Сəбит Мұқанов өмірбаяны

Сəбит Мұқанов – қазақ даласына еңбекші таптың мүддесін қорғап келген ХХ ғасыр басындағы төңкеріс заманының аса көрнекті жазушысы. Оның шығармаларында қазақ халқының отаршылдық езгідегі өмірі мен азаттық жолындағы күресі, жаңа өмірі шежіредей сыр шертеді. Ол өз заманының есімі ел арасына кең жайылған жазушысы болды. Сонымен бірге елдің қоғамдық, əлеуметтік өміріне араласқан, дəуірдің жаңару идеясын қаламымен қатар білек күшімен де қорғауға қатысқан қайраткерлер қатарынан орын алды. М.Əуезовтің: «Сəбит өмірі мен еңбегі жазушының бір басының ерекшелігін ғана баян етпейді. Ол қазақ əдебиетінің тарихындағы аса күрделі дəуірдің өскен жолын, іздеген мүддесін, жеткен өрісін де баян етеді» 31 , – деуінің де сыры осында.

Сəбит Мұқанов өмірбаяныСондықтан да Сəбит туралы, оның жазушылық жолы туралы айту – ХХ ғасырдың жиырмасыншы-жетпісінші жылдары аралығындағы қазақ əдебиеті мен қазақ халқы тарихындағы өзгерістерді əңгімелеумен бірдей. Осы жылдардағы ұлттық əдебиетіміздің өсіп, қалыптасуы да, жетілу жолы да, табыстары мен олқылықтары да оның шығармашылығынан анық байқалады. Осы əдебиетті қолымен жасасып, халықтық қозғалыстың куəсі болып, əлем мойындаған көркемдік танымымыздың жарқын тұлғасы қатарына кірді. Жазушының 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтті. Ғасыр басында ауызша жайылған поэзияға арқа сүйеген, жаңаша ізденістерін əлеуметтік қозғалыстармен бірге бастаған ұлттық əдебиетіміздің жедел дамуына, барлық жанрда кемелденуіне, қаламгерлердің жаңа буындарының туып, жетілуіне, ұлттық көркемдік танымның əлемдік үлгілермен ұштаса өрістеуіне, жазушының қоғамдық белсенділігінің артуына Сəбит үлкен үлес қосты. Оның поэзия, проза, драматургия, сын мен əдебиеттану саласындағы еңбектері, көркем очерктері мен публицистикалық мақалалары, тарихи зерттеулері мен оқулықтары, аудармалары жазушының жан-жақты талантын танытумен бірге, оның ізденістерінің шеңберін де айқындайды, ғасырдың күрделі шындығына шырмалып, əр тарапқа құлаш ұрып ізденген халықтың арман-мұңын да бейнелейді. Осылардың əрқайсысында-ақ Сəбит ұрпаққа үлгі болар мұра қалдырды.

Сəбит Мұқанов 1900 жылы 26 сəуірде бұрынғы Ақмола облысы, Ақмола губерниясы, Қызылжар уезіне қарасты Таузар болысының екінші аулында (Қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданы, Сəбит аулы) туған. Қазақ аулындағы күн көрісі ауыр, тақыр кедей отбасынан шыққан. Оның үстіне жеті жасында əкесі, сегіз жасында шешесі қайтыс болып, Мұстафа деген немере ағасының қолында өседі. Жоқшылық, жетімдікті қатар көрген ол ауыл байларында, кісі есігінде жүріп есейеді. Өз талабымен ауыл молдасына барып, ескіше сауатын ашады. Өлең-жырға əуес талапты жас сол кезде қазақ ішіне кең жайылған қисса-дастандарды оқып, жаттайды. Өз жанынан да өлеңдер шығарады. Ауыл ішінде «өлеңші бала» атанады. Сəбит өмірінің осы кезеңі жазушының «Өмір мектебі» атты үш томдық мемуарлық шығармасының алғашқы кітабында кеңінен баяндалған.

ХХ ғасырдың бас кезі қазақ халқының патша отаршылдығына қарсы күресінің ұлғайып, Абай негізін салған əдебиеттегі демократтық, ағартушылық бағыттың өріс ала бастаған тұсы болғаны аян. Абайдың өлеңдер жинағының басылуы (1909), А.Байтұрсыновтың, М.Дулатовтың азаттық сүйген жырларының халық ішіне жайылуы, татар ақыны Ғ.Тоқай шығармаларының кең тарауы жүдеу халықтың рухани өміріне демеу бола бастады. Сəбит те осымен əсерленіп, оқуды, ақын болуды армандады. Осы кезде Қазақстанда орнаған Кеңес өкіметінің жетім-жесірлерге, өмірден қағажу көргендерге қамқор болуы жетім Сəбиттің ізденісіне жол ашты. Ол ауылдағы кеңес шараларына қатыса бастайды. 1918-1919 жылдары Омбы қаласында ашылған мұғалімдер курсында оқиды. Оның ақындық жолға шындап ұмтылуы да осы кез.

Қазақстанда Кеңес өкіметін орнықтыру жылдарында Сəбит əр түрлі саяси- қоғамдық қызметтер атқарады, ауылды кеңес жолына түсіру шараларына қатысады. Сөйте жүріп, білімін толықтырады. 1922-1926 жылдары Орынбор жұмысшы факультетінде оқиды. Одан кейін «Еңбекші қазақ» (Қазіргі «Егемен Қазақстан») газеті редакциясында бөлім бастығы, Қазақ мемлекет баспасында бас редактор болып істейді. 1928-1935 жылдары əуелі Ленинград университетінде, одан Мəскеуге ауысып, Қызыл профессор институтында білімін толықтырады. Одан кейінгі Сəбиттің өмірі Қазақстан Жазушылар одағымен тікелей байланысты. 1935 жылы «Қазақ əдебиеті» гзетіне редактор боп тағайындалған ол 1936 жылы Жазушылар одағы басқармасының төрағасы болып сайланады. Бұл қызметте екі жылдай істеген Сəбит 1937 жылы «халық жауларын əшкерелеу» науқаны кезінде қудаланып, орнынан босайды. Сəкен Сейфуллинмен, Мағжан Жұмабаевпен байланысы үшін партия қатарынан шығарылады. 1937-1943 жылдары Қазақтың Абай атындағы педагогтік институтында сабақ береді. 1943 жылы кінəсі дəлелденбеген Сəбит партия қатарына қайта кіреді де, Қазақстан Жазушылар басқармасының төрағасы қызметіне кіріседі. Онда 1952 жылға дейін Қазақстандағы идеологиялық жұмыстың нашарлауы жайлы партияның кезекті науқаны мен тазалауына шейін істеді. 1952 жылдың бер жағында таза шығармашылық қызметпен шұғылданды.

Осындай саяси-қоғамдық қасиеттерге араласа, білімін жетілдіре жүріп, Сəбит – шығармашылық қызметпен үзбей шұғылданған жазушы. Ол 1922 жылдан бастап газет-журнал беттерінде жариялана бастайды. 20-30 жылдар ішінде оның «Батырақ», «Октябрь өткелдері», «Сұлушаш», «Ақ аю» сияқты ірі поэмалары (шағын поэмаларының өзі оннан асады) мен «Адасқандар», «Теміртас», «Жұмбақ жалау» (Кейін «Ботакөз» болып өзгерген) атты романдары жарық көреді. Көптеген өлеңдер жазады. Одан кейінгі дəуірлерде «Сырдария», «Өмір мектебі», «Балуан Шолақ», «Мөлдір махаббат», «Аққан жұлдыз» романдары мен əңгіме-повестері, очерктері басылады. «Күрес күндерінде», «Шоқан Уəлиханов», «Сəкен Сейфуллин» пьесалары театр сахналарында қойылады. Ол 200-ден астам əдеби сын мақалалар жазып, қазақтың халық əдебиеті, əдебиет тарихы жайлы зерттеулер жариялайды. Фольклорлық жəне тарихи-əдеби мұраларды жинап бастырады. Бұл салада оның «Айтыс туралы», «XVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ əдебиеті тарихының очерктері», «ХХ ғасырдағы қазақ əдебиеті», «Жарқын жұлдыздар» атты кітаптарын атауға болады. 1974 жылы жазушының «Халық мұрасы» атты тарихи-этнографиялық еңбегі жарияланды. Осы еңбектерінің арқасында Сəбит оқырман халықтың зор ілтипатына бөленген ғалым-жазушыға айналды. 1954 жылы ол Қазақстан республикасы Ғылым Академиясының академигі (толық мүшесі) болып сайланды.

Сəбит – шығармашылық өмірін ақындықтан бастаған қаламгер. Оның алғашқы өлеңдері өзі туған, өскен ортаның – қазақтың жалшы шаруаларының көңіл күйін, тағдыр ауыртпашылықтарын суреттеуге құрылған. «Көңілім», «Неге тудым?», «Жалшының зары» (1917) атты өлеңдерінде жас ақын кісі есігінде күн кешкен жетім баланың сезімі арқылы кедейдің ауыр бейнетін, аянышты халін өткір бейнелейді. Ол өмірге неге келдім? – деп назаланады.

Сəбиттің «Бостандық» (1919) өлеңі қазақ даласына келген төңкеріс үнін алғашқы сезінуден туған. Ол жалшылар өмірін суреттей отырып, оларды теңдікке шақырады. Төңкерісті далада соққан дауыл бейнесінде алып, оның ескі ордаларды құлатып, билеушілерді тақтан тайдырып, жалшының көз жасын тыйғанын жазады. Бостандық иесі – жұмыскер табы деп таниды.

Осыдан бастап Сəбит өлеңдерінің лирикалық кейіпкері жалшы-кедейлер ортасынан шығып, өзгерісті қолдаған, соған араласқан күрескер ұрпақтың өкілі болып көрінеді. Ол жаңа заманға өзін ие санайды. «Кедей баласы», «Күресшіл ұрпаққа» атты өлеңдерден мұны анық байқаймыз.

20-жылдар əдебиетінде кедейлердің теңдік алуы, қатарға қосылып, еңбек етуі, қоғамның белсенді мүшесі болуға ұмтылуы – ең көп жырланған жəне заманның қажет етіп отырған тақырыбы болатын. Сол дəуірдегі ақын- жазушылардың бəрі осыған үн қосудан бастады. Солардың ішінде Бейімбеттің Мырқымбай туралы өлеңдерінің орны ерекше. Сəбит – осы тақырыпты Бейімбеттен кейін тереңдей жырлаған ақын. Оның Шоқпыт туралы өлеңдері бұған дəлел. Ол қазақ кедейі Шоқпыттың қоғамдық əр кезеңдеріндегі (1905, 1910, 1914, 1916, 1918, 1921, 1923) өмірін, тіршілігін, ұғым-түсінігін бейнелей отырып, қазақ кедейінің ізденуі, оянуы шындығын ашады. Олардан бір кездерде жоқшылық билеген Шоқпыттың жаңа дəуірде шаруасының қызығын сезіне бастағанын көреміз. Ол еңбекті бұрынғыдай бейнет көрмей, тұрмыс талабы ретінде ұғынуға жетеді («Шоқпыттың шаруасы», «Сүт зауыты», «Егістік», т.б.).

20-жылдар əдебиетінде кең көтерілген тағы бір тақырып – кеңестік əкімшіліктің ұйымдастырылуы тұсындағы төрешілдік пен салт-санадағы ескішіл көзқарастарды сынауға ұмтылыс еді. Феодалдық, көшпелі ағайыншылық билеген ортада жаңалықты қабылдау да оңай болмаған. Бұрынғы билеушілердің қулық-сұмдығы, билікке келген қараңғы кедейлердің саясатты түсінбей, ағайындық келісім арқылы шешуге талаптануы, жаңа салттың қалыптаспаған кезіндегі кертартпа қылықтары күнделікті баспасөз бетінде сыналып жатты. Əдебиет те оған үн қатпай отыра алмады. Сəбиттің «Албасты», «Мадонна», «Ағай мен жеңгей», «Қоғамның кемшілігі» сияқты өлеңдері осындай заман талабына үн қосудан туған.

Бұл жылдардағы Сəбит жазған өлеңдер ішінде сол дəуірдің ұғымынан туған жəне əдебиетті үгітке пайдалану саясаты нəтижесінде жазылған ұраншыл өлеңдер де аз емес. Ол заман өзгерістеріне негізгі себепші деп қарап, Қазан төңкерісін, коммунистік партияның басшыларын, Кеңес өкіметінің науқандық шараларын мадақтаған өлеңдер де жазды. Мұндай өлеңдер ақын шығармашылығында із қалдырмай, өткен заманмен, науқандармен бірге өлді. Бірақ Сəбит өлеңдеріндегі теңдік, бостандық идеясы, заманның тенденциясы жəне отарлық езгідегі халықтың арман-тілегі болып сақталып қалды, əлі де қала берері даусыз.

Отызыншы жылдардағы Сəбиттің ақындық ізденісі қазақ өлеңіне, оның мазмұны мен түріне, ырғағына өзгерістер жасау талабымен ерекшеленеді. Бұл кезде жаңа заманды Маяковскийше жырлау, қазақ өлеңін ауызша, тақпақтап оқуға ыңғайлау қажеттігі күн тəртібінде тұрды. Сəкен тəжірибесі қазақ ақындарына жаңаша талап қойды. Бұл саладағы ізденістерде Маяковский поэзиясының ерекшеліктерін шындап түсініп болмай, оның түріне еліктеу, өлең жолдарын бөлшектеуге ұмтылу сияқты формалистік қателіктер де аз болған жоқ. Сəбит ə дегеннен-ақ Маяковскийге өз жолымен келуге тырысты. Ол өлең мазмұнын дəуірдің үні есебінде көтеріп, соны бейнелер жаңа түрлер жасады. Ақын байырғы қазақ өлеңін сындыру, қирату жолымен емес, 11 буынды қара өлеңнің əр сөзіне ойлы салмақ беріп, оны жеке тармақ етіп бөліп, оған интонациялық екпін түсіріп тұтас күйінде ой түйінін шумақпен бірге аяқтауға бейімдеді. Сəбитің бұл саладағы ізденісі «Ақынға» (1930), «Мəдени бəсеке» (1931) атты өлеңдерінен басталып, «Майға сəлемде» (1933) орнықты. «Майға сəлем» – Сəбиттің бұл саладағы дəуірлік ізденісінің елеулі нəтижесі. Ондағы мазмұн байлығы күрделі өлең түрімен ұштасып, үлкен көркемдікке ие болған. Өлеңнің лирикалық кейіпкері – өз заманының ойлы, білімді, қайраткер азаматы. Ол отанын сүйеді, оның көркіне сүйсінеді, еңбекпен жасалып жатқан жаңа қоғамды қорғайды. Бұл арқылы ақын адам мен қоғамның бірлігін, мүдделерінің үндестігін, жеке адамның азаматтық есеюін бейнелейді. Жеке адам сезімі жалпы халықтың көңіл күйімен астасып, заман рухын көрсетер биік пафосты өлең жолдары туады.

Сəбит – қазақтың эпикалық поэмасына да елеулі үлес қосқан ақын. Ол поэмаларды көп жазды. Кеңес дəуірінде осы жанрдың тууы мен қалыптасуы тарихына Сəкен, Ілияс, Иса сияқты ақындармен қоса Сəбит те көп еңбек сіңірді. Оның поэма жанрындағы ізденістері де, көркемдік ұғым-түсініктері де əрқилы. Өлеңдеріндегі сияқты ақын поэманы да ауыл батырағының қанаудағы өмірі мен көрген қиыншылықтарын суреттеуден бастады. Схемалық сюжетке құрып, оқиғаны суреттеуден гөрі баяндау көбірек берілсе де, «Жұмаштың өлімі» (1919), «Құрдас» (1923), «Жайлау үстінде» (1923), «Альбом» 1924), «Пионер» 1925), «Наурыз күні» (1925) сияқты поэмалар Сəбиттің тынымсыз ізденісін танытады. Алғашқы екі поэмада ол бар қайратты өмірін кісі есігінде сарп еткен жалшының өмірден жақсылық көрмей, қорлықта өлгенін суреттей отырып, оларды, əділетсіздікті еске алады. Ақын өмір жаңарып, кедейлерге теңдік тиді деп қуанады. Таптық сезім ояна бастайды. «Альбомда» жасынан бірге өскен кедей мен бай балаларының идеялық ажырауын көрсетсе, «Жайлау үстінде» поэмасында бұрынғы, бүгінгі жайлау өмірін салыстыра отырып, елді еңбекке, еңбекшілдікке үндейді. Қалада оқып келген пионердің («Пионер») орыс тілі, Ленин туралы əңгімелері арқылы кедейдің қара лашығына жаңа заман идеясының ене бстағанын бейнелейді. Бұл шығармалар поэма жанрындағы ақынның алғашқы тəжірибесі есебінде бағалы. Оларда тақырыпты таңдауда ғана емес, оның идеялық-көркемдік ізденістерінде де біркелкілік байқалмайды. Кейде ол заман тенденциясын сыңаржақ түсінетінін танытып алады. «Жайлау үстінде» поэмасында еңбекті мадақтай отырып, оны жайлау өміріне, жайлаудағы елдің көңіл күйіне, ойын-сауығына, жалпы ел дəстүріне қарсы қойып алатыны да бар. Мұндай біржақты ұғым оның сол кездегі өлеңдерінде де кездескен. Ол адамның қоғамдық қызметіне оның жеке өмірін, махаббатын қарсы қойып та өлең жазған. Көптің игілігі үшін жеке өмірдің рақатынан безуді ұсынған.

Сəбиттің поэма жанрындағы сəтті ізденісі «Жетім қыз» (1926) поэмасынан басталады. Бұл – қазақ-қалмақ жаулаушылығы заманындағы аңыздық сюжетке құрылған поэма. Онда бір соғыста жеңген қалмақтардың Күнайым атты қазақ сұлуын алып кетіп, ханына тарту еткені айтылады. Зорлықшы əрі шал ханға тиюден қашып, өз басын өлімге қиған қыздың мұңы қазақ арасына күй болып тараған. Сəбит осы күй оқиғасын өлең өрнегіне түсіріп суреттеген. Оқиға сарыны баяндауға құрылса да, қыз мұңын шерткен домбыра үнін өлең ырғағына келтіре суреттеу поэманың елеулі табысы болып саналады. Ақын тенденциясы таптық, рулық, хандық құрылыс озбырлықтарын əшкерелеу сарынынан байқалады.

Осы жылдары Сəбит қазақ кедейінің жаңа өмірін суреттеуге арналған бірсыпыра поэма жазды. Олардың елеулілері – «Батырақ» (1926), «Қанды көл» (1926), «Балбөпе» (1927), «Октябрь өткелдері» (1927), «Құланың құны» (1928- 1929), т.б.

«Батырақ» əуелде «Кешегі жалшы мен бүгінгі жалшы» деген атпен жарық көрген. Онда қазақтың жалшы батырағының кешегі, бүгінгі өмірлері салыстырылып көрсетіледі. Ақын бүгінгі жалшылардың оянып, теңдікке ұмтылуын, «Қосшы» ұйымының жұмысына қатысып, тап күресі сырын түсіне бастағанын суреттеуге ұмтылады. Кешегі жалшының өмірін ол негізгі кейіпкердің (Қозыбақтың) əкесі Қарашұнақ тағдыры арқылы ашады. Өмірі кісі есігінде жалшылықта, қорлықта өткен Қарашұнақты байдың бурасы шайнап өлтіреді, шешесі Күңшаш сүзектен өледі. Жетім қалған Қозыбақ жеті жасынан қозы бағып, «таз қойшы» атанады. Осы кезде төңкеріс болып, қазақ кедейлерін біріктіретін «Қосшы» атты ұйым құрылып, Қозыбақ солар арқылы теңдік жолын ұғынады. Байдан ақысын даулап, бай тоқалы Гүлжанмен көңіл қосады.

1927 жылы Қазан төңкерісінің он жылдығына арнап жазған «Октябрь өткелдері» атты поэмасында Сəбит əдебиет үшін маңызды жаңа бір тақырыпты көтерді. Ол – Ресейде төңкеріс жасаушы жұмысшы табы тақырыбы. Оның басты кейіпкері – сол төңкеріс жолындағы күрестің куəгері қазақ жұмысшысы Теміртай. Оның прототипі Мұқатай Жəнібеков – Қазақстанда Кеңес өкіметін орнатуға белсенді қатысқан, аты «Угар» деген псевдониммен белгілі, 1937 жылы «халық жауы» боп атылып кеткен тарихи қайраткер. Поэмада Теміртайдың басынан кешкен оқиғалары арқылы кейіпкердің төңкеріс жолына келуі, күрескерлігі суреттеледі. Ол Каспий теңізі бойында балықшы, Омбыда теміржолда жүк тасушы, Лена алтын кенінде шахтер, Спасскіде завод жұмыскері болып, тұрмыс тауқыметімен тұрақтамай, қашқынды-қуғынды өмір кешеді. 1912 жылғы атақты Ленадағы қырғынға қатысады. Ақыры жұмысшылармен бірге төңкеріске, Қазақстандағы кеңестік шараларға араласады. Тіршілік тауқыметімен қаңғыған Теміртай тағдырын ақын тартымды бейнелейді. Күрес қазанында қайнап, өмір өткелдерін өтіп келіп, саналы күреске араласуы нанымды суреттелген. Теміртайдың саяси сауатын ашуға көмектескен орыс жұмысшысы Иван бейнесінде де заманның шынайы шындығы бар. Поэманың композициялық шашыраңқылығы, шұбалаңқылығы байқалады. Теміртайдан басқа кейіпкерлер эскиздік баяндаулармен жасалады, жанды бейнеге айналмайды. Поэма – қазақ поэмасында жұмысшы тақырыбын көтерген алғашқы туындылардың бірі.

«Қанды көл», «Құланың құны» поэмалары да қазақ ауылындағы əлеуметтік теңсіздік пен оған қарсы күрес мəселелерін қозғайды. Оларда бай мен кедей арасындағы жер үшін, мал үшін талас-тартыс кейін қоғамдық мəн алып, таптық тартысқа негізделіп өрістейді. Ертеректе бір жұт жылы ауыл малы ашығып, Əлім бастаған оншақты кедей Күйгенкөлден шөп шаба бастайды. Бұларға көлді иемденіп отырған бай баласы Алтынсары қарсы шабады. Оны кеудесіне бұрыннан кек қатып жүрген Əлім ұрып өлтіреді. Малдыбай бай баласының кегін алып, Əлімді өлтіреді. Көл «Қанды көл» атанады. Кейін кеңес өкіметі жылдары Əлімнің əйелі Жаңыл баласы Əбілмен бірге даулап, Қандыкөлді кедейлер иелігіне алады.

«Сұлушаш» – 20-жылдар ішінде жазылған қазақ поэмасының ең озық үлгілерінің қатарына жатады. Поэма – 20-жылдардағы Сəбиттің ақындық ізденісінің кезеңді туындысы əрі қорытындысы сияқты.

Отызыншы жылдардағы Сəбиттің ақындық өнері поэмаға жаңа өріс, тың мазмұн, түр жаңалықтарын іздеумен байланысты дамығаны жоғарыда айтылды. Ондай ізденіс лирикамен бірге поэма жанрында да байқалды.

20-жылдардың орта тұсынан басталған заман рухын көркем поэзияға сіңіру талабы əдебиетте жаңа дəстүр қалыптастыра бастады. Сəкеннің «Советстаны» публицистикалық поэманың тың үлгісі болып туды. Онда заман туралы толғаныс дəуір өзгерістерін танытарлық эпикалық суреттерінен толықты. Өлең түрі де өзгеріске ұшырап, жаңа дəуірдегі қоғам дамуының қарқынды жүрісі экспресс ырғағына ыңғайланды. Сəкен үлгісіне ол кезде қазақ ақындарының көбі-ақ еліктеген. Сəбит «Қазақстан – біздің стан, Қазақстан» деп өлең жазған. Оның артынша «Тұрмыстың тұлпары» (1926) атты поэма жариялады. Онда кеңестік қоғам тұлпар бейнесінде алынып, тұлпар үстінде жаңа өмір құруға кетіп бара жатқан əртүрлі қоғам өкілдері суреттелетін. Публицистикалық, сюжетсіз поэма негізінен заман рухын танытарлық романтикалық лептілікке құрылған. Отызыншы жылдары Сəбит осы дəстүрді дамыта отырып, Қазақстандағы қоғамдық өзгерістердің сырын таныту ниетімен «Жүйткі, қара айғырым!» (1930), «Көмір – коммунизм» (1932), «Алатаудың алабында» (1933) сияқты поэмалар бастырды. Олар Түркістан-Сібір темір жолының салынуы, Қарағанды көмір кенінің табыстары мен колхозды ауылдағы өзгерістерді көрсетуге арналады. Алайда, оның ешқайсы биік көркемдік талапқа жауап бере алмады. Жаңалықты жалаң мадақтау, көпсөзділік, өлең-очерк стилі орын алды. Бұл – жаңа заман рухын маяковскийше көтеріңкі лепті көңіл күйі бола бермегенінің белгісі.

Осы саладағы жаңа бір ізденісті Сəбит «Ақ аю» (1935) поэмасында танытты. Поэма Солтүстік мұзды мұхитты ғылыми зерттеуге шыққан «Челюскин» экспедициясын жасақтау ісіне арналған. 1933 жылы кеме мұз қоршауында қалып, апатқа ұшырады. Бүкіл кеңес елі болып, челюскиншілерді құтқаруға қатысты. Ғалымдар мен оларды құтқарушылардың ерлігі аңыз болып тарады. Осы тақырыпқа поэмалар конкурсы жарияланып, көптеген қазақ ақындары челюскиншілерді жырлаған тың шығармалар (Ілияс: «Жорық», Тайыр: «Мұз тұтқыны», Əбділда: «Құтқару», Асқар: «Уборщица», Ғали: «Алынған қамал») жазды. Сəбиттің «Ақ аюы» да осы тақырыпқа арналып, конурста екінші бəйге алған. Сəбит поэмасының үлкен бір ерекшелігі – ол, басқалардай экспедицияның ізін қуалап, баяндауға бармай, кеңес адамдарының мылқау, дүлей табиғатты игерудегі ірі қадамын тұспалдап бейнелей суреттеді. Ақын ақ аюды Солтүстік мұзды мұхитының долы табиғатының бейнесінде алып, оны қолға түсіру арқылы адам күшінің биіктігін паш етті. Мəскеудің хайуанаттар паркіне орналастырылған ақ аю долданып, пендеге бас игісі келмей, күш көрсетеді. Оған қолға үйренген қара аю басу айтады. Осындай шартты оқиғалар негізінде поэма жаңа адамның əлемді еркіне бағындыра алатын мол күш-қуатын бейнелейді. Поэмадағы тек күшті мақтан тұту емес, толқын, апат, құтқару кездеріндегі адам бойындағы сезімді, қуанышты, қайғылы сəттерді суреттеп көрсете алған. Сөйтіп, «Қоғамның ең қымбат капиталы – Адам» деген қорытынды жасайды.

1937 жылы Сəбит «Колхозды ауыл осындай» деген поэма жазды. Көлемі шағын, лирико-публицистикалық үлгідегі бұл шығармада үлкен суреткерлік бар. Ақын колхозды ауыл өмірінің бір күнгі тіршілігін эпикалық суреттермен береді. Көптің күші қосылып, техниканы меңгерген ауылдың егіс жинау кезіндегі өмірі еңбек шуына толы. Қауырт қимылды көпшіліктің іс-əрекеті кең сахнаны еске алғызады. Табиғат та əсем көркімен адам сезімін қозғап, жұрттың шат-шадыман көңіл күйін толықтырады. Күндізгі еңбектен кейінгі кешкі көпшілік қатысқан ойын-сауық кең аспан астындағы театрды елестетеді. «Залы – аспан, сахнасы – дала, халқы – артист» деген тұжырым жасайды ақын. Поэманың кейіпкері Кенбай қарт – шежіре, «өлең-жырдың антологиясы». Уақыт көпті көрген осы қарттың көзімен беріледі. Өлең техникасын өзі игерген жолмен жетілдіре түсуде, оны ауызша оқу интоноциясына жақындатуда да ақынның елеуді табыстары байқалады.

1961 жылы поэма жанрындағы ұзақ үзілістен кейін Сəбит «Алдабергенов туралы аңыз» атты деректі шығарма жариялады. Бұл – қазақ халқына аты белгілі, Қазақстандағы ауыл шаруашылығын дамытуға үлкен үлес қосқан қайраткер, Социалистік Еңбек Ері атағын екі мəрте алған Нұрмолда Алдабергеновтің өмірі мен еңбегі туралы өлеңді хикая. Оның деректі мəліметтері жазушының Нұрмолдамен кездесулері, əңгімесі арқылы беріледі. Одан біз кейіпкердің балалық, жастық шағының суреттерін, Айжарқынмен махаббатын, колхоз құрлысын өркендетуге сіңірген еңбегін көреміз. Ақын солардың негізінде өз кейіпкері бойынан тапқан жақсы мінез-құлықты санамалап береді. Олар – кісілік, тазалық, адамға деген кіршіксіз көңіл, елгезектік, өмірге, құбылысқа сақ көзбен қарай алуы, ой-сананың жаңашылдығы, білімі терең болмағанмен, оқымпаз, əкелік мейірімі, махаббаты, еңбек сүйгіштігі мен қоғамдық тəртіпке беріктігі, т.б. Осыларды автор кейінгі ұрпаққа үлгі етеді. Шығарма өлеңді əңгіме түрінде, баяндаумен жазылған.

Сəбиттің поэмадағы соңғы үлкен туындысы – «Жұпархан» поэмасы (1965). Бұл – жазушының Шоқан Уəлиханов өмірінен материал жинай, Шығыс Түркістанға барған (1956) сапарында естіген, көрген тарихи мəліметтерге сүйеніп жазылған. Ол XVІІ ғасырда өмір сүрген ұйғырдың батыр қызы, атақты сұлу Жұпарханның ескерткішіне орнатылған ғимаратты, Аппақ қожа мешітіндегі зиратын көреді. Батыр қыз жайлы деректер жинайды. Табиғатында ақындық сезімталдығы басым жазушы бұл оқиғаны поэзия тілінде жазбақ болады. Поэма осылай туады.

Поэманың сюжеті XVІІ ғасырдағы манчжурдың қаһарлы ханы Кансидің сұлу іздеп, елдің берекесін кетірген əрекетінен басталады. Ол ел-елге сұлу қыз іздетіп, жансыз саудагерлер аттандырады. Соның бірі Такламакан қуысын мекендеген ұйғыр елінде Жұпар атты сұлу бары туралы хабар əкеледі. Канси осы елді жаулап, сұлуды əкелуге қол жұмсайды. Сеит деген мұрабтың басшылығымен шөлге арық тартып жатқан бейбіт ел дүрлігіп, ел қорғауға шығады. Қол бастап шыққан Жапар деген Жұпардың сүйген жігіті қайтыс болып, оның орнына Жұпар өзі қол бастайды. Беріспей күреседі. Дегенмен қытайдың қалың қолы елді басып алып, Жұпарды қолға түсіреді. Канси Жұпардың көңілін табу үшін оған Пекиннен үлкен сарай салдырып, Такламаканды билеуге береді. Алайда хан еркіне көнбеген Жұпархан өзін улы жыланға шақтырып өледі. Поэманың негізінде шығыстық аңыз-дастандармен үндестік бар. Бірақ автор дəуір мен оның адамдарын қимыл-қозғалысымен, мінез-құлқымен, лирикалық жəне психологиялық талдауымен толымды бейнеге айналдыра алған. Ол тарихи дерекке жер-су, табиғат суреттерін араластырып, шығарманың реалистік сипатын көтере түседі. Адам портреттері де нақты, жарқын.

Ақындығымен бірге Сəбит – қазақ прозасының кеңес дəуірінде өркендеп жетілуіне үлес қосқан жазушы. Оның алғашқы туындысы – «Түсімде» 1922 жылы «Еңбекші қазақта» басылған екен. Содан кейінгі жылдары ол «Əсия» (1925), «Ақбөпенің сыры» (1927), «Мырзабек» (кейінгі аты – «Азғын», 1927), «Керзаман» (1928), т.б. əңгіме-повестер жариялаған. Бұлардың көбі – жазушының алғашқы тəжірибесі есепті. Тақырып таңдауы жағынан жаңа дəуірдің сұранысына ғана жауап берген, көркемдігі əлсіз дүниелер. Мысалы, «Ақбөпенің сырында» қазақ əйелінің құлдықтан құтылып, кеңес қызметіне араласуы суреттелсе, «Мырзабекте» мещанка орыс əйелін алған кеңес қызметкерінің азғындау жолын көрсетуге тырысады. Соңғы əңгіме кезінде Сəбитті «ұлтшыл» деп айыптар тағуға себепкер болған.

Сəбиттің ақындық, жазушылық, драматургтік, сыншылық, зерттеушілік еңбегі өмірді шала сауатты күйде бастаған ауылдың жетім батырағының өз дəуірімен бірге өскен үлкен талантын, қайраткерлік қабілетін туған еліне, халқына кең таратты. Ол шын мағынасында халық жазушысы болды. Тынымсыз іздену, еңбекшілдік – Сəбиттің ерекше қасиеті еді. Сондықтан да ол көп жазды. Ғ.Мүсіреповтің жазушымен қоштасу кезінде айтқаны: «Бір өзі бір библиотека кітап жазған, бір өзі бір елдің басынан кешкен бар дəуірін қамтуға құлаш ұрған, əр дəуірдің елдік, ерлік тіршілігін, ой-өрісін, сезім тереңдігін көрсете алған, теңдесері сирек кездесетін қалам еңбекшісі, көп ұлтты совет əдебиетінің алдыңғы қатардағы көрнекті жазушыларының бірі», – деген сөзі Сəбит еңбегі мен өмірін дəл мінездейді.

Қазақтың төңкерістен кейінгі жаңа əдебиетінің басы-қасында болған Сəбит өз кезінде сол əдебиетке жас күштерді көп тартып, оның қалыптасуына зор еңбек сіңірді. Ол шын мағынасында ұстаз жазушы болды. 20-жылдары əдебиетке келген А.Тоқмағанбетов, Ə.Тəжібаев, Ғ.Орманов, Ж.Сыздықов, Қ.Əбдіқадыров, М.Дəулетбаев, тағы басқалары алғашқы жазғандарын Сəбитке көрсетіп, соның көмегімен шығармаларын жариялады. Ол əдебиетке, Ұлы Отан соғысынан кейін келген ұрпаққа да көп жəрдем етті.

ХХ ғасыр аласапыранында туып-өскен, заманның күрделі жағдайында қоғамдық қызметі мен жазушылық жолын өткен, өмірінің бəрін халқының бақыты мен елінің тəуелсіздігіне арнаған Сəбит Мұқановтың есімі қазақ халқының тарихынан (тек əдебиетінің тарихынан ғана емес) көрнекті орын алады. Оның əдебиеттік тəжірибесі де заманға, еліне адал қызмет етудің үлгісі. Халықтың ауызша тараған əдебиетімен талабын ұштаған жазушының стилін де əңгімешілдік дəстүрге негіздеп қалыптастырғаны, сол арқылы халық поэзиясының жаңа заманға қызмет етуге жеткені де тарихи шындық. Сондықтан ол көп салалы ұлттық əдебиетіміздің əр түрлі стильдік, жанрлық үлгіде бірлесуіне өз үлесін қосты. Өз халқының сүйікті ұлы, жазушысы боп есте қалады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *