Нарық экономикасы және ауыл шаруашылығы

Нарық экономикасы жағдайында Қазақстандағы ауыл шаруашылығының қалыптасуы

«Уикипедия» ашық энциклопедиясынан алынған мəліметке қарағанда: «Ауыл шаруашылығы – материалдық өндірістің ең маңызды түрлерінің бірі. Ауыл шаруашылығы халықты азық-түлікпен жəне өнеркəсіпті шикізаттың кейбір түрлерімен қамтамасыз етумен айналысады. Ауыл шаруашылығы екі үлкен саладан, яғни өсімдік шаруашылығынан жəне мал шаруашылығынан тұрады. Сонымен қатар оның құрамына балық аулау, аңшылық жəне омарта шаруашылығы да кіреді».

Ауыл шаруашылығы – шаруашылық салаларының ішіндегі ең ежелгі жəне табиғат жағдайларына тікелей тəуелді саласы. Дүниежүзінде халқы ауыл шаруашылығы салаларымен айналыспайтын бірде-бір ел жоқ. Ауыл шаруашылығының барлық жерге таралуы оның алуан түрлілігіне байланысты. Ғалымдар шамамен онын 50-ге жуық түрін бөліп көрсетеді. Қазіргі мəлімет бойынша дүниежүзінде бұл салада шамамен 1,3 млрд-тан астам адам еңбек етеді, оған ауыл шаруашылығындағы шаруа отбасыларын қосатын болса, онда ол көрсеткіш 3-4 есе өседі. Еңбекке жарамды ер адамдардың ауыл шаруашылығындағы үлесіне сəйкес елдер индустриялы, постиндустриялы жəне аграрлы болып жіктеледі. Дүниежүзінде экономи-калық белсенді халықтың 46%-ы осы салада еңбек етеді.

Ауыл шаруашылығы – Қазақстан экономикасындағы ең ірі сала. Ауылда халқымыздың жартысына жуығы тұрады. Еліміздегі еңбек нарығының қатысушы 7,5 миллион адамның 2,5 миллионға жуығы – ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлері. Өзін-өзі қамтамасыз етуші халықтың да басым бөлігі – ауыл адамдары.

Дүниежүзінің кез келген елінің ауыл шаруашылығы өзара бір-бірімен тығыз байланысты екі саладан – өсімдік жəне мал шаруашылығынан құралады. Олардың арасалмағы əр елдің əлеуметтік-экономикалық жағдайы мен еңбек ресурстарының көрсеткіштеріне жəне табиғат жағдайларының ерекшелігіне сəйкес өзгеріп отырады. Экономикалық деңгейі жоғары елдерде (АҚШ, ГФР, Франция жəне т.б.) ғылым жетістіктері мен агротехникалық шаралар кеңінен қолданылуы нəтижесінде мал шаруашылығы өнімдерінің үлесі жоғары. Мұндай жағдай кейбір жекелеген дамушы елдерде де байқалуда, бірақ оның басты себебі климаттың қолайсыз əсерінен өсімдік шаруашылығының өркен жаюына мүмкіндіктің болмауы. Өсімдік жəне мал шаруашылығы тек қана өзара байланысып қоймай, олардың өнімдерін өңдейтін өнеркəсіп салаларымен де тығыз байланысты. Бұл салалар арасындағы өзара байланыс агроөнеркəсіптік кешен (АӨК) арқылы жүзеге асады. Мұндай кешендер құрылымы мен қуатына қарай алуан түрлі болып келеді жəне дамыған елдерде кең қанат жайған. Ал дамушы елдерде олар жаңа-жаңа белең алып келеді.

Жеке елдер бойынша ауыл шаруашылығында жұмыс істейтіндер санында үлкен айырма бар. Мысалы, Батыс Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш — 8%, АҚШ- та — 3%, Канадада — 4%, Ресейде — 14%, Қазақстанда 40%-ға жуық болса, ал дамушы елдерде ол 44 пайыздан жоғары.

Негізінен, ауыл шаруашылығы климаттық факторларға тікелей тəуелді болып келеді. Олар: ауа-райына, жауын-шашынның мөлшері мен түсу мерзіміне, топырақтың құнарлылығына тəуелділік. Кейінгі кезде ғылым мен техниканың озық жетістіктері ауыл шаруашылығында кеңінен колданылып отырған елдерде климаттық жағдайға тəуелділік əлдеқайда төмендеді.

ХХ ғасырдың 90-жылдарына дейін Қазақстан ауыл шаруашылығы құрылымының негізін Кеңестік шаруашылықтар (кеңшар) мен ұжымдық шаруашылықтар (ұжымшар) құрады. 1990 жылдан бастап республиканың агроөнеркəсіп кешенінде кең ауқымды əлеуметтік-экономикалық өзгерістер болды.

Ауыл шаруашылығындағы екі сала — өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы ауыл шаруашылық өнімдерінің 53% жəне 47%-ын береді. Бүгінде Қазақстанның ауыл шаруашылығы алты түрлі бағытта өрбиді: а) дəнді дақылдар (бидай); ə) интенсивті егіншілік (дəнді дақылдар (жүгері, арпа, гречка,т.с.с.); жеміс жəне бау-бақша; б) плантациялық шаруашылық (мақта,жеміс, бау бақша); в) экстенсивті жайылымдық мал шаруашылығы (етті бағыттағы ірі қара, қой); г) интенсивті мал шаруашылығы (сүтті жəне сүтті-етті ірі қара, ет бағытындағы ірі қара бордақылау, шошқа жəне құс өсіру); ғ) интенсивті егіншілік пен мал шаруашылығы (жем-шөп қорын дайындау).

Ауыл шаруашылығы өндірісін мемлекеттік реттеудің қажеттілігі мемлекеттің өз азаматтарына өмір сүрудің қалыпты жағдай туғызудан, оларды азық-түлікпен жəне де басқа ауыл шаруашылығы тауарларымен қамтамасыз етуден туындайды.

Ауыл шаруашылығы өндірісін мемлекеттік реттеудің тəжірибесі əлемнің барлық елінде бар. Мысалы, ЕуроОдақ елдерінде көп жылдардан бері ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу жүйесі жұмыс істейді, азық түліктің экспорты мен импорты реттеліп отырады, əлеуметтік саланың дамуын бақылау жүзеге асырылады, азық-түлік өнімдерін қайта өңдеу мен сатудың жүйесін қайта құрылымдау шараларын субсидиялау қаржылан-дырылады. Ауылдық аумақтарда инфрақұрылымдар құру, ауыл тұрғын-дарына жағдай жасау мен қоршаған ортаны қорғауға жəрдем беріледі. Азық түлік нарығын тұрақтандыруды қамтамасыз ететін негізгі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге, кепілді бағаны қамтамасыз етуге квота орнатылады.

Дамыған елдердің бəрі аграрлық саланы қолдауды ең маңызды жəне басым бағыт ретінде қарастырады. Мұны ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың көлемінен көруге болады. ЕО елдерінде фермерлердің табыстарын мемлекеттік субсидиялау 49 пайыз, Финляндияда — 71, Норвегияда — 77, Швецияда — 59, Жапонияда – 56 пайыз. АҚШ-та 2000-жылдары 1 гектар жерге берілетін мемлекеттік дотация 69 долларды құраған, Канадада — 83, ЕО елдерінде — 943, Швейцарияда – 4214 доллар болғанда Ресей мен Қазақстанда бар болғаны 6 доллар болған.

1990 жылы Қазақстанның ауыл шаруашылығы астық өндіру мен мал шаруашылығын дамыту нəтижесінде елдің ішкі жалпы өнімінің 34 пайызы құраған еді. Аграрлық реформаның алғашқы онжылдығында да осылай жалғаса бастады, бірақ ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру біртіндеп азайып, он жыо ішінде 2,5 есе қысқарды, жалпы ішкі өнімдегі үлес 8,4 пайыз ғана болды. Өйткені аграрлық құрылымның күрт өзгеруі, тиімді өндірістік қатынастарға көшу ұмтылысы, бюджеттен қаржыландырудың азаюы осындай жағдайға алып келді.

Біздің еліміздің ауыл шаруашылығының өзіндік ерекшеліктері бар: аумағы өте үлкен, сондықтан өнімдерді сату үшін тасымалдау қымбатқа түседі; елімізде климат жағдайы əртүрлі, соған орай ауыл шаруашылығы жерлері өнім өндіруге қолайлы емес, ал табиғат райына қарай өнімділік те төменірек.

Осы жағдайларға орай, халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуді жақсарту мақсатында ауыл шаруашылығын мемлекеттік реттеу қажеттілігі туындады. Ол нақтылап айтар болсақ, мынадай себептерге байланысты өрбіді: — ауыл шаруашылық өндірісінің табиғи-климаттық жағдайға тəуелді болуына байланысты; — азық-түлікпен өзіндік қамтамасыз етуді жəне елдің азық-түлік қауіпсіздігіне жетуін ынталандырады; — тауар өндірушілер шығындарын толық жаппайтын сұранысы көп жəне үнемі болып тұратын өнімді нарыққа жеткізетін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне қолдау жасау; — АӨК күрделі құрылымына кіретін ауыл шаруашылығы мен өнеркəсіп арасында тепе-теңдік (паритет) қатынастарын құру.

Ауыл шаруашылығында нарықтық экономикаға көшуге орай мемлекеттің рөлі өзгерді. Ол енді ауыл шаруашылық өнімдерін шығарумен, сақтаумен жəне сатумен тікелей айналыспайды, тек ол үшін қажетті жағдай жасайды.

Мемлекет ауыл тұрғындарының тіршілігі мен еңбек жағдайын жақсартып, шаруашылықтарға техника мен жанар-жағармай алуға көмектеседі, сонымен бірге ауыл шаруашылығы ғылыми мекемелерін қаржыландырады.

Реформаның бастапқы бесжылдығында ауылдағы құрылымдық қайта құрулар мен жекешелендіру жүргізуге басымдық берілді. Осылайша 1992 жылдан бастап агроөнеркəсіптік кешендегі кəсіпорындарды мемлекет иелігінен алу мен жекешелендіру басталды.

Қазақстандағы мемлекеттік меншікті мемлекет иелігіне алудың жəне жекешелендірудің басында: “1991 жылдың 22 маусымындағы “Мемлекет иелігінен алу жəне жекешелендіру туралы” жəне 1991 жылғы 19 қыркүйектегі Қазақ КСР Президентінің Қаулысымен бекітілген, 1991-1992 жылдарға арналған (1-ші кезең) Қазақ КСР-інде мемлекеттік меншікті мемлекет иелігінен алу жəне жекешелендіру бағдарламасы қабылданды. Бағдарламаның “Агроөнеркəсіп кешеніндегі мемлекеттік меншікті мемлекет иелігінен алу жəне жекешелендіру” деп аталатын жетінші тарауы АПК кəсіпорындарының жекешелендіру ісіндегі алғашқы заңды құжат болды.

1992 жылдың қаңтар айында “Мемлекеттік ауыл шаруашылығы кəсіпорындарының мүліктерін жекешелендірудегі ерекшеліктер туралы” Қазақстан Республикасының Заңы жəне «Агроөнеркəсіптік кешеннің қайта өңдейтін жəне қызмет көрсететін мемлекеттік ауыл шаруашылығы кəсіпорындарының мүліктерін жекешелендіру жөніндегі кейінге қалдыруға болмайтын шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы (1992 жыл, ақпан) қабылданды, олар ауыл шаруашылығы объектілерін жекешелендірудің ерекшеліктерін де айқындады.

Тəуелсіздік жылдарында Қазақстандағы аграрлық қатынастар, ауылдың əлеуметтік-экономикалық дамуы жəне оның зерттелу мəселелері жөнінде мынадай тұжырымдар жасауға болады: — Кеңес өкіметінің аграрлық салада жүргізген саясатының мəнін ашып, тəжірбиесін ой-елегінен өткізе отырып, ауыл шаруашылығының жағдайын сапалық жағынан жоғарғы деңгейге жеткізе алмауының себептерін ашып көрсетілді; — Аграрлық қатынастарға кешенді, жан-жақты анықтама беру арқылы кейбір теориялық жəне методологиялық тұжырымдама жасалып, өзіндік баға берілді; — Аграрлық қатынастардың мəні ретінде, жердің ауыл шаруашылығы саласын дамытудағы əлеуметтік-экономикалық жағдайы ашып көрсетіліп, оған қатысты заңнамалар əзірленді; — Агроөнеркəсіп кешені объектілері жекешлендіріліп, ауыл шаруашылығы кəсіпорындарын мемлекет иелігін алу мен реформалау жүргізілді, т.с.с.

Агроөнеркəсіптік кешен дегеніміз не?

Агроөнеркəсіптік кешен (АӨК) – бұл ауыл шаруашылық шикізатынан бастап, соңғы өнімді өндіруді тікелей қамтамасыз ететін өзара байланыстағы салалардың жиынтығы. Оның қалыпты дамуы АӨК-тің өзінде жəне оның барлық құрылымдық бөлімдерінде, ең алдымен ауыл шаруашылығы саласында, қалыпты ұдайы өндіріске жетуі арқылы қамтамасыз етіледі.

АӨК – салалар кешенінің біріктірілген əлеуметтік-экономикалық күрделі жүйесі. Оған меншік иесі жəне шаруашылық иесі əр түрлі, мүдделері мен қажеттіліктері күрделі жəне алуан түрлі болып келетін кəсіпорындар, агроқұрылымдар жəне мекемелер қатысады. Шаруашылық тетігі бұл алуан түрлінің бірігуін қамтамасыз ету керек. Сонымен қатар ол АӨК-нің өзіндік басқарылатын бөліктерінің өзара келісілген мүдделерінің негізінде жəне шаруашылық субъектілерінің теңдігі негізінде біртұтас болуын жəне сол тұтастықтың мақсатты жəне тиімді қызмет етуін қамтамасыз ету керек.

АӨК-тің дамуын мемлекеттік реттеу дегеніміз мемлекеттің сатып алу-сату, салық, баға, несие, сақтандыру, сыртқы экономикалық саясат жүргізуге бағытталған мақсатты əрекеті.

«Агроөнеркəсіптік кешенді жəне ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі N 66 Заңы Қазақстан Республикасында агроөнеркəсiптiк кешендi жəне ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттiк реттеудi жүзеге асырудың құқықтық, ұйымдық, экономикалық жəне əлеуметтік негіздерін айқындайды.

2003 жылдан бастап Қазақстанда АӨК-тің дамуын мемлекеттік реттеудің жаңа, күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан үшінші кезеңі басталды. Оған 2002 жылы маусым айында қабылданған 2003-2005 жылдарға арналған Мемлекеттік азық-түлік бағдарламасының үлкен ықпалы болды. Осы бағдарлама аясында үш кодекс пен 370 нормативтік құқықтық актілер дүниеге келді. Ауылдық аумақтарды дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бұл заңнамалық актілер нарық экономикасының талаптарына сай, халықаралық тəжірибені есепка ала отырып əзірленді жəне ауылдық жердегі кəсіпкерлікті дамыту мен ынталандыруға, жергілікті жердегі ынтагерлікті оятуға бағытталды.

Ауыл шаруашылығы жеріне жеке меншікті енгізген Жер кодексі, солармен қатар қабылданған Су кодексі мен Орман кодексі, 2005 жылы қабылданған «Агроөнеркəсіптік кешен мен ауылдық аумақтардың дамуын мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы еліміздегі агроөнеркəсіптік кешеннің ерекше екпінмен дамуына жол ашты.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 12 желтоқсандағы Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстан мемлекетінің əлемнің дамыған 50 елінің қатарына еніп, көзделген мақсаттың жүзеге асқаны хабарланды жəне Қазақстан Республикасының 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы таныстырылып, еліміздің экономикасын дамытудың басты мақсаты – мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың жəне жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру, Қазақстанның əлемнің ең дамыған 30 елінің қатарында болуы деп айқындалды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *