XIV ғасырда ақша-тауар қатынастарының дамуы нәтижесінде кедей шаруалар мен қаланың плебей топтарын қанау күшейеді. Қыстақтардың ойрандалуы 1381 жылғы Уот Тайлер мен Жон Болл басшылығындағы шаруалар көтерілісін туғызды. Феодалдарға қарсы бағытталған бұл көтеріліске қатынасқан шаруалар байлар қолындағы жерлерді тартып алу мәселесін қояды. Қоғамдық өмірдегі мұндай өзгерістер әдебиетте де өз ізін қалдырды. Осы дәуірде халық арасында туған наразылықты суреттеген жазушылардың бірі ағылшын ақыны Уильям Ленгленд еді.

Уильям Ленглед (шамамен 1330-1400 жылдар) «Шаруа Петр туралы ой» атты аллегориялық мазмұндағы поэмасында XIV ғасырдың екінші жартысындағы Англияның қоғамдың өмірінің өзіне тән жақтарын, әсіресе, шаруалардың ауыр тұрмысын бейнелеп берген. Алаңға көп халық жиналған. Олардың арасында түрлі әлеуметтік топтағы адамдар — саудагер, кедей, сері, сайқымазақ және билік өкілдерінен бастап, қарапайым диқанға дейін бар. Қырдың арғы жағынан көрінген биік мұнара — Әділдік, төмендегі түрме болса — Жамандық символы ретінде бейнеленеді. Әрине, бұлар шартты образдар. Бірақ алаңға жиналған түрлі топ өкілдері арқылы сол дәуірдің шынайы көрінісі ашып көрсетілген. Поэманың бірінші бөлімінің ортасында Қасиетті мұнара (шіркеу) мен жақсылықтың символы болған қарапайым боз көйлекті әйел Пайдаханым тұрады. Жазушы поэманың бірінші бөлімінде шіркеу атын жамылған аяр, айлакер, даңққүмар және жылпос адамдардың бұзықшылықтарын аяусыз әшкерелейді. Пайдаханымның тойын суреттеу арқылы жазушы феодалдық қоғамда белең алған зұлымдық пен озбырлықтарды сынға алады. Поэманың екінші бөлшінде автор түс көреді. Оның көз алдынан кең алаңқайға жиылған адамдар өтеді. Олар Ақылды жан-жағынан қоршап, ортаға алған. Ақыл күнәһарларды жасаған күнәларынан тазаруға шақырады. Кітаптың соңында жеті күнәһардың (Тәкаппарлық, Даңққұмарлық, Қызғаншақтық, Кекшілдік, Араздық, Қанағатсыздық Жалқаулық) тәубе-өкініштері суреттеледі. Әрбір күнәһардың өзіне тән қасиеттері бар. Мәселен, Қанағатсыздық — маскүнемдік сияқты жарамсыз қылықты тастау, кешірім сұрау мақсатында таңертең шіркеуге аттанады, бірақ жолда шарапханаға кіріп, тағы да шарап ішіп қояды. Жол-жөнекей сүрініп-қағынып, үсті-басын бүлдіреді. Тіпті, қаңғыбас ит те одан жиіркенеді. Ұзақ ұйқыдан бас көтерген Мешкей әйелінің алдында бұдан соң мүлдем шарап ішпейтінін айтып ант береді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *