Загрузка...

Заң нормаларын қолдану — жүзеге асырудың басты нысаны

Құқыққолдану дегеніміз — арнаулы субъектілердің (мемлекеттік органдардың, лауазымды адамдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдерінің) нақты өмірлік жағдайларға байланысты құқық нормаларын жүзеге асырудағы нақтылы жеке құқықтық тұжырымдарды шығару жөніндегі мемлекеттік билік жүргізушілік және ұйымдастырушылық қызметі. Мұның өзге нысандардан ерекшелігі сол, бұл жалпы құқық нормаларды белгілі бір адамға (құқықтары бұзылған) және нақтылы жағдайларға бейімделіп қолдану арқылы іс бойынша шешім қабылдау. Әдетте, бұзылған құқықтарын адамдар өздігінен қалпына келтіре алмайды, сондықтан мемлекеттік органдарға көмек сұрап жүгінуге тура келеді. Бұзылған құқықты қорғау үшін өкімет билігі немесе басқару органына өтініш жасау, егер заң құжаттарында өзгеше көзделмесе, құқық қорғау туралы талап қойып сотқа жолдануға кедергі жасамайды (АК, 9-бап, 2-тармақ). Демек, бұл жөнінде тиісті мемлекеттік органдар, лауазымды адамдар тиісті шещім қабылдаулары тиіс. Мысалы, қызметшілердің ұзақ бойы тиесілі жалақыларын ала алмауы, зейнеткерлікке шығу, некеге тіркелу қажеттілігі және т.б. Әрине, бұл жұмыстардың сотсыз, әлеуметтік қорғау, азаматтық халжағдай актілерін тіркейтін органдарынсыз бітпейтіні бәрімізге мәлім. Сондықтан осы аталған органдардың заңды шешім қабылдауы нақтылы нормативтік құқықтық актілерде реттелініп тұжырымдалынған.

Құқықты жүзеге асырудың өзге нысандарынан құқыққолдану мынадай белгілерімен оқшауланады:

құқықты тек оған өкілеттілігі бар компетенггі мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері ғана қолдана алады;

  • бұл әрқашанда мемлекеттік-биліктік қызмет;
  • шығармашылық, ұйымдастырушылық мәнді болып келеді;
  • бұл бір-бірімен сабақталып жатқан сатылардан тұрады;
  • іс жүргізу (процессуалдық) нысанында жүзеге асырылады;
  • бұл жеке нақтылы тұжырымдарды (құқыққолдану актілерін) шығарумен байланысты.

Құқыққолданудың пайда болуы мынадай қажеттіліктен туындайды:

1)  қүқық бүзушылық жасалынған кезде кінәлілерге тиісті жаза (шара) мөлшерін анықтау;

2)  белгілі бір адамның занда көрсетілген құқықтары мен міндеттерін мемлекеттік органдарсыз, мемлекеттік-билік жүргізуші қызметінсіз жүзеге асыра алмайтындығы;

3) құқықтуралы заң шыққанда және соған байланысты өзге біреудің субъективтік (өзіндік) құқығын қорғау қажеттілігінен;

4) құқықты алу мен жұктелінген міндеттің дұрыстығын заңда көрсетілген бақылауды жүргізудің қажеттілігінен (нотариаттың куәландыруы, қандай да болмасын қызметке рұқсат алу, мысалы, заң құжаттарында тізбесі белгіленген жекелеген қызмет түрлерімен занды тұлға тек лицензия негізінде ғана айналыса алады, т.б.).

Құқыққолданудың тағы бір ерекшелігі оның функциясынан көрінеді. Олар екеу: оперативтік-атқарушы және құқыққорғау. Мұның біріншісі, әрине, ұйымдастырушылық іс-әрекет қажеттілігінен туындайтыны сөзсіз (мысалы, жұмысқа қабылдау, некені тіркеу, т.б.). Екіншісі — мұқалған (бұзылған) құқықты қорғау, жазаны (шараны) қолдану немесе құқық нормаларының бұзылуын болдыртпау қажеттілігінен туындайды. Бұл сот шешімін, әкімшілік органның актіні шығару кезінде пайда болады.

Құқыққолдану қызметіне қойылатын талаптар мынадай сатылардан көрініс табады:

1) істің нақтылы мән-жайларын анықтау және талдау, зерттеу (айғақты заттар, жазба дәлелдемелер, түсініктемелер, куәлардың жауабы, эксперттің қорытындылары, т.б.). Бұл сатыда істің шындығын, дәлелдемелердің бар жоғын занда көрсетілген тәртіппен анықтау және істі дұрыс шешу үшін өзге де мәні бар деректер зерттеледі. Барлық дәлелдемелерді толық жинақтап жан-жақты тексеру — осы сатының басты мақсаты.

2) құқық нормаларын тандау мен талдау (зандылық квалификация). Құқық қатынастарын реттейтін құқық салаларын, институттарын және нормаларын табу өте күрделі жұмыс. Өйткені іс бойынша тек соған қажетті норманы қолдануға тиісті, ол үшін оны қолданатын субъект құқықтық норманың мәтінінің шынайлылығын, оның уақытына, кеңістігіне, адамдарға қатыстылығына қарай қолданыста болатындығын, күшін жоймағандығын білу қажет. Көп жағдайларда іске қолданылатын нормативтік актілер бірнеше болып келеді, әрі бір-бірімен қабыспайды, қарама-қайшылықта болады, әрі ағаттығы да кездеседі. Тіпті кейбір жағдайларда іске қатысты тиісті нормативтік актілер болмай шығады, онда зандарды ұқсастығына қарай (қүқық ұқсастығы мен заң ұқсастығын) қолдануға тура келеді. Міне құқықтық нормаларды тандау мен талдау оны қолданатын адамның біліктілігі мен ұқыптылығын, іскерлігін талап етеді.

3) құқық нормаларының мазмұнын талдау, оған компетентті субъектілердің түсінік беруі, Құқықты қолданушы органдардың қолында осы істі шешуге қажетті нормативтік актінің дәлме-дәл, толық мәтіні болуы тиіс.

Осыған байланысты айтарымыз, тек ресми басылымда жарияланған нормативтік актілер, олардың соңғы редакциясы, оған енгізілген өзгертулер, толықтырулар мен түзетулер ғана жарамды деп танылады. Істі қараған кезде осындай мәтіндерді пайдаланған жөн. Өкінішке орай, құқыққолдану органдарының қызметкерлері объективтік жағдайларға байланысты көбінесе әр түрлі заңдар жинақтары мен жиынтықтарындағы, фирмалар, ведомстволар басып шығарған анықтамалардағы, озге де ресми емес басылымдардағы құқық мәтіндерін пайдаланады. Мұның өзі ресми жарияланған актілермен салыстыруды қажетсінеді. Әсіресе, ведомстволық актілердің мәтіндерін қолданыстағы заңтұжырымдарымен салыстырып, оларға дұрыс баға беру керек. Өйтпегең жағдайда іс бойынша шығарған шешімдерде ағаттық кетуі мүмкін. Сайып келгенде істің бұзылуына әкеп соқтырады. Құқықтық нормаларды қолданған кезде оның мазмұнын, яғни мағынасы мен қолданылу шегін анықтау қажет. Құқық нормаларын дұрыс түсіну және оны іс бойынша дұрыс қолдануға байланысты түсініктеме беруді құқықтық түсініктеме дейді.

4) құқықты қолдануға байланысты шешімдер қабылдау оған өкілеттігі бар мемлекеттік органдардың құқығы (құқыққолдану актілерін шығару). Тек осы сатыда ғана іс қарау процесі бітіп, оның тағдыры шешіледі. Іс бойынша шешімде қандай қорытындылар жазылған болса, соған байланысты санкциялар нақтыланып көрсетулері тиіс. Осыдан кейін барып барлық мәселелер өз шешімін тапты деп есептеуімізге болады. Сондықтан шешім сияқты заң құжаттарына өте-мөте мән беріледі, яғни құқыққолдану актісіне.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *