2006 жылғы 31 қаңтарда «Жеке кəсіпкерлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Қазақстан мемлекеті тəуелсіздігін алып, өз заңнамалары қалыптасқалы бері осы заңға дейін де жеке кəсіпкерлікті қолдауды құқықтық реттеуге арналған бірнеше заңдар қабылданып, оларға бірнеше рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілген.

Олар: 1) «Жеке кəсіпкерлікті қорғау жəне қолдау туралы» 1992 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы; 2) «Шағын кəсіпкерлікті мемлекеттік қолдау туралы» 1997 жылғы 19 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы; 3) «Жеке кəсіпкерлік туралы» 1997 жылғы 19 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы.

«Жеке кəсіпкерлік туралы» туралы 2006 жылы қабылданған Заң жеке жəне мемлекеттік емес заңды тұлғалардың жеке кəсіпкерлікті жүзеге асыруына байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді, Қазақстан Республикасындағы жеке кəсіпкерліктің еркіндігін қамтамасыз ететін негізгі құқықтық, экономикалық жəне əлеуметтік жағдайлар мен кепілдіктерді айқындайды.

Бұл Заңда мынадай негiзгi ұғымдар бар:

  • бизнес-инкубатор – шағын кəсiпкерлiк субъектiлерiнiң қалыптасуы кезеңiнде өндiрiстiк үй-жайлар, жабдық беру, ұйымдық, құқықтық, қаржылық, консалтингiлiк жəне ақпараттық қызметтер көрсету жолымен оларды қолдау үшiн құрылатын заңды тұлға;
  • бизнестің əлеуметтік жауаптылығы – жеке кəсіпкерлік субъектілерінің əлеуметтік, экономикалық жəне экологиялық салаларда қоғамды дамытуға қосқан ерікті үлесі;
  • жеке кəсiпкерлiк — жеке кəсiпкерлiк субъектiлерiнiң кiрiс алуға бағытталған, жеке кəсiпкерлiк субъектiлерiнiң өздерiнiң меншiгiне негiзделген жəне жеке кəсiпкерлiк субъектiлерiнiң атынан олардың тəуекелiмен жəне мүлiктiк жауапкершiлiгiмен жүзеге асырылатын бастамашылық қызметi;
  • жеке кəсiпкерлiктi мемлекеттiк қолдау — Қазақстан Республикасында кəсiпкерлiк бастаманы iске асыру үшiн жеке кəсiпкерліктi дамытуды ынталандыру, қолайлы құқықтық, экономикалық жəне əлеуметтiк жағдайлар жасау жөнiндегi мемлекеттiк шаралар кешенi;
  • жеке кəсiпкерлiктiң инфрақұрылымы — өз iсiн ұйымдастыруға жəрдемдесудi, құқық, маркетинг, инжиниринг жəне менеджмент саласындағы ақпаратпен қамтамасыз етудi, коммерциялық негiзде материалдық-техникалық, қаржылық жəне басқа да ресурстармен қамтамасыз етуде қолдауды қоса алғанда, жеке кəсiпкерлiктiң жұмыс істеуі мен дамуының жалпы шарттарын қамтамасыз ететiн, құрылатын немесе жұмыс iстеп тұрған ұйымдар кешенi;
  • жеке кəсiпкерлiк субъектiлерi — кəсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын жеке жəне мемлекеттiк емес заңды тұлғалар;
  • жеке кəсiпкерлiк субъектiлерiнiң бiрлестiгi — жеке кəсiпкерлiк субъектiлерi өздерінің кəсіпкерлік қызметін үйлестіру, сондай-ақ жеке кəсiпкерлiк субъектiлерiнiң құқықтарын, заңды мүдделерiн білдіру жəне қорғау қорғау үшiн құратын коммерциялық емес ұйым;
  • жеке кəсiпкерлiк субъектiлерiнiң бiрлестiктерiн аккредиттеу -кəсiпкерлiк мəселелерi жөнiндегi сараптамалық кеңестерде жеке кəсiпкерлiк субъектiлерiнiң мүдделерiн бiлдiруге белгiленген өлшемдерге жеке кəсiпкерлiк субъектiлерi бiрлестiктерiнiң сəйкестiгiн тиiстi мемлекеттiк органдардың тануы;
  • индустриялық аймақ — коммуникациялармен қамтамасыз етiлген, мемлекет жеке кəсiпкерлiк субъектiлерiне өнеркəсiп объектiлерiн орналастыру жəне пайдалану үшiн Қазақстан Республикасының Жер кодексiнде жəне Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгiленген тəртiппен беретiн ауыл шаруашылығы мақсатындағы емес жер;
  • кəсiпкерлiк жөнiндегi уəкiлеттi орган — жеке кəсiпкерлiктi дамыту саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
  • кəсіпкерлік мəселелері жөніндегі сараптамалық кеңес – орталық мемлекеттік жəне жергілікті атқарушы жəне өкілді органдар жанынан жеке кəсіпкерлік мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларына жеке кəсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінен жəне мүдделі коммерциялық емес ұйымдардан сараптамалық қорытындылар алу жəне жеке кəсіпкерлікті қолдау жəне қорғау, оның ішінде əкімшілік кедергілерді жою мақсатында мемлекеттік органдардың қызметін жетілдіру туралы ұсыныстарды талдап-əзірлеу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру үшін құрылатын консультативтік-кеңесші орган;
  • коммерциялық құпия — жеке кəсiпкерлiк субъектiсi айқындайтын жəне қорғайтын, заңды негiзде еркiн қол жеткiзуге адамдардың шектеулi тобы ие болатын, жариялануы, алынуы, пайдаланылуы оның мүдделерiне залал келтiруi мүмкiн ақпарат;
  • шағын кəсiпкерлiктi қолдау орталықтары — оқытуды, ақпараттық қамтамасыз етудi, консультациялық жəне маркетингтiк қызметтер көрсетудi, шағын кəсiпкерлiк субъектiлерiнiң жобаларына құқықтық, экономикалық жəне технологиялық сараптама жасауды жүзеге асыратын заңды тұлғалар.

Заңға сəйкес жеке кəсіпкерлікті шектеу Қазақстан Республикасының заңдарына сəйкес мемлекеттің айрықша құзыретіне жатқызылған мəселелер бойынша ғана орын алуы мүмкін. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың жекелеген жеке кəсіпкерлік субъектілерінің артықшылық жағдайын белгілейтін нормативтік құқықтық актілер қабылдауына тыйым салынады.

Жеке кəсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің негізгі мақсаты – жеке кəсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау жəне мемлекеттің мүдделері мен тұтынушылардың құқықтарын қорғау.

Қазақстанда жеке кəсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің мынадай негізгі принциптері бар: — жеке кəсіпкерлік еркіндігінің кепілдігі жəне оны қорғау мен қолдауды қамтамасыз ету; — кəсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға барлық жеке кəсіпкерлік субъектілерінің теңдігі; — жеке кəсіпкерлік субъектілерінің меншігіне қол сұғылмауы мен оны қорғаудың кепілдігі; — шағын кəсіпкерлікті дамытудың басымдығы; — жеке кəсіпкерліктің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларына сараптама жасауға жеке кəсіпкерлік субъектілерінің қатысуы болып табылады.

Жеке кəсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актінің жобасына сараптамалық қорытындылар жасалады, оларды мемлекеттік органдар белгілеген мерзімде жеке кəсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің одағы (қауымдастығы), шағын кəсіпкерлік жөніндегі бірлестік, жеке кəсіпкерлік субъектілерінің салалық бірлестіктері жасап, мемлекеттік органға тапсырады. Олар сараптамалық қорытындымен келіскен кезде нормативтік құқықтық актінің жобасына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізеді, сараптамалық қорытындымен келіспеген жағдайда жеке кəсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестігіне сараптамалық қорытындымен келіспеу себептерінің негіздемесі бар жауап жібереді.

Жеке кəсіпкерліктің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актіні қолданысқа енгізу мерзімі жеке кəсіпкерлік субъектісіне қызметті Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленетін талаптарға байланысты жүзеге асыруға дайындалу үшін қажетті мерзімдер негізге алына отырып, белгіленуге тиіс. Нормативтік құқықтық актілердің қолданысқа енгізілу тəртібі мен мерзімдері жеке кəсіпкерлік субъектілеріне залал келтірмеуге тиіс.

Жеке кəсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобалары оларды тиісті органда немесе сарапшылық кеңестің отырысында қарағанға дейін бұқаралық ақпарат құралдарында, интернет-ресурстарды қоса алғанда міндетті түрде жарияланады (таратылады).

Жеке кəсіпкерлік субъектісі болып табылатын заңды тұлға Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген ұйымдық-құқықтық нысанда ғана құрыла алады. Ол: шағын кəсіпкерлік субъектілеріне, орта кəсіпкерлік субъектілеріне жəне ірі кəсіпкерлік субъектілеріне жатқызылуы мүмкін.

Заңды тұлға құрмаған, жұмыскерлерінің жылдық орташа саны елу адамнан аспайтын дара кəсіпкерлер жəне кəсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын, жұмыскерлерінің жылдық орташа саны елу адамнан аспайтын жəне жыл бойғы активтерінің орташа жылдық құны тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген алпыс мың еселенген айлық есептік көрсеткіштен аспайтын заңды тұлғалар шағын кəсіпкерлік субъектілері болып табылады.

Шағын кəсіпкерлік субъектілері жұмыскерлерінің жылдық орташа саны осы субъектінің филиалдарының, өкілдіктері мен басқа да оқшау бөлімшелерінің жұмыскерлерін қоса алғанда, барлық жұмыскерлері ескеріле отырып, айқындалады. Осы белгіленген шарттардың бірі артық болып кеткен жағдайда, шағын кəсіпкерлік субъектілеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында шағын кəсіпкерлік субъектілері үшін көзделген жеңілдіктер қолданылмайды.

Заңды тұлға құрмаған, жұмыскерлерінің жылдық орташа саны елу адамнан астам дара кəсіпкерлер жəне жеке кəсіпкерлікті жүзеге асыратын, жұмыскерлерінің жылдық орташа саны елуден астам, бірақ екі жүз елу адамнан аспайтын немесе жыл бойғы активтердің орташа жылдық құны тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген үш жүз жиырма бес мың еселенген айлық есептік көрсеткіштен аспайтын заңды тұлғалар орта кəсіпкерлік субъектілері болып табылады.

Жеке кəсіпкерлікті жүзеге асыратын, жұмыскерлерінің жылдық орташа саны екі жүз елу адамнан артық немесе жыл бойғы активтердің жалпы құны тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген үш жүз жиырма бес мың еселенген айлық есептік көрсеткіштен асатын заңды тұлғалар ірі кəсіпкерлік субъектілері болып табылады.

Дара кəсіпкерлік өзіндік немесе бірлескен кəсіпкерлік түрінде жүзеге асырылады. Өзіндік кəсіпкерлікті бір жеке тұлға өзіне меншік құқығымен тиесілі мүлік негізінде, сондай-ақ мүлікті пайдалануға жəне (немесе) оған билік етуге жол беретін өзге де құқыққа орай дербес жүзеге асырады.

Бірлескен кəсіпкерлікті жеке тұлғалар (дара кəсіпкерлер) тобы өздеріне ортақ меншік құқығымен тиесілі мүлік негізінде, сондай-ақ мүлікті бірлесіп пайдалануға жəне (немесе) оған билік етуге жол беретін өзге де құқыққа орай жүзеге асырады.

Бірлескен кəсіпкерлік кезінде жеке кəсіпкерлікпен байланысты барлық мəмілелер бірлескен кəсіпкерліктің барлық қатысушыларының атынан жасалады, ал құқықтар мен міндеттер олардың атынан алынады жəне жүзеге асырылады.

Бірлескен кəсіпкерліктің нысандары: — ерлі-зайыптылардың ортақ бірлескен меншігі негізінде жүзеге асырылатын ерлі-зайыптылардың кəсіпкерлігі; — шаруа немесе фермер қожалығының ортақ бірлескен меншігі немесе жекешелендірілген тұрғын үйге ортақ бірлескен меншік негізінде жүзеге асырылатын отбасылық кəсіпкерлік; — жеке кəсіпкерлік ортақ үлестік меншік негізінде жүзеге асырылатын жай серіктестік болып табылады.

Қазақстан Республикасының азаматтары мен оралмандарды қоспағанда, жеке тұлғаларға дара кəсіпкерлікті жүзеге асыруға тыйым салынады. Жеке кəсіпкерлік субъектілерінің құқықтары: 1) егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, жеке кəсіпкерліктің кез келген түрін жүзеге асыруға; 2) Қазақстан Республикасының заңдарына сəйкес жалдамалы еңбекті пайдалана отырып, жеке кəсіпкерлікті жүзеге асыруға; 3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тəртіппен филиалдар мен өкілдіктер құруға; 4) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, өндірілген тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) бағасын дербес белгілеуге; 5) жеке кəсіпкерлік субъектілеріне өтеулі негізде қаражат (қарыз) беруге; 6) өзінің құқықтық қабілеті шегінде сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыруға; 7) жеке кəсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерін құруға; 8) жеке кəсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері арқылы сарапшылық кеңестердің жұмысына қатысуға; 9) бақылау жəне қадағалау қызметін жүзеге асыратын құқық қорғау органдарына жəне мемлекеттік органдарға жеке кəсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын бұзуға кінəлі тұлғаларды жауапқа тарту мəселелері бойынша жүгінуге; 10) өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін сот органдарына жүгінуге; 11) жеке кəсіпкерлікті қолдау жəне қорғау мəселелері жөніндегі нормативтік құқықтық актілердің орындалмауына немесе тиісінше орындалмауына септігін тигізетін себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыныстарды мемлекеттік органдардың қарауына енгізуге; 12) əлеуметтік, экономикалық жəне экологиялық салалардағы жобаларды іске асыру немесе оған қатысу жолымен бизнестің əлеуметтік жауапкершілігі шараларын өз қызметінде қолдануға құқылы.

Жеке кəсіпкерлік субъектілерінің міндеттері: 1) Қазақстан Республикасының заңнамасын, жеке жəне заңды тұлғалардың құқықтарын жəне заңмен қорғалатын мүдделерін сақтауға; 2) өндірілетін өнімнің (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сəйкестігін қамтамасыз етуге; 3) Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңына сəйкес лицензиялануға жататын жеке кəсіпкерлік түрлерін жүзеге асыруға лицензиялар алуға; 4) Қазақстан Республикасының заңдарына сəйкес азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыруды жүзеге асыруға міндетті.

Жосықсыз бəсекені жүзеге асыруға жол бермеу мақсатында жеке кəсіпкерлік субъектілерінің Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген еркін бəсекелестікке басқа жеке кəсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын бұзу жолымен бəсекелестікті шектеуге немесе жоюға бағытталған іс-əрекеттеріне (əрекетсіздігіне) тыйым салынады.

Ішкі нарықты қорғау Қазақстан Республикасының заңдарына сəйкес тарифтік жəне тарифтік емес реттеу шараларымен жүзеге асырылады. Жеке кəсіпкерлік субъектісі туралы ақпаратты қорғау коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты заңсыз алуға, таратуға не пайдалануға тыйым салудан тұрады.

Жеке кəсіпкерлік субъектісі тіркеу, бақылау қызметін орындау кезінде жəне басқа да іс-əрекеттер жасау кезінде мемлекеттік органдарға жəне лауазымды адамдарға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген, оларға жүктелген міндеттерді іске асыру үшін қажетті ақпараттан басқа, коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты бермеуге құқылы.

Құқық қорғау органдары прокурор санкциясы, тергеу органдарының қылмыстық іс қозғау туралы қаулысы негізінде не сот қаулысының негізінде жеке кəсіпкерлік субъектісінен де, мұндай ақпаратқа ие мемлекеттік органдардан да қажетті ақпаратты, соның ішінде коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты сұратуға жəне алуға құқылы.

Заңды күшіне енген сот шешімі бар ақпаратты қоспағанда, коммерциялық жəне заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты жеке кəсіпкерлік субъектісінің келісімінсіз жария етуге болмайды.

Шағын кəсіпкерлік субъектілерінің бухгалтерлік есепке алуды жүргізу мен қаржылық есептілік жасау тəртібi міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын дара кəсіпкерлерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есептілік туралы заңнамасында айқындалған тəртіппен жүзеге асырылады.

Мемлекеттік қаржылық қолдауға жататын жеке кəсіпкерлік субъектілерінің қызметі жүзеге асырылатын экономика саласын (салаларын) қаржылық қолдау тəртібін, нысанын, мемлекеттік қаржылық қолдау көрсету үшін тартылатын заңды тұлғаны (тұлғаларды), қаржылық қолдау мөлшері мен мемлекеттік қаржылық қолдау көрсету үшін қажетті басқа да талаптарды Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

Шағын кəсіпкерлікті мемлекеттік қолдау ережелері осы тақырыпқа арналған бапта айқындалды. Индустриялық аймақтар жеке кəсіпкерлікті дамыту үшін экономикалық жəне ұйымдық жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында құрылады. Индустриялық аймақтардың міндеттері: 1) өнеркəсіп саласындағы жеке кəсіпкерлікті жедел дамытуға жəрдемдесу; 2) жаңа өндірістер инфрақұрылымын құруға жəне дамытуға арналған шығындарды оңтайландыру; 3) өндіріс тиімділігін арттыру; 4) халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету болып табылады.

Мемлекеттік органдар жеке кəсіпкерлік субъектілеріне жер учаскелерін, ғимараттарды, үй-жайларды сатады, не жер учаскесінің нысаналы мақсатын Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сəйкес өзгертеді, не Қазақстан Республикасының тұрғын үй қатынастары туралы заңнамасына сəйкес сатып алу-сату шартына не рұқсатқа қажетті инфрақұрылымға қосудың техникалық шарттарын міндетті түрде қоса отырып, тұрғын үйді тұрғын емес үй-жай етіп қайта жабдықтауға рұқсат береді. Жеке кəсіпкерлік субъектілерін одан əрі инфрақұрылымға қосу сатып алу-сату шартына не рұқсатқа сəйкес жүзеге асырылады.

Ауыл шаруашылығы қызметін жүзеге асыратын жеке кəсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік қолдау республикалық жəне өңірлік деңгейлерде жүргізіледі жəне Қазақстан Республикасының заңдарына сəйкес реттеледі. Ауыл шаруашылығы қызметін жүзеге асыратын жеке кəсіпкерлікке мемлекеттік қолдау көрсетудің мерзімі, көлемі мен шаралары Қазақстан Республикасының заңдарына сəйкес белгіленеді.

Жеке кəсіпкерлікті ақпараттық қамтамасыз ету үшін барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар таратуға шек қойылмаған, оның ішінде осы Заңның 5- бабында көзделген ақпарат пен материалдарды тегін негізде тарату үшін интернет-ресурстар құруға жəне олардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге жəне олардың жарнамасын, сондай-ақ осы ақпаратты жеке кəсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерге енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға байланысты жаңартып отыруды қамтамасыз етуге міндетті.

Жеке кəсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілер жобаларына сараптама жасау үшін аккредиттелуге үміткерлер жеке кəсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктері болып табылады.

Жеке кəсiпкерлiкті мемлекеттiк реттеудің мақсаттары жеке кəсiпкерлiк субъектiсi өндiретiн жəне өткізетін өнiмнiң адамдар өмiрi мен денсаулығына қауiпсiздiгiн, олардың мүліктік мүдделерін қорғауды, қоршаған ортаға қауiпсiздiгiн, Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, мемлекеттің мүліктік мүдделерін қорғау болып табылады.

Жеке кəсіпкерлікті мемлекеттiк реттеудің түрлерi: 1) Қазақстан Республикасының заңдарымен жеке кəсiпкерлiктің субъектілеріне, сондай-ақ өнiмдерiне, үдерістерiне талаптар белгiлеу; 2) сəйкестiктi, тексеру, калибрлеу жəне сынақ зертханаларын (орталықтарын) растау жөнiндегi органдарды аккредиттеу; 3) өнiмнiң, үдерістердің жекелеген түрлерiнiң Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сəйкестiгiн мiндеттi растау; 4) жеке кəсiпкерлiктi мемлекеттiк бақылау жəне қадағалау; 5) лицензиялау, сертификаттау, аккредиттеу жəне рұқсаттардың өзге де түрлерін беру; 6) Қазақстан Республикасының заңдарына сəйкес жеке кəсiпкерлiк субъектiлерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершілігін мiндеттi сақтандыру; 7) Қазақстан Республикасының заңдарымен жеке кəсiпкерлiк субъектiлерiнiң, мемлекеттiк органдардың жəне олардың лауазымды адамдарының жауапкершілігін белгiлеу.

Жеке кəсіпкерлікті мемлекеттік бақылау жəне қадағалау, егер өнімдерге, үдерістерге қойылатын, Қазақстан Республикасының заңдарында жəне Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларында белгіленген талаптар, сондай-ақ жекелеген өнім түрлерінің, үдерістердің сəйкестігін растау жөніндегі қойылатын талаптар мемлекеттік реттеу мақсаттарына қол жеткізу үшін жеткіліксіз болған жағдайларда белгіленеді.

Жеке кəсіпкерлік субъектілерінің қызметін мемлекеттік бақылау жəне қадағалау мынадай: 1) ұйымдастыру жəне жүргізу тəртібі «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау жəне қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен айқындалатын тексеру нысанында; 2) ұйымдастыру жəне жүргізу тəртібі Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалатын алдын алу-профилактикалық сипаттағы бақылаудың өзге де нысандарында жүзеге асырылады.

Жеке кəсіпкерліктің жекелеген түрлерін лицензиялау Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасына сəйкес жүзеге асырылады. Жеке кəсіпкерлік субъектілерінің азаматтық-құқықтық жауаптылығын міндетті сақтандыру, егер аталған Заңның 29-бабының 2-тармағында көрсетілген мемлекеттік реттеу түрлерін қолдану мемлекеттік əкімшілік ету мақсаттарына қол жеткізуді қамтамасыз етпейтін жағдайларда Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленеді.

Мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдары мемлекеттік реттеудің мақсатына қол жеткізбеген мемлекеттік бақылауды жəне қадағалауды, лицензиялауды жүзеге асыру кезінде өз қызметтік міндеттерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда, сондай-ақ өзге де құқыққа қайшы іс- əрекеттер (əрекетсіздік) жасағанда Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

Мемлекеттік органдар мемлекеттік бақылауды жəне қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуда кінəлі лауазымды адамдарына қатысты қабылданған шаралар туралы құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жеке кəсіпкерлік субъектісіне бір ай ішінде жазбаша хабарлауға міндетті.

Мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдары жеке кəсіпкерлік субъектісі туралы ақпаратты таратқаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады, ал жеке кəсіпкерлік субъектісінің келісімінсіз ақпаратты тарату нəтижесінде оған келтірілген зиян өтелуге тиіс.

Мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдарының жеке кəсіпкерлік қызметіне заңсыз кедергі жасайтын кез келген іс-əрекеті (əрекетсіздігі) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа əкеп соғады.

Қызметін мəжбүрлеп тоқтата тұру немесе тыйым салу солардың қызметін реттейтін Қазақстан Республикасының заңдарына сəйкес жүзеге асырылатын қаржылық ұйымдардың, кредиттік бюролардың кəсіпкерлік қызметін қоспағанда, жеке кəсіпкерлік субъектісінің қызметін мəжбүрлеп тоқтата тұруды немесе тыйым салуды бақылау қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың өтініші бойынша сот жүргізеді.

Жеке кəсіпкерлік субъектісінің қызметін сот шешімінсіз үш күннен аспайтын мерзімге тоқтата тұруға немесе оған тыйым салуға, көрсетілген мерзімде талап-арызды сотқа табыс етуді міндеттей отырып, ерекше жағдайларда жол беріледі.

Бұл ретте бақылау қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік органның қызметті тоқтата тұру немесе оған тыйым салу туралы актісі соттың шешімі шыққанға дейін қолданыста болады. Кəсіпкерлік қызметіне заңсыз кедергі келтіру салдарынан жеке кəсіпкерлік субъектісі көтерген барлық шығындар мен жеке кəсіпкерлік субъектісіне келтірілген өзге де зиян өтелуге жатады.

Мемлекеттік орган немесе оның лауазымды адамы жеке кəсіпкерлік субъектісіне тексеру жүргізудің белгіленген тəртібін бұзған жағдайда (тексеруді негізсіз тағайындау, акті шығармай жəне оны құқықтық статистика органында тіркемей тексеру жүргізу, құжаттарды заңсыз алып қою, материалдық құндылықтарды заңсыз түгендеу, өндірісті тоқтата тұру, артық анықтамалар толтыру, негізсіз сұрау салуларды талап ету жəне өзге де жағдайларда) өтеулі талап етілетін шығындардың көлеміне тексеруге арналған материалдарды дайындағаны үшін жеке кəсіпкерлік субъекті қызметкерлеріне төленген сыйақы сомалары, өндірістің мəжбүрлі тоқтаған уақытына жалақы, өндірісті тоқтата тұру салдарынан шығарылмаған тиісті тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізу кезінде жеке кəсіпкерлік субъектісінің алуы ықтимал жіберіп алған пайда енгізілуі мүмкін.

Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тəртіппен заңсыз деп танылған мемлекеттік бақылауды жəне қадағалауды жүргізу кезінде мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының іс-əрекетімен (əрекетсіздігімен) жеке кəсіпкерлік субъектісіне келтірілген зиян Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сəйкес өтелуге жатады.

Мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының тексеру жүргізу кезіндегі заңсыз іс-əрекеттері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа əкеп соғады. Жеке кəсіпкерлік субъектілері жеке жəне заңды тұлғалар мен мемлекеттің құқықтарын жəне заңмен қорғалатын мүдделерін сақтауға міндетті. Жеке кəсіпкерлік субъектілерінің Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа əкеп соғады.

Жеке кəсіпкерлік субъектілерінің Қазақстан Республикасының жосықсыз бəсеке туралы заңнамасын бұзуы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа əкеп соғады. Жеке кəсіпкерлік субъектілерінің Қазақстан Республикасының демпингке қарсы шаралар туралы заңнамасын бұзуы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа əкеп соғады. Жеке кəсіпкерлік субъектілерінің Қазақстан Республикасының тауарлар импорты кезінде ішкі рынокты қорғау шаралары туралы заңнамасын бұзуы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа əкеп соғады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *