Өсімдік физиологиясының негізгі міндеті — өсімдіктің өсу мен даму процестерін саналы түрде игеру. Материалистік биологияның қағидасына жүгінсек, өсімдік организміне тән өсу мен даму бір тұрғылы процестер емес екендігін ұғындырады. Өсімдіктің жеке даму процесі /онтогенез/ жай бірқалыпты санды өркендеу ғана емес, — өте күрделі процесс.

Өсімдіктің дәуірлік даму қағидасы бойынша, даму процесін бір-бірінен кейін кезектесіп өтетін зат алмасудың түрлі сапалы этаптарының тізбегі деп түсіндіреді. Бұл этаптардың /сатылардың/ әрқайсысына өсімдіктің сыртқы ортамен айрықша қарым-қатынасы тән, сондықтан организімнің дұрыс дамуы осы әр сатыдағы өсімдік тілегінің өзгешелігіне сыртқы ортаның жағдайларының сәйкес келуіне байланысты.

Сонымен даму деп өсімдік организімнің, түрдің тіршілігін сақтау үшін, көбею мүшелерін құруға дейінгі жолын айтамыз, яғни ол сапалық өзгерістер екен, бұл жағдайда организм қызметінің жаңа түрлері немесе жаңа формалар пайда болады. Мысалы: біржылдық дәнді өсімдіктің тұқымының өнуінен бастап жаңадан тұқым байланып жетілгенге дейінгі жолын даму дейді. Бір өсімдіктің өзінде өсу мен дамудың үйлесуі түрліше болып келуі мүмкін. Өсімдік өте екпінді өсумен бірге, оның дамуы өте баяу өтеді; өсімдіктің баяу өсуіне қарамастан, оның даму процесі жылдам жүруі, яки болмаса өсімдіктің өсуі де, дамуы да бірқалыпты жүріп отыруы мүмкін.

Өсу мен дамудың үйлесуі сыртқы жағдайлар әсеріне байланысты. Кейбір жағдайлар өсімдіктің өсуіне қолайлы болғанмен, даму процесіне қолайлы болмауы мүмкін. Дегенмен, өсу мен даму процестерін бір-біріне қарама-қайшы қоюға болмайды. Өсу процесінсіз даму болмайды. Даму процесі барысында клеткалар, ұлпалар, мүшелер арасында сапалы өзгерістер — жіктелу өтеді. Оның нәтижесінде түрлі ұлпалар, түрлі мүшелер -жапырақ, тамыр, сабақ пайда болады. Өсу және жіктелу (дифференциация) дамудың негізгі екі процесі болып есептеледі. Өсу мен жіктелу қатар жүреді, дегенмен өсу процесі жіктелусіз де өтуі мүмкін. Осы екі процестің қай-қайсысы болса да өсімдік санын көбейтуге бағытталған. Өсімдіктің даму заңдылықтарының айрықшылығын жете түсіну үшін өсімдіктің тіршілік циклінің өзгешеліктерін толық қарастырған жөн. Өсімдіктің тіршілік циклінің ұзындығы түрліше. Біржылдық өсімдіктерден басқа жүздеген /емен, жөке ағашы/, мындаған жылдар /мамонт ағашы, Калифорния штатында, Жаңа Зеландияда өсетін Каури ағашының аумағы 18 метрдей, 10-15 ғасырға жуық өмір сүріп, тіршілік етеді. Бұл дүниежүзінде Америка секвойинан кейінгі ең үлкен ағаш/ өмір сүретін өсімдіктер бар. Бірақ тіршілік циклінің ұзындығына қарамастан, барлық өсімдіктердің даму ырғағы /ритмасы/ өте жақын. Өсімдіктің жеке дамуында /онтогенезінде/ негізінде екі дәуірді байқауға болады.

1-дәуірде өсімдіктің вегетативтік мүшелері /жапырақ, сабақ, тамыр/ пайда болады да, тек осыдан кейін ғана 2-дәуірде жеміс беру мүшелері пайда болады /гүл сағағы, гүл, жеміс/. Жеміс берудің өсімдіктің одан кейінгі дамуына тигізетін әсеріне қарай, өсімдіктер екі топқа бөлінеді: I -Монокарпты / бір рет жеміс беретін/. II — Поликарпты /бірнеше рет жеміс беретін/. I -монокарпты өсімдіктер тобы мынадай болып тағы өз алдына бөлінеді: Эфемерлер /қолайлы жағдай туған кезде 1-1,5 ай ішінде жеміс беріп үлгеретін ерте көктемгі өсімдіктер/. Біржылдық/жаздық, күздік дақылдар, картофель, бақша, дәнді бұршақ тұқымдас өсімдіктер/.

Екіжылдықтар /тамыр жемістілер -қызылша, сәбіз, қырыққабат, пияз/. Көпжылдықтар /агаба 8-10 жылда, бамбук 20-30 жасында бір рет жеміс береді/. Бұл өсімдіктер бүкіл тіршілігі бойында бір рет қана гүлдеп, жеміс береді де, тіршілігін тоқтатады. II -поликарпты өсімдіктер: Бірінші жылы гүлдейтіндер /жоңышқа, қарабас шалғын, бақ-бақ сияқты басқада көпжылдық жаздық шөптер/. 2 -жылы гүлдейтіндер /беде, басқа көпжылдық күздік шөптер/. 3 — жылы гүлдейтіндер /мәуелі бұталар/. 5-10 — жылдары гүлдейтіндер /алма, алмұрт, т.б./. Мысалы: жеміс ағаштары тіршілігінің 3-5 — жылдарында гүлдеп, жеміс бере бастайды, осы кезден бастап олар өздері табиғи тіршілігін тоқтатқанша жылма-жыл жеміс беріп отырады. 20-30 — жылдары гүлдейтіндер /жөке ағашы, үйеңкі, т.б./

Сөйтіп, тіршілік циклінің ұзақтығы өсімдіктердің әр түрінде түрліше болады, ол бірнеше аптадан бірнеше мың жылға дейін созылады. Жоғарыда көрсетілгендей, шөл және шөлейт эфемерлерінің тіршілік циклі жылу мен ылғал жеткілікті болатын ерте көктемде басталып, бірнеше аптада аяқталса, алма ағашының тіршілік циклі 200 жылға, шие ағашында — 400, жөке ағашында — 1000, кипаристе — 3000, секвоя ағашының тіршілік циклі 5000 жылға созылады екен. Өсімдіктің тіршілік циклі ортаның жағдайына қарай өзгеріп отырады. Мысалы: монокарпиялық қырыққабат мен қызылшаны екіжылдықтан көпжылдыққа айналдыруға болады. Мақта мен май кене тропика жағдайында — көпжылдық, ал біздің жағдайда — біржылдық өсімдіктер. Бұдан монокарпты және поликарпты өсімдіктер арасында нақты шекара жоқ екендігі байқалады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *