Дене шынықтыру мен спорт саласындағы тәрбие жұмысының әдістемесі

Болашақ дене шынықтыру мұғалімдерінің  кәсіби іскерліктері мен дағдыларын  қалыптастырудың қазіргі жайы және оны жақсарту жолдары. Болашақ дене шынықтыру мұғалімдерінің кәсіби іскерліктері мен дағдыларын қалыптастыру әдістемесі. Болашақ дене шынықтыру мұғалімдерін кәсіби педагогикалық қызметке даярлау мәселесі бойынша жүргізілген теориялық талдау дене шынықтыру мұғалімдерінің кәсіби іскерліктері мен дағдыларын қалыптастыруға жеткілікті көңіл аударылмайтындығын көрсетті. Практика жүзінде болашақ дене шынықтыру мұғалімдерінің кәсіби педагогикалық қызметке дайындығын қалыптастыру білім беру үрдісінде тек лекция, семинар сабақтары, практикалық сабақтар, спорттық жаттығулар секілді академиялық оқу формаларының басымдылығымен жүргізіліп отырылғаны белгілі болды.

Біздің алдыңғы тарауда  жасаған теориялық талдауымыздың  нәтижелерін тексеру үшін Тараз  қаласының мектептерінде  педагогикалық  практикадан өтуші білімгерлердің, сол сияқты Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ Тараз  институтының, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының білімгерлерінің кәсіби педагогикалық қызметке дайындығын зерттеу жұмыстары жүргізілді.

Білімгерлерінің кәсіби педагогикалық қызметке дайындығын зерттеу  нәтижелерін талдау барысында біз кәсіби педагогикалық қызметке дайын-даудың жалпы мәселелерімен бірге, дене шынықтыру мұғалімінің педагогика-лық қызметке даярлығы туралы ғылыми-зерттеулерге (Абдуллина О.А., Лобачев В.В, Адамбеков К.И., Хмель Н.Д., Закирьянов К.Х., Мусин К.С., Пралиев С.Ж., Пфейфер Н.Э., Аяшев О.А., Касымбекова С.И., Нұрлыбекова А.Б., Абдыкадыров Д.Р., Тойлыбаев Б.А., Қуанышев Т.Ш., т.б.) арқа сүйедік.

Зерттеу материалдары бізге  оқыту мен педагогикалық қызмет өтілінің (стажының)  болашақ дене шынықтыру мұғалімдерін кәсіби педагогикалық қызметке даярлауға ықпалының дәрежесін талқылауға мүмкіндік берді.

Зерттеудің алғашқы  кезеңдерінде, зерттеудің ғылыми мәселесін  айқындау барысында Тараз қаласының  мектептерінде  педагогикалық практикадан өтуші білімгерлердің және мектеп мұғалімдерінің педагогикалық қызметін  салыстырмалы түрде бақылау жұмыстары жүргізілді. Бұл анықтаушы педагогикалық  эксперимент мектеп оқушыларының дене шынықтырудың сапалық деңгейі мен дене шынықтыру сабақтарының өту сапасын және дене шынықтыру мұғалімдерінің кәсіби іскерліктері мен дағдыларының дайындық дәрежесін айқындау мақсатын бірінші орынға қойды.

Ең бірінші зерттеу жұмыстары бастауыш мектеп оқушыларының дене шынықтыру сабақтары мен оқушылардың дене шынықтырудың қалыптасу деңгейлерін зерттеуге бағытталды. Екінші кезеңде орта мектептің басқа буындары оқушыларының дене шынықтырудың қалыптастыру мәселесі  зерттелді. Үшінші ретте мектеп мұғалімдерінің оқушылардың дене шынықтыру сабақтарында дене шынықтыруының қалыптастыру іскерліктері мен дағдыларының деңгейлері зерттелді.

Анықтаушы эксперимент дене шынықтыру  сабақтары үстінде, сабақтан тыс және мектептен тыс мерзім кезеңдерінде социологиялық зерттеу әдістерін пайдалана отырып, оқушылардың жас және дара ерекшеліктеріне қатысты дене шынықтыруының қалыптасу мүмкіндіктерін есепке алды. Сондықтан, зерттеуде анкета, интервью, тест және әңгімелесу әдістері кеңінен қолданылды.

Педагогикалық практика барысында 3-4 курс білімгерлері бастауыш мектеп жасындағы оқушылардың дене шынықтыру сабақтарының өту ерекшеліктері мен олардың дене шынықтыруын қалыптастырудың бүгінгі жайының күрделі сипатта болатындығын айқындады. Оларға қатысты дене шынықтыру іскерліктері мен дағдыларының педагогикалық қызметінің табиғатына зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Мысалы, бастауыш мектеп жасындағы балалар үшін жоғары қимыл белсенділігіне қажеттілік табиғи болып табылатындығы басты  назарға алынды. Ол баланың жеке дамуының мұралық бағдарламасымен салынған және балалар ағзасының мүшелері мен құрылымының функционалды мүмкіншіліктерін үнемі қеңейту қажеттілігін ескереді. Егер бұл мүшелер және құрылымдар үнемі белсенділікті көрсетпесе, онда олардың даму процестері тоқталады. Ағзаның онтогенетикалық даму барысы оның ортаның сыртқы факторларымен қарым-қатынасын қамтиды. Жалпы педагогикалық іскерліктердің ішіндегі қарым-қатынас іскерліктері перцептивті, экспрессивті, суггестивті және тілдік іскерліктер түрінде сипатталады. Олардың ішінде, болашақ дене шынықтыру мұғалімдерінде сөйлеу мәдениеті өте төмен деңгейде дамығаны айқындалып отыр (сөздік қорды пайдалану іскерлігі, сөйлеудің оңтайлы темпін анықтау іскерлігі, т.б.). Алайда, зерттеу нәтижесі бойынша білімгерлердің 82% өздерінде қарым-қатынас іскерліктері жеткілікті деңгейде дамыған деп санайды. Сол сияқты білімгерлердің 50%-дан астамы өздерінде оқу үрдісін жобалау іскерлігі қалыптасқан деп есептейді. Ал, білімгерлердің 60% өздерінде әдістемелік-ұйымдастырушылық іскерліктер толық қалыптасқанын айтады. Білімгерлердің көпшілігі өздерінде бәрінен аз қалыптасқан іскерліктерге оқу-тәрбие үрдісінің тиімділігін талдау, оқушы мінез-құлқының  ауытқуының алдын алу және түзету іскерліктерін жатқызады. Зерттеуге қатысқан барлық мұғалімдердің тең жартысы педагогикалық қызметті табысты жүргізуге қажетті кәсіби-технологиялық іскерліктің өздерінде қалыптасқанын растады.

Сол сияқты зерттеу нәтижесі болашақ дене шынықтыру мұғалімдерінде оқу-тәрбие үрдісінің табыстылығын жоспарлауда жобалау іскерлігінің өте төмен немесе мүлде жоқтығын айқындады. Педагогикалық жағдайларды (ситуацияларды) талдау, педагогикалық қызметті жүзеге асырудың баламалы тәсілдерін әзірлеу, жеке тұлғаның және ұжымның дамуын жобалау секілді жалпыпедагогикалық іскерліктердің қалыптаспағаны белгілі болды.

Ал дидактикалық, тәрбиелік  және тұлға дамуымен байланысты кәсіби типтік іскерліктерді диагностикалау барысында дидактикалық іскерліктерді болашақ дене шынықтыру мұғалімдерінің тек 15% ғана табысты меңгергені белгілі болды. Тәрбиелік іскерліктер болашақ дене шынықтыру мұғалімдерінің 43 %-де нақты қиындықтар тудырды. Оқушы тұлғасының дамуы бойынша білімдер мен іскерліктерді қажет ететін тапсырмаларды шешуді мұғалімдердің барлығы дерлік орындай алмады, тіпті оқу-тәрбие үрдісінің нәтижесін жобалай алмады.

Сонымен, болашақ дене шынықтыру мұғалімдерінің педагогикалық қыз-метке дайындығын талдаудың бірінші кезеңінде олардың дидактикалық және әдістемелік міндеттерді шешеуге қажетті білімдер мен іскерліктердің жеткілікті деңгейде қалыптасқаны айқындалды. Сол сияқты олардың жаңа білімдерді меңгеруге деген ұмтылыстарының да жеткілікті деңгейі байқалды. Ал болашақ дене шынықтыру мұғалімінің кәсіби педагогикалық міндеттерін жүзеге асыруға қажетті психологиялық-педагогикалық іскерліктері мен дағдыларының төмендігі, яғни жалпыпедагогикалық іскерліктері мен дағдыларының жеткіліксіз деңгейі анықталды.

Зерттеу нәтижелерін  өңдеу барысында мұғалімдердің  жалпы кәсіби сапаларының қалыптасуы орташа деңгейлік көрсеткішті беріп отыр. Мысалы, мұғалімдердің қарым-қатынастың өзгермелі жағдайында тез бағдарлана алуына мүмкіндік беретін әлеуметтік интеллект (68,5%), оқушылардың сезімдік толғаныстарына жанашырлық таныта білуі, көмек көрсетуге дайындығы (61%), түрлі жағдайларды мақсатқа жету жолында салдарлы шешім қабылдап, жігерлі әрекет жасауға қабілеттілігі (54%) орта және ортадан жоғары нәтижелер көрсетсе, өз пайдасын көздемей қиын мәселелерді шешуге атсалысуға және инновациялық іс-әрекеттер орындауға дайындығын көрсететін жоғары белсенділікті (49,1%), топбасшылық қасиетті тек 37% мұғалім көрсете алды. Бұл факторлар мұғалімнің өзінің кәсіби қызметін жетілдіруге немесе инновациялық дәстүрде жұмыс атқаруға үнемі дайын еместігін, кәсіби қызметте белгілі бір сатыға өсуіне ұмтылыстарының жоқ екендігін  байқатады. Олай болса, мұғалімдердің өзі жұмыс жасайтын педагогикалық үрдісте немесе жүйеде  өзінің мүмкіндіктерін толық жүзеге асыра алмайтынын, тіпті түзету, дамыту әрекеттеріне араласқысы келмейтінін аңғартады.

Ал мұғалімнің кәсіби педагогикалық қызметінде аса маңызды  сапа көрсеткіші болып табылатын  мінез-құлықтық, сезімдік тұрақтылықтың  көрінісі бар болғаны 39,5% көрсетті. Бұл сапа көрсеткіші мұғалімнің  түрлі дәрежедегі стресске, психикалық ширығуға, ашулануға, көңіл-күйінің төмен болуына тура пропорционал болғандықтан, мұғалімнің кәсіби педагогикалық қызметінің өнімділігіне, оқушылармен және әріптестерімен өзара қарым-қатынасына кері ықпал етіп, мұғалімнің тез немесе үнемі сезімдік мазасыздығын қамтамасыз етеді.

Дене шынықтыру мұғалімдерінің тек 50 пайызы ғана өзінің педагогикалық қызметін табысты жүзеге асыруға қажетті кәсіби-технологиялық іскерліктерді меңгергенін байқатты. Оларда оқу-тәрбие үрдісінің табыстылығын жоспарлау, педагогикалық ситуацияларды талдау, педагогикалық қызметті жүзеге асырудың баламалы(альтернативті) тәсілдерін құру, оқушының жеке тұлғасының және оқушылар ұжымының дамуын жобалау бойынша  жобалау (проектирование) іскерліктерінің мүлде нашар деңгейде қалыптасқаны анықталды.

Сол сияқты дидактикалық, тәрбиелік және жеке тұлғаның дамуымен байланысты кәсіби міндеттерге қатысты  іскерліктерді диагностикалауда болашақ  дене шынықтыру мұғалімдерінің 15% -ғана дидактикалық іскерлік-терді жүзеге асыра алатынын көрсете алды. Ал болашақ дене шынықтыру мұғалімдерінің 43% тәрбие міндеттерін жүзеге асыру іскерліктерін меңгермегенін көрсетті. Оқушының жеке тұлғасының және оқушылар ұжымының дамуы бойынша оқу-тәрбие үрдісінің нәтижесін жобалау іскерлігін  бірде-бір болашақ мұғалім жүзеге асыра алмады.

Сонымен бірге, зерттеу  жұмысының бірінші кезеңінде  болашақ дене шынықтыру мұғалімдерінің кәсіби іскерліктер мен дағдыларды меңгеру дайындығын талдау арқылы олардың дидактикалық және әдістемелік міндеттерді (тапсырмаларды) шешу іскерліктері мен дағдыларын қалыптастыруға қажетті білімдер мен іскерліктерінің, жаңа білімдерді  алуға деген ұмтылыстарының жеткілікті деңгейі, ал жалпыпедагогикалық іскерліктердің дамуының жетімсіздігі және болашақ дене шынықтыру мұғалімінің кәсіби педагогикалық міндеттерін шешуге қажетті іскерліктерінің төмен деңгейі айқындалды.

Зерттеу көрсеткіштерін өңдеу барысында болашақ дене шынықтыру мұғалімдерінің кәсіби сапалық қасиеттерінің қалыптасуының орташа деңгейі айқындалды. Оның ішінде, тұлғааралық қарым-қатынастарда, өзгермелі қатынастар жағдайында  оқушылардың мінез-құлықтарындағы  жалпы немесе ерекше өзгерістерді анықтай алуға, оларға қатысты қарым-қатынас ұйымдастыра алуға мүмкіндік беретін  әлеуметтік  интеллект қасиеті болашақ дене шынықтыру мұғалімдерінің 75,5% айрықша қалыптасқаны анық болды.

Болашақ дене шынықтыру мұғалімдеріне қажетті кәсіби іскерліктердің ішінде  сезімдік ықпалдасу екінші орынға шықты, зерттеуге алынған болашақ мұғалімдердің 69%-нің бойында оқушының түрлі толғаныстары мен тебіреністеріне жанашырлық таныту, қажетті уақытта көмекке келу, қажетті сезімдік жағдай (фон) туғызу, оқушының көңіл күйіне сәйкес климат жасау қабілетін таныта алды.

Ал талапкершілік секілді  аса маңызды кәсіби іскерлікті зерттеуге  алынған білімгерлердің 67% жүзеге асыра  алды. Бұл іскерлік болашақ мұғалімнің  мақсатты бағдарлы жұмыс жасауының негізгі компоненті болғандықтан ол оқу-тәрбие үрдісінің нәтижесін жобалауға мүмкіндік беретін педагогикалық қызметтің жауапты құраушысы. Бұл сапалық қасиет болашақ дене шынықтыру мұғалімінің бойында  принципті сақтау, өз айқанында тұру, шешімді өз бетінше қабылдау, жалтақтамау, жоспарлы жұмыс жасау сияқты әрекеттердің қалыптасуын қамтамасыз етеді.

Оқу-тәрбие үрдісінде педагогикалық гуманизм элементтерін болашақ дене шынықтыру мұғалімдерінің 66,7% таныта алды. Олар оқушылардың даралық ерекшеліктерінің дамуына және мінез-құлықтарының ерекшеліктеріне сәйкес қарым-қатынас орната алады, яғни психологиялық-педагогикалық білімдер негізінде жалпыпедагогикалық қарым-қатынас нормаларын сақтай алады.

Өз әрекеттерін бақылай алу секілді қасиеттер бойынша білімгерлердің 65% өз әрекеттерін саналы түрде қадағалай алып, өзін қоршаған оқушылар ортасында әлеуметтік мінез-құлық нормаларын талапқа сәйкес сақтай алатынын көрсетті. Мұндай іскерлік болашақ мұғалімнің жауапкершілік, адалдық, этикалық стандарттарды сақтауын,  адамгершілік сенімдерінің жоғары болуын қадағалау сияқты міне-құлық нормаларының қалыптасуымен тікелей байланысты болады.

Білімгерлер келесі бір  жауапты кәсіби іскерлік-әлеуметтік кәсіби жауапкершілік бойынша 64% нәтиже көрсетті. Бұл іскерлік бойынша болашақ мұғалім оқу-тәрбие үрдісінде  оқушы тұлғасының немесе оқушылар ұжымының тәлім-шынықтыруын ұйымдастыру мен білім сапасын арттыруда өз мүмкіншілігі негізінде өзінің педагогикалық борышын сезініп, адал орындау, өзінің құқығы мен міндеттерін ақылмен қолдану, оқушы тұлғасын дамытуда, оқу үрдісінің нәтижелерін  жобалауда кәсіби біліктілік таныту әрекеттерін жүзеге асыра алады.

Сол сияқты болашақ дене шынықтыру мұғалімдерінде олардың ерік-жігерлерінің бағдарлылығы айқын көрінді, Болашақ дене шынықтыру мұғалімдерінің 63% алға қойылған мақсатты, көзделген әрекетті, әбден талқыланған шешімдерді толық сезініп, оларды жүзеге асыруда, алынған нәтижелерге сыни баға беруге дайындығын көрсетті.

Алайда, болашақ дене шынықтыру мұғалімдерінің 51,5% өздерінің  қызметтік міндеттеріне жатпайтын әрекеттерге де араласа беретінін, ол үшін ешқандай марапаттау талап етпейтінін, жұмыстың ең қиын  учаскелерінде өзін байқап көруге тырысатындығын, яғни инновациялық қызметке  даярлығын байқатты. Бірақ бұл болашақ маманның кәсіби білім алуындағы инновациялық қызметін шектейтінін түсінбейді. Сондықтан, бұл мәселе болашақ мұғалімнің нормадан тыс белсенділігін шектеу қажеттігін көрсетеді.

Тағы да бір төмен  көрсеткіш ретінде болашақ мұғалімдердің өздерінің кәсіби педагогикалық қызметте өсуіне деген ұмтылыстарының төмендігін айтуға болады. Зертеуге алынған білімгерлердің 44% ғана өз әрекеттеріне сенімммен қарап, болашақта  кәсіби сатымен өсу ниетінің жоғарылығын, яғни топбасшысы болуға (лидерлік) ұмтылысын білдірген. Көптеген білімгерлер өздерінің педагогикалық әрекеттесулерінің дұрыстығына сенімсіздік танытқан. Мұндай тәуелділік жеке тұлғаның потенциалының сипаттамасын көрсетеді, ал оның жетімсіздігі  қазіргі педагогикалық жүйенің  тұлғаның өз мүмкіндігін жүзеге асыруына жағдай жасай алмайтынын көрсетеді.

Педагогикалық мәнділігі  жағынан аса маңызды қасиет –  сезімдік тұрақтылықта кәсіби іскерлік ретінде төмен нәтиже көрсетті.  Зертеуге алынған білімгерлердің 43,5% ғана стреске, психикалық қысымға, пессимистік көңіл-күйге, мазасыздануға қарсы тұра алатын қасиеттерді меңгергенін байқатты. Көптген білімгерлер өзін-өзі ұстауға,  қолайсыз психикалық әсерге ұзақ уақыт төзімдік көрсетуге төмен қабілет танытты. Мұғалімдердің сезімдік тұрақтылық таныта алмауы олардың үнемі психикалық қысымда жүретінін, сол себепті олардың еңбектерінің өнімділігінің төмендеуінің, оқушылармен және әріптестерімен қарым-қатынасының нашарлауы, тіпті сезімдік күйіп кетуіне алып келеді.

Міне, болашақ дене шынықтыру мұғалімдерінің педагогикалық қызметке дайындығын талдау зерттеуге алынған білімгерлердің кәсіби іскерліктері мен дағдыларының қалыптасу дәрежесінің біртекті еместігін, олардың жалпыпедагогикалық іскерліктер мен дағдылардың қалыптасу сапасына тәуелді екендігін анықтап берді. Яғни, болашақ дене шынықтыру маманының кәсіби іскерліктері мен дағдыларының қалыптасуы білімдік(когнитивті) және әрекеттік құраушыларды меңгеру дәрежелеріне тікелей байланысты екендігі айқындалды. Дене шынықтыру мұғалімдерін кәсіби қызметке дайындау үрдісінің құндылықтық(аксиологиялық) және рефлексивті құраушыларына жеткілікті көңіл бөлінбейтіндігі,  дене шынықтыру мұғалімдерін дайындауда кәсіби іскерліктер мен дағдылардың қалыптасу теориясының өзекті екендігін, оның толыққандылығын қамтамасыз ету ғылыми-теориялық мазмұнға негізделмей нәтижелі болмайтындығын анықтап берді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *