Антикалық қоғамда ежелгі грек философы Эпикурдың (б.з.д. 342-270жж.) этикасы даңққа бөленді және қызу талқыланды. Эпикур Самос аралында дүниге келді, одан кейін Афиныға көшті, бұл жерде ол «Эпикур бағы» (оның мектебі орналасқан жер) деп аталған философия мектебін ұйымдастырды. Эпикур жүйесі сол кездегі философияның барлық бөлімдерін: онтологияны – физиканы, таным теориясын және мораль мен мемлекет туралы ілімді – этиканы қамтыды.

Эпикур философияда мақсат болу керек деп есептеді. Бұл мақсат — адам бақыты. Философия адамды болашақтың және азаптанудың алдындағы қорқыныштан азат етуге және бақыт пен рухани кемелденуге қол жеткізуде септігін тигізуге арналған. Эпикурдың сенімі бойынша философия қоғам мен адамға қызмет етуі тиіс.

Үрейлерден қалайша құтылуға және әдеміліктен, талғаинан, сүйіспеншіліктен және т.б. алатын ләзаттарға қалай жақындауға болады? Эпикур философияның мағынасы адамның ғалам табиғатын, оның заңдарын, адамзат ақыл-ойының, қоғамның және т.б. заңдарын біле отырып, байсалдылық пен бақытқа қол жеткізе алатындығында екендігін дәлелдеді. Еркін адам үшін басты ләззат – бұл таным болып шығады. Зерделі өмір сүре отырып, біз адамгершілікке сай және әділ өмір сүруді үйренеміз.

Бақытты өмірдің мақсаты – рухтың алаңсыздығы мен тән саулығы. Ең бастысы – қайғы-қасіреттен құтылу. Бұл ретте шамадан тыс тән ләззатының ауру мен қайғы-қасірет әкелетінін естен шығаруға болмайды. Әр нәрсе мөлшерлі болуы тиіс.

Қоғам әділеттілік, қоғамдық келісім, надандықты жою ұстанымдарына негізделуі тиіс. Мұндай қоғамда адамдар бір-біріне бөгет жасамайды және жауласпайды.

Философ Эпикур ілімінен қандай қорытындылар жасауға болады?

  • Адам өз ақылы арқылы дүниені толықтай танып біле алады.
  • Дүниені танып білу нақты өмірде бақытқа әкелуі мүмкін.
  • Бақытқа қол жеткізудің басты шарты – белгілі бір ұстанымдар бойынша өзін-өзі, өз жанын танып білу.

Философия, шын мәнінде, дәуірдің түйіні, бүкіл рухани мәдениеттің орталығы болуға бағыт-бағдар беретін координаталардың орнықты жүйесін құруға көмектеседі, құндылықтардың биік гуманистік жүйесін қалыптастырып, уақыттың қатал сабақтарын айқындайды және түсіндіреді, зердеге деген сенімді нығайтады. Аумалы-төкпелі дағдарыстық ой-күй мен түрлі оқиғаларға деген жағдаяттық тарихи күйзелістерге рухани ұстамдылық позициясын және салауатты объективті талдауды қарсы қояды.

Философия адамның практикалық іс-әрекетімен тікелей қарым-қатынаста бола ала ма? Әбден ескірген сенім бойынша, философияның практикаға еш қатысы жоқ делінеді. Шынымен солай ма?

Практика — бұл адамдардың іс-әрекеттері, қылықтары. Әрекет ете отырып адам бірқатар мақсаттарды көздейді. Қандай мақсаттарды?  Әртүрлісін, бірақ басты практикалық бағдар – бұл ізгілік құндылығы. Егер де ғылымда адасуға ақиқат, өнерде сұрықсыздыққа әдемілік қарсы қойылса, адам өз практикасында зұлымдықты басып-жаныштау мен жақсылыққа (ізгілік) қол жеткізуге ұмтылады.

Бұдан әрі философия, ғылым, өнер мен практиканың өзара қатынастарының түгелдей болмаса да, кейбір тұстарын түсіндіретін 1-сызбаға жүгінейік.

Кіші шеңбер философияны және оның ғылыммен, өнермен және практикамен бірлігінің нышанын білдіреді. АВЕД, ЕВСК, АДКС сегменттері тиісінше ғылымның, іс-тәжірибе мен өнердің өзіндік ерекшелігін, олардың философиядан айырмашылығын көрсетеді.

Философия мен практиканың өзара байланысы туралы мәселеге оралайық. Философия адамдардың іс-әректтерін, қылықтарының мағынасын айқындайды және жасақтайды, стратегиялық мақсаттарын қалыптастырады. Нақ осы салада философияның практикалық әлеуеті іске асырылады. Бірде өткінші ләззатқа берілетін, енді бірде өз әрекеттрерінің салдарларын алдын-ала көріп біле алмайтын адамдардың жөнсіз іс-қылықтарына философия жауапты емес. Философтар жеңіл-желпі ойкештіліктің басымдық танытуына, практикалық іс-әректтердің толыққанды екендігін жан-жақты талдауға және тындырылған істің салдарын қарастырудан бас тартуға саналы түрде қарсы тұрады.

Адамның жануардан айырмашылығы – ол іс-әрекетке кіріспестен бұрын, ниет еткен мақсаты туралы түсінім құрайды. Нақ осы жерде философияға жүгінуге тура келеді. Адам: «Менің қолымнан не келеді және мен не істеуім керек?» деген сұраққа жауап бере отырып, типтік философиялық проблеманы шешумен айналысады. Философияның практикалық пәрменділігі оның этикаға бағытталғандығында, моральға сүйенетіндігінде. Философиядан асқан практика мен мораль өмірде кездеспейді. Адам – моральды тіршілік иесі, ол жабайы орман заңдарымен емес, этикамен пайымдалатын мораль заңдарымен өмір сүруге бейімделген. Сондықтан жақсы философия адамның практикалық қызметіне жат емес, керісінше оған этикалық салиқалы парасаттылық сипат береді.

Философия – бұл адамның өз болмысының басты сұрақтарына жауап іздестіруі және табуы. Және де философияның мақсаты – адамды асқақтату, оны жетілдірудің әмбебап жағдайларын қамтамасыз ету. Осыдан келіп, философия – бұл адамды қоршаған дүниеге деген ізгілікті қарым-қатынасын сақтай отырып, өз болмысының басты сұрақтарына жауапты іздеп табуға мәжбүрлейтін даналыққа құштарлық деп қорытуға болады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *