Латын Америка елдері қатарына Орталық Америка мен Кариб алабында орналасқан Антигуа және Барбуда, Багам Аралдары Бірлестігі, Барбадос, Белиз, Гаити, Гватемала, Гондурас, Гренада, Доминика, Доминикан Республикасы, Коста-Рика, Куба, Мексика, Никарагуа, Панама, Сальвадор, Сент-Винсент және Гренадина, Сент-Китс және Невис, Сент-Люсия, Тринидад және Тобаго, Ямайка; Оңтүстік Америкада орналасқан Аргентина, Боливия, Бразилия, Венесуэла, Гайана, Колумбия, Парагвай, Перу, Суринам, Уругвай, Чили, Эквадор енеді.

Латын Американың саяси картасының қалыптасуы

Латын Америкасының қазіргі саяси картасы, негізінен, еуропалық отарлау және ұлт-азаттық қозғалыстардың нәтижесінде қалыптасты. Қазіргі кезде мұнда 33 тәуелсіз мемлекет орналасқан. Еуропалықтар келгенге дейін XV ғасырдың соңына қарай Латын Америкасы аумағында ацтектердің (Мексика таулы қыраты), майя (Юкатан түбегі) және инктердің (Анд тауы ауданы) аса күшті дамыған өркениеттері болды. Латын Америкасын, жалпы Американы отарлау Кариб теңізі аралдарынан басталды. Географиялық жағынан алғанда да орталық болып саналатын бұл аудан жаңа дүние бөлігін игерудің тірегіне айналды. XVI ғасырдың алғашқы ширегінде Орталық Американы тұтасымен дерлік отарлаған испан басқыншылары (конкистадорлар) кейінірек Оңтүстік Америкаға да жетті. Жаңа жерлердің көпшілігі Испанияның иелігінде болды, Португалия Бразилияны отарлады. Кариб алабындағы аралдарда Еуропаның бірқатар елдерінің отарлары орналасты. Франция Оңтүстік Американың солтүстігіндегі аумақтарды отарлады (қазіргі кезде оның иелігінде Гвиана ғана қалған). Суринам алғашында испан, кейіннен ағылшын отары болса, ақыр соңында Нидерланд Суринамды Англиядан Жаңа Амстердамның (Нью-Йорк) орнына айырбастап алған.

АҚШ-тың тәуелсіздік алуы Латын Америкасындағы жаппай ұлт-азаттық қозғалыстың басталуына түрткі болды. 1791 жылы француз отары Сан-Домингода (Гаити аралының батысы) құлдар көтерілісі басталып, 1804 жылы Латын Америкасындағы ресми танылған алғашқы тәуелсіз мемлекет — Гаити пайда болды.

1809 жылы Эквадор, 1810 жылы Мексика, Чили, 1811 жылы Парагвай, Колумбия, Венесуэла, 1816 жылы Аргентина, 1821 жылы Коста-Рика, Никарагуа, Перу, Сальвадор, Гондурас, Гватемала, 1822 жылы Бразилия, 1825 жылы Уругвай, Боливия, 1844 жылы Доминикан Республикасы тәуелсіздік алды.

XIX ғасырдың 30-40-жылдарында АҚШ Мексиканың біраз бөлігін (қазіргі Техас штаты мен Үлкен Тұзды көлге дейінгі аралықты) басып алды. XIX ғасырдың 80-жылдары болған соғыс нәтижесінде жағалау аудандары Чилидің иелігіне өткен Боливия теңізге шыға алмай қалды. 1898 жылы Испаниямен соғыста жеңген АҚШ Пуэрто-Рико мен Кубаны иеленді. Сонымен XX ғасырдың басына қарай Латын Америкасында Ұлыбританияның, Нидерландтың, Францияның, АҚШ-тың, Данияның иеліктері сақталып қалды.

XX ғасырда Латын Америкасының саяси картасы біршама өзгерістерге ұшырады. 1902 жылы Куба, 1903 жылы Панаманың тәуелсіздігі жарияланды; 1916 — 1917 жылдары Дания өз иелігіндегі аралдарды АҚШ-қа сатты; 1838 жылы Парагвай аумағы Боливиядан алған Гран-Чако есебінен ұлғая түсті. 1959 жылы Кубада социалистік революция болып, мемлекет жүйесі өзгерді. XX ғасырдың 60-80-жылдары аралдың аумақтар азаттық алды. Қазіргі кезде Латын Америкасындағы кейбір аумақтар әлі де болса басқа елдердің иелігінде қалып отыр (оларды саяси-әкімшілік картадан табыңдар).

Латын Америка елдерінің геосаси жағдайы

Қазіргі кезде мемлекеттің экономикалық қуаты оның әлемдік саясаттағы орнын белгілейтін аса маңызды көрсеткішке айналған. Жалпы алғанда, Латын Америкасының геосаяси жағдайына баға беруде мынадай факторларды атап өту қажет:

1) аймақ елдерінің басқа дүние бөліктерінен шалғайда орналасуы. Осы себепті мұндағы жеке елдің дамуына халықаралық жағдайға қарағанда аймақ ішілік саяси-экономикалық ахуалдың әсері мол;

2) Латын Америкасының дүниежузіндегі аса күшті дамыған мемлекет — АҚШ-пен көршілес орналасуы. Дүниежүзілік экономика мен саясатта жетекші орын алатын мемлекетпен көршілестігі белгілі бір дәрежеде Латын Америкасы елдерінің экономикалық және саяси-әлеуметтік даму бағытын анықтайды десе де болады. Латын Америкасы тарихи-географиялық себептерге байланысты халықаралық деңгейдегі геосаяси орталық болып табылатын АҚШ-тың басты ықпал ету аймағына айналған. Мысалы, АҚШ-тың мұнай өңдейтін ірі кәсіпорын-дары Кариб алабындағы ірі танкерлер тоқтауға ыңғайлы айлақтарда орналасқан және сауда кемелері бұл елдердің «қолайлы жалауларын» пайдаланады. Аймақтағы елдердің көпшілігінің сыртқы саясаты АҚШ мүддесіне сай үйлестіріледі;

3) Латын Америкасында жоғары дамыған елдердің иеліктерінің сақталып қалуы. Іс жүзінде саяси, экономикалық жағынан тәуелді аумақтар Еуропа мен Американың дамыған елдерінің әскери-стратегиялық жағдайын нығайтумен қатар өздерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына мүмкіндік алады. Мысалы, Франция Гвианада ғарыш айлағын орналастырған; Француз Одағына енетін шалғай департаменттердің (Гвиана, Мартиника, Гваделупа, Сен-Пьер және Микелон) дамуына ЕО тарапынан тұрақты түрде қаржы бөлінеді;

4) аймақ елдерінің барлығы дерлік (Парагвай мен Боливиядан басқалары) Дүниежүзілік мұхитқа тікелей шыға алады; бұл елдердің халықаралық қарым-қатынастарын жақсартуға қолайлы алғышарт болып табылады. Әсіресе Атлант және Тынық мұхиттарын жалғастырып жатқан Панама каналы маңы мен Орталық Америка елдерінің географиялық орнының экономикалық және стратегиялық маңызы аса зор;

5) Кариб алабы елдерінің халықаралық деңгейдегі буферлік (аралық) рөлі; географиялық орнының ерекшелігіне байланысты Кариб алабын-дағы елдердің көпшілігінің экономикасы транзиттік сипат алған; аралдың мемлекеттерде салық жеңілдіктеріне байланысты халық-аралық аса ірі қаржы мекемелері мен офф-шорлық зоналар орналас-қан. Мысалы, Кайман аралдарында (Ұлыбритания иелігі) 500-ге жуық банк орналасқан, дүниежүзіндегі аса ірі 50 банктің 40 шақтысының осы аралдарда филиалы бар;

6) Америка елдерінің өзара ынтымақтастығының жедел түрде дамуы; 1995 жылы Америка елдерінің басшылары 2005 жылға қарай Батыс жартышардағы еркін сауда аймағын құру жөніндегі құжаттарға қол қойды. Ынтымақтастық ұйымы аясында бірлескен экономикалық жоспарлар ғана емес, экологиялық, есірткіге қарсы және т.б. бағдарламалар да жүзеге асатын болады. Іс жүзінде мұндай ұйымның құрылуы Латын Америкасы елдерінің геосаяси жағдайын нығайта түседі.

Латын Америка елдерінің мемлекеттік құрылымы, топтары

Латын Америка-сында орналасңан елдердің басым көпшілігі — унитарлық республи-калар, ал Аргентина, Бразилия, Венесуэла, Мексика мемлекеттік құрылымы жөнінен федерациялық республикалар болып табылады. Аймақта Британ Бірлестігіне мүше тәуелсіз мемлекеттер де бар. Латын Америкасындағы елдерді тарихи-географиялық жағынан бірнеше топтарға бөледі: 1) Орта Америка немесе Мезоамерика (Мексика, Орталық Америка және Кариб теңізіндегі аралдық мемлекеттер); 2) Анд елдері (Венесуэла, Колумбия, Эквадор, Перу, Боливия, Чили); 3) Ла-Плата елдері (Парагвай, Уругвай, Аргентина); 4) жетекші ел — Бразилия.

Жер бедері және минералды ресурстар

Латын Америкасы солтүстіктен оңтүстікке қарай шамамен 13 мың км-ге созылып жатыр. Аймақтың жер бедері мен геологиялық құрылысы өте күрделі екенін сендер «Материктер мен мұхиттар географиясынан» білесіңдер. Енді аймақтың басты құрылымдық бірліктері мен олардағы пайдалы қазбалардың негізгі түрлерімен танысайық.

Аймақтың солтүстігіндегі бірнеше тау жоталары мен таулы қыратты біріктіретін Мексика Кордилъерасы аумағында күшті жер сілкінулер, жанартау атқылаулары болып тұрады. Мұнда Орисаба (биіктігі — 5700 м), Попокатепетль (биіктігі — 5452 м) сияқты сөнбеген ірі жанартаулар орналасқан. Орталық Американың батысын, алып жатқан құрылымы өте күрделі таулы ауданды Кариб Кордилъерасы деп атайды, ол шығысында жағалық ойпаттарға ұласады.

Кариб теңізі алабында орналасқан аралдар Үлкен Антиль, Багам және Кіші Антиль аралдарының тобын құрайды. Олар шығу тегі жағынан әртүрлі (материктік, жанартаулық және маржандық) болып келеді, жер бедері де алуан түрлі. Аралдардың жағалаулары күшті тілімденген, қолайлы қойнаулар да көп. Бірақ маржан рифтілері кеме қатынасына кедергі келтіреді.

Климаты және агроклиматтық ресурстары

Аймақтың климатын қалыптастыруда географиялық орны мен жер бедері шешуші рөл атқарады. Аумағының басым бөлігін екі жартышардың субтропиктік және тропиктік белдеулерінің алып жатуы, қоршап жатқан екі мұхит айдынының ыңпал етуі және аса ірі кедергі қызметін атқаратын тау белдеулерінің болуы аймақішілік климат ерекшеліктерін қалыптастырады.

Экваторлық белдеуде температура жыл бойы тұрақты. Субэкваторлық және тропиктік белдеулерде температураның жыл мезгіліне байланысты өзгерістері таулы үстірттерде айқын байқалады. Биіктікке қарай температураның төмендеуінен Мексика таулы қыраты мен Бразилия таулы үстірттерінде үсіктер болып тұрады; бұл үсіктер Бразилияның кофе плантацияларына көп зиян келтіреді. Латын Америкасындағы ең ыстық аудан — жыл бойы басым түрде құрлықтың ауа массаларының ықпалында болатын Гран-Чако жазығы. Оңтүстік жартышардың тропиктік белдеуінде орналасқан бұл жазықта жаз айларында температура кейде 50°С-қа жетеді. Жалпы Оңтүстік Америка аумағында орташа жылдық температура тек таулы аудандарда ғана теріс шамаға ие; тіпті қиыр оңтүстіктегі Магеллан бұғазы ешқашан қатпайды.

Аймақ климатына мұхит әсері айтарлықтай. Мұхиттағы жылы ағыстар өтетін Колумбияның батыс жағалауларына жауын-шашын мол түседі. Перуде суық ағысы өтетін Чилидің Тынық мұхит жағалауында дүниежүзіндегі ең құрғақ Атакама жағалық шөлі орналасқан. Күзде Кариб алабындағы аралдар үстімен тропиктік циклондар жиі өтеді, олар өз кезегінде күшті дауылдарды тудырып, үлкен апатты жағдайларға алып келеді.

Латын Америка елдерінің халқы

Аймақ халқының саны жылдам өсуде. 1920 жылы Латын Америкасында 90 млн, 1970 жылы 279 млн, 2014 жылы 618 млн адам болды; болжау бойынша 2025 жылы аймақтағы халық саны 703 млн адамға жетуі мүмкін. Жалпы алғанда, аймақта туу коэффициенті 19% болса, өлім коэффициенті 6%. Халықтың табиғи өсуі «демографиялық жарылыс» кезеңінде (ХХ ғасырдың 60-жылдары) 30% болса, 2013 жылы 13% -ге дейін азайды. Табиғи өсудің жоғары көрсеткіштері даму деңгейі төмен Никарагуа (19%о), Гватемала (26%о), Гондурас пен Парагвайға (22%о) тән; Кариб алабындағы ағылшынтілдес кіші елдерде (4-11%о), Аргентина (11%о) мен Уругвайда (4%о) бұл көрсеткіш өте төмен.

Адамның өмір жасының орташа ұзақтығы аймақ бойынша 75 жылды құраса, Гаитиде бұл көрсеткіш 62-ге, Гондурас пен Никарагуада 74-ке, ал Чилиде 79-ға тең. Табиғи өсімнің жоғарылығы, адамның өмір жасының салыстырмалы түрде аса ұзақ болмауы көптеген елдердің тұрғын халқының «жасаруына» себепші болған. Кейбір елдерде жасы 15-ке жетпеген балалар жалпы халықтың 40% -дан астамын құраса, жасы 65-тен асқан қарттар үлесі 4-6% -дан аспайды.

Латын Америкасы — дүниежүзіндегі халық аз қоныстанған аймақтардың бірі; мұнда 1 км2-ге 30 адамнан келеді. Аймақта халық біркелкі орналаспаған мұхит жағалауларындағы қолайлы шығанақтар маңында, байырғы өркениет ошақтарында, таулы аудандарда, Кариб алабындағы аралдың елдерде халық тығыз қоныстанған. Кариб алабындағы Барбадоста 1 км2-ге 660 адамнан келеді, Сальвадорда бұл көрсеткіш 300-ге тең. Амазонка мен Ориноко алаптарында, Патагонияда халық өте сирек қоныстанған, мұнда 1 км2-ге 1 адамнан да келмейді. Елдер бойынша халық тығыздығының ең төмен көрсеткіштері Суринамға (1 км2-ге 3 адам), Гайана (4 адам) мен Боливияға (10 адам) тән.

Латын Америкасында урбандалу деңгейі жоғары: аймақ халқының 77% -дан астамы қалаларда тұрады. Дегенмен аймақ бойынша «қала халқы» ұғымы бірыңғай жүйеге келтірілмеген. Кейбір елдерде халқының саны белгілі бір мөлшерден асқан елді мекендер (Гондураста 1000, Аргентинада 2000, Венесуэлада 2500 адамнан асқанда) қала деп танылады. Бразилия, Эквадор мен Парагвайда, Гватемала мен Никарагуада тұрғындарының санына қарамастан, кез келген әкімшілік бірліктің орталығы қала дәрежесіне ие болады. Урбандалу деңгейі жөнінен аймақта Уругвайт (94%) мен Аргентина (93%), Венесуэла(89%) мен Чили (87%) жетекші орын алады; бұл елдердегі урбандалу процесіне XX ғасырдың басындағы қоныс аударушылар легі тікелей әсер етті. Аймақтағы көптеген елдерде урбандалу деңгейінің жоғарылауы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезеңге сәйкес келді. Жаппай индустриялану және елдер экономикасына шетел капиталының құйылуы ауыл тұрғындарының қалаға жаппай қоныс аударуына себепші болды. Қала халқының үлесі төмен елдерге Тринидад және Тобаго (14%) мен Гренада (39%) жатады.

Латын Америкасына тән бір ерекшелік — «жалған урбандалу», ол жалпы қала халқы үлесінің еңбек ететін экономикалық белсенді қала халқының үлесінен едәуір артық болуымен сипатталады. Өйткені ауыл халқы жаппай ірі қалаларға ңоныс аударғанымен, олардың барлығын бірдей тұрғын үй, жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік жоқ. Көптеген ірі қалалардың маңында жоспарсыз, жобасыз бой көтерген жүздеген кедейлер жатағының пайда болуын осы процеспен түсіндіруге болады. Соңғы онжылдықтарда қала агломерациялары жедел қарқынмен қалыптасуда. Аймақта XX ғасырдың соңына қарай 47-ге жуық миллионер қалалар болды, олардың 15-і Бразилия жерінде орналасқан.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *