Қазақстандағы исламдық сәулет өнері. Ислам жазба мәдениетінің ескерткіштері

Еліміздегі ислам сәулет өнері. Ислам тек сенімді білдіретін дін емес, сонымен қатар, өркениеттің де қайнар бұлағы. Қазақстанға территориясына ислам дінімен бірге мәдениеті де келді. Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу өңірлерінде қалалар бой көтере бастады. Ал, қалалар кешенді құрылыстарымен ерекшеленеді. Сол құрылыстарға мешіт, медресе, рабат, кесене, кітапхана, монша құрылыстарын жатқызуға болады.

Мешіттер құлшылық орны болумен қатар, сәулет өнерінің туындысына да жатады. Мешіттер сәнді кескіндемемен, мозаикалық керамикамен, бедер суреттермен безендірілген. Ислам әдебіне сай адам және жануарлардың орнына ою-өрнектер мен араб көркем жазу өнерінің стильдері де кеңінен қолданылған. Жалпы алғанда, мешіттердегі безендірулер Ислам дінін насихаттаудың бір түрі ретінде есептелген.

Шығыстанушы ғалым Әбсаттар Дербісәлінің «Қазақстанның мешіттері мен медреселері» (Алматы: Аруна, 2009.) деген кітабындағы мәліметтерді ұсынамыз. Жазба деректерде 2002 жылы 2000 жылдығы тойланған Тараз шаһарында 893 жылы бұрынғы ғибадатхана орнына мешіт салынғаны айтылады. Олай болса, оны әзірше Қазақстандағы алғашқы мешіттердің бірі деп есептеуге болады.

Сонымен бірге, Отырар мен оның маңындағы өзге де қалашықтарды қазған археологтар бұрын Кедер деп аталған, қазіргі Құйрықтөбеден кезінде атақты араб тарихшыларының бірі әл-Макдиси (X ғ.) айтып кеткен күмбезді мешіттің орнын тапқанын атап өтуге болады.

Қазақ даласындағы тұңғыш мешіттердің қатарына Маңғыстаудағы Шақпақ ата (ІХ-Х ғ.), Шопан ата мешіттерін де жатқызуға болады. Осы аймақта олар жергілікті жердің табиғаты, халықтың тұрмыс-тіршілігіне байланысты жарқабаққа, жер астына салынды. Әрі бұл дәстүр Бекет атаға (1750-1813) дейін жалғасқанымен, Қазақстанның Маңғыстау және Түркістаннан өзге жерінде мұндай мешіттер әдетте кездеспейді.

Шақпақ ата мешітінде Көне Үргеніш, Бұхара, Хиуа, Самарқан сәулетшілерінің өнері шеберлікпен пайдаланылған. Ғимараттың есігі, қабырға, бағаналары, бұрыш шығарулары, төбе тесігі, михрабтық бөлме жасалуы Шақпақ ата ғимаратын салушылардың тек жай құрылысшы, тасшы ғана емес, талғамы биік сәулетші екенін айқын аңғартады. Шақпақ ата — көне мәдениет куәсі.

Батыс Қазақстан өңіріндегі ескі ескерткіштердің бірі Балғасын күмбезі (ХІ-ХІІ ғғ.) Шалқар қаласының солтүстік шығыс жағында 50 км жерде орналасқан. Көне Үргеніште қолданылған сәулет өнерінің үлгісімен жасалған. Сарайшық зәбия мешіті. Бұл өңірде болған ежелгі мешіттер дегенде ойға эуелі Сарайшық қаласы оралады. Іргетасы XIII ғасырда қаланған бұл шаһарда да мешіттер болған деген жазба деректер бар.

Әмір Темір билік құрған кезде Орта Азияда монументалды салтанат стилі бой көрсетті. Солардың бірі Әмір Темір 1385-1405 жылдары салдырған ортағасырлық сәулет өнерінің керемет ескерткіші саналған, осы күнге дейін жеткен Қожа Ахмет Яссауи кесенесі.

Археологтар Қожа Ахмет Яссауи кесенесі маңынан сондай-ақ XIV ғасырға жататын Кіші қылует, ХV-ХVІ ғасырларда салынған шілдехананы да тапты. Монғол шапқыншылығына, дейін жоғарыда айтылғандай Қазақстанда мешіттер аз болмаған. Бірте-бірте мешіттер, тек ғибадат орны емес, сондай-ақ рухани мәдениет ошақтарына да айналды. Бірақ, олардың көпшілігі шапқыншылық кезінде аталмыш шаһарлар сияқты от жалынға оранды. Батыс Қазақстан облысында қазба жұмысы кезінде археологтар, 2003 жылы XIII ғасырға жататын мешіттің орнын тапты.

Отырар мен Сайрам, Сауран мен Сығанақ, Тараз бен Баласағұнда сыртқы қабырғалары ою-өрнекті қыштармен қапталған көк күмбезді мешіттер әсемдігімен көз тартты. Тіпті Баласағұн сарайларының кейбірінің өрнектері Хиуа жами мешіттерінің өрнектеріне ұқсайтын.

Шынында да Мұстауфи (Хамдаллаһ Мұстауфи әл-Қазуини (1280-1350) Баласағұнның қырық күмбезді мешіті және екі жүз зәбия мешіттері болғанын айтады. Даламыз арқылы өткен Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалар мен кенттер, бекіністер мен қамалдардағы мешіттер мен медреселер де халқымыздың рухани мұрасының, сәулет өнерінің көнермес жәдігерлігі, баға жетпес игілігі еді.

Мешіттердің сәулеттік жағына келсек — Оңтүстік Қазақстан облысындағы ғибадатханалар көбінесе Иран, Орта Азия сәулет үлгісімен салынса, республикамыздың өзге жерлеріндегі мешіттер ХVIII-ХІХ ғасырларда іргетасы қаланған Ресейдегі, Татарстан мен Башқүртстандағы мешіттерді еске салады.

Қазан төңкерісіне дейін қазіргі Көкшетау, Петропавл, Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Павлодар, Семей, Ақтөбе, Атырау, Орал қалаларында көптеген мешіттердің іргетасы қаланған. Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облысының түрлі мекендерінде де мешіттер халықтың рухани қажетін өтеп жатты.

XIX ғасырдың 60-жылдары Түркістанда 20-ға жуық, ал 1920 жылдары 56 мешіт, 2 медресе болды. Қазан төңкерісіне дейін Ақтөбе аймағында 200-дей, Бөкей хандығында 78-дей, Жетісу өлкесінде 269, Жамбыл облысында 49, ал Әулие — Ата қаласының өзінде 15 мешіт пен намазханалар жұмыс істеді.

Кеңес өкіметі түсында дін қызметкерлері қуғын-сүргінге ұшырады. Мешіт мұнаралары мен күмбездері қиратылып, мал қоралары мен қоймаларға айналдырылды. Ислам мәдениетінің ағарту саласының ең маңызды қызметін медреселер атқарғаны белгілі. Кейбір ғалымдардың айтуы бойынша, осы «медресе» институты алғаш Түркістан өлкесінде (VIII ғғ.) пайда болған. Бұл да ерекше назар аударарлық жәйт. Қазақ даласына Ислам діні орныққаннан бастап мешіттермен қатар, медреселер де салынған. Қазақстанның Сайрам (Исфиджаб), Түркістан, Ақмешіт, Әулиеата қалаларында XIX ғасырда Семей аймағында, Батыс Қазақстан және басқа да облыстарда ондаған медреселер жұмыс істеген.

Ата-бабаларымыз Ислам дініне мойынсынуымен бірге араб әліпбиін де қабылдады. Түркі халықтарының тілдеріне ислам дінімен араб, кейінірек парсы сөздері де көптеп ене бастады.

Қазіргі күндері исламдық сәулет өнері жаңаша мазмүнда қанат жаюда. Астана қаласындағы Әзірет Сұлтан, Нұр-Астана мешіттері, Алматы қаласындағы Орталық мешіт, Керекудегі Мәшһүр Жүсіп Көпеев атындағы мешіт, Оралда, Ақтөбеде, Шымкентте, Атырауда, Қызылордада және т.б. қалаларда исламдық сәулет өнерінің дәстүрінде салынған мешіттер бой көтерді.

Ислам жазба мәдениетінің ескерткіштері.Қазақ халқына белгілі ондаған діни дастандар бар. Олар «Хазіреті Османның Пайғамбарды қонаққа шақырғаны», «Пайғамбардың Исра Миғражға қонақ болғаны», «Зәйд пен Зәйнәб қиссасы», «Сияр Шэріп», «Бэдір қиссасы», «Ухуд қиссасы», «Хазіреті Айшаның түһматы», «Хазіреті Әли» және т.б. Бұлар ескі араб әрпімен жазылған Құран Кәрімдегі аңыздарды, олардың кейіпкерлерінің ерлігін жырлайды. Сол аңыздар желісіне негіздеп, қазақ жыршылары халыққа түсінікті метафоралар арқылы жырлап айтуға, эсіресе, Баба Түкті Шашты Әзіз мұсылман әулиесі ретінде діни қиссаларда және дастан-толғауларда жиі айтылады.

Өткен ғасырда халық арасында діни тақырыпқа жазылған қисса-дастандар Қазан қаласының баспасынан жарық көре бастады. Кей жерлерде бұл дастандарды мұсылманша жетік хат танитын адамдар қолдан көшіріп, таратып, тіптен кәсіпке де айналдырған.

«Бабалар сөзінің» жүз томдығында ислам жазба мәдениетінің ескерткіштеріне жеті том арналған (10-17 томдар). Ол шығармалар: «Қақпанға түскен киіктің хикаясы», «Дариға қыз», «Қисса Шаһизинда», «Қубас», «Қисса жұмжұма», Мұхаммед-Ханафияға арналған үш дастан.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *