Жасанды су қоймалары, құрлық суының маңызы және оны қорғау

Каналдар мен бөгендер. Жарты шарлардың картасын қарасаңдар, жер бетінде өзендер мен көлдердің біркелкі орналаспағанын көресіңдер. Жер шары халқының барлығы бірдей суды жеткілікті түрде пайдалана алмайды. Себебі, бір жерде су жеткілікті болса, екінші бір аймақта мүлде жоқ. Сондықтан адамдар өз қажеттіліктері үшін каналдар мен бөгендер жасап, оған өзен суларын жібереді.

Каналдар дегеніміз – адамдар салған жасанды өзендер.

Каналдар салу арқылы бір өзен екінші өзенмен жалғасады, аймақтар арасын байланыстыратын су жолдары пайда болады. Сумен жабдықтау жақсарып, адамдардың суға деген сұранысы қанағаттандырылады. Шөлді аймақтар егіншілікпен айналысу мүмкіндігіне ие болады.

Ал батпақты аймақтарда каналдар жерді құрғату мақсатында пайдаланылады. Өнеркәсіпті дамытуға да су керек, суы тапшы аймақтарда каналдар салу негізінде өнеркәсіпті өркендетуге болады. Мысалы, елімізде слынған Ертіс-Қарағанды каналы су тапшылығы мәселесін шешуге, өнеркәсіпті дамытуға мүмкіндік берді. Өзендер суының жыл бойы мол бола бермейтінін білесіңдер. Өзен суын реттеп, оны тиімді пайдалану үшін бөгендер салынады.

Бөгендер дегеніміз – жасанды су қоймалары.

Жасанды су қоймаларын біздің заманымызға дейін 3000 жыл бұрын египеттіктер жасаған. Бөгендер өзен аңғарларына су ағынын реттейтін бөгеттер салу арқылы жасалады. Бөгендерде қөктемде еріген қар суы жиналып, жазда тиісінше жіберіліп отырады. Бөген сулары халықтың суға деген сұранысын қамтамасыз етеді, егістік суаруға, электр қуатын алуға, жол қатынасына пайдаланылады.

Қазақстан аумағында Ертіс өзеніне Бұқтырма, Сырдария өзеніне Шардара, Іле өзеніне Қапшағай бөгендері салынған.

Жер бетінде өзендер мен көлдер көп, тұщы судың қоры өте аз. Жер бетіндегі суды ұқыпсыз пайдаланудың да зардабы үлкен. Мысалы, еліміздегі Арал теңізінің тартылу себептерінің бірі оған құятын Сырдария мен Әмударияның суын егіншілікке орынсыз ысырап қылу әсерінен болған.

Адамдардың ұқыпсыздығынан өнеркәсіп қалдықтарының сарқынды сулары, егістікке пайдаланылатын тыңайтқыш ерітінділері жер бетіндегі суларға қосылып, ластанғандықтан, жер бетіндегі суы таза өзен,  көлдер азайып жатыр. Өзен, көлдердің суларын ластанудан сақтау үшін тұрмыста пайдаланылған суларды, өндірістен шыққан сарқынды суларды толық тазартудан өткізу керек.

Су көздерінің тыңайтқыштардан ластануын болдырмау үшін олардың суға қосылуына жол бермей, белгілі мөлшермен пайдалану керек. Суды сарқылудан сақтау үшін оны ұқыпты пайдалану қажет.

Қазақстан Республикасының «Су туралы кодексінде» өзен-көлдердің суын қорғауға ерекше көңіл бөлінген.

Су – тіршілік көзі. Жануарлар дүниесі, өсімдіктер әлемі, адамдар сусыз тіршілік ете алмайды. Тұтынатын су көздерін сақтау, үнемдеу, жақсарту – күн тәртібінен түспейтін маңызды мәселе. Ата-бабаларымыз  да суды ысырапсыз пайдалануға жол бермеген. «Судың да сұрауы бар», «Жер – қазына, су – алтын» деген нақыл сөздер оның айғағы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *