Өткен дәуірлердегі ұлы жазушылар әрқашан халық шығармашылығына назар аударып, оның сюжеті және көркемдік әдістерін кең пайдаланған. Ежелгі Шотландияда өлең шығару мен айту дәстүрі күшті дамыған еді. Өмірдегі барлық оқиғалар, яғни туғаннан өлгенге дейін: еңбек қуанышы, дем алу, той және халық серуендері өлеңсіз, әнсіз өтпейтін. Орта ғасырларға тиісті шотланд және ағылшын халық өлеңдері XVIII ғасырдан бастап жазып алына бастады. Бізге дейін үш жүзге жақын сюжет пен баллада, мыңнан артық олардың нұсқалары жеткен.

Бұл дәуірдегі халық поэзиясы лирикалық және эпикалық жырларды қамтиды. Еңбек қуанышы мен тойларда айтылатын жырлар, негізінен, лирикалық өлеңдер, ал баллада (алғашында би және музыкамен бірге орындалған өлең) деп аталатын жырлар эпикалық мазмұнда болды. Онда тарихи, аңыздың немесе тұрмыстық оқиғалар суреттелді. Кейбір балладалар тарихи оқиғаларға байланысты туып, оларда ағылшындар мен шотландтар арасындағы соғыстар, шотланд халқының азаттық үшін күресте көрсеткен ерліктері мен төзімділігі жырланған. «Чевиет жотасындағы тосңауыл», «Отерберн шайқасы» атты балладалар бұған айқын дәлел бола алады. «Дерхем маңындағы шайқас (XIV ғ.) туралы балладада» Шотландия королі Давидтің Англияны басып алу үшін жасаған тұтқиыл шабуылының жеңіліске ұшырағандығы баяндалады.

Робин Гуд және оның жасағының жауынгерлік ерліктеріне арналған балладалар саны қырықтан асады. Олардың көпшілігі XIV ғасырдағы зұлматқа қарсы күреске шыққан және өз еркіндігін қорғаған шаруалар («йомен») ішінен шыққан батыр Робин жайында болып келеді. Оның жасағы кедей шаруалар мен майда кәсіпшілерден құрылған еді. Олардың әрекетінде ХIV-ХVI ғасырларда болған өзара феодалдық соғыстар, салықтың көптігінен қиын жағдайда қалған шаруалардың дворян ақсүйектерге қарсы күшті наразылығы мен көтерілістер айқын көрінеді. Робин Гуд туралы балладалардың сюжеті онша күрделі емес.

Король, яки шериф бұйрығымен Робинді тұтқындауды армандап жүрген әрбір адам, оның күш-құдіретін көрген кезде, өз еркімен оның жасағына қосылып кететін еді. Ержүрек, епті, әрі батыл Робин Гуд өзін тұтқындау үшін құрылған дұшпан торының барлығынан да айлакерлікпен құтылып, шаруалардың қас жауы болған жауыз шерифке қарсы аяусыз күрес жүргізеді.

Бұл ретте «Робин Гуд пен Гай Гисберн туралы баллада» өте мазмұнды. Робинді іздеп жүрген Гай орман ішінде оған кездейсоқ кездеседі, бірақ оны танымайды. Олар оқ атысу сайысына түседі. Робиннің мергендігін көрген Гай «жүрегің де қолың сияқты болса, онда Гуд сенен мықты емес екен» дейді. Кек алу мақсатында Гудті іздеп жүргендігін айтады. Халық қаһарманы Гуд «сол іздеп жүрген адамың мен боламын» дейді. Екі ортада қатты шайқас басталып, Робин Гайды өлтіреді. Соңынан Робин шериф сақшыларының тұтқынындағы «балақай» Жанды құтқарады. Жан болса Гудтен қашып бара жатқан шерифті найзамен түйреп, одан кек қайтарады.

Робин Гудтің ерліктері жазба әдебиет үлгілерінде де өз көрінісін тапқан. Шекспирдің «Бұл сізге ұнайды ма?» комедиясында Гуд есімі кездеседі. Роберт Гриннің «Жорж Грин — Векфильд даласының сақшысы» драмасында халық батыры Робин Гуд туралы тамаша эпизод бар. Робин Гуд — жауыз феодалдармен соғысып, кедей шаруалардың мүддесін қорғаған нағыз халық қаһарманы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *