Тұлға саясат субъектісі ретінде

Саясат субъектісі ретінде оның шеңберінде өз мүдделерін жүзеге асыратын саяси үдерістің белсенді қатысушылары қарастырылады. Субъектілердің ішінде жеке адамдарды, әлеуметтік, діни және этникалық қауымдастықтарды, әртүрлі ресми және бейресми бірлестіктерді атап көрсетуге болады.

Адам — саясаттың басты субъектісі

Кез келген қоғамдағы саяси қызмет адамдардың қалаулары мен мүдделерін іске асыруға бағытталады. Сондықтан саясаттың басты субъектісі адам болып табылады. Әрине, саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстардың, мемлекеттік институттар мен әлеуметтік топтардың рөлдері үлкен екені даусыз болса да, олардың барлығы айналып келгенде нақты тұлғалардан тұратыны ақиқат.

Адамдардың саяси өмірге қатысуы әртүрлі нысандарда көрініс табады. Мемлекеттік институттар мен азаматтық қоғамның өзара байланысы және бұқара халық тарапынан билік құрылымдарының үстінен бақылау орнатуды жүзеге асыруы оның пәрменділігіне тікелей байланысты.

Адамдардың саясатқа араласуы мен қатысуының себептері және түрткілері туралы мәселенің бірнеше тұсы бар. Біріншіден, белсенді қызмет тұлғаға өзінің шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Екіншіден, азаматтар өздерінің саяси, әлеуметтік және материалдық сипаттағы заңды мүдделерін қорғау мүмкіндігіне ие болады. Үшіншіден, саяси өмірге араласу белгілі бір міндеттерді орындауды талап ететін азаматтық борыш болып табылады.

Адамның саяси өмірге ену дәрежесі қоғамдық өмірдің маңызды компоненті болып табылады. Осы орайда, индивидтің саясатқа қатынасының үш түрін бөліп көрсетуге болады:

  1. Белсенді қатысу азаматтар мен саяси институттардың көп деңгейлі өзара әрекеттесуімен, биліктің адамдардың мүдделеріне ықпал ететін шешімдерді қабылдауына ықпал етуге ұмтылуымен сипатталады.
  2. Жатсыну саяси жүйе мен адамның арасында өзара әрекеттестік пен өзара түсіністіктің жоқтығын білдіреді. Мұндай жағдайда, азаматтар билік органдарының жабықтығынан саяси шешімдерге ықпал ете алмайды немесе әртүрлі себептерге байланысты белсенді қатысудан саналы түрде бас тартады.
  3. Адамның және саяси құрылымның бірігіп кетуі саяси мүдденің пайдасы үшін жеке сұраныстар мен мүдделерден бас тартуды білдіреді.

Адамның саяси өмірге қатысу деңгейі әлеуметтік-экономикалық, саяси-құқықтық және психологиялық қатардағы бірқатар факторлармен тәуелділікте көрініс табады. Мәселен, Г.Лассуэлл бірқатар адамдар өздерінің жеке бастарындағы бейшаралық сезімді толықтыру ниетімен саяси лидерлікке ұмтылады деп санады. Яғни, саясаттағы жетекші рөл оларға өздерінің бойындағы «бейшаралық комплекстерді» толтыруға мүмкіндік береді. Басқа саясаттанушылар, керісінше, адам бойында мұндай комплекстердің болуы тұлғаның қоғамдық өмірден өгейсуінің себебі болып табылады деп санайды. Қоғамның әлеуметтік-экономикалық жағдайы (дәулеті, орта таптың болуы, қоғамның әлеуметтік құрылымы) да тұлғаның саясатқа қатысу дәрежесін анықтайды.

Осы ретте, бірқатар зерттеушілер адамның саяси санасы мен жүріс-тұрысына айтарлықтай ықпал ететін білім деңгейіне ерекше назар аударады. Сауатты тұлға саналы таңдау жасап, әлеуметтік құрылымдардың аражігін жақсы ажыратады және өз мүдделерін жақсы түсінеді. В.Кей сауатты азаматтардың саясатқа белсенді қатысуын бірқатар себептермен түсіндіреді: олардың бойында азаматтық сезімдер мен жауапкершіліктер күштірек дамыған; олар өздерінің саясатқа араласуын саяси шешімдерге шынайы ықпал ете алатын пәрменді әрі пайдалы әрекет деп санайды; олар саясатқа көп қызығушылық білдіреді және оған терең тартылған.

Саяси-құқықтық факторлар адамның маңызды шешімдерге шынайы ықпал етуі үшін жағдайлар жасайды. Сондықтан демократияны саяси өмірдің ең пәрменді түрі деп санауға болады, өйткені ол тұрғындардың басым көпшілігінің мүдделерін ескеруге бағытталған. Осы орайда, адам құқы мен бостандығын қамтамасыз ету белсенді саяси қатысуды қамтамасыз ететін басты тетіктердің бірі болып табылады.

Тарихтағы адам құқығы. Ежелгі Грекияда адамзат тарихындағы ең ұлы демократия пайда болды. Афина мемлекетінің гүлденген кезеңінде (б.з.д. V ғасыр) мемлекеттегі негізгі шешімдер азаматтардың барлығының қатысуымен өтетін халық жиналысында (агора деп аталды) қабылданатын. Алайда толыққанды азаматтар Афина түрғындарының азшылығын құрайтын және олар негізінен осы қауымның мүшелері болып табылатын ұсақ және орта жер иеленушілерден тұратын. Жер телімдері ұжымдық меншік болып саналатын, дегенмен жер иесінің өз жер телімін сатуға және мұраға қалдыруға құқы болатын.

Полисте (қала-мемлекет) толыққанды азаматтар-қауым мүшелерінен басқа метектер («шетелдіктер» және бостандыққа жіберілген құлдар) мен құлдар өмір сүрді. Метектер біршама еркін болғандықтан аса көп емес, негізінен экономикалық құқыққа ие еді. Олар заң шығарушы жиналысқа қатыса алмайтын. Ал, құлдар азаматтардың меншігі болып саналатын және олардың ешқандай құқықтары жоқ болатын. Әйелдер мен балалардың да қоғамдық өмірге қатысатын мүмкіндіктері шектеулі еді.

Осылай, тұрғындардың шағын бөлігі ғана азаматтық құқықтарға ие еді, яғни антикалық қоғам шеңберіндегі құқықтар мен бостандықтың барлық ауқымын пайдалана алатын. Полистағы әрбір адам туылғаннан бастап құқықтарын пайдалануға мүмкіндігі болмайтын, мұндай артықшылық азаматтарға ғана тиесілі болатын. Орта ғасырларда діни догманың ықпалымен мемлекеттің пайда болуының сакральды (қасиеттілігі) идеясы үстемдік құрды, яғни мемлекет, заңдар, король билігі құдайдан берілген деп саналды. Адамдар жер бетіндегі және аспандағы қатаң тәртіпті Құдай орнатқан деп сенетін. Адам қоғамға және қоршаған әлемге белгілі бір нақты топ — сословие арқылы енетін. Соған сәйкес, құқықтар жеке адамға емес, сословиеге берілетін. Азаттық, құқықтар мен мүдделерді қорғау ұғымдары адаммен емес, сословиемен байланысты қарастырылатын. Жеке бостандықтардың барлығы белгілі бір сословиеге біршама артықшылықтар бере алатын монархиялық билікке абсолютті түрде бағынумен алмастырылды.

Заманауи әлемдегі адам құқығы. Қазіргі күнде әртүрлі елдерде тұлғаға және оның құқықтарына қатысты әртүрлі қатынастар үстемдік етеді. Қазір қызмет атқарып отырған конституциялардың барлығы дерлік жеке құқықтар мен бостандықтардың басымдығын жариялайды. Алайда бұл мәселеге қатысты басқа да әдістердің бар екендігін айта кету керек. Мәселен, біздің ғаламшардың кейбір жерлерінде бүгінгі күнге дейін құл иеленушілік көріністерінің бар екені ешкімге жасырын емес. Дегенмен өкіметтердің көпшілігі адамды кез келген нүқсан келтіретін әрекеттерден қорғауға мүмкіндік беретін ережелерді орнатуға келісім береді. Осыған орай, әлемдік қауымдастық тарапынан ұлттық заңнамалармен қатар, адам қатынастары саласында бірқатар халықаралық уағдаластықтар қабылданды.

Адам құқы мен бостандығы келесідей халықаралық құжаттармен анықталады және қорғалады:

  • Адам құқығының Жалпыға ортақ декларациясы;
  • Саяси және азаматтық құқықтар туралы конвенция;
  • Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы конвенция;
  • Әйелдерді шеттетудің барлық түрлерін жою жөніндегі конвенция;
  • Геноцидтің барлық түрін жою жөніндегі конвенция;
  • Азаматтық және саяси құқықтар туралы конвенция;
  • Бала құқығы туралы конвенция.

Бұлардан бөлек, өзге де көптеген уағдаластықтар қабылданды.

Жоғарыда аталған құжаттар Біріккен Ұлттар Ұйымымен қабылданды. Адам құқығы мен бостандығын сақтау ұлттар қауымдастығының алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі, өйткені адам құқығы кез келген мемлекеттің ішкі ісі ғана болып саналмайды. Сондықтан осы салада орын алып отыратын жағдайлар халықаралық қоғамдастықтың назарын жиі аударып отыратын тақырыптардың бірін құрайды. Қазіргі күнде көптеген адамдар өз құқықтары мен бостандықтарының бұзылуымен бетпе-бет үшырасып отырады және оның себептері әртүрлі. Мәселен, бірқатар дамушы елдердің өкіметтері материалдық-қаржылық мүмкіндіктері жетпегендіктен азаматтардың денсаулығын сақтау, балаларға білім беру құқықтарын қамтамасыз ете алмайды. Демократиялық жүйесінде ақаулықтары көп мемлекеттер партиялар мен қозғалыстарды құруды, бейбіт шерулер мен ереуілдер өткізуді шектейді, оппозиция өкілдерін қылмыстық және басқа да қуғындауларға ұшыратады. Ондай елдердің тұрғындарының құқықтық санасы деңгейінің төмендігі көптеген азаматтардың өз құқықтарын білмеуіне немесе оларды қорғай алмауына алып келеді. Тіпті, айтарлықтай заңнамалық базаны қалыптастырған елдердің өзінде тұрғындардың барлығы өздерін заңсыз әрекеттерден қорғауға ұмтылмайды.

Жекелеген елдерде адамның ең маңызды құқықтары, оның ішінде өмір сүру құқығы, аяққа тапталатын жағдайлар да орын алып отырады. Генонид — осындай келеңсіздіктердің ең шеткері және қатаң түрі болып табылады.

Геноцид — белгілі бір адамдар топтарын ұлттық, нәсілдік, діни белгілері бойынша немесе саяси сенімдері мен көзқарастары бойынша жаппай өлтіру немесе қуғындау түрі болып табылады. Тарихта жекелеген мемлекеттердің геноцид ұйымдастырушысы болған мысалдар да жақсы мәлім. Оған XX ғасырдың 30-40 жылдары фашистік Германияда жүзеге асырылған еврейлерді қуғындауды мысал ретінде келтіруге болады. Өткен ғасырдың 90-жылдары бір этникалық топтардың екінші этникалық топтарды жаппай қырып-жоюы Африка құрлығында орын алды: Руанда мемлекетінде бір тайпаның өкілдері өзімен көрші өмір сүріп отырған басқа тайпаны қырып жіберді. XXI ғасыр ширегінде Югославияда серб әскерлері Босния мен Герцоговинадағы мұсылмандар мен хорваттарды үйлерінен қуып, өлтірумен айналысты. Бүгінгі күннің өзінде Косовада өмір сүріп отырған албандардың өмірі қатерге тігіліп отыр (Югославиядағы автономиялық аймақ). Тек НАТО тарапынан күш колдану шаралары Сербия әскерінің бейбіт халыққа қарсы жүргізілген әскери әрекеттерін тоқтатуға мүмкіндік берді.

БҰҰ геноцидке белгілі бір топтардың мүшелерін қасақана өлтіруді ғана емес, сонымен қатар келесідей қылмыстарды жатқызады: — топ мүшелерінің елеулі физикалық және психикалық жарақат алуына алып келетін әрекеттерге бару; — оның бүтіндей немесе бір бөлігінің жойылуына алып баратын жағдайларды алдын ала мақсатты түрде тудыра отырып топ өмірін қатерге тігу; — топтағы бала тууды қысқартуға бағытталған шаралар ендіру; — бір топтағы балаларды басқа топқа күшпен беру.

Өкінішке орай, халықаралық қауымдастық геноцид орын алған жағдайдың өзінде адамдардың құқықтары мен бостандықтарын пәрменді түрде қорғай алмай жатады. Мәселен, 1997-1998 жылдары Ауғанстанның солтүстік провинцияларын жаулап алу барысында талиб әскерлері өз идеологияларымен келіспейтін жергілікті тұрғындардың көптеген топтарының, оның ішінде хазарейлердің көздерін құртты. Шетел мемлекеттері мен ұйымдары мүндай әрекеттерді біржақты айыптаулармен ғана шектеліп, жаппай қырғынның алдын ала алмады.

Құқық қорғау қызметінің пәрменсіздігінің себебі неде? Біріншіден, көптеген елдер адам құқықтарын қорғау туралы халықаралық құжаттарға қол қоймады. Екіншіден, бұл уағдаластықтар негізінен сөз жүзінде қалады, ал оларды орындау міндетті болып саналмайды. Үшіншіден, адам құқын қорғау бойынша пәрменді тетіктер әзірленбеген, ал көптеген мемлекеттер адам құқығы саласында басқалардан ерекше өз өлшемдерін орнатады. Одан бөлек, адам құқын бұзу орын алып отырған елдердегі азаматтардың өздері бүл мәселелерді айтарлықтай өзекті деп санамайды. Осының барлығы, адам құқы мен бостандығын аяққа таптайтын әрекеттердің іске асуына мүмкіндік береді. Тіпті құқықтары аяққа тапталудан жапа шеккендердің халықаралық сотқа жүгінуінің өзі осы келеңсіз жағдайдың тым сирек түзелуіне алып келіп отыр. Сондықтан көптеген құқыққорғаушылар тек халықаралық қадағалаушы органдарды құруды емес, белгілі бір нақты елдегі жеке құқықтардың сақталуы үшін күресу керек деп санайды. Осы бағыттағы пәрменді шаралар ретінде төмендегілерді көрсетуге болады:

— Тұрғындар арасында ағартушылық қызметті күшейту, азаматтарды құқыққа және оны қорғау тәсілдеріне үйрету.

— Пәрменді және әділ заңнаманы қүру.

— Адам құқын шектеудің кез келген түріне төзімсіз орта қалыптастыру.

Тұлғаны және оның құқын қорғаудағы халықаралық әрекет жүйелі және бірізді болуы тиіс. Мәселен, өткен ғасырдың 80 жылдарының аяқ кезінде Пекиндегі студенттер шеруін күшпен басып-жаншу әлемдік қауымдастықтың қытай билігін айыптауына және экономикалық санкциялар қабылдауына алып барды. Қытай Халық Республикасы бірқатар мемлекеттер мен ұйымдардың саяси байланыстарды тез шектеуімен бетпе-бет ұшырасты. Оңтүстік Африка Республикасындағы нәсілдік кемсітушілік әлемдік қауымдастықтың ол елге байкот жариялауына және оның ұзақ уақыттар бойы оқшаулануына алып келді. Бұл елдің басшылығы ірі халықаралық кездесулер мен конференцияларға қатысу мүмкіндігінен айырылды. Бұл тіпті оңтүстік африкалық спортшылардың Олимпиада ойындарына қатыса алмауына алып келді. Тек Оңтүстік Африканың еркін және теңқұқықты сайлаулар өткізуі және қоғамдық өмірді демократияландыруды одан ары тереңдетуі нәтижесінде ғана бұл елге әлемдік қауымдастыққа қайта оралуға мүмкіндік берді.

Осы ретте, жекелеген мемлекеттер белгілі бір елдердегі адам қүқықтары мен бостандықтарының бұзылуын өздерінің саяси немесе экономикалық міндеттерін шешу, олардың ішкі істеріне араласу және өмір сүріп отырған қүрылысты күшпен құлату үшін пайдалануына болмайды. Әрине, қандай да бір дәрежеде адам құқықтары мен бостандықтарының барлық елдерде бұзылуы орын алып отыратын болса да, бұл мәселелерді келісім, өзара құрмет пен төзімділік негізінде шешуге басымдық беру қажет. Демократиялық принциптер мен құндылықтарды мойындауға қарудың күшімен бару мүмкін емес. Ол үшін қоғамның өзі индивидтің маңыздылығы мен бастапқылығын мойындауға пісіп-жетілуі қажет және әрбір адам өз жауапкершілігін сезінуі тиіс.

Адам құқығын классификациялау. Бүгінгі күнде адам құқы саласындағы өмір сүріп отырған түсініктерді топтастыруға мүмкіндік беретін көптеген классификациялар бар. Ол халықаралық уағдаластықтарды үйлестіру және адам құқық қорғаудың заңды тетіктерін қүру үшін қажет. Осы ретте, құқықтар мен бостандықтарды жеке, саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени, экологиялық деп бөлу жалпыға ортақ мойындалған анықтама деуге болады. Әрине, адам құқы мен бостандықтарын бұлай бөлу айтарлықтай шартты сипатқа ие екендігін айта кету керек, өйткені оның негізіне адам оның шеңберінде белгілі бір құқықтарды жүзеге асыра алатын салалар қойылған. Мәселен, сайлау және сайлану қүқығы саяси қатардағы құқыққа жатқызылған, өйткені азамат оны мемлекеттің саяси жүйесін қалыптастыру барысындағы сайлауларда пайдаланады. Өзінің ана тілінде білім алу қүқығы белгілі бір халықтың тілі мен мәдени мұраларының сақталуымен байланысты болғандықтан мәдени құқыққа жатқызылған. Бұл әсіресе ұлттық азшылықтарға қатынаста ерекше өзектілікке ие. Бұл құқықтар туралы келесі бөлімдерде айтатын боламыз.

Одан бөлек, құқықтардың басқаларға тәуелсіз жеке тұлғалар тарапынан немесе белгілі бір топты білдіретін адамдар тарапынан жүзеге асырылуына орай, оларды жеке және топтық деп бөліп қарастыру қолданылады. Жеке құқықтар еркін жүру құқығын, сөз бостандығы мен жиналыстар өткізу құқығын, мемлекеттік басқаруға қатысу қүқығын қамтиды. Негізінен, жеке құқықтарға жеке және саяси қүқықтар жатқызылған. Адамға әлеуметтік, экономикалық және мәдени қүқықтар белгілі бір қауымдастықтың, ұжымның, кәсіби одақтың, діни бірлестіктің және тағы басқа да ұйымдардың қатысушысы болғандықтан беріледі және олар топтық құқықтар болып есептеледі. Мәселен, оларға әйелдердің, балалардың, қарттардың, әлеуметтік аз қамтылған адамдар мен жұмыссыздардың құқықтары жатады.

Осы қатардағы тағы бір классификацияға сәйкес, адамның барлық қүқықтарын келеңсіз және оңды (негативті және позитивті) деп бөлуге болады. Құқықты бұлай бөлушілік оларды әзірлеу барысындағы және мемлекеттің оларға қатынасындағы ерекшеліктерге негізделеді. Келеңсіз қүқықтар — түлғаның таңдау қүқығын басшылыққа алатын және мемлекеттің бұл құқық түрлерінің қандай да бір әрекеттеріне араласуын анықтайтын құқықтар. Мәселен, оған сөз бостандығы мен ар-ождан бостандығына кепілдік беру жатады. Аталған құқықтар абсолютті болып саналады, ал оларды іске асыру мүмкіндігі биліктің экономикалық мүмкіндіктеріне тәуелді болмайды. Адамның келеңсіз құқықты пайдалану-пайдаланбауы оның өзіне байланысты.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *