Қазақстан аумағындағы «Ұлы Жібек жолы»

Осы тақырыпта қарастырылады: Ұлы Жібек жолының пайда болуы, негізгі бағыттары мен тармақтары, оның түркі бөлігі, сонымен қатар Ұлы Жібек жолының тарихи маңызын талқылаймыз.

[toc]

Ұлы Жібек жолының басталуы

Халықаралық сауда жолының тарихы б.з.б. 3-2 мыңжылдықтардан, Шығыс Түркістаннан Иран, Мысыр, Қытай мен Сирияға лазурит пен нефрит тасудан басталады. Б.з.б. 138 жылы Қытайдан император У-дидің Батыстың беймәлім елдеріне (күн қайда батса, сол жаққа) жіберген елшілік керуені жолға шығады. Ол алғаш рет Қытайдан Орталық Азияға тіке жол тартты. Сапар барысында сауда үшін қолайлы жолдар анықталды. Бұл жолдар Ұлы Жібек жолының негізін қалады.

Тарих ғылымында б.з.б. II ғасырды Ұлы Жібек жолының тұрақты жұмыс істеуінің басталуы деп есептеу қабылданған. Қытай елшісінен кейін іле-шала бұл жолмен Батысқа жібек керуендері жүрді. Рим мен Византия, Үндістан, Иран, Араб халифатынан осы елдерде өндірілетін тауарлар тасылды. Ұлы Жібек жолының маңызы — халықтар мен мәдениеттерді жақындастырып, өзара байытуында болды. Ұлы Жібек жолы өзінің атауын XIX ғасырда ғана алды. Оны неміс ғалымы, Азияның физикалық географиясы туралы еңбектердің авторы фон Рихтгофен ұсынды.

Тауарлар

Жібек сауданың басты түрі болды. Жібек алтынмен бірге халықаралық валюта міндетін атқарды. Оны патшалар мен елшілерге тарту етті, жалдамалы әскерге жалақы және мемлекеттік қарыздардың өтеуі ретінде төледі. Жібек өзінің жұқа, әсемдігінің арқасында алыс жерлерге тасымалданатын негізгі тауар саналды. Сонымен қатар иіссу, тәтті тағамдар, женьшень мен маталар, бояу, бағалы тастар, аң терісі, алтын, күміс құймалары сияқты бұйымдар да тасылды. Жібек жолымен араб арғымақтары, қаршыға, тотықұстар мен түйеқұстар т.б. сатуға әкелінді.

Жібек жолымен ежелгі мәдениет пен өнер туындылары таратылды. Орта Азия, Түркістаннан келген музыкант, биші, акробаттар Қытай императоры мен Византия сарайларында өз өнерлерін көрсетті. Жібек жолымен қытайлықтар өз елінде жоғары бағаланатын асыл тұқымды жылқы мен түйелерді Орталық Азиядан алдырды. Қытайлықтар керуен саудасы арқылы әкелінген ауыл шаруашылығы дақылдарын — бұршақ, пияз, қияр, сәбіз, анар, грек жаңғағы т.б. өз елдерінде өсіруді үйренді. Орталық Азиядан Қытайға жүннен тоқылған әртүрлі бұйымдар — кілем, жапқыш, төсеніштер әкелінді. Жүн өңдеу мен кілем тоқу әдісімен таныс емес қытайлықтарға бұл бұйымдар ерекше әсер етті.

Ұлы Жібек жолындағы сауда

Жібек жолы бағытымен өткен керуен саудасы пайда әкелумен қатар, үлкен қауіп-қатерге де толы еді. Сол себепті көпестер жолға жалғыз емес, қарулы адамдардан тұратын ірі керуендермен шықты. Керуендер жүк артылған бірнеше жүздеген малдан құралды. Олармен бірге саудагерлер, аудармашылар, нөкерлерін ерткен елшілер, дін таратушылар да сапар шекті.

Керуен саудасы арқылы жол бойында тұрақты түрде қызмет көрсететін орындар ашылды. Сол себепті Ұлы Жібек жолы бойында керуен сарайлар (жолаушылар тоқтап, демалатын жайлар) салынды. Оларда көпестер мен керуенге қызмет көрсететін арнайы адамдар, демалыс бөлмелері, тауар сақтауға, жүк артылған малға арналған қоражайлар, қажетті жемшөп, азық-түлік пен қоймалар болды. Керуен сарайлар көпес үшін қажетті тауарды сатып алатын, сататын орынға айналды. Айырбас сауда да дамыды. Жер иелері кедендік баж салықтарынан пайда тапты. Бұл артықшылықты жоғалтып алмау үшін Орталық Азия елдерінің билеушілері көпестерді қорғайтын заңдар қабылдады. Сауданы дамытуда көшпелі малшылар маңызды рөл атқарды. Олар керуендерге жол көрсетіп, азық және көлік малымен қамтамасыз етті.

Жібек жолындағы қалалар

Ортағасырлық авторлардың деректері мен археологиялық қазба жұмыстары Жібек жолы бойындағы халықаралық сауданың IX ғасыр мен XIII ғасырдың басында ерекше дамығандығын айғақтайды. Испиджаб, Кедер, Отырар, Тараз, Науакент, Баласағұн қалалары ірі сауда орталықтары саналды. Осы кезеңде Шу, Талас және Сырдария алқаптарында қала орталықтары қалыптасты. Бұл қала орындары Арал бойындағы құрғақ, шөлейт аймақтарда жақсы сақталған. Ұлтаралық және дінаралық төзімділік, өзге халықтың салт-дәстүріне құрметпен қарау Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалардың басты ерекшелігі болды.

Карта 1

Ұлы Жібек жолы және Қазақстанның ежелгі қалалары

Ұлы Жібек жолының түркі бөлігі

IIV ғасырларда Жібек жолы шығыста Хуанхэден басталып, Қашғария мен Ферғанаға, одан әрі Самарқан, Бұхара арқылы Сирияға өтті. VІ-ХІІІ ғасырларда Қытайдан Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан арқылы Батысқа өткен жол қызу тіршілікке толы болды. Жолдың мұндай сипаты бірнеше себептермен түсіндіріледі. Біріншіден, Жетісуда түркі қағандарының ордалары орналасты. Олар сауда жолдарының қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Екіншіден, VII ғасырда Ферғана арқылы өтетін жол өзара қақтығыстар салдарынан қауіпті еді. Үшіншіден, бай түркі ақсүйек қауымы теңіздің ар жағынан келген тауарларды көтерме бағамен сатып алып отырды.

Жібек жолы жүзжылдықтар бойы өзгерістерге ұшырады. Жолдың бір бөлігінің маңызы ерекше артса, кейбірі, керісінше, жойылып кетті, ал енді бірі құлдырады. Мәселен, VIVIII ғасырларда негізгі жол Иранды айналып өтті. Бұл Батыс Түрік қағанаты мен Византияның осы елге қарсы жасалған әскери-сауда одағына байланысты болатын. Құрлықтағы саяси жағдай елшілер мен көпестердің және басқа сапарға шыққан адамдардың жол бағыттарын таңдауынан айқындалды.

VI ғасырдың екінші жартысында түркілер Ұлы Жібек жолының біраз бөлігіне иелік етті. Нақты осы түркі кезеңінде Қытайдан Жетісу арқылы батысқа және Қазақстанның оңтүстігіне өткен Ұлы Жібек жолы бойында жандану байқалды. Бұл жолдың негізгі бөлігі еді және керуен саудасы мен елшілік сапарлары VІ-ХІІІ ғасыр басында осы жермен өтті. Бұл жағдай Жетісу мен Қазақстанның оңтүстігінде ежелгі қалалардың тез өсуіне жеткізді.

Ортағасырлық Сырдария қалаларына қазба жұмыстарын жүргізген кезде табылған заттар халықаралық сауданы зерттеуде маңызды дереккөздері болып табылады. Осындай жәдігерлердің қатарына Отырардан табылған күміс көмбе жатады. Күміс теңгелер Түркістан қалалары мен Кіші Азия, Еуропа және Еділ бойы қалаларының ақша сарайларында дайындалды. Қазбалар барысында тұрмыстық және зергерлік бұйымдар табылды. Оны Ұлы Жібек жолындағы қалалардың өзіндік «сыр сандығы» деуге болады.

Ұлы Жібек жолының бағыттары

Ұлы Жібек жолы жүйесіне керуен жолдарының бірнеше тармақтары енді. Бұл тармақтар тау жоталарындағы түрлі асулар арқылы шөлді айналып өтті. Жібек жолы Арал теңізі жанынан өтті. Сырдария жағалауымен, одан Шудан Жетісу арқылы Жоңғар қақпасына жетті. Осы аймақ Үндістанның түрлі дәмдеуіштер өндірілетін өлкесі мен тұт ағашы өсетін Сары өзеннің (Қытай) жағалауларына апаратын ең ыңғайлы жол болып есептелінді. Талас алқабындағы Тараз қаласы түргеш, қарлұқ, кейін қарахандықтардың экономикалық және мәдени орталығы болды. Сауда жолы Тараздан солтүстік бағытта — Ертіске, одан әрі Енисейдегі қырғыздарға өтті.

VII ғасырдағы Қытай жол көрсеткіш кітапшасында «Ақ өзендегі қала» — Испиджаб көрсетілген. Оны кейін «Сайрам» деп атаған. Испиджаб ірі негізгі сауда орталығы болды. Осы жерден жол одан әрі Сырдария арқылы өрлеп, Арал бойына жетті. Сырдария жағалауымен өткен керуен жолында ірі қалалар Отырар (Фараб) мен Шауғар орналасты. Бұл қалалардан оғыздар орталығы Янгикент қаласына қарай жол өтті. Х-ХІІ ғасырларда Ұлы Жібек жолының бұл тармағында Сауран, Жент, Ашнас сияқты қалалар бой көтерді.

Ұлы Жібек жолының тарихи маңызы

Ұлы Жібек жолының тарихында оны түркі мемлекеттері толықтай дерлік бақылауда ұстаған үш кезең болды: VІ-ХІІІ ғасырдың басындағы түркі қағанаттарының; XIII ғасырдың екінші ширегі мен XIV ғасырдағы Монғол империясының; XIV ғасырдың үшінші ширегі мен XV ғасырдың басындағы Әмір Темір мемлекетінің бақылауындағы кезеңдер.
Ұлы Жібек жолы мыңдаған шақырым қашықтықты қамтыды. Саудагерлердің көпшілігі жолдың ұзақтығынан тауарларын жарты жолда ауыстырып алуға тырысты.

Жібек жолы түркі бөлігінің халықаралық саудада маңызы зор еді. Ұлы Жібек жолы сауданың дамуына, көптеген қалалардың пайда болуына, өркендеуіне жол ашты. Бұл жол мемлекеттердің қалыптасуында, әлемдік өркениеттің дамуында үлкен рөл атқарды. Шығыс пен Батыс мәдениеті арасындағы байланыстырушы көпір саналды.

Ұлы Жібек жолындағы сауда керуені

Ұлы Жібек жолындағы сауда керуені

Жол бағыттарында қалалар мен тұрақтар, сауда орталықтары ғана емес, ғылым мен мәдениет ошақтары да орналасты. Мәселен, Отырар ұлы ғұлама әл-Фарабидің отаны. Жібек жолы бойымен діни наным-сенімдер, тауарлар және олардың өндірілуі туралы ақпарат, атап айтқанда, жібек, түрлі түсті шыны, қағаз, оқ-дәрі т.б. дайындау тәсілдері таралды.

Жібек жолымен қытайлықтар бүкіл әлемге өздерінің ойлап тапқан жаңалығы — қағазды таратты. Қағаз өндірісі Қытайдан Орталық Азияға келді. Ол жерден қағаз Батысқа тарап, бұрынғы жазу материалы пергамент пен папирусты ығыстырып шығарды. Адамдар мен идеялардың еркін қозғалыста болуы аса көрнекті энциклопедияшы ғалымдар, ақындар мен философтар және олардың мектептерінің пайда болуына ықпал етті. Әбу Райхан әл-Бируни мен Ибн Синаның (Авиценна) еңбектері бүкіл Шығыс әлемі және Батыс Еуропа медицинасына зор әсер етті. Қытай мен Үндістанға теңіз жолы ашылмас бұрын Ұлы Жібек жолы Орта Азия, Оңтүстік Қазақстан және Жетісу арқылы бүкіл Еуропаға өтіп, XV ғасырға дейін жұмыс істеді.

«Жібек жолы» бағдарламасы

Ұлы Жібек жолына тармақтары өткен Қытай Халық Республикасы, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан Республикалары Ұлы Жібек жолын әлемдік мұра тізіміне енгізуге ЮНЕСКО-ға ұсыныс енгізді. Ұлы Жібек жолының өркениет тарихындағы орасан зор рөлін ескере келіп, ЮНЕСКО халықаралық ұйымы «Жібек жолы» бағдарламасын қабылдады.

Бағдарламаның негізгі мақсаты — Ұлы Жібек жолы бағыттарымен жүзжылдықтар бойы елдер мен халықтар арасында байланыстың, сауда қатынастары мен өзара мәдени ықпалдастықтың болғанын ашып көрсету. Бағдарламаның іске асырылуын түрлі мамандардан құралған халықаралық ұйымдар қадағалап отырады.

Ұлы Жібек жолының маңызды бөліктерінде бірқатар ғылыми семинарлар өткізілді. Бағдарламаның «Ұлы Жібек жолы» атты қорытынды конференциясы Парижде ұйымдастырылды. Онда үлкен көрме ашылды. Көрмеде Орталық Азия халықтарының бірегей мәдени жетістіктері көрсетілді.

ЮНЕСКО ежелгі халықтар қалдырған құнды мұраны зерттеумен қатар, сақтауға да ерекше көңіл бөледі. Қазақстан ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұра тізіміне «Ұлы Жібек жолының» 30-дан астам тарихи және археологиялық ескерткіштерін енгізді.

Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асқан Батыс Еуропа — Батыс Қытай жолының Қазақстан жері арқылы өтетін бөлігі мыңдаған шақырымды құрайды. Ұлы Жібек жолы XXI ғасырда да бүкіл адамзат назарын өзіне аударуда.

Пайдаланылған әдебиеттер: Бакина Н.С., Жанақова Н.Т. Қазақстан тарихы. Жалпы білім беретін мектептің 7-сыныбына арналған оқулық. — Алматы: Атамұра, 2017. — 240 бет.

Қазақстан аумағындағы «Ұлы Жібек жолы»: 2 комментария

  1. Асель

    Ташнау коржыни терракота сардоба ғаныш кесене мешет деген сөздердің мағынасы?

Добавить комментарий для capsa Отменить ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *