дайындайтын факультетіне түсіп, 1928 жылы бітірді. Оқу жолына сарыла көп түскен Мұхтар 1928-30 жылдары Орта Азия университетінің шығыс факультеті жанындағы аспирантурада оқиды. Бұдан кейінгі жалдары ҚазПИде, ҚазГУ де сабақ берді. Ғылымдық, педагогтық, қоғамдық жұмысын жазушылығымен қатар қайыспай алып жүре білген ол – профессор, доктор, Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі атағын алды. Филология ғылымдарының 22 дей докторлық, кандидаттық диссертация қорғағандардың жетекшісі не оппоненті болды. Совет Жазушылар одағы басқармасы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі болды.

Мәдениет, әдебиет саласында зор еңбек еткен Мұхтар Омарханұлы Әуезовке 1949 жылы «Абай» романы үшін Мемлекеттік сыйлық, 1959 жылы «Абай жолы» үшін Лениндік сыйлық берілді. Ол екі рет Еңбек Қызыл ту, бір рет Ленин орденін алды. Бейбітшілікті қорғайтын совет комитетінің және Лениндік сыйлық комитетінің мүшесі болып та күрделі еңбек сіңірді.

Мұхтар Әуезов жазушылық, ғылымдық, педагогтық жұмыстарымен бірге, аударма мәселесімен де аз айналыспаған. Оның бұл саладағы жұмысы – қазақ әдебиетіне қосылған үлкен үлес. 1918-1952 жылдар арасында Мұхтар жарияланған аудармалар ішінде: «Будда», «Қорқыныш», «Ревизор», «Ақ сүйектер», «Той тарқар», «Отелла», «Дворян ұясы», т.т. бар.

Ол оқулықтар, хрестоматиялар, бірінші класс шәкірттеріне арналған әліппелер де жазып шығарды. Бұл кітаптардың біразын өзі жазса, бірсыпырасын басқа авторлармен қосылып жазды. Қазақстанның ғылыми, мәдени орындарының әр кезде жарияланған көлемді-көлемді еңбектері, қалың-қалың жинақтарының талайы Мұхтар Әуезовтің қатысуымен шығып отырды.

Қазақ халқы әдебиетінің зор туындысы «Абай жолының» 1937-1965 жылдары тараудай, жеке-жеке кітаптай басылып шыққан саны екі жүзден асты, шығармалары 27 тілге аударылды. СССР халықтарының талайы Мұхтар шығармасын өз тілінде оқиды, «Абай жолы» ағылшын, француз, неміс, поляк, румын, грек, венгер, вьетнам, чех, болғар тілдеріне аударылды. Бұл роман қазақ халқын, әдебиетін әлем деңгейіне көтерді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *