Капитал қоғамдық байлықтың негізгі элементтерінің бірі саналады. Капитал тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді молынан өндіру мақсатымен жасалатын, ұзақ пайдаланылатын ресурс болып табылады. Капиталдың көптеген мәні бар және қандай да бір материалдық игіліктердің қоры («физикалық капитал») ретінде, иесіне кіріс әкелетін ақша сомасы немесе «қаржылық капитал» ретінде түсіндірілуі мүмкін.
Мазмұны:
Капитал нарығы (market of capital) – ақша қаражатының қаржы нарығында бір жылдан астам мерзімде айналымға түсетін бөлігі. Капиталдар нарығында бос капиталдарды қайта бөлу мен оларды әртүрлі кірістік қаржы активтеріне инвестициялау жүргізіледі.
Капитал нарығының үш негізгі сегменті бөліп көрсетіледі:
- капиталдық игіліктер нарығы, бұл жерде өндірістік қорлар сатылады және сатылып алынады;
- капитал – көрсететін қызметтер нарығы, мұнда бұл қорлар белгілі бір төлем үшін жалға берілуі мүмкін;
- несиелік қаражаттар немесе несиелік капитал нарығы. Соңғы сегмент капитал нарығын түсіндірудегі негізгі сегмент болып табылады. Өндірістің әрбір факторы, атап өтілгендей, иесі үшін кіріс жасайды (9-сурет).
Капиталға сұраныс пен капитал ұсынысының ерекшеліктері
Капитал өндірістік фактор ретінде бәрінен бұрын фирмалар (кәсіпорындар) үшін қажет, сондықтан олар бұл ресурсқа сұранысты білдіреді. Капиталдың көмегімен өнім өндіруге және кірісті арттыруға болады, сондықтан оған сұраныс – бұл жай ғана ақша қаражатына емес, инвестициялық қаражатқа деген сұраныс. Осылайша инвестициялар – бұл капиталдың пайда алу мақсатымен жасаған салымдары. Капиталға сұранысты қанағаттандыру үшін қайнар көз халықтың бос ақшалай ресурстары, яғни жинақтары болып табылады.
Жинақтар — табыстардың белгілі бір уақыт кезеңінде ағымдағы тұтынуға пайдаланылмаған бір бөлігі, оларды адамдар банктерде белгілі бір сыйақылық мөлшерлемемен депозиттерде сақтайды. Бұдан бөлек фирмалар сондай-ақ, бір-біріне капитал қызметтерін, жабдықтарды және басқаларды жалға беру жолымен ұсынуы мүмкін. Алайда капитал ұсынысының елеулі үлесін халықтың жинақтары (S) қалыптастырады. Фирмаларда көбінде өндірістік үдерісті жүзеге асыру үшін өз қаражаттары жеткіліксіз болуына орай, олар капиталды қаржы институттарынан (банктерден) қарызға алуға мәжбүр болады, банктер бос ақша қаражатын жинақтайды және фирмалар мен салымшылар арасындағы делдалдар болып табылады. Осылайша жинақтар несиелік қаражаттың (S) ұсынысы болып табылады – адамдар оларды банкте сақтайды, олар қарызға ұсынылады. Инвестициялар – бұл несиелік қаражатқа сұраныс. Инвесторлар несиелерді бағалы қағаз сату арқылы халықтан немесе делдалдар көрсететін қызметтерге сүйене отырып банктерден алады.
Инвестициялық ресурстар несиесі пайыз арқылы жүзеге асырылады. Пайыз мөлшерлемесі – бұл капиталды иеленушілерге олардан белгілі бір мерзімге қарзға алынған қаражатты пайдаланғаны үшін төленетін баға. Несие бойынша пайыздық мөлшерлеме неғұрлым жоғары болса, фирмалар тарапынан капиталға сұраныс соғұрлым аз болады, өйткені олардың тауарлар мен көрсетілетін қызметтер өндірісі бойынща шығындары өсетін болады және керісінше. 10-суретте капиталға сұраныстың қисық сызығы (І) бейнеленген, бұл жердегі вертикаль оське капиталға деген баға, яғни пайыздық мөлшерлеме (R), ал горизонталь оське инвестициялық қаражат көлемі (І) салынады. Несиелік қаражат құны неғұрлым төмен болған сайын оларға деген сұраныс соғұрлым жоғары болады, бұл қисық сызықтың капиталға сұранысының кері көлбеуін түсіндіреді.
11-суретте капитал ұсынысының (S) қисық сызығы бейнеленген, мұнда вертикаль осьте капиталға деген баға, яғни пайыздық мөлшерлеме (R), ал горизонталь осьте жинақтардың көлемі (S) салынады. Пайыздық мөлшерлемелер жоғары болған сай ын несиелер ұсынысы жоғары болады, өйткені бұл жағдайда капиталды иеленушілер көп кіріс алады, оларға жоғары пайыздық мөлшерлемелер азая бастаған жағдайда капитал ұсынысының шамасы да қысқаратын болады.
Мұны ұсыныс қисық сызығының оң көлбеуі түсіндіреді. Тепе-тең пайыздық мөлшерлеме несиелерге сұраныс (І) пен оларға ұсыныстар (S) қисық сызықтарының қиылысу нүктесімен (Е) анықталады, ол 12-суретте көрсетілген. 12-суретте капитал нарығындағы тепе-теңдік орын алған, бұл кезде капиталға сұраныс оның ұсынысына тең болады, нәтижесінде тепе-тең (нарықтық) пайыздық мөлшерлеме мен капиталдың тепе-тең (нарықтық) көлемі орнығады.
Несие және оның формалары
Несие (кредит, қарыз) – бұл ақшаны немесе тауарларды қайтарымдылық, ақылы және мерзімділік шарттарымен уақытша пайдалануға берген кезде әртүрлі заңды және жеке тұлғалар арасында туындайтын экономикалық қатынастар жүйесі. Несиенің маңызды қызметтерінің бірі – оның көмегімен уақытша бос ақша қаражаттарын неғұрлым өнімді пайдалануға және айналым шығындарын қысқартуға болатындығында.
Несиенің мынадай негізгі формалары ажыратылады:
Коммерциялық несие – қызмет етуші бір кәсіпорынның басқасына тауарларды төлеуді кейінге қалдырумен сату түрінде беріледі. Бұл – тауарлармен несие. Коммерциялық несиенің мақсаты – тауарларды өткізу мен пайда алуды жылдамдату.
Банктік несие – банктердің шаруашылық жүргізуші субъектілерге (несие алушыларға) ақшалай қарыздар беруі. Банктік несие тауар айналымына ғана емес, сондай-ақ капиталдың жинақталуына да қызмет етеді. Өйткені капиталға халықтың және экономикалық субъектілердің жинақтауларының бір бөлігі жұмсалады.
Тұтынушылық несие – сауда кәсіпорындарымен халыққа бөліп төлеуге сатқан тауарлары түрінде, сондай-ақ банктер мен арнаулы несиелік институттармен тұтыну тауарларын сатып алу және көрсетілетін қызметтерге төлем жасау үшін (әдетте, 30%-ға дейінгі жоғары пайызға) беріледі.
Ипотекалық несие, яғни банктердің жылжымайтын мүлікті, негізінен, жерді, құрылыстарды, ғимараттарды кепілдікке алумен жеке тұлғаларға беретін ақшалай қарызы түрінде беріледі.
Мемлекеттік несие – мемлекеттің халыққа және жеке бизнеске беретін қарызы.
Халықаралық несие – бұл несиелік капиталдың халықаралық экономикалық қатынастар саласындағы қоғалысы. Несие берушілер мен несие алушылар ретінде үкіметтер, банктер, жеке фирмалар, халықаралық ұйымдар болуы мүмкін.
Осылайша несиелік қатынастардың субъектілері болып мемлекет, фирмалар (кәсіпорындар), халық, банктер сақтандыру компаниялары, қорлар және т.б. әрекет етеді. Олардың арасында несиелік қатынастар қалыптасады.
Несиенің әртүрлі формалары мен әртекті кредиттік қатынастар елдің несие жүйесін құрайды.
Несие жүйесі және оның элементтері
Заманауи несие жүйесі – бұл қарыздық капиталдар нарығында әрекет ететін және ақша капиталын жинақтау мен жұмылдыруды жүзеге асыратын әртүрлі несиелік қаржылық институттардың жиынтығы.
Заманауи несие жүйесінің негізгі буындары: банктік және банктік емес мекемелер. Олардың біріншісі банктермен және банк үлгісіндегі басқа мекемелермен, екіншісі – банктік емес ұйымдармен ұсынылады. Несие жүйесінің құрылымын сұлба түрінде бейнелеуге болады (23-сызба).
Банк – (итал. banko – отырғыш) – ақшамен және бағалы қағаздармен операциялардың сан алуан түрлерін жүзеге асыратын және үкіметке, кәсіпорындарға, азаматтарға және бір-біріне қаржылық қызметтер көрсететін ақша-несиелік институт.
Ұлттық банк (Орталық банк) мемлекеттің ақша-кредиттік жүйесінің негізгі буыны, айналыстағы ақша массасы мен ұлттық валютаның алмастыру бағамын реттеу үшін үкімет құрған, банкноттарды шығарудың (эмиссиясының) және коммерциялық банктер қызметін реттеудің монополиялық құқығын иеленген банк.
Мамандандырылған (коммерциялық) банктер – бұл бір-екі операцияға немесе клиенттердің белгілі бір тобына (экономиканың қандай да бір саласын) қызмет көрсетуге мамандандырылған банктер: 1) жинақ; 2)инвестициялық; 3) ипотекалық.
Әмбебап (коммерциялық) банктер клиенттердің шаруашылық қызметіне қызмет көрсетумен байланысты кредиттік, есептік және қаржылық операциялардың іс жүзінде барлық түрлерімен айналысады.
Мамандандырылған кредиттік-қаржылық мекемелерге (МКҚМ) зейнетақы қорлары, сақтандыру компаниялары және т.б. жатады. Пошталық жинақтау мекемелері дамыған елдердегі жинақтау мекемелерінің түрі, ұйымдық тұрғыдан пошта жүйесімен біріккен банктер. Жоғрыда санамаланған банктердің түрлері өз қызметін жинақталған қаражатты экономикаға қайта бөле отырып жүзеге асырады, ал бұл қаражатты банктер бағалы қағаздар нарығы арқылы жинақтайды.
Бағалы қағаздар нарығы және қор биржасы
Бағалы қағаздар нарығы (қор нарығы) – бұл қаржы нарығының бір бөлігі, оның тағайындалуы – инвестицияларды жинақтарға өзгерту. Қор нарығында өзіндік қаржы құралдары – бағалы қағаздар айналысқа шығарылады. Бұл нарықта бағалы қағаздар эмиссиясы мен сату-сатып алу жүзеге асырылады.
Бағалы қағаздар – бұл мүліктік, несиелік және бірқатар басқа құқықтар мен міндеттерді куәландыратын құжаттар, оларды іске асыру оларды ұсынған кезде, ал беру – бұл құжаттарға меншік құқығы ауысқан кезде ғана мүмкін болады.
Бағалы қағаздардың ақшалай мәндегі өз құны болады, иеленушілеріне белгіленген кіріс алу құқығын береді. Бағалы қағаздардың негізгі белгісі өтімділігі (оңай өткізілуі мен оларды нақты ақшаға айналдыру қабілеті) болып табылады. Бағалы қағаздарға салынған капитал қор капиталы деп аталады.
Бағалы қағаздар нарығы бастапқы және екіншілік болып бөлінеді. Бастапқы нарықта жаңа бағалы қағаздар эмиссиясы болады. Екіншілік нарықта бұрынырақта шығарылған бағалы қағаздарды қайта сату өткізіледі, бұл жерде олардың бағамдық (нарықтық) бағасы да белгіленеді.
Бағалы қағаздардың қалыпты айналысының қажетті жағдайларын қамтамасыз ететін, олардың нарықтық бағаларын анықтайтын, олар туралы ақпарат жинайтын және тарататын ұйым қор биржасы деп аталады. Бағалы қағаздарды сатып алу мен сату бойынша мәліметтер өткізу орны бола отырып, қор биржасы бұл мәмілелердің орындалуына кепілдік береді және биржаға қатысушылар үшін нормалар мен стандарттар әзірлейді.
Табиғи ресурстар нарығы
Адамның өндірістік қызметінің аса маңызды көздерінің бірі табиғи ресурстар болып табылады. Табиғи ресурстар ретінде табиғат ұсынатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтер өндірісінің факторларын түсіну қабылданған. Табиғи ресурстардың аса маңызды түрі оның барлық қойнауларымен бірге алғандағы жер болып табылады. Өндіріс факторы ретінде жерде мынадай ерекшеліктер бар:
- жердің мөлшері шектелген;
- жер адам еңбегінің өнімі емес, табиғи фактор болып табылады;
- жер орнын ауыстыруға көнбейді;
- ұтымды пайдаланған кезде тозбайды, сондай-ақ өз өнімділігін арттырады.
Жер сатып алу және сату объектісі ретінде. Жерге меншіктік құқықтың болуы жердің сату және сатып алу объектісі болып әрекет етуінің себебі болып табылады. Жерге меншік деп жерді пайдалану құқығы аталады, бұл құқық онымен кез келген әрекетте жүзеге асыру мүмкіндігін береді. Меншік иесі оны қандай да бір игілік өндіру үшін пайдаланады не басқа өндірушіге сатады немесе уақытша пайдалануға береді не оны мүлдем пайдаланбайды. Қазақстан Республикасында жерге меншік мынадай болады (14-сурет):
Қазақстанда жерге меншік құқығы саласында бірнеше реформа жүргізіліді. Тәуелсіздіктің алғашқы жалдарында жерге меншік тек мемлекеттік болды, алайда бұдан кейін кейбір жерлер жекешелендірілді және жекеменшікке өтті, бұл жерге деген сұраныс пен ұсынысқа әсер етті.
Жерге сұраныс пен ұсыныстың ерекшеліктері
Жер иелері мен жер пайдаланушылардың бар екендігіне орай жер нарығы орын алады, онда жер иелері жерге ұсынысты қалыптастырады, ал жер пайдаланушылар оған сұраныс жасайды.
Жерді ұсынудың ерекшелігі оның мөлшерінің шектеулі екендігі болып табылатындығында, өйткені адамдар жаңа жерлерді жасай алмайды, оның мөлшері табиғатпен берілген. Жерге ұсынысқа әсер ететін негізгі факторлар жердің мөлшері мен сапасы, яғни оның құнарлылығы мен орналасқан жері болып табылады.
Жерге сұраныстың ерекшелігі шаруашылық айналымына пайдаланушылар көзқарасы тұрғысынан алып қарағанда ең жақсы жер телімдерінің (құнарлылығы, орналасқан орны, басқа да пайдалы сипаттамаларының болуы бойынша), содан кейін орташа және нашар жер телімдерінің тартылуы болып табылады. Жер нарығында жерге ұсыныс пен сұранысты теңестіру нәтижесінде жер рентасы белгіленеді. Жер рентасы – бұл жерге қызмет көрсетудің бағасы немесе жер иесінің жер телімдерін жалға алушылардан қандай да бір уақыт ішінде алатын табысы.