XV ғасырдың аяғы — XVI ғасырдың басындағы географиялық ашулар

Сыйымдылығы үлкен, тез жүретін желкенді кеме — каравелла — жасалып, тұсбағдар (компас) және теңіз картасы жетілдірілген заманда ұлы географиялық ашулар үшін қажетті мүмкіндіктер пайда болды. Португалия жағалауынан Жерорта теңізі арқылы Солтүстік теңіз бен Балтық теңізіне баратын маңызды теңіз жолдары өтті. Осыған байланысты Португалия порттарына көптеген кемелер тоқтап, сауда жасайтын. Жағалауды мекен еткен түрлі халықтар мен тайпалар балық аулаумен айналысты, олардың арасынан теңіз жағдайын жақсы білетін тәжірибелі теңізшілер тәрбиеленді. Осының бәрі Португалияның төңірегінде орналасқан жаңа жерлерді, әсіресе Африка жағалауларын ашуға деген үмтылысын күшейтті. XV ғасырда Португалия жаңа жерлер ашумен шұғылданды.

1415 жылғы тамыздың 21-інде Португалия Солтүстік Африканың Сеут портына десант түсіріп, оны басып алды. Осыдан бастап, ол Африка жағалауларын бойлай отырып, оңтүстікке қарай жылжи берді. Португалия үкіметі тек 1441 — 1446 жылдар арасында 51 каравелла жасақтап, жорыққа жіберді. Олар жаңа жерлер іздеп табудың, «алтын төгіліп» жатпаса да, тиімді екенін түсіңді. Оңтүстікке қарай сұғына түскен сайын Африканың бос кеңістіктерінің көрінісі бұлардың көзін қуантпады. Бірақ көп ұзамай португалдықтар бірнеше қара түсті африкандықтарды қолға түсіріп, олардың маврлардан ерекше нәсіл екенін білді. 1444 жылы Батыс Африкамен құл саудасын жасайтын бірлестік құрылды. Осы жылы ғана олар 235 құл иемдеді. Енді бұдан былай каравелла капитандарының негізгі мақсаттары адам аулау болды.

Сонымен, португалдықтар енді қайта-қайта экспедициялар жасақтап, Африканың оңтүстік аймақтарын басын алып, халқын құлдыққа айналдырды. Африканың батыс жағалауларындағы Еріксіздер жағалауы, Алтын жағалау, Піл сүйегі жағалауы деген атаулар — соның куәсы.

Португалия королі II Жуанның бұйрығымен 1487 жылы тамыз айының бірінші жартысында екі әскери кеме жабдықталып, Үндістанды бетке алып жолға шықты. Олар Африканың барлық оңтүстік жағалауын айнала жүзіп, Үнді мұхитының тұйық теңіз емес екенін дәлелдеді, Үндістанға жетуге деген сенім күшейді, сондықтан да олар өздері өте қиыншылықпен жеткен жерін «Қайырымды үміт» мүйісі деп атады.

Үндістанға баратын теңіз жолын іздеуді одан әрі жалғастырған сарай төңірегіндегі ақсүйектердің өкілі Васко (Вашку) да Гама экипажында 140 — 170 адам болды. 1497 жылғы шілденің 8-інде Лиссабоннан шыққан бұл экспедиция 1498 жылғы мамырдың 17-сінде Үндістан жағалауын көрді. Мамырдың 20-ы күні Калькуттаға жетті. Бұларға жол көрсетуші-лоцман араб Ахмед ибн Маджит адмиралға: «Сіздер ұмтылып келе жатқан ел анау!» — депті.

Сапар оңайға түспеді, екі кемесінен, көптеген адамынан айырылды. Жергілікті ауа жақпады, түрлі аурулар алып ұрды. Үндістанмен сауда жасауды осы уақытқа дейін өз қолдарында ұстап отырған араб көпестерінің итермелеуімен раджа жағаға шыққан португал матростарын тұтқындап, кері қайтармады. Васко да Гама жауап ретінде кеме көруге келген жергілікті шонжарлардың өкілдерін тұтқында ұстады.

Матростарын қайтарып, өз адамдарын алуға жіберген қайықтарды зеңбіректен атқылап, жағалаудан жүзіп кетті. Португалдықтар үнділіктерге осылай сес көрсетті. Осы аз уақыттың өзінде жергілікті тұрғындардың қымбат заттары мен тәттілеріне өз заттарын айырбастап үлгерді. Кемелердегі айырбасталып алып келінген заттар олардың шығындарынан 60 есе асып түсті. Бұл елмен сауда жасаудың тиімді екені анықталды. Дүниежүзілік сауда үшін Үндістанның ашылуа аса маңызды оқиға болды.

XV ғасырдағы Америка халықтары. Еуропалықтар XV ғасырдың аяғына дейш дүниенің үш бөлігін — Еуропа, Азия және Африкаяы ғана білді, Америка әлі белгісіз еді, Америка халқының көпшілік бөлігі аң және балық аулаумен айналысты. Солтүстік Американың оңтүстігі, орталығы мен Оңтүстік Америка қыраттарының тұрғындары егіншілікпен айналысты. Олар картоп, күнбағыс, жүгері, қызан, какао, темекі өсірді.

Америка халқы хайуанаттарды қолға үйретуді білген жоқ, тек елдің солтүстігінде ит, ал оңтүстігінде түйеге ұқсас жануар — ламалар ғана қолға үйретілді. Америка тұрғындары соқа, дөңгелекті арбалар жасай алмады. Оқ-дәрімен атылатын қаруларды білген жоқ. Еңбек құралдарын, негізінен, тастан, ағаштан, қоладан жасады. Халықтың негізгі бөлігі алғашқы қауымдық құрылыста өмір сүрді. Тек майя, ацтек, инктер ғана басқа тайпаларға қарағанда шаруашылығы мен мәдениетінің даму деңгейі жөнінен жоғары тұрды. Олардың өз ішінен абыздар мен шонжарлар тобы қалыптасты.

Майя халқының мәдениеті. Майя халқы — Америка құрлығындағы жазба ескерткіш қалдырған бірден-бір халық. Вашактун қаласының тас қабырғалары біздің дәуіріміздің басынан бері белгілі. Ал Ячшилан, Копан және Киричуа қалаларының жазба ескерткіштері IV ғасыр мен VI ғасырдың бас кезінен қалған деп шамаланады. Бұл қалаларда сатылы пирамида тәрізді храмдар мен іргетасы биік сарайлар салынған. Оларды түрлі бедерлермен және құдай мүсіндерімен безендірген.

Оларда жазу мен күнтізбе біздің дәуіріміздің алғашқы ғасырларында пайда болды. Қолжазбаларында жазу мен сурет аралас келіп отырады. Қағазға қыл қаламмен иероглифтер салды. Саусақтарды пайдалану арқылы жиырмалық сан негізінде есептеу жүйесін жасады. Майялар күнтізбесі 13 күндік апта, 20 күндік ай, 365 күндік жылға бөлінді. Астрономия саласындағы табысы да нәтижелі болды, күннің тұтылуын есептеп шығарды. Ай мен планеталардың айналу кезеңдері оларға белгілі болды. Қолөнершілер, тасқа бедер салушылар, кесте тігушілер бөлініп шықты.

Ацтектердің мәдениеті. Ацтектер Мексикада теңіз деңгейінен екі мың метр биіктегі тау қыратын мекендеді. Олардың мәдениеті XV ғасырдың екінші жартысынан бастап гүлдене түсті. Батпақты жерлерді құрғатып, егіншілікпен айналысты. Жеміс-жидектер өндеу, бұрыш қосылған шоколад (шоколад — ацтек сөзі) деп аталған өздері өте ұнататын сусын дайындады. Еуропалықтар осы ацтектерден жүгері, какао, қызан алып, каучуктің қасиетін түсінді. Ацтектер түйетауық, қаз, үйрек өсірді. Табиғатта кездескен мыс пен алтынды кейде таза күйінде, кейде қоспаларын балқытып әшекей бұйымдар, күрделі геометриялық бедерлері бар қыш бұйымдар да жасады.

Тоқу, кесте тігу, тасқа бедер салу, қымбат заттардан мозаикалар жасау ісі дамыды. Айырбас саудасында қаздың қауырсынына салған алтын, күміс және қалайы кесінділері, ал кейде ұсақ-түйек саудаға какао пайдаланды. Осы күнгі бізге жетіп отырған мүсін және сурет өнері ескерткіштері ацтек мәдениетінің жоғары болғандығына көз жеткізе түседі.

Оңтүстік Американың батысында инктер елі — Перу жатыр. Инктер көрші тайпаларды бағындырып, олардың еңбегін пайдаланды, Каналдар қазып, егін екті, аспалы көпірлер салды. Қоладан балта, орақ, пышақ, түйреуіш, ине, қоңыраушалар; найзаның ұшы сияқты заттарды құйып, алтын мен күмістен әшекей бұйымдар жасады. Инктерде 4 жылдық мектеп болған, онда бірінші жылы кечуа тілін үйретіп, екінші жылы дінге оқытып, үшінші және төртінші жылдары өмірге қажетті білім берген. Сөйтіп, еуропалықтар келгенге дейін-ақ Америка халықтары өздерінің жоғары мәдениетін жасаған. Бірақ еуропалықтардың басып алуы бұл елдердің табиғи дамуын бұзды.

Колумбтың Американы ашуы. Үндістанға батысқа қарай жүзу арқылы жетуге тұңғыш әрекет жасаған еуропалық теңіз саяхатшысы Христофор Колумб болды. Испанияда король үкіметі нығайып, ірі пиренейлік мемлекеттер біріктірілді, теңіздің арғы жағынан жаңа жер жаулап алуға деген ұмтылыс король үкіметінің өзінде де, сондай-ақ қала буржуазиясы мен шіркеуде де күшті болды. Гренаданың Испанияға қосылуымен байланысты үздіксіз соғыс аяқталып, дворян-идальго «жұмыссыз» қалды. Жаңа жерлер жаулап алуға қажетті алғы шарттар жасалды. Христофор Колумб 1474 жылдың өзінде-ақ Үндістанға баратын қысқа жол жөнінде ақыл-кеңес сұрап, астроном әрі географ Павло Тосканеллиге хат жолдаған еді. Тосканелли жауап хатында Африка жағалауымен жүзгеннен гөрі басқа, қысқа жол бар екенін жазды.

Христофор Колумб 1492 жылы жазда 90 адамы бар үш кемемен ашық теңізге шықты. Ұзақ жүзді, бірақ жер көрінбеді, шаршап-шалдыққан матростар арасында наразылық туа бастады. Ақырында, 1492 жылы қазанның 12-сінде, сапарға шыққанына 70 күн өткен соң, жер көрінді. Арал адамдары Колумбке тұрғындар арасында өте бағалы құрғақ жапырақтар, еуропалықтар бірінші рет көріп отырған темекі сыйлады. Жергілікті тұрғындардан жолбасшылар алып, оңтүстікке қарай жағалай жүзіп, алтын іздеді. Куба мен Гаити аралдарын ашты. Колумб Қытайдың ең бір кедей, нашар бөлігін аштым деп ойлады. Өз өмірінің ақырына дейін жаңа материк ашқанын білмеді. Ол ашқан жерлерді «Үндістан» деп, ал оның халқын «үндістер» деп атады. Осы жерде еуропалықтар бірінші рет темекені қалай шегетінін көріп, жүгері, картоптан дайындалған тағамдардың дәмін татты. Колумб бұл жерден алтын да, басқа ғажайып байлық та таба алған жоқ. Король үкіметінің үміті ақталмаған соң, берілген атақтарын қайтарып алып, мүлкін экспедициялардың шығынын жабу үшін тартып алды. Атақты саяхатшы осылайша қайыршылықта қайтыс болды. Бұл ашылған жерлердің жаңа материк екенін дәлелдеген италияндық саяхатшы Америго Веспуччи болды. Жаңа материк осы саяхатшының атымен Америка деп аталды.

Дүние жүзін айналып шығу саяхаты. Географиялық ашулар тарихында Азияға батыс жолмен жетуді мақсат еткен испандық саяхатшы Фернандо Магелланның орны ерекше. 1519 — 1522 жылдар аралығында бес кемеден тұратын флотилямен батысқа қарай, басқа бұғаздар ашылғанша, Оңтүстік Американың жағалауларын бойлап жүзе берді. Жүзу нәтижесінде Магеллан бұғазы, «Отты жер» ашылды. Бұлар жүзіп келе жатқан төрт ай бойы ауа райы жақсы, теңіз тыныш болғандықтан, оны Тыныш мұхит деп атады.

Теңізде жүзу өте ауыр жағдайда өтті, ауру көбейді, тұшы су жетіспеді, азық-түлік таусылды, теңізшілердің көбісі өлді. Аралдардың жергілікті тұрғындарымен қақтығыстар шаршатты. Ақырында, саяхатшылар Филиппин аралдарына жетті. Осы жерде жергілікті тұрғындармен болған ұрыстарда Магеллан қаза тапты. Тірі қалған теңізшілер жалғыз кемеге отырып, Испанияға қайтып оралды. Экипаждың 265 адамынан 18-і ғана аман-есен елге жетті. Магеллан саяхатының маңызы сонда — ол жердің шар тәрізді екенін дәлелдеді. Еуропалықтар Тынық мұхит аталған Ұлы теңіз туралы сенімді мәліметтер алды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *