«Үш жүз» бірлестігі және «Алаш» одағы

Түрік қағанатының құлау дәуірі (VIII ғ.) феодалдық Қытайға жат жерлерді жаулау және халықтарды құлдыққа алу мақсатында өз шекарасынан батысқа қарай орналасқан аудандарға басып кіруге мүмкіндік туғызды. Шығыс Түркістанның, Жетісудің, жоңғар даласының және Оңтүстік-Батыс Алтайдың барлық тайпалары: наймандар, керейлер (керейіттер), жалайырлар, қарлұқтар, қаңлылар, қыпшақтар, шегелілер, үйсіндер және басқалары Қытай экспансиясына қарсы шықты. Бірігу қажеттілігі нығайды. Саяси бірігуге беталыс Қытаймен көршілес жатқан шу және сырдария тайпаларының ортасында байқалады. Жетісу тайпаларының бірігуі негізінде қазақтың болашақ Ұлы жүзінің өзегі қалыптасады. Қағанаттың тіршілік ету аяғына қарай оның құрамынан қыпшақтар, оғыздар, қаңлылар, қарлұқтар, үйсіндер, наймандар және керейлер бөлініп шықты. Осы тайпалар тәуелсіз ерте феодалдық құрылымдар — ұлыстарды құрады.

Моңғолдарға дейінгі уақытта әскердің жүздерге, мыңдарға бөліну ежелгі әскери тактикасы негізінде «Үш жүз» қазақ тайпаларының алғашқы бірігуі қалыптасады (Потанин мұрағаты, ТМУ). «Үш жүз» одағының алғашқы басшысы Алаша хан болды. Ұлы жүздің негізін қалаушы Майқы би, Орта жүздікі — Қотан би, Кіші жүздікі — Алшын (Алчын). Қотан би мен Алшын ІХ-Х ғғ. өмір сүрді. Майқы би моңғол шапқыншылығына дейінгі уақытқа дейін өмір сүрді. «Үш жүз» тарихы қазақ халқының аңыз-әңгімелерінде бейнеленген. Тарихи аңыздардың нұсқаларын Г.Н.Потанин Томск университетінің кітапханасы жанындағы өз мұрағатында сақталған ежелгі жазбаларда тапты. Аңыз нұсқаларының бірін Омск ұлттық мектебінің мұғалімі Абдрахимов 1894 жылы Қазақ уалаятының газетінде жариялады. Аңызда моңғолдарға дейінгі уақытта қазақтарды үш жүздің балалары деп атайды делінген.

Алаша хан туралы аңыз-әңгімелерде: Сырдарияда қазақ тайпаларын бір хан биледі, оның бірінші әйелінен бала болмады. Ол тұтқынға алынған сұлу қызға үйленеді. Одан аудармасы теңбіл, шұбар дене мағына беретін «ала» ұл туады.

Ханның бәйбішесі, тоқалды көре алмай, ханға баладан құтылуға кеңес береді, әйтпесе ол кәмелетке толған соң хандығын бүлікке көтереді дейді. Хан оған сеніп, баланы оның әмірі жүрмейтін жерге апарып тастауға бұйрық береді. Хан бұйрығына сәйкес бала Сырдария өзенінен ары апарылып, қара-ноғай халқының иелігіндегі далаға тасталды. Баланы бір кедей тауып алып тәрбиеледі. Ол ер жетіп, өзінің жанына құрдастарын жинады. Барлығы бірге итпен және аушы құстармен аң аулады, ат бәйгелерін ұйымдастырды. Ол дене бітімінің сұлулығымен, алғыр ақылымен ерекшеленді, атуда және қылыштасуда шебер еді. Ол туралы атақ жан-жаққа тарап, оның әкесіне дейін жетті. Әкесі ұлының қайда екенін біліп, нөкерлерімен өз елінің билеріне келді. Сол уақытта «үш оқ» сырдариялық одақта Қотан және Майқы би ең беделді еді. Хан олармен ұлын қалай қайтару керектігін талқылады. Қотан мен Майқы оған адам жіберуге кеңес берді. Хан оларды тыңдады. Қотанның үш ұлы болды: үлкенінің есімі Үйсін, ортаншысы Болат, кішісі Алшын. Ханзаданы іздеуге жүз адамды ертіп Үйсінді жіберді. Үйсін жүз адамымен бірге Сырдариядан өтіп, ханның ұлын табады. Олар ханзаға тәнті болып, онымен бірге қалады. Екі жылдан соң хан Қотан биге келіп, былай деп сұрайды: «Біздің адамдарымыз қайтпады, не істейміз?» Сонда Қотан жүз адамды ертіп, екінші ұлы Болатты жібереді, бірақ олар да ханзадамен қалады. Келесі жылы хан қайтадан Қотанға келеді. Хан мен Қотан өз ұлдарын қайтарғысы келді. Осы жолы да Қотан жүз адам ертіп кіші ұлы Алшынды ханзадаға жібереді. Олар ханзаданы, Үйсін мен Болатты табады да, олармен бірге қалады. Үш жүз жігіттің барлығы бірігіп, ханның ұлын ақ киізге салып көтеріп, оны Алаш деп ат қойып, өз ханы етіп жариялайды. Алаш бірінші келген Үйсінді жүз жігітімен бірге Сырдария ағысының жоғарғы жағынан Шу өзеніне дейінгі жерлерге, Болатты Сырдарияның орта бөлігі жерлеріне, Алшынды Сырдарияның төменгі бөлігіне қоныстандырды. Аңызда сөз болған кейіпкерлер — шынайы өмір сүрген тарихи тұлғалар. Алаша хан, Қотан би, Үйсін, Алшын, Майқы би халық арасында өте танымал болды. Олардың әрқайсысы туралы көптеген аңыз-әңгімелер жазылған.

«Жүз» және «мың» сөздері Түрік қағанаты дәуірінде және кейіннен де әскери-саяси күш ретінде тайпалар бірлестігінің анықтамасы еді. В.В.Бартольд: «Жүздерді қалыптастыру қажеттілігі көне тайпалардың қоныстану аймағының кеңдігіне байланысты болды», — деп жазды ( Т.VІ, 512).

1917 ж. Революцияға дейін өмір сүрген қазақ ағартушысы Нұржан Наушабайоғлы «алаш» бірлестігі кұрамына кірген қазақ тайпалары ежелгі уақыттардан бері өздерінің байырғы жерлерін мекендеді деп жазған.

«Жүздер» және «Алаш» одағы «қазақ» деп аталған халық пайда болғанға дейін туындады. «Алаш» — Түрік қағанаты құлаған соң (VIII ғ.) Сырдарияда пайда болған көнеқазақ тайпаларының бір саяси одаққа алғашқы бірігуі. «Алаш» бірлестігі құрылған кезеңде қазақ тайпалары өздерінің байырғы жерлерін мекендеді: Ұлы жүз (үйсіндердің синонимі) -Сырдарияның орта ағысынан бастап Жетісуге және Жоңғар Алатауына дейінгі жерлер, Орта жүз-Сырдарияның орта ағысының жағасы және Орталық Қазақстан, Кіші жүз -Сырдарияның сағасы, Арал жағалаулары, Солтүстік Каспий маңы жазықтығы. Ш.Уәлихановтың айтуынша «алаш» — қазақ халқы атауларының бірі (т.І, 201-203). Моңғол шапқыншылығына дейін тайпалар «алты арыс алаш елі» немесе «алаш мыңы» деп аталды. Ш.Уәлиханов былай жазады: «Алаш мыңы — ежелгі тайпалардың ірі бірлестігі, қазақ халқының атауларының бірі (І., 201-203).

Қадырғали Жалайыр жазғандай, «алаш мыңы» оның басында қолбасшы болған, мыңдаған әскері бар ең ірі бірлестік болып табылады. «Алаш мыңы» бірлестігіндегі жетекші рөлді қыпшақтардың, жалайырлардың және қаңлылардың тайпалық ақсүйектері атқарды.

Қазақтардың үш жүзге бөлінуі біздің күнге дейін Ұлы жүз (үйсін), Орта және Кіші жүз түрінде сақталды. Жүздер -өздерінің бір халыққа тиістілігін сезінген ру тайпалық ұйымның федералдық формасы, тайпалар одағы.

Барлық жүзде де ежелгі этникалық бөлшектер сақталған. Сөйтіп, Ұлы жүздің құрамында Батыс-Түрік қағанатының он оқ одағының құрамына кірген сары үйсін, қаңлы, дулат, екей (шапырашты), абақтар, албандар, суандар, мекрендер, байшора, шумай бар. Кіші жүз қүрамында ежелгі этникалық бөлшектер: ақғұндар, абдалы, кердері (эфталиттер), ежелгі оғыз тайпалары адай, табын, телеу.

Орта жүздің құрамында көп ежелгі этникалық бөлшектер сақталған: қыпшақтар, арғындар, наймандар, бәсентиін тайпасының құрамына кіретін ежелгі басымелі, сондай-ақ түрік қағанатының шу тайпасының құрамына кірген тайпалар — коған-шүрек, бөрі, чуйе, ақ-телес. Байырғы тайпалардың бірі болып табылатын өңгіт Орта жүздің уақ тайпасының құрамына кіреді. Үш жүздің тайпалары Ұлы даланың кең жазығын ежелгі заманнан бері мекендейді және сол уақыттан бері олардың тұрмыстары, шаруашылық құрылымы, салт-дәстүрлері ортақ сипатқа ие.

Қазақтардың этникалық тарихын, оның ішінде тайпалардың орналасу мәселелерін жазба деректерден, ауызша аңыз-эфсаналардан бөлек, көптеген эпиграфикалық ескерткіштер жақсы жеткізеді, олар құлыптастардағы жазулар, тайпаларға тән мәдениет ескерткіштері. Қазақстанның эпиграфикалық ескерткіштері — біздің халқымыздың тарихын, мәдениет тарихын қайта жасау үшін таптырмас қайнар көз болып табылады. Бұл тайпалардың өмір сүрген мекендері туралы мәліметтердің дереккөзі. Археологтар ерекше құнды материалдарды Сырдария өзені бойындағы Отырар, Сығанақ, Түркістан және өзге де қалалардан, Жетісудан, солтүстік Қаратаудан, Талас алабынан, Шу және Іле өзендерінен — Ұлы жүздің мекендерінен, Орталық Қазақстанда — Дешті-Қыпшақ жерінен, Каспий маңы жазығынан және Маңғыстаудан тапқан, бұл жерлерде көнеқазақ тайпалары өмір сүрген және тарихи оқиғалар орын алған, көнеқазақ тайпалары мәдениетінің, шаруашылық қызметі мен тұрмысының заттары табылған. Ембі, Сағыз, Қобда, Елек өзендері бассейндерінен және Маңғыстаудан жиналған эпиграфикалық ескерткіштер Қазақ хандығының ұйытқысына айналған VIII-ХIV ғғ. қыпшақтар мен оғыздардың, Шығыс Дешті-Қыпшақ тайпаларының өмірін бейнелейді.

Қазақ хандығының иелігіне орта және төменгі Сырдарияның барлық қалалары, соның ішінде Ұлы жүздің орталығы болған Ташкент, сондай-ақ қазақ қоғамының саяси және мәдени негізін құраған Түркістан, Отырар, Сығанақ, Сауран, Созақ және т.б. қараған.

«Алаш» сөзі жинақтық сипатқа ие болды, оның тар этникалық мағынасы болмады. Моңғол дәуірінде «алаш» одағы Шығыс Дешті-Қыпшақта Ақ Орда құрамында «алты арыс алаш елі» формасында сақталды. Қазақ хандығының және этникалық мәні бар «қазақ» деп аталған халықтың ресми пайда болуы уақытынан бері «үш жүз» бірлестігін «алаш» деп, ал қазақ халқын «алаштан» шыққан деп санаған.

Пайдаланылған әдебиеттер: Марғұлан Ә.Х., Ежелгі қазақтың тайпалары және қазақ хандығының құрылуы, Алматы: «Көне Тараз» қоғамдық қоры, 2015. — 275 б.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *