ХХ ғасырдың 40-50 жылдарындағы қазақ романы ұлттық əдебиетіміз тарихының жарқын беттерін құрайды. Алдыңғы жылдардың (20-30 жылдар) қуғын-сүргінінен есін жиып, қазақ халқы бастан кешкен тарих жолын көркемдікпен жаңаша тануда бұл дəуір туындыларының маңызы үлкен. Қазақ романы бұл тұста алдымен орыс тіліне аударылып, одақ оқырмандарына танылды. Содан біртіндеп əлемдік кеңістікке шықты. Сол кездегі Одақтық жазушылар ұйымының жетекшісі, аса көрнекті орыс жазушысы Александр Фадеев қазақ əдебиетін: «Кəсіби үлкен əдебиет болып, бүкіл одақтық əдебиеттің дəрежесіне көтерілген жəне сол арқылы дүние-жүзілік аренаға шыққан əдебиет» 102 – деп бағалады. Ол Парижде «Француз – СССР қоғамының» жиналысында сөйлеген сөзінде кеңес əдебиетінің соңғы жетістіктері туралы айта келіп, қазақ əдебиетінен М.Əуезовтің «Абай», Ғ.Мұстафиннің «Миллионер» романдарын мысалға келтірді 103 . Бұлардан басқа ол кезде орыс тіліне аударылып, одаққа танылған романдар да аз емес еді. С.Мұқановтың «Ботакөз», Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ солдаты», Ғ.Мұстафиннің «Шығанақ» романдары 1949 жылы Мəскеуде өткен қазақ əдебиеті мен өнерінің онкүндігінде жақсы баға алып, Мəскеу баспасөзінің беттерінде жақсы пікірлер туғызды 104 . 50-жылдары шыққан М.Əуезов романының 3-4 кітаптары (тұтастай «Абай жолы» аталған), Ғ.Мүсіреповтің «Оянған өлке», Ғ.Мұстафиннің «Қарағанды», «Дауылдан кейін» романдары да орыс тіліне аударылып, одақтық кеңістікке шықты. Содан шет тілдеріне аударылды. Олар жақсы баға алып, қазақ романының даңқын əлемге əйгіледі.

40-50 жылдары жарық көрген қазақ романдары бұл айтылғандардан əлдеқайда көп еді. Бірақ олардың бəрі бірдей таныла қойған жоқ. Сол бір тұста Қазақстанда өткен ұлтшылдық науқан, партияның солақай саясаты біраз шығармалардың оқырманға жетуіне жəне танылуына бөгет жасады. Оның үстіне аудару жағдайының қиындығы, сынның əлсіздігі де əсер етті. Біраз шығармалар жөндеуді, толықтыруды қажет етті. С.Мұқановтың «Менің мектептерім» (1941), «Балуан Шолақ» (1942), Ə.Əбішевтің «Жас түлектер» (1945), Ғ.Слановтың «Жанартау» (1945) романдары шығысымен сынға ұшырып, оқырманға кешеуілдеп жетті. Олар жөндеуден өтіп басылды. Кейін қазақ сыны бұл романдарға да тиісті бағасын берді. Əдебиеттік зерттеулерде де ұнамды бағаланды 106 . Бұл дəуірдегі қазақ романы тұтастай Е.Ысмаиловтың, М.Қаратаевтың, Т.Нұртазиннің, З.Ахметовтің, Р.Бердібаевтың, С.Қирабаевтың, Е.Лизунованың, М.Атымовтың тарихи зерттеулері мен мақалаларында кеңінен қарастырылды деуге əбден болады.

Соған қарамастан, қазақ романының, солардың ішінде, осы дəуір туындыларының зерттелмеген аспектісі де əлі де аз емес-ті. Солардың бірі – біз көтеріп отырған проблема. Ол кезде кеңестік əдебиет пен ғылымда ұлттың бірлігі жəне ұлттық идея деген сөз ұғым болмады. Ол дəуірдің негізгі идеясы кеңес одағының тұтастығы мен соны біріктірген халықтардың бірлігі, Ресей мен орыс мəдениетінің сол халықтар өміріндегі, қоғамдық дамуындағы прогрестік ролі туралы болатын. Бұл да, əрине, кеңес қоғамы дамуының сол бір тұсында қажет идея-тын. Орыстың жəне əлемдік прогресшіл əдебиет қазақтардың рухани жаңаруына белгілі дəрежеде ықпал еткені де рас. Бірақ біз оны асыра дəріптеп, мəселенің екінші ұлттық жағына жете көңіл бөлмей, саяси идеология дəрежесіне көтеріп жібердік. Қазақтардың өздері де осы бағытты ұстанды. Ұлттық əдебиетіміз үлкен саясаттың ыңғайымен кеңес заманын «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған», қазақ халқы мұратына жеткен заман ретінде жырлады. Ұлттық мүдде, ұлттық сезім, тіл, діл, психология мəселелері жабық қалпында қалды. Қазақ өмірі туралы өз тілінде жазылған шығармалардың қаһармандары ұлт өкілі ретінде қаралғанмен, ұлттық мінез-құлықтың, психологияның басқаға ұқсамайтын ерекшеліктері сөз болмады. Тіпті жекелеген шығармаларда ондай ерекшеліктер көрініс тапқанмен, сын, зерттеу оларға көңіл аударуды қажет санамады. Əдеби сын мен зерттеу шығармадағы заманның озық идеяларын ғана нысанаға алып, дамудың басты тенденциясын анықтаумен шектелді. «Абай жолы» – тек Абай арқылы келген демократия мен ағартушылық жолы деп, «Оянған өлке» – ХХ ғасырда қазақ даласына өндіріс арқылы кірген жаңалықтар мен қазақ қоғамының жаңаруға бет алуын көрсететін шығарма деп бағалауды қанағат тұттық. «Ботакөз» қазақ даласына революция əкелген бостандықты суреттеген роман ретінде қаралды. Расы солай болғанмен, сол романдарда суреттелген қоғамдық дамудың қайшылықтары, əр ұлт өкілдерінің жаңарудан іздеген, тапқан өз мүддесі, əлеуметтік тартыста танылған күшті ұлттық характерлер жағына жете назар аударылмады. Социалистік қоғамның күрделі саяси жағдайында таза қазақтық идеядан жалтару көбірек орын алды. Сол дəуір романдарын қайта оқу негізінде осы мəселелерді бүгін тəуелсіз елдің мүддесі тұрғысынан бағамдауға мүмкіндік енді ғана туғаны белгілі.

40-жылдар Сəбит Мұқановтың «Менің мектептерім», «Балуан Шолақ» атты романдарымен басталды. «Менің мектептерім» əуелде жеке кітап болып басылғанымен, кейін көп жөндеулерден өтіп, жазушының «Өмір мектебі» атты үш кітаптан тұратын трилогиясының бірінші томы болып кірді. Ол жазушының балалық өмірін ХХ ғасырдың басындағы қазақ кедейінің тіршілігі мен жетім бала тағдырын суреттеген, М.Горькийдің «Балалық шақ», «Кісі есігінде», «Менің университеттерім» атты шығармаларына еліктеуден туған шығарма болатын. М.Горький шығармаларын 1923 жылы қолына түсіріп оқығанын, «олардағы оқиғалардан өз өмірінің кейбір елестерін көргендей болғанын» 107 Сəбит өз өмірбаянында жазған. Романның алғашқы жазылған нұсқасынан кейбір үзінділер 1930 жылы «Жаңа əдебиет» журналының 3-4-5 сандарында жарияланған. Содан кейінгі біраз үзілістен соң роман (əуелгі нұсқаны «повесть- хикая» деп атаған) 1941 жылы жеке кітап болып басылды. 50-жылдары оны жөндеп толықтырып «Өмір мектебіне» қосты.

Роман басты қаһарманы жазушы Сəбиттің өмір деректеріне құрылды да, оның балалық шағын, өскен ортасын ашатын материалдар негізінде сол кездегі қазақ ауылы шындығын көркем бейнелеуді мақсат тұтқан. Жазушы өз өмірінің хроникасын тізуге бармай, дəуір сырын танытарлық көріністерді іріктеп, оларды көркемдік талғамынан өткізген. Шығарманы кейін екінші (1955), үшінші (1963) кітаптармен толықтырып, кейіпкер өмірінің үш кезеңіне тəн өмір шындығын кең планда суреттеу арқылы өзі бастан кешкен өмір мектебі жайлы əңгімелейді. Ел өміріндегі өзгерістер, қоғамдық жаңару роман кейіпкерін жетімдік күйден көрнекті жазушы, қоғам қайраткері дəрежесіне көтереді. Мұның негізінде ХХ ғасырдағы халықтың азаттық жолындағы күресі мен жеткен жеңісінің жолы көрінеді. «Менің мектептерім» – романдық осы нұсқаның бастамасы, негізі болғаны даусыз. Ғасыр басындағы қазақтардың жоқшылық пен отаршылдық езгідегі өмірі, надандық жайлаған орта, соған қарамай халық бойында сақталған рухани күш, жасампаздық суреттері онда молынан қамтылған. Тарих жолы халық өмірін де қозғалысқа салып, ол біртіндеп прогреске ілесе түскені айқын байқалады. Ой-санаға өзгерістер кіреді.

Қазақ халқының ұлттық келбетін, халықтық дəстүрлері мен əдет-салтын ел ұстаған азаматтарының қайратты шешен, алғыр мінез-құлқын жан-жақты тереңдете танытуда М.Əуезовтің «Абай жолы» эпопеясы, əсіресе, оның 40- жылдары жарияланып, «Абай» деген атпен басылған алғашқы екі кітабы ерекше орын алады. Əдеби сында ол – «ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ халқы өмірінің энциклопедиясы» 111 деп бағаланған туынды. Бұл бағаны қазақ сыны да, орыс əдебиетшілері де, шет ел оқырмандары мен жазушылары да бекерге шығарған жоқ, қайта дəлелдеп бекіте түсті. Шынында, роман – сол тұстағы қазақ халқы өмірінің бірде-бір саласын қағыс қалдырмай, кең суреттеп жеткізеді. Феодалдық-рушылдық рухын сақтаған орта, рулар мен ру басшылары арасындағы талас-тартыс, билеушілердің байлық жинау жолындағы жанталасы мен қалың бұқара халықтың кедейленуі, жатақтардың шығуы жəне олардың күн көріс үшін күресі, күштінің əлсізге зорлығы, кек алу, ел тұрмысының сан-салалы көріністері – көшпелі өмірдің өз қызығы мен салтанаты, жайлауға көшу, құдалық, жастарды үйлендіру тойы мен салты, өлік жөнелту, аза тұту, оған ас беру, елді жайлаған жұт, болыс сайлауын өткізу ауыртпашылықтары, дау-шарды қазақы жолмен емес билік арқылы шешу сияқты орыс əкімшілігінің кіргізген жаңалықтары мен оны орындату, парашылдықтың ұлғаюы, қазақтың аңшылық дəстүрлері, табиғат пен адамның қарым-қатынасы, т.б. өмірді құрайтын детальдар үлкен көркемдікпен бейнеленіп, романда сол бір көшпелі қазақ өмірінің соңғы дəуірі көріністерін əдебиет бетінде сақтап қалған шығарма есебінде биік бағалауға мүмкіндік береді. Романның негізгі қаһарманы ұлы ақын Абай осы ортада туып өсіп, азаматтық жолға түседі. Халқының демократтық дəстүрлерін бойына сіңіріп өскен ол өмірдің таласты жағдайларында əрқашан жəбірленуші мен зорлық көруші жағында қалады. Солардың мүддесі үшін бай туысқандарымен де тартысқа түседі, дауға, билікке араласады. Қазақтың көшпелі өміріндегі жастық мінез-рух негізінде туған махаббатын да қадірлей біледі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *