Термин атаулының барлығы да сөз, ал сөздің барлығы термин емес.Термин сөзінің өзі де термин. Ол терминус «шек-шегара» деген мағынадағы латын тілінен енген сөз. Терминус «божество границ» Римнің діни аңыздарында жиі кездеседі. Терминдер әуелде бір халықтың тілінде пайда болып, әрмен қарай ел-елді аралап кетеді. Ол кейде мағыналық өзгеріске де ұшырайды. Терминдерді аудару керек пе, жоқ па? Бұл мәселеде әртүрлі пікір бар. Баспасөз — жалпыхалықтық игілік. Бүкілхалықтық болғандықтан оның тілі шаруаға да, министр, академикке де түсінікті болуы шарт. Біздің баспасөз көп ретте бұл талаптан шыға бермейді, быжынаған термин.

«…Ә. Ә. Османовтың «Ескілікті эндуративтік панкреатит және панкреаттық-дубенальдық рак кезінде бауырдан тыс жерлердегі өт жолдарының ауруларын хирургиялық тәсілмен емдеу» деген докторлық диссертациясы бар екен».

Не түсіндік? Сөйлемдегі «эндуративтік панкреатиттерді» қазақша ұғым-түсінікке жақындатып немесе оларды айналып өтуге бола ма? Болады. Ендеше, баламаларын іздестіріп, терминдерді мүмкіндігінше қазақшалау керек. Құм, топырақ, қар басып тастаған ауланы, жолды тазартып тұрмаса жүріс-тұрыс қиындайды. Басылымдар бетіндегі быжынаган бейтаныс сөздер мен терминдердің аударма-баламаларын тауып, жеңілдетпесе, оқырманның ұғым-түсінігі қиындайды. Журналистердің халық алдындағы міндет-парызы не? Мінсіз қызмет.

Дүние жүзінде көп тараған термин — демократия. Грек тілінен енген. Түбірі — демос, яғни — халық. Екінші жартысы — кратос — өкімет немесе билік. Тұтастай алғанда, демократия — халықтық өкімет, халықтық билік.

Мәдениет немесе әдеп, әсемдік әлемі мағыналары бір-біріне жақын ондаған, одан да көп термин сөздерден түрады. Оларды аудару керек пе, жоқ па? Жауап — әркелкі. Біреулер аудару керек, ол баламаларды бүкілхалықтық қолданысқа енгізу керек десе, енді біреулер құлақ үйренген, халықтық тұтыныста бұрыннан бар аудармаларды қозғамауды жөн санайды. Сөз орайында осы терминдерге кішкене кідіре кетейік.

«Студент» жоғары оқу орнының оқушысы, интеллигенцияның бір бөлігі деген мағына берсе, «конспект» XIX ғасырдың ортасында латын, неміс тілдерінде қолданылған «дәріс», «баяндама» дегең мағынаны білдіретін сөз деген мағлұмат бар. Терминдерді қазақшалауда сәттілік те, сәтсіздіктер де кездеседі. Соңғы кезде басылымдардан «ауысым» деген сөзді көріп қалып жүрміз. Бұл кәдімгі «сменаның» қазақшасы.

Терминкомге мотоциклді — құйынарба, конвертті — хатқалта деп атайық дегендей біздің де тарапымыздан ұсыныс болды. Әзір қолданыс байқамадық. Телевидение мен теледидар қатар, не алмасып айтылып келеді. Қайсысы бұрын айтылса да құлақ үйренген, ешкім жатырқамайды. Естуімізше, телевидениені теледидар деп қазақшалаған академик, жазушы Сәбит Мұқанов деген әңгіме бар.

Бір кезде велосипед — шайтанарба, паровоз — отарба, революция — төңкеріс деп аударылған. Бұлар халықтың шығармашылығы. Демек, терминология бүкілхалықтық шаруа, бүкілхалықтық талпыныс.

Қазір самолет — ұшақ, вертолет — тікұшақ, класс — сынып болып, ауызға қайсысы бұрын түссе сол қолданылып жүр. Бастапқы кезде ұшақ, тікұшақ, сынып халықтың құлағына тосындау естілгенімен, бүгінде бүкілхалықтық қолданыста. Академик Әбдуәли Хайдаровтың «Қазақ терминологиясына жаңаша көзқарас» деп аталатын еңбегі. 11 принциптен тұрады. Онда бүкіл халық қабылдаған, құлақ үйренген баламаларды қаз-қалпында қалдыру жайы сөз болады. Бұл айтылғандар терминология әлеміне кішкене ғана кіріспе. Енді ілгеріде аз-кем сөз болған кәсіби әдебімізге қатысты терминдерге тоқталамыз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *