Clostridium botulinum (латынша botulus — шұжық, колбаса) қоздырғышын 1896 жылы Ван — Эрменген ашқан. Оны көптеген адамның улануының себебі болған, шұжықтан бөліп алған.
Мазмұны:
Морфологиясы
Ботулизм қоздырғышы — шеттері жұмырланған таяқша, өлшемі 4 — 9 х 0,6 -1 мкм. Таяқшалар полиморфты: қысқа пішінді және ұзын жіпше тәрізді. Ботулизм қоздырғышы спора түзеді. Спорасы таяқшадан енділеу, сондықтан спорасымен таяқша теннистің ракеткасына ұқсайды. С. Botulinum — нің капсуласы жоқ. Қозғалады -перитрихтар. Жас дақылдары грамм оңға боялады.
Дақылдануы
С. botulinum — қатаң анаэробтар. Температурасы 25 — 37° С және рН 7,3 -7,6 ортада өседі. Оларды етті, казеиінді және басқа да қоректік орталарда өсіреді. Глюкоза — қанды агарында микробтар, пішіні дұрыс емес, жіңішке өсіндісі бар колониялар түзеді. Агарда калониялар мақта тәрізді, кейбірде жасымық дәні секілді өседі. Қанды агарда колониялар шеттері бір тегіс немесе кескіленген, таңғы шық секілді өседі. Бауыр сорпасында клостридилер лайланып өсіп, тұнбаға түседі де, ал сорпа мөлдірленеді.
Ферментативтік қасиеттері
Сахаролиттік қасиеттері: лактозаны, глюкозаны, мальтозаны және глицеринді қышқыл мен газ түзе ыдыратады. Протеолиттік қасиеттері: бауырдың үзіндісін ерітеді, жұмыртқаның ақуызын ыдыратады, желатинді сұйылтады, сүтті пептондайды, күкіртсутегі мен аммиакты түзеді.
Токсинтүзгіштігі
С. Botulinum биологиялық токсиндердің ішіндегі ең күшті уды шығарады (1 мкг ботулотоксинде ақ тышқан үшін 100 000 000 өлім мөлшері бар). Токсин екі компоненттен тұрады: нейротоксин және гемагглютинин.
Сыртқы орта факторларына төзімділігі
С. Botulinum — нің вегетативті түрі 80°С температурада 30 минутта өледі. Споралары өте төзімді. Олар бірнеше сағат (5 сағат) қайнатқанға шыдайды. Еттің үлкен бөлшегінде, үлкен консерві банкілерінде споралар автоклавтан өткеннен кейін де сақталады. 5 % фенол ерітіндісінде споралар бір тәулікке дейін сақталады. Ботулиндік экзотоксин қайнатқанда 10 минутқа дейін өлмейді. Ол күннің сәулесіне, төменгі температураға және залалсыздандыру ерітінділеріне төзімді.
Жануарлардың қабылдағыштығы
Ботулизм қоздырғышына майда және ірі қара мал, жылқылар, кеміргіштер және құстар сезімтал. Тәжірибеде қолданылатын жануарлардан ақ тышқандар, теңіз шошқасы, қояндар, мысықтар сезімтал.
Инфекция көзі
Ботулизм қоздырғышы табиғатта кең тараған: топырақта, суда. Олар қоршаған ортаға жануарлар мен балықтардың нәжісімен түседі. Топырақта C.botulinum өсіп-өнеді және кәбейеді. Адам ағзасына құрамында қоздырғышы және экзотоксині бар азықты қолданғанда түседі.
Таралу жолдары
Азық-түлік арқылы (ластанған ет, көкөніс және балық консервілері, саңырауқұлақ, балық т.с.с). Үй жағдайында дайындалған консервіленген азық аса қауіпті.
Патогенезі
Ағзаға ішек жолының шырышты қабаты арқылы енеді. Ботулизм қоздырғышының вегетативті түрі өлгенде бөлінетін нейротоксин асқазан-ішек жолының протиолиттік ферменттеріне сезімтал емес. Патологиялық процесс нейротоксиннің әсерінен туындайды, ол ішек арқылы қанға өтіп бүкіл ағзаға тарайды да, орталық жүйке жүйесін зақымдайды. Негізінде сопақша мидың ядролары, қан -тамыр жүйесі зақымдалады. Ауруларда көру, тыныс алу мүшелерінің және жұтыну қызметтерінің бұзылуы байқалады.
Иммунитет
Табиғи иммунитет болмайды. С. botulinum токсиніне адам өте сезімтал. Ауырғаннан кейін иммунитет қалмайды.
Алдын алу
Азық-түліктің ботулизм қоздырғышымен ластануының алдын алу. Консервілерді дайындау технологиясын қатаң сактау. Тұрмыстық жағдайда туындайтын ботулизмнің алдын алу үшін: үй жағдайында дайындалған консервілерді пайдаланар алдында су моншасында 15 — 20 минут қайнатып алу керек.
Спецификалық алдын алу және емі
Ботулизм қоздырғышы немесе токсині бар тағамды пайдаланған адамдарға ботулизмге қарсы поливалентті антитоксикалық сарысудың A, B, E, F, Д түрін егеді. Ол үшін алдымен токсиннің түрін анықтап алады да, сол (моновалентті) түрін егеді.
Тақырып бойынша сұрақтар
- Ботулизм қоздырғышының морфологиясы және дақылдануы
- Ботулизм қоздырғышының ферментативтік қасиеті
- Сыртқы орта факторларына төзімділігі
- Инфекция көзі
- Ботулизмнің патогенезі
- Ботулизмнің алдын алу жолдары