Неміс философы И.Кант Құдай жөнінде және дүниенің жаратылысы туралы тәуелсіз жеке пікір білдіре алуды айтарлықтай маңызды құқықтардың бірі деп санады, өйткені «діни мәселелердегі біліксіздік зиянды болумен бірге ұятты нәрсе». Дегенмен, адамзаттың діни сенім бостандығы туралы заманауи түсінікке жету жолы ұзақ болды. Ежелгі дәуірлерден бастап мемлекеттер діни негізде құрылып, билік Құдайдан беріледі деп саналды және ол үстемдік құрып отырған діни догмаларға сәйкес түсіндірілетін. Мемлекет тұрғындары әдетте бір дінді ұстанатын болғанымен, кейде басқа дінді ұстанушылармен өзара қатынасқа түсу мәселесі де туындап отыратын. Ол белгілі бір елді әскери жаулап алған кезде мен жаңа жерлер мен аумақтарды қосып алған кезде маңызға ие бола бастайтын.

Көптеген елдерде ежелден бастап әртүрлі діндерді ұстанатын адамдар өмір сүретін. Мәселен, Рим империясының билігі әртүрлі сипаттағы жергілікті культ өкілдерімен қатты күрес жүргізетін. Христиан діні пайда болған кезеңдерде оны ұстанушылар көптеген қуғындауларға түсіп, азапталып келді. Кейіннен Рим императорлары христиан дінін қабылдаған соң политеистік құдайларға (көпқүдайлық) сенетін адамдарды қуғындау басталды. Таяу Шығыс пен Орталық Азияда мұсылмандар, христиандар мен иудаизм діндері ежелден бері қатар өмір сүріп келеді. Егер Орталық Азияда олардың арасындағы қарым-қатынастар бейбіт дамыған болса, Таяу Шығыс аймағы көптеген ғасырлар бойы діни соғыстар мен қақтығыстардың алаңына айналып отыр. Бұл аймақта мұсылмандар мен христиандар, мұсылмандар мен иудейлер арасында орын алған саяси қақтығыстар көп жағдайда діни сипатта көрініс табатын. Крест жорықтары, Осман империясының басып алу соғыстары, арабтар мен еврейлер арасындағы қарулы жанжалдар мен басқа да әртүрлі қақтығыстар көп жағдайда өз дінін, өздерінің Қасиетті кітаптары мен жерлерін қорғау мүдделерін алдыңғы қатарға шығарып отырды. Шіркеуді қорғау себебінен туындайтын әрекеттер қанды соғыстарға ұласып отыратын. Өйткені дінге қатты берілген фанаттық көңіл-күйдегі адамдар тек өз діндерін бірден-бір дұрыс сенім көзі ретінде қарастырып, оны қарумен дәлелдеуге тырысатын жағдайда басқаша болуы мүмкін емес еді.

Көптеген мемлекеттердің өткен тарихында дін мен билік тұтастай қаралып келгені мәлім. Яғни, сол елдегі негізгі заң бір діннің немесе конфессияның мүдделерін ғана қорғағандықтан, мұндай жағдайлар ел тұрғындарының айтарлықтай бөлігін құрайтын «басқа дінді» ұстанушыларды теңсіздік жағдайында қалдырды. Мәселен, Ресей империясында православие дінін ұстанушылар өз дінін өзгерте алмайтын, ал католиктер, мұсылмандар мен басқа дін өкілдері православиеге өте алатын заң әрекет етті.

Адамның діни сенімді өзі таңдай алу құқығының мойындалуы — адамзат тарихындағы гуманистік ойдың баға жетпес жеңісі. Оны алғашқылардың бірі болып ағылшын ойшылы Дж. Локк өзінің «Діни төзімділік туралы хаттар» атты еңбегінде мемлекет пен дінді бір-бірінен бөлу қажеттігін және мемлекеттің дін бостандығын мойындауын дәйектеді. Локк адамдарға дінді өздері таңдау құқығын беру қажет деп санап, олардың ұстанатын діндеріне қарамастан азаматтардың теңқұқықтылығын жақтады. Локк, Вольтер және тағы басқа да ағартушылар ар-ождан бостандығын табиғатпен берілетін және оны әлімжеттікпен тартып алына алмайтын тұлғаның табиғи құқықтарының бірі деп санады.

Материалистік дүниетанымның пайда болуы адамның бірде-бір дінді ұстанбау қүқығын, яғни атеист болуын мойындау мәселесін күн тәртібіне қойды. Осыған дейін әңгіме бірнеше діндердің ішінен бір дінді таңдай алу төңірегінде ғана өрби алатын, өйткені адамның қүдайға сенбейтіндігі туралы ойлаудың өзі айтуға ауыз бармайтын шектен шыққандық болып көрінетін. Яғни, қоғамдық пікір құдайды жоққа шығаратын адамдарға басқа діндерді ұстанатын адамдардан гөрі қатал қарады. Тек өткен ғасырдан бастап атеизм әдеттегі құбылыс ретінде қабылдана бастады.

Өкінішке орай, уақыт өте келе атеистік сенімнің өзі төзімсіздік пен дінмен күресу үшін негізге айнала бастады. Мәселен, Кеңестер Одағында коммунистік идеологияның жеңіске жетуі адамдардың дүниетанымын өзгертуге мақсатталған үлкен кампаниялардың басталуына алып келді. Нәтижесінде, мыңдаған шіркеулер, мешіттер, костелдер мен синагогалар жабылып, дін қызметкерлері құғындауларға ұшырады. Көптеген діндарлар азамат соғысында көз жұмды. Әрине, уақыт өте келе дінге қатынастағы коммунистік сенімдер қаталдығынан айырыла бастағанымен, дін ұстанушылардың қүқықтары айтарлықтай шектеулі түрде қала берді. Яғни, қүдайға сенетін адамдар мекеменің басшысы, мұғалім немесе депутат бола алмайтын. Адамдар өздерінің діни сенімдері туралы еркін айта алмайтын, ал газеттер мен журналдарда тек атеистік насихаттар ғана жарық көретін. Мемлекет дінге қарсы көзқарастарды қолпаштап, мектеп оқушыларының материалистік сенімде тәрбиеленуіне қолдау білдіретін. Дегенмен, дін толық жойылып кеткен жоқ, тек адамдардың көбі өз көзқарастары мен сенімдері туралы айта бермейтін. Мәселен, мүсылмандар Рамазан мен Құрбан айтты, ал православйеліктер мен католиктер Пасха мен Рождествоны бейресми түрде атап өтетін, ал дінге сенушілер мешіттер мен шіркеулерге барып тұратын.

Осы орайда, әлемдегі ең бірінші атеистік мемлекет ретінде жарияланған социалистік Албанияда билік дінге қатынаста тым радикалдық түрдегі әрекеттерге барғанын айта кету керек. Бұл елде кез келген дінді ұстануға тыйым салынды, өздерінің діни сенімдерін өзгертуге келіспеген дін қызметкерлері (мұсылмандар мен католиктер) елден қуылды немесе тұтқынға алынды. Ал Болгарияның бұрынғы басшылығы ел тұрғындарының елеулі бөлігін құрайтын мүсылмандардан аты-жөндерін болгар үлгісінде өзгертуді талап етті. Бұл елде ислам дінін ұстанушылардың азаматтық құқықтары шектелді.

Қазіргі күнде әлі өмір сүріп отырған социалистік елдердің өздері азаматтардың дінді еркін таңдай алу құқығын мойындайды. Мәселен, елдің әрбір тұрғыны Ким Ир Сен бейнеленген төсбелгі тағып жүретін Солтүстік Кореяның өзінде буддистік және католиктік ғибадатханалар мен шіркеулер қызмет етеді. Дінге сенушілер өмір сүріп отырған саяси жүйені сынай алмағанымен, әдетте адамдар ғибадат үйіне кірген кезде төсбелгілерін шешіп қояды.

Куба елінде де осы салада айтарлықтай үлкен өзгерістер орын ала бастауда. 1998 жылғы қаңтар айында республика тарихында бірінші рет Рим Папасы II Иоанн Павелдің сапары болып өтті. Ватикан басшысын Фидель Кастро өзі жеке қарсы алды. Понтифик келетін уақытта көптеген костелдер қайта жөндеуден өткізіліп, жаппай қүдайға сыйынулар өткізілді. Осы кезде көптеген иммигранттар, оның ішінде революциядан кейін қуғындалып кеткен дін қызметкерлері елге келуге мүмкіндік алды. 1997 жылғы 25- желтоқсанда Бостандық аралы Рождество мерекесін ресми танылған мереке ретінде қарсы алды.

Қазақстанға келер болсақ, қоғамның рухани өміріндегі дін рөлінің толыққанды қайта өркендеуі тәуелсіздік алғаннан кейін ғана мүмкін бола алды. Дінге сенушілер мешіттер мен шіркеулерге баруға және өз сенімдерін еркін білдіруге мүмкіндік алды, телеарналарда діни бағдарламалар мен хабарлар пайда болып, азаматтарға өздерінің діни сенімдерін насихаттауға рұқсат берілген газет-журналдар көптеп шыға бастады. Қоғам рухани мұраның маңыздылығын, әлемдік және дәстүрлі діндердің адамгершілік әлеуетін түсіне бастады.

Қазақстан Конституциясының 18-бабында «Әрбір адамның ой-пікір, ар-ождан және дін бостандығына қүқылы» екендігі айтылған. Ар-ождан бостандығы, ең біріншіден, адамның кез-келген идеологиялық бақылаудан азаттығын, әр адамның өзіне қажетті рухани қүндылықтар жүйесін дербес таңдай алу құқығын білдіретін адамның негізгі жеке құқығы болып табылады. Ол, сонымен қатар, адамға атеистік сенімді ұстану бостандығын береді және адамның шығармашылық және рухани өмірінің барлық аспектілерін қамтиды. Ар-ождан бостандығы адамның абсолютті құқығы болып табылады және ешқандай шектеулерге жатпайды. Ар-ождан және діни сенім бостандығы Адам құқығының жалпыға ортақ декларациясынан бөлек көптеген халықаралық-құқықтық құжаттарда бекітілген.

Біздің елімізде дін саласындағы мемлекеттік саясаттың басымдықтары 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңда көрініс тапқан. Қолданыстағы осы Заңның Преамбуласында Қазақстан Республикасы «өзін демократиялық, зайырлы мемлекет ретінде орнықтыратынын, әркімнің ар-ождан бостандығы құқығын растайтынын, әркімнің діни нанымына қарамастан тең құқылы болуына кепілдік беретінін, ханафи бағытындағы исламның және православиелік христиандықтың халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлін танитынын, Қазақстан халқының рухани мүрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейтінін, конфессияаралық келісімнің, діни төзімділіктің және азаматтардың діни нанымдарын құрметтеудің маңыздылығын танитынын негізге алады» деп айтылған.

Заң преамбуласында көрініс тапқан мемлекеттің исламның ханафи мазхабына және православиелік христиандыққа ерекше қатынасын кеңестік атеистік өткенімізден қол үзіп, қазақ халқының және елімізде қатар өмір сүріп келе жатқан славяндық топтағы халықтардың рухани дәстүрлеріне құрмет білдіру ретінде бағалауымыз керек. Мемлекет ислам мен православиеге ерекше қатынасын жариялай отырып, өзінің аталған діни сенімдерді ұстанатын елдің тоқсан пайызынан астам тұрғындарымен ынтымақтастықта екенін көрсетіп отыр. Осы ретте, зайырлылық пен демократия құндылықтары берік орын тепкен көптеген шетелдік мемлекеттердің конституциялары мен заңдарында сол қоғамға тән жекелеген діндердің ерекше рөлдерінің мойындалатыны туралы ережелер көрініс тапқанын айта кету керек.

Қазақстан ұлттық және халықаралық деңгейде конфессияаралық келісім, толеранттылық пен дінаралық сұхбаттасу саясатын жүргізіп отыр. Астанада әр үш жыл сайын Әлёмдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі өткізіліп, аталған форумда әлем дамуындағы өзекті мәселелер жан-жақты талқыланып, жаһандану және өсе түсіп отырған экономикалық және әлеуметтік мәселелер жағдайында рухани құндылықтар мен адамгершілік қағидаттарды сақтап қалу жолдары кеңінен талқыланып отырады.

Соңғы онжылдықта теріс діни ағымдар мен тоталитарлық культтердің кең қанат жаюы дін саласындағы өткір мәселелердің біріне айналып отыр. Бүгінгі күнде осыған дейін белгісіз көптеген діни ағымдар мен шіркеулер қызу жұмыстар жүргізуде. Осының салдарынан еліміздің азаматтарының қаптап кеткен әртүрлі теріс діни ағымдар мен культтердің қатарына еріп кету қаупі пайда болып отыр.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *