Мәлімет тақырыбы: тәжірибе жүзінде географиялық нысандардың қасиеттерін айқындау. Географиялық нысан деген не және ол қандай қасиеттерге ие? Географиялық нысандардың қасиеттері туралы тәжірибеде қалай білуге болады?
Географиялық нысан — жердің беткі қабатының белгілі бір қалыптағы айтарлықтай тұрақты тұтас элементі. Географиялық нысандар бір-бірінен шартты географиялық шек арқылы бөлініп ажыратылады. Географиялық нысандардың шығу тегі әртүрлі болуы мүмкін: табиғи (материктер, мұхиттар, өзен-көлдер, таулар, шалғындар, ормандар және т.б.) және антропогенді (қала мен ауылдар, ғимараттар, егістіктер мен саябақтар, зауыт-фабрикалар, көлік жолдары және т.б.).
Қасиеттері — бұл географиялық нысанның өзіне ғана тән белгілері. Қасиеттер бізге бір нысанды екіншісінен айыруға немесе осындай өзге нысандармен ұқсастығын анықтауға мүмкіндік береді. Географиялық нысан анықтамасына қарап-ақ, оның мынадай негізгі қасиеттері барын анықтауға болады:
- тұтастық — нысан элементтерінің ішкі бірлігі, яғни нысан белгілі бір тәртіппен орналасңан өзара байланысты және өзара тәуелді элементтерден тұрады.
- тұрақтылық — сыртқы жағдайдың әсеріне қарамастан географиялық нысанның ағымдағы жағдайын сақтап қалу қабілеті.
- географиялық орналасу — Жер бетіндегі нысанға, осы нысанға тікелей немесе қосалқы ықпал етуші кез келген нысандарға қатысты географиялық координаттар жүйесінде өз орнының болуы.
- шығу тегі — табиғатта немесе адам қызметі саласында (антропогенді) туындау.
Әрбір нысанның ортақ және айырым қасиеттері болуы мүмкін. Ортақ қасиеттер нысандарды топтарға біріктіруге көмектеседі. Айырым қасиеттер бір нысанды екіншісінен ажыратуға көмектеседі. Барлық орман үшін ортақ қасиет — белгілі бір жерде ағаштардың көп болуы. Ал ағаштардың түрлері бойынша ормандар бір-бірінен ерекшеленуі мүмкін. Атап айтқанда, жалпақжапырақты, қылқанжапырақты және аралас ормандар.
Географиялық нысанның әрбір қасиетін сапалық әрі сандық тұрғыдан көрсетуге болады. Жезқазғанның географиялық орналасуын сапалық тұрғыдан, мәселен, мынадай сөздермен білдіруге болады: «Қала Орталық Қазақстанда орналасқан». Бұл мәліметті сандық тұрғыдан беру үшін Жезқазғанның координатын — барынша нақты мекенжайын көрсететін географиялық координаттар жүйесінде (ендік және бойлық градустарда) айқындалатын жердің беткі қабатындағы Жезқазғанның орналасуын көрсету керек. Қала координаттары — 47°47’00» с.е., 67°42’00″ш.б. Қызылорданың ауа райы туралы да сапалық және сандық тұрғыдан сипаттауға болады. Мәселен: «Жазда Қызылордада өте ыстық, өйткені температура 40°С-қа жетеді».
Жоғарыда біз физикалық қасиеттерге қатысты мысалдар қарастырдық. Географиялық нысандар қасиеттерінің сапалық және сандық сипаттамалары әлеуметтік, қоғамдық құбылыстарға да тән.
Географиялық нысандардың әрқайсысында өлшем шамасы бар. Физикалық шама — географиялық нысан қасиеттерінің бірі. Сапалық тұрғыдан ол көптеген ұқсас географиялық нысандар үшін ортақ, ал сандық тұрғыдан олардың әрқайсысы үшін ерекше. Даралықты сандық тұрғыдан былайша түсінуге болады: қасиет бір нысан үшін басқасына қарағанда белгілі бір мөлшерге артық немесе кем болуы мүмкін.
Мәселен, сапалық жағынан көптеген елдер аумағы бойынша үлкен болуы мүмкін. Үлкен көлем — барлық ірі елдер үшін ортақ қасиет. Үлкен елдер 1 000 000 км2 астам аумақты алып жатады. Бірақ олар басқа елдерден үлкен немесе кіші болуы мүмкін. Қазақстан Республикасы Ресей, Канада, Қытай, АҚШ, Бразилия, Аустралия, Үндістан, Аргентина сияқты аумағы үлкен елдер тізімінде тоғызыншы орында тұр. Қазақстанның аумағы — 2 724 902 км2, Канада аумағы -9 984 670 км2.
Физикалық шама — географиялық нысандардың және оларды зерттейтін үдерістердің өлшенген қасиеттері. Кейбір физикалық шамаларды өлшеуге, ал кейбірін тек бағалауға болады.
Өлшенетін шамалар — бұл өлшеу әдістері құрылып қойған физикалық шамалар. Өлшемдердің айрықша ерекшелігі — физикалық шаманы айқындайтын өлшеуіш аспаптардың, арнайы техникалық құралдың болуы. 17-суретте географиялық нысандарды өлшеуге болатын кейбір техникалық құрал-жабдықтар берілген.
Өлшенбейтін немесе бағаланатын шамалар — бұл нысандардың өлшеу әдістері әлі құрылмаған қасиеттері. Бағалау — бұл осы шамаға өлшеу бірлігі үшін қабылданған белгілі санды жазу. Көптеген қасиеттерді бағалау үшін техникалық құралдар әлі жоқ болғандықтан, бағалау нәтижесінің дұрыстығына сенім аз. Сенімді кепілдіктерді адам тарапынан жіберілетін олқылықтар жіберілмейтін техникалық құралдар ғана бере алады. Сондықтан да өлшемдер — шаманы сандық тұрғыдан бағалаудың жоғарғы түрі. Бағалау сезім мүшелерінің көмегімен де жүргізіледі.
Көру сигналдары арқылы біз нысанның түр-түсін, пішінін, көлемін анықтай аламыз. Есту сигналдары дыбыстың қаттылығы немесе сипаты туралы түсінік бере алады. Сипап сезу сигналдары (терімен сезетін) нысанның құрғақтық (ылғалдық) деңгейі туралы, беткі жағының сипаты (тегіс, бұдыр) туралы мәлімет бере алады. Дәм тату сигналдары тәтті, қышқыл, ащы, тұщы дәмін бағалауға мүмкіндік береді. Иіс сезу сигналдары нысанның иісі туралы түсінік береді.
Бірақ бір сигналды әрбір адам әртүрлі бағалауы мүмкін. Біреу үшін «жарық» нәрсе, екінші адамға «қараңғы» болуы мүмкін. Көп халықтарда ұзындықты немесе жуандықты, мәселен, бас бармақ пен сұқ саусақ арасындағы қашықтықпен өлшеу қалыптасып кеткен. Әйелдер, балалар және егде жастағы адамдарда бұл өлшем қысқа, ал ірі денелі ер адамдарда ұзын болуы мүмкін. Демек әртүрлі адамда ұзындық мөлшері түрліше болады, ал кейбірінде оның физикалық жағдайына қарай өзгерістерге ұшырауы мүмкін.
Кейде қасиеттер техникалық құралдардың көмегімен сандық тұрғыдан дәл өлшегенімен, олардың сапалық бағалануы талас тудыруы мүмкін. Мәселен, нысанның алшақтығына қатысты «алыс» және «жақын» деген сипаттамалар қолданылады. Кей жағдайда адамдар жүздеген километр қашықтықта жатқанына қарамастан, Қытайды жақын көрші ел деп қабылдайды. Ал үйден үш жүз метрде орналасқан мектепке дейінгі қашықтық алыс деп бағаланады.
Геология тұрғысынан алып қарасақ, 4 миллион жыл — аз ғана уақыт, ал адамзат тұрғысынан — бұл оның бүкіл тарихы. Шаманы бағалау бағандардың көмегімен жүзеге асырылады. Атаулар бағаны бар. Ол географиялық нысанға қатысты топты көрсетеді. Мәселен, аймақтардың атауы және олардың құрамындағы елдер.
Реттік бағанда кемуі немесе артуы бойынша орналасу кезінде қандай да бір белгісіне қарай орналасқан нысандар көрсетіледі. Мұндағы бір кемшілік, бұл бағанда көрші нысандар арасындағы мәндер үнемі бірдей бола бермейді.
Интервалды бағанда белгілі бір бірлік нөл болып қабылданады. Барлық есеп нөлден бастап жүргізіледі. Мәселен, судың қату температурасы 0°С болып қабылданған. Теңіз деңгейі нөл деп қабылданғандықтан, жергілікті жердің абсолюттік биіктігін анықтау да осы шамаға сүйенеді.
Абсолюттік бағанның ерекшелігі — ол абсолюттік нөлге ие. Нөлдік нүкте өлшенетін қасиеттің жоқ екенін білдіреді, мысалы, егер географиялық кеңістікте адамдар жоқ болса, тұрғындарының саны нөлге тең. Географияда қолданылатын шәкілдер, мысалы, 18, 18а-суреттерде берілген.
Географиялық нысанның қасиетін айқындау үшін, оны өлшеу және бағалау қажет екені мәлім. Өлшеу дегеніміз — нәтижесінде өлшенетін шамалардың сандық мәні шығатын әрекет. Өлшеу нәтижелері бағандарда және өлшеу құралдарының индикаторларында есептеу арқылы алынады.
Табиғаттың көптеген компоненттері өзара байланыста болады. Бір компонент қасиеттерінің басқасының қасиеттеріне тигізген әсерінің деңгейін білу үшін тәжірибе жүргізіледі. Тәжірибенің мәнісі арнайы құрылған, яғни жасанды жағдайлардағы табиғи құбылыстарды зерттеуде жатыр. Мынадай ерекшеліктерге ие:
- зерттеуші табиғи құбылысты қашан болатынын күтіп отырмай, оны қолдан жасайды;
- зерттелетін үдеріс шарттарын өзгерте алады;
- тәжірибеде заңды байланыс орнату мақсатында жекелеген шарттарды алмастыруға, алып тастауға болады;
- тәжірибе нысанға әсер ететін шарттар санын өзгертуге және мәліметтерді математикалық өңдеуге мүмкіндік береді;
- сипатталған жағдайлар бірнеше мәрте қалпына келтіріледі және бірдей нәтиже береді.
Тәжірибе географиялық нысанның бір қасиетінің өзгерісі басқа қасиеттерінің өзгеруіне қалай ықпал еткенін және қоршаған ортамен өзара байланысын анықтау үшін жүргізіледі. Жауын-шашын мөлшері селдің пайда болуына қалай әсер ететінін білу үшін тәжірибе жүргізіледі.
Сел (сел ағыны) — шағын таулы өзендерде кенеттен туындайтын су мен тау жыныстарының бөліктерінен тұратын буырқанған лай немесе тасты лай ағын. Селдің туындауына қатты нөсер, қардың күрт еруі, су тоғандарының бұзылуы, кейде жер сілкінісі, жанартаудың атқылауы тікелей себеп болады.
Селдің қалыптасуы үшін мынадай жағдайлар тудырады: таулы бедер, су, құм, шағын тастар, сазбалшық қосындысы, тау жыныстарының қабаттарын қозғалысқа әкелетін күш. Селдің қасиеттерін зерттеу жөніндегі тәжірибенің шарты — сел тудырушы жасанды жағдайларды қолдан жасау. Бұл үшін бізге тау бедері немесе тік жартастардың үлгілерін жасау қажет.
Оған сазбалшық, құм, ұсақ тас қоспасын бір қабат тегістеп жағамыз. Бұл компоненттердің белгілі мөлшерін алуға болады (белгіленген мөлшер немесе масса). Содан кейін бұл қоспаға жаңбыр секілді біртіндеп су бүркіледі (су мөлшері де белгіленеді). Тәжірибені бақылаушылар суды бойына сіңірген лай қоспа қозғалысқа түсе бастағанын байқайды.
Кез келген тәжірибеге тән ерекшелік оның табиғи құбылысқа ұқсас жағдайды жасанды жолмен қалыптастыруында жатыр. Енді кейбір жағдайларды өзгерте отырып, тәжірибені қайталауға болады. Мәселен, құм, сазбалшық пен ұсақ тастардың мөлшерін, жасанды қабат беткейінің тіктігін өзгерту, құятын су мөлшерін азайту, бірақ жер сілкінісі болып жатқан секілді конструкцияларды шайқау.
Әр кезде бір немесе бірнеше шартты өзгерте отырып, тәжірибені тағы бірнеше рет қайталауға болады. Жаңа жағдайлар қосуға болады, мәселен, тау алқабын бейнелеп, ғимараттар мен үй-жайлардың үлгілерін қойып, сел жүргізіп, қай аумақта қатты және қайсысында аз қираулар болатынын бақылау керек. Әрбір тәжірибенің бастапқы деректерін (қолданылған компоненттер мен олардың кейбір шамалары, мысалы, масса немесе көлем) тіркеп, арнайы кестеге жазу қажет.
Тәжірибе нәтижелерін, мәселен, әрбір жағдайда географиялық нысанға қалай әсер еткенін тіркеу керек. Тәжірибе туралы мәліметті беру үшін, оны сипаттау қажет. Сипаттау — географиялық нысанның осы жағдай үшін маңызды қасиеттерін басқаша тәсілмен білдіру немесе атап шығу, сонымен қатар өзге нысандармен өзара байланыс сипатын да суреттеп беру деген сөз.