Топырақтың түрлері

Топырақ деген не? Топырақты зерттеудің негізін салушы В.В.Докучаев минералдар, өсімдіктер мен жануарлар патшалықтарымен қатар, топырақты да «табиғат патшалықтарының» бірі деп атады.

Топырақтың түзілуі – бүкіл табиғат элементтерінің өзара әрекеттерінің нәтижесі. Топырақ – табиғат компоненттерінің бірі. Топырақ жердің ең беткі өте жұқа қыртысындағы тау жыныстарының, өлі ағзаларының әсерінен пайда болады.

Топырақ – тірі (органикалық) және өлі (бейорганикалық) табиғаттың әрекеттесуінің нәтижесінде пайда болатын ерекше табиғи дене.

Топырақтың ең негізгі қасиеті – табиғи құндылығы, яғни, құрамында өсімдіктің тез әрі жақсы өсуіне жағдай жасайтын қоректі заттардың мол болуы. Сондықтан топырақ литосфераның жоғарғы ауа қабатымен байланысатын қабаты әрі бүкіл биосферадағы тіршіліктің тірегі деп аталады.

Органикалық қалдықтардың ыдырауы нәтижесінде топырақтың қарашірік қабаты түзіледі. Қарашірік дегеніміз – микроағзалардың, өсімдіктердің, жәндіктердің органикалық қалдықтары.

Топырақ түрлері. Топырақ жер бедерінің пішініне, географиялық орнына қарай бірнеше түрге бөлінеді. Мысалы, қара топырақты зона, қара қоңыр топырақты зона, қоңыр, сұр қоңыр топырақты зоналар.

Жер бетінде топырақ түрлерінің таралуы климат жағдайларымен тығыз байланысты. Өсімдік сияқты топырақ жамылғысы да экватордан полюстерге қарай зоналар бойынша өзгереді. Тауларда биіктік белдеулерге сәйкес таралады.

Ең құнарлы топырақ – қара топырақ. Ондағы қарашірік қабатының қалыңдығы 1 метрге дейін жетеді. Топырақтың бұл түрі қоңыржай белдеулердегі далаларда шөп астында түзіледі. Даланың топырағы қарашірікке бай. Қара қоңыр топырақтың қара топыраққа қарағанда құнарлығы аздау болады. Қылқанды және аралас жапырақты ормандарда қарашірігі аз күлгін топырақ түзіледі. Сұр қоңыр топырақтың құнарлығы мүлдем аз болады.

Полярлық аймақта әрі қысқа, әрі салқын болып келетін жаз айларында өсімдік қалдықтары шіріп үлгермей, шымтезекке айналады.

Топырақты қорғау. Өсімдіктер топырақтан нәр алған сайын оның құнарлылығын азайтады. Топырақ өте баяу түзіледі – қалыңдығы 1 см қабат түзілу үшін ұзақ уақыт керек, сонымен бірге су мен жел жыл сайын егістік жерлердің 1%-ын бүлдіреді. Топырақты қорғау және оның құнарлылығын арттыру – адам баласының маңызды міндеттерінің бірі.

Мелиорация – топырақтың құнарлылығын арттыруға техникалық және шаруашылық-ұйымдастырушылық шаралар жиынтығы. Оның бірнеше түрі бар: жерді суландыру немесе құрғату, химиялық-минералдық тыңайтқыштар енгізу, биологиялық – топыраққа тірі ағзалар енгізу. Мелиорация шаралары ғылым мен техниканың алдыңғы қатарлы жетістіктерін ( жер суландыру техникаларын, ЭЕМ және т.б.) пайдалана отырып, өсімдіктің өсіп-өнуіне, дамуына қолайлы жағдай жасау үшін жасалады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *