Шетелдік интервенция мен ішкі контрреволюцияға қарсы күрес

Кеңес өкіметі 1917 жылдың аяғы — 1918 жылдың басында елдің түрлі аудандарындағы, оның ішінде Қазақстандағы контрреволюциялық бүліктерді батыл да шұғыл басып тастап отырды, бірақ олар біржолата талқандалған жоқ еді. 1918 жылғы мамырда Антантаның империалистері Ресейде тұтқында болған, Сібір арқылы елдеріне қайтып бара жатқан чехтар мен словактардан құрылған корпусты Волга бойында бүлік шығаруға арандатты. Құрамында 500 мыңға жуық солдаты мен офицері бар ол Сібір мен Уралдың бірқатар қалаларын, соның ішінде Петропавл, Ақмола, Атбасар, Қостанайды және басқа да елді мекендерді басып алып, Кеңес өкіметінің органдарын таратты. 1918 жылы маусымда атаман Дутов Орынборды, одан бұрын ол 29 наурызда Оралды, кейін облыстың көп жерін өзіне қаратқан болатын. Ақ гвардияшылар коммунистерді, кеңестік қызметкерлерді аяусыз жазалады. Мысалы, Атырауда қалалық Кеңестің 9 мүшесін атып тастады.

Колчактың Жетісуды басып алу қауіпі төнді. Ақ гвардияшылар 1918 жылғы 11 маусымда Семейде Кеңес өкіметін құлатты. Осы жерден бастап интервенттермен ақгвардияшылар Солтүстік Жетісуға басып кірді, казак станицаларында бүліктер басталды. Жетісу облыстық атқару комитетінің шешімі бойынша кеңестік қарулы күштер біріктіріліп, Солтүстік Жетісу майданы әскерлерінің штабы құрылды. Атаман Анненковтың дивизиясына және басқа да әскери бөлімдерге қарсы қиянкесті ұрыс жүргізілді. Черкасск, Андреев, Константинск және басқа бірқатар селоларда олардың тұрғындарының ақгвардияшылармен ерлікпен шайқасы тарихта «Черкасск қорғанысы» аталды.

Сонымен 1918 жылдың жазында Қазақстанның көп жерін интервенттер мен ақгвардияшылар басып алды. Ақгвардиялық «Сібір үкіметін» ресми таныған Алашорда үкіметі Дутовпен бірігіп Кеңес өкіметіне қарсы шықты. Кеңес өкіметі Сырдария облысында, Жетісу облысының көп жерінде және Торғай облысының оңтүстік аудандарында, сондай-ақ Бөкей даласының шағын аумағында ғана сақталып қалды.

1918 жылдың аяғында және 1919 жылдың басында Ә. Жанкелдин мен А. Имановтың басшылығымен Торғайда екі, Ырғызда бір эскадрон жасақталды. 1919 жылы сәуір-маусымда Оралды қорғауға қазақ эскадроны қатысты, ол кейін бірінші үлгілі кеңестік қазақ полкі болып қайта құрылды. Әскери жасақтар басқа жерлерде де құрылып жатты. Ақтөбеде — бірінші Торғай жасағы, Шымкентте — бірінші Черняев полкі, Әулиеатада — 4-ші Кеңестік Түркістан полкі т.б.

Кеңестер мен әскери комиссариаттар жергілікті байырғы халық еңбекшілерін: қазақтарды, қырғыздарды, дүнгендерді, өзбектерді, ұйғырларды және басқа ұлттардың өкілдерін Қызыл Армия қатарына тарту жөніндегі жұмысты өрістетті. Қызыл Армия бөлімшелерін жасақтау кезінде көптеген қиындықтарды жеңуге тура келді: қару-жарақ, оқ-дәрі, әскери жабдықтар жетіспеді, тәжірбиелі пролетарлық командирлер мен саяси қызметкерлер де аз еді.

1918  жылдың орта шеніне қарай барлық материалдық ресурстарды жұмылдыру және оларды үнемдеп жарату қажеттілігі туды. Қалыптасқан жағдайда экономикада бірқатар төтенше шаралар жүзеге асырылып, олар тарихта «әскери коммунизм» саясаты атанды. Ол шаруашылық күйзелісі, экономикалық қоршау салдарынан және Кеңес мемлекетін қорғаудың қажеттігінен туған еді.

Алғашқы төтенше шаралар азық-түлік мәселесін шешуге байланысты болды: кулактардың қолындағы тауарлы астықтың артығы алынды; жалдаптыққа тыйым салынып, еңбекшілерді азық-түлікпен бір орталықтан қамтамасыз ету көзделді. Азық-түлік салғырты енгізілгеннен кейін мемлекет астық дайындауды көбейтуге, Қызыл Армияны азық-түлікпен жабдықтауға, қала еңбекшілері мен астық өндірілмейтін аудандарда ашаршылықты болдырмауға мүмкіндік алды.

Жағдай жаппай еңбек міндеттілігін енгізуді де талап етті, міндетті еңбек етуге буржуазия да тартылды, отын дайындау және көлік беру міндеттілігі енгізілді.

Әскери коммунизм саясатының Қазақстан аумағында өнеркәсіпті кеңес органдарының қолына шоғырландыру, оны Қызыл Армия үшін қару-жарақ пен жабдықтар жасауға жұмылдыру сияқты шаралары толық көлемінде қолданылды.

Соғыс жүріп жатқан жағдайда кеңестердің сайлауын ұйымдастыру кейде мүмкін болмады, ал өмір шұғыл мәселелерді жедел шеше алатын өкімет органдарын дереу құруды қажетсінді. Осындай органдар революциялық комитеттер болды. Тұңғыш облыстық ревком Орал облысында 4-армияның Оралға кіруі қарсаңында құрылды. Оның бірінші кезектегі міндеті — облыстың ақ қазақтардан азат етілген аумағында Кеңес өкіметін ұйымдастыру еді.

1919  жылы 10 шілдеде РКФСР ХКК шешімі бойынша қолында барлық билік болатын Қырғыз (қазақ) өлкесін басқару жөніндегі Революциялық комитет құрылды. Революциялық комитеттер өздерінің күнбе-күнгі қызметінде еңбекшілер бұқарасына сүйеніп отырды, өйткені олар Кеңес өкіметінің қалпына келтірілуін қызу құптап, оны қорғау үшін күш-жігерін аямайтынын білдірген еді.

Жаңа Кеңес мемлекетінің тағдыры Шығыс майданда шешіліп жатты, өйткені интервенттер мен ақ гвардияшылар нақ осы жақтан шешуші соққы беруді ойластырған болатын. Осында, Ақтөбе майданында 5 кеңес армиясы жасақталды. Әскерлердің қолбасшысы С.С. Каменев болды. Орынбор бағытында қимыл жасаған І-армияны М.Н. Тухачевский, Орал бағытындағы 4-армияны М.В. Фрунзе басқарды.

Орта Азия мен Қазақстанньщ оңтүстік аудандарына бұзып өтпек болған ақ гвардияшылар 1918 жылдьщ қазаньщда Ақтөбеге шабуыл жасады. Сондағы мақсаты Ташкентгі басып алу, сөйтіп сол кезде өздерінің қоластындағы Закаспий ауданында шабуылға шыққан ағылшын интервенттерімен қосылу. Алайда олардың операциялары түгелдей сәтсіздікке ұшырады, кеңес әскерлері жауға батыл тойтарыс берді, интервенттер мен ақ гвардияшылардың талқандалған бөлімдері кері шегінді. Нақ сол күндері кеңес әскерлері Ақбұлақ стансасының маңында Дутовтың бандаларын талқандап, кері қуып тастады.

1918 жылдың жазы мен күзінде Жетісу майданында ұрыс қимылдары күшейе түсті. Бірақ Черкасск қорғанысының күштерімен тиісті өзара қимыл үйлестіру қамтамасыз етілмегендіктен, операция сәтсіз аяқталды. 24 тамыздағы екінші рет жасалған шабуыл операциясы да нәтиже бермеді. Соған қарамастан кеңес әскерлерінің шабуыл қимылдары Колчак командованиесінің Жетісу облысын басып алуды, одан әрі Ташкентке қарай жылжуды көздеген жоспарын іске асыртпай тастады.

1919 жылдың жазында Колчактың ақ гвардияшылар армиясының басты күштерінің жеңілуі және кенді-зауытты Уралдың азат етілуі Сібірді, Солтүстік және Солтүстік-Шығыс Қазақстанды азат ету үшін қажетті жағдайлар жасады. Үдете шабуыл жасап келе жатқан Кеңес әскерлері Тобыл өзенінің бойына шығып, 19 тамызда Қостанайды жаудан тазартты.

Бірақ Колчактың қарулы күштері әлі де ақырына дейін талқандалмаған еді. Шетел мемлекеттері Колчакқа қару-жарақ, оқ-дәрі және құрал-жабдық беруін одан әрі жалғастырған. Кеңес әскерлері мұқият әзірленгеннен кейін 14 қазанда шабуылын қайта бастады да жаудың қарсылығын күйрете отырып, 1919 жылы 30 қазанда Петропавлды, 4 қарашада Есілді, ал 14 қарашада ірі Сібір қалаларының бірі — Омбыны, 29 қарашада — Павлодарды азат етті де Семейге қарай аттанды. 1 желтоқсанда Семейде Кеңес өкіметі қалпына келтірілді. Партизан жасақтарымен бірлесіп қимыл жасаған кеңес әскерлері қысқа мерзімде Өскемен мен Зайсанды, ал одан кейін Семей облысының қалған аумағын азат етті.

Колчактың ақ гвардияшылар армиясының басты күштерінің талқандалуы Солтүстік Жетісу майданының жойылуын тездетті. 1920 жылдың екінші жартысында Үржар, Арасан стансалары, атаман Анненковтың ставкасы тұрған Үшарал поселкесі босатылды. 29 наурызда Қапал бекінісі құлаған соң атаман және оған қосылған Дутов бастаған ақ гвардияшылардың қалдықтары Синьцзянға қашып кетті.

Орал облысында да контрреволюция күштерімен күрес өрістей түсті. 1919 жылы шілдеде қоршауда қалған Орал қаласы азат етілді, 1920 жылы 5 қаңтарда Атырау, ал 8 қаңтарда Доссор мұнай кәсіпшілігі жаудан тазартылып, ондағы 12 млн. пұтқа жуық мұнай өзімізге бұйырды. Шегінген ақ казак әскерлерін өкшелей қуған 4-армияның құрамында В.И. Чапаевтың 25-дивизиясы бар еді.

1920 жылдың көктемінде ақ гвардияшылардың болмашы қалдықтары Закаспийден Иранға қашып кетті. Қазақстан аумағында болған ірі соғыс операцияларына В.М. Фрунзе, М.Н. Тухачевский, В.И. Чапаев сынды көрнекті қолбасшылар, сондай-ақ И.П. Белов, И.С. Кутяков, А. Иманов сынды талантты командирлер басшылық етті.

Кеңес өкіметінің жаулары мойын ұсынбады, 1920 жылы кейбір облыстарда ақ гвардияшы-кулактардың бүліктері болды. Сол жылы жазда Семей облысында ақ гвардияшылар офицерлері мен эсерлер ұйымдастырған кулактардың бүліктері шықты, олар партия және кеңес қызметкерлерін өлтіріп, мемлекет қоймаларын тонады, кеңестік мекемелерді ойрандады.

Қызыл Армия бөлімшелері жұмысшылардың, деревня мен ауыл кедейлерінің белсене қолдауымен қысқа мерзімде контрреволюциялық бүліктердің бәрін жойды. Сөйтіп, жұмысшылар мен шаруалардың жаңа өкімет орнатудағы күресі түпкілікті жеңіске жетті.

Азамат соғысы жылдары (1918-1920) ұрыс қимылдары болған аудандар орасан зор зиян шекті. Тек Орынбор — Ташкент темір жолында ғана жау 550 км жол төсенішін, 172 көпірді, 18 стансаны, 11 су тартқышты, ондаған депоны және басқа да жүздеген нысандарды қиратып кетті. Келтірілген зардаптың жалпы көлемі екі миллиард сомнан асты.

Пайдаланылған әдебиеттер: Рысбай К., Қазақстан Республикасының тарихы. – Алматы, 2005. – 368 б.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *