Мұхит түбінің жер бедерін зерттеу. Таулар мен жазықтар тек материктерде ғана емес, мұхиттарда да тараған. Мұхиттардың жер бедері де материктердің беті сияқты алуан түрлі.

Өткен ғасырда адамдар мұхит түбінің жер бедері мен жыныстары туралы аз білетін. Мұхиттардың түбі материктер жағасынан қашықтаған сайын біртіндеп төмендей береді де, оның негізгі бөлігі – мұхит шарасы шөгінді жыныстар басқан терең сулы жазық деп жорамалданатын. Бұрын мұхит тереңдігі болат сымның немесе арқанның ұшына салмақты зат байланған, бойына м, см өлшемдері белгіленген қарапайым құрал көмегімен өлшенетін. XX ғасырдың 20-жылдарында эхолотты (эхо – «жаңғырық») ойлап табу және қолдану мұхит түбінің жер бедерін зерттеуге бастама болды. Кемеге орнатылған бұл құралдан жіберілетін дыбыс мұхит түбіне жеткен соң, одан жаңғырып, қайтадан құралға жетеді. Дыбыстың су ішінде таралу жылдамдығы 1 секундта – 1500 м/сек. Осыған орай мұхит тереңдігі неше метр екенін есептеп білуге болады. Мысалы, кемеден берілген дыбыс 6 секундтан кейін жаңғырық түрінде қайтадан естілсе, онда дыбыстың мұхит түбіне 3 секундта жеткенін есептеп білеміз: 1500 м/сек х 3 сек = 4500 м-ге жуық. Эхолотты балықшылар мен ғылыми-зерттеу экспедициялары тиімді пайдаланады. Соңғы жылдары су астында түсіретін фототелекамералар арқылы мұхит түбі туралы маңызды мәліметтер алынуда.

Жак-Ив Кусто – әйгілі француз мұхит зерттеушісі масканы, түтікті және ескекаяқтарды пайдаланып, Фредерик Дюма мен Филипп Тальемен бірге 1938 жылы су астына түсе бастаған. Ол француз инженері Эмиль Ганьянмен бірлесіп, 1943 жылы алғаш рет аквалангты жасап, оны тексеруден өткізген. Кусто су өтпейтін камералар мен жарық құрылғыларын ойлап тауып, тұңғыш рет суасты теледидарлық құрылғы жүйесін ұйымдастырды. Оның суасты зерттеулері күні бүгінге дейін өз маңызын жойған жоқ. Кустоның құрған «Кусто қоғамы» мен «Кусто командасы» әлі де жұмыс істеп келеді.

Мұхит түбіндегі таулар. Мұхит ортасындағы жоталардың табылуы ХХ  ғасырдың 50-жылдарындағы аса маңызды жаңалық болды. Мұхиттың орталық бөлігінде мұхит ортасындағы жоталар орналасады. Ол оңдаған мың шақырымға созылады, жалпы ұзындығы 60 000 шақырымдай. Бұл құрлықтағы тау жоталарының ұзындығынан бірнеше есе артық. Жоталар тізбегінің биік бөліктерінде терең тектоникалық жарықтар (жердің ішкі күшіне байланысты жер қыртысының жарылуынан пайда болған жарық) жүйесі орналасқан.

Мұхиттың ортаңғы жоталарын кейде рифт белдемі деп атайды. Рифт белдемінде Жер шарындағы литосфералық тақталардың ажырау шекарасы орналасқан. Рифт белдемі – Дүниежүзілік мұхиттағы жер сілкіну мен жанартау орталығы . Осы қозғалыстар әсерінен суасты жоталары біртіндеп биіктеп, жанартаулық аралдарға айналады. Оларға Атлант мұхитындағы Исландия, Гавай аралдары жатады.

Мұхитта да жекелеген тау жоталары бар.  Мәселен, 1948 жылы Солтүстік Мұзды мұхиттан ұзындығы шамамен 1800 км болатын су түбіндегі жота табылды. Оның мұхит түбінен биіктігі – 3,5 км, ені 60 – 200 км, жота ұлы орыс ғалымы М.В.Ломоносовтың құрметіне, оның есімімен аталды.

Мұхит түбіндегі жазықтар. Мұхит түбінің 70%-дан астамын мұхит шарасы алып жатады. Мұхит шарасында тереңдігі 4 – 7 мың метрге дейін жететін ең үлкен жазықтар – қазаншұңқырлар болады.

Қазаншұңқырдың орталық бөлігіндегі шөгінді қабаты өте жұқа. Оның түбін жанартаулық шаң-тозаң, теңіз ағзаларының қаңқалары басады. Мұхит түбіндегі шөгінділер өте баяу жиналады, мысалы, шамамен 2 мың жылда 1 см лай түзеді.

Материктің шеткі жағалық таяз бөлігі қайраңдар деп аталады. Ол да мұхит жазықтарына жатады.

Қайраң – материктің мұхитқа өтпелі, 200 м тереңдікке дейінгі бөлігі.

Ол мұхит түбінің 8%-ын құрайды. Материктік қайраңнан мұхитқа құятын өзен арнасының жалғасын да көруге болады. Материктік қайраңдардан пайдалы қазбалар мұнай, табиғи газ өндірілуде.

Материктік қайраңнан мұхит түбіне ауысатын бөлігін материктік беткей дейді. Оның су астындағы жиегі – 2 – 3 мың метр тереңдікке жететін тік кемер. Ол біртіндеп мұхит шарасына ауысады. Оның етегіне жағалаудан ағып келген шөгінді жыныстар жиналады. Мұхит түбінде жер қыртысының құрылысы мен бедерінің өте күрделі бөліктері бар. Бұлар беткейлері тік, түбі тегіс, тереңдігі 6000 м-ден асатын жіңішке әрі ұзын (жүздеген, мыңдаған шақырым) ойыстар – шұңғымалар (науалар).

Жер шарындағы ең терең науа – Мариан шұңғымасы (11 022 м). Егер осы шұңғыма түбіне Гималай тауын орналастырса, онда бұл тау батып кетіп, су бетіне 2 км-дей жетпей тұрар еді. Тынық мұхиттағы бұл шұңғыманы 1958 жылы кеңес ғалымдары «Витязь» кемесінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізгенде анықтаған. Ал шұңғыманы 1960 жылы Швейцария ғалымы Огюст Пиккар жасаған «Триест» тереңдік батискафы (батискаф – су астының ең терең жерлерін зерттейтін, өзін-өзі басқаратын кеме) зерттеді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *