Гиросфера, су айналымы жайлы ұғым

Гидросфера туралы түсінік. Гиросфераның басым бөлігін мұхиттың тұзды суы, аз бөлігін құрлықтағы және атмосферадағы су құрайды. Құрлықтағы суларға жер бетіндегі өзендер, көлдер, мұздықтар және жерасты сулары жатады. Атмосферада су буы, су тамшылары мен мұз түйіршіктері болады.

Жердің су қабығы гидросфера деп аталады.

Гидросфераның 2,5%-ы ғана тұщы, қалғаны – ащы судан тұрады. Осы 2,5% тұщы суды  адам өнеркәсіпте, ауылшаруашылығында, күнделікті тұрмыста пайдаланады.

Біздің ғаламшарымыздың климаты үшін де су қабығының маңызы өте зор. Табиғатта су баяу жылынып, баяу суиды. Мұхиттар мен теңіздердің суы  жаз бойы күн сәулесінен мол жылу жинайды да, қыста ғаламшар маңының ауасын жылытады.

Судың қасиеттері. Судың ерекше қасиеттері бар. Біріншіден құрлыққа қарағанда су жылуды баяу өткізеді. Осыған байланысты қыс мезгілінде – мұхиттар құрлыққа жылы ауа береді, ал жазда салқын ауа әкеледі. Екіншіден, су көптеген заттарды ерітеді. Үшіншіден, су ағыны жер бедерін өзгертеді.

Жердегі тұщы су мөлшерінің неліктен азайматынына көңіл аудардыңдар ма?

Күн жылуының әсерінен су беті жылынып, бу болып жоғары көтерілетінін «Дүниетану», «Жаратылыстану» пәндерінен білесіңдер.

Бу жерден биікке көтеріліп суынады да, одан бұлт пайда болады. Оларды жел бір жерден екінші жерге айдап алып барады. Бұлттардан мұхитқа да, құрлыққа да жауын-шашын жауады. Мұхит бетінен буланған судың бір бөлігі оған қайта қосылады. Мұны кіші су айналымы дейді.

Мұхит үстінде пайда болған су буы мен бұлт желдің күшімен құрлыққа жеткенде жауын-шашынға ұласады. Құрлық бетіне түскен жауынның бір бөлігі буға айналып, қайтадан атмосфераға барады, ал екінші бөлігі өзенге, көлге қосылады, жерге сіңеді, қар түрінде мұздықтарға түседі. Қар да, мұз да буланады. Бұл кезде олар қатты күйден газ тәрізді күйге ауысады. Үлкенді-кішілі көптеген өзендер құрлық бетімен ағып барып, мұхитқа құяды. Жерге сіңген су да жер астымен ағып, мұхитқа қосылады. Мұны үлкен су айналымы дейді. Демек, атмосферадағы, өзендердегі, көлдердегі, мұздықтардағы, жер астындағы сулар үнемі айналымда болады. Судың мұхиттан құрлыққа және құрлықтан мұхитқа үздіксіз ауысу үрдісін Дүниежүзілік су айналымы деп атайды.

Су айналымының маңызы. Су айналымының әсерінен литосфера, мұхит және атмосфера арасында жан-жақты күрделі өзара әрекеттер жүріп жатады.

Біріншіден, су айналымының әсерінен ылғал құрлыққа ауысады және керісінше, құрлықтан мұхитқа ауысады.

Екіншіден, жылу да ауысады. Жерге түсетін күн жылуының көпшілігі мұхит суын жылытуға кетеді. Мұхит бетінің жылуынан беткі су тамшылары буға айналып, жоғары көтеріліп, өзімен бірге су  буы мен жылы ауаны әкетеді, бұдан атмосфера жылынады.

Үшіншіден, минералдық заттар алмасады. Өзендер, жауын мен қар суы тау жыныстарын шаяды да, әртүрлі тұздарды ерітіп, мұхитқа саз, құм және басқа да заттар түрінде миллиондаған тонна тасқындар алып барады. Мұхит жағалауында олардан шөгінді жыныстардың қалың қабаттары пайда болып, литосфераның бір бөлігін құрайды да, күшті толқындардың әсерінен шайылып, мұхиттардың ішкі бөлігіне барады.

Дүниежүзілік су айналымы гидросфераның бөліктерін біріктіріп қана қоймайды, ол гидросфераны, литосфераны, жер қыртысын, атмосфера мен тірі ағзаларды өзара байланыстырады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *