Біздің планета атмосферасының массасы көп емес — Жер массасының миллионнан бір бөлігі ғана. Алайда, биосферадағы табиғи үдерістердегі оның рөлі елеулі. Жер шарының айналасында атмосфераның болуы біздің планетаның жалпы жылулық режимін анықтайды, зиянды ғарыштық және ультракүлгін сәулелерден қорғайды. Атмосфера циркуляциясы жергілікті климат жағдайларына, ал олар арқылы — өзен, топырақ режиміне, рельефтің қалыптасу үдерістеріне әсерін тигізеді.

Әр түрлі экожүйеге атмосфераның құрамына кіретін үш газдың маңызы зор: оттегі, көмір қышқыл газы, азот. Бұл газдар негізгі биогеоциклдерге қатысады. Жердің атмосферасындағы жағымсыз өзгерістер, негізінен атмосфера ауасындағы екінші ретті компоненттер шоғырлануының өзгерісімен байланысты.

Атмосфераның екі негізгі ластану көзі бар: табиғи және антропогендік. Атмосфераның ластануының негізгі антропогендік көздеріне отын-энергетика кешенді кәсіпорындары, транспорт, әр түрлі машина жасайтын кәсіпорындар жатады.

Ғалымдардың мәліметінше, адамдардың іс-әрекетінің нәтижесінде әлемде атмосфераға 25,5 млрд т көміртегі тотығы, 190 млн т күкірт тотығы, 65 млн т азот тотығы, 1,4 млн т хлорсутегі (фреон), қорғасынның органикалық қосындылары, соның ішінде канцерогенділері (онкологиялық аурулар тудырушы) түседі екен.

Газ тэрізді ластаушы заттардан басқа, атмосфераға үлкен мөлшерде қатты бөлшектер де түседі. Олар ыс, шаң, күйе. Табиғи ортаның ауыр металдармен ластануы өте қауіпті болып келеді. Қорғасын, кадмий, сынап, мыс, никель, мырыш, хром, ванадий өнеркәсіптік орталықтар ауасының тұрақты дерлік компоненттеріне айналды. Әсіресе, ауаның қорғасынмен ластану мәселесі қауіпті болып отыр.

Атмосфера ауасының ғаламдық ластануы табиғи экожүйенің жағдайына, әсіресе біздің планетамыздың жасыл қабатына әсерін тигізуде. Биосфера жағдайының көрсеткіші ретінде ормандар мен олардың жағдайын айтуға болады.

Күкірт қос тотығы және азот тотығынан тұратын қышқыл жаңбыр орман биоценозына үлкен зиянын тигізеді. Қылқанжапырақтылар әдетте жалпақ жапырақтыларға қарағанда қышқыл жаңбырлардан көп зардап шегетіні анықталған.

Озон қабатының жұқаруы — экологиялық мәселе, соның ішінде Антарктида мен Арктиканың үстінде озон тесіктерінің пайда болуы, тұрмыста және өндірісте фреонды мөлшерінен тыс қолданумен байланысты болып отыр.

Пайдаланылған әдебиеттер: Рыскиева Г.Ә., Өнеркісіп экологиясы – Алматы: Экономика, 2011. -262 бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *