ХІІ-ХІII ғасырлардың өліарасында монғолдар қоғамында феодалдық қатынастардың орнығу процесі жүріп жатты. Олар нояндар мен езілген араттарға бөлінді. XIII ғасырдың басында феодалдық Монғол мемлекеті қүрылды, ол саяси тұрғыдан татар-монғол тайпаларын біріктірді. Бұл мемлекеттің негізін қалаған Темучин — болашақтағы Шыңғысхан болды. Деректердің бірінде ол 1162 жылы, ал басқаларында 1152 жылы бай ноянның отбасында туған делінеді, 1227 жылы өлген.

Өзінің қүрдастары арасында қулығы және ақылдылығымен үздік шыққан Темучин есейе келе өзіне берілген нөкерлерін төңірегіне топтастыра білді, сойтіп XII ғасырдың аяғына қарай Монғол даласындағы қолбасшылардың бірі болды. Керейіттер ханының наймандармен, меркіттер және татарлармен соғыстарында оның даңқы арта түсті, онда болашақ Шыңғыс хан керейттік ханның вассалы ретінде соғысты, қүрметті титулы болды. Бірақ оның вассалдық қатынастары көпке созылмады. Темучиннің қүдіреті барған сайын арта түсті, ал келесі жылы оның 45 мыңдық әскері наймандар мен мерюттерге қарсы жорыққа аттанды, олардың бірқатары оған бағынады, қалғандары Ертістен өтіп, батысқа, Қазақстанның кеңістігіне қарай ығысады.

1204-1205 жылдардағы соғыс науқанының нәтижесінде өзінің басты жауларын тізе бүктірген соң Темучин монғолдың негізгі тайпаларын өз қол астына біріктіру процесін аяқтайды, 1206 жылы көктемде Онон өзенінің жағасында өткен бүкілмонғолдық құрылтайда ол монғолдардың әміршісі болып жарияланады. Сонымен бірге құрылтай Темучинге Шыңғыс хан титулін бекітеді.

Әскери ұйымдастыру принципі Шыңғыс хан орнатқан мемлекеттің негізін құрады. Қол астындағы бүкіл алқап пен оның халқы 3 әскери-әкімшілік округке бөлінді, олар: оң қанат (барунғар), сол қанат (жоңғар) және орталық (гол) деп аталынды. Округгердің әрқайсысы он мың адамнан тұратын «түмгелерден» (түмендерден) құрылды. Ал әрбір «мыңдық» он «жүздіктен», соңғылары — он «ондықтан» тұратын болды. Әскери-әкімшілік жүйе жаулаушылық жорықтарда маңызды рөл атқарды.

1207-1208 жылдары Шыңғысханның үлкен ұлы Жошы енисейлік қырғыздар мен Сібірдің басқа «орман халықтарын» тізе бүктірді. 1207-1209 жылдары Шыңғысханның әскерлері жойқын шабуылдар жасап, қазіргі Шығыс Түркістан аумағында қоныстанған ұйғырларды өздеріне бағындырды. 1211 жылы ол көп қолды әскерімен Солтүстік Қытайға шабуыл жасап, Бейпин (Пекин) және басқа қалаларды басып алды. Осы және бұдан кейінгі жорықтарда Шыңғысхан қантөгіс тактикасын қолданды, бейбіт адамдарды қырып-жойып, қалалар мен қоныстарды, егіншілік ошақтарын күл-талқанын шығарып қиратты.

Шыңғысхан өзінің Қазақстан мен Орта Азияға жасаған жорығына үлкен мән берді, өйткені осы жерден Шығыс Еуропа мен Алдыңғы Азияға жол ашылатын еді. Сондықтан да мұқият әзірленді. Шыңғысхан 1218 жылы Орта Азияға негізінен әскери барлау мақсатымен 500 түйеден тұратын керуен жібереді. Жол-жөнекей ол Отырарға келіп аялдайды. Көпестері шпион деп секем алған Отрардың әкімі Қайырхан оларды өлтіріп, мүлкін тонауға бұйрық береді. Шабуыл жасауына осы сылтау болды. Қалаға жақындағанда Монғолдың қолбасшысы өз күшін екіге бөлді: ұлдары Шағатай мен Үгедей (Үкітай) басқарған бірнеше түменді Отырарды қоршауға қалдырды, Жошы басқарған екінші бөлігін Сырдарияның бойымен төмендегі Жент пен Жаңакентке жіберді, үшінші жасақ Сырдарияның жоғарғы сағасындағы қалаларды жаулап алуға арналды, ал Шыңғысханның өзі кенже ұлы Төлеймен негізгі күшті бастап Бұқарға қарай бет алады.

Хорезм мемлекетінің әміршісі Мұхаммедте соғыс жүргізудің жоспары болған жоқ, оның үстіне ол жалтақ еді, әскер бастықтарына сенбейтін, өзінің әскерлерін енжарлық қорғанысқа душар етті. Ал халық бұқарасы Шыңғысханның тобырымен аянбай күресіп, өз жерін табандылықпен қорғады. Әсіресе Отырар тұрғындары ерліктің тамаша үлгісін көрсетті. Олар осы қаланы алуға бөлінген қаптаған қалың қолға бес ай бойы берілмеді. Отырардың қорғанысы Қазақстан мен Орта Азия халықтарының монғол жалаушыларына қарсы күресі тарихының жарқын беті болып қалды. Қайырхан мүмкіндігі болмай қалғанға дейін жан аямай қарсыласты. Хорезм шахының Отырар қоршауға алынбай тұрғанда көмекке жіберген 10 мың әскерін басқарған Қаража Қажып бесінші айдың аяқ шенінде жаудың қаһарынан үрейленеді де қаланың «Софыхан» қақпасы арқылы шығып, өз әскерлерімен монғолдарға беріледі. Шағатай мен Үгедейдің үкімімен ол опасыздығы үшін төңірегіндегілерімен қоса дарға асылады. Дегенмен монғолдар қалаға басып кіріп үлгереді, оның тұрғындарын «қоралы қойдай» қуып шығып, қаланы түк қалдырмай тонауға кіріседі. Алайда, Отырар әлі де табандылықпен қорғанады, монғолдардың Қайырханның 20 мың арыстандай айбынды ержүрек әскерімен қорғалатын қамалды алуы тағы бір айға созылады. Қамал алынып, оны қорғағандардың бәрі құрбан болғаннан кейін де әкім тірі қалған екі жауынгері мен қамалдың төбесіне шығып алып, қорғануды одан әрі жалғастырады. Қасындағы екеуі де оққа ұшып, жебелері таусылғаннан кейін «Сарайдың қабырғаларында» күндіктегі әйелдер беріп тұрған кірпіштерді жауының басына лақтыра береді, кірпіш таусылғаннан кейін, әкімді тірідей ұстап алу жөнінде бұйрық алған монғолдар оны қоршап алады да қолға түсіреді, аяғына кісен салады.

Жеңіске жеткен Шағатай мен Үгедей тұтқындарды, Отырардың тұрғындары мен оның маңындағы қоныстардың адамдарын алдына салып айдап, 1220 жылы ақпанда Бұқар мен Самарқан арасында кетіп бара жатқан Шыңғысханға барып қосылады. Шыңғысхан тірідей жеткізілген Қайырханның құлақтары мен көздеріне қорғасынды ерітіп құюға әмір етеді.

Отырарды басып алып, оны жермен жексен етіп тегістеген Шыңғысханның қарақшылары Сырдарияның бойымен төмен жүріп Үзгент пен Баршынкентті алады, 1220 жылы сәуірде Жент қаласына жақындайды.

Шыңғысхан басқарған монғол армиясының бас корпусы 1220 жылы мамырда Әмударияға дейінгі Орта Азия жерін түгел басып алады. 1221 жылғы көктемнен бастап соғыс Хорасан, Ауғанстан және Үндістанның солтүстігіне ойысады. Басқа бір жасақ 1220 жылы Солтүстік Иран арқылы Кавказға килігеді, онда аландарды, қыпшақтар мен орыстарды қиратып Қалқа өзенінен бір-ақ шығады, Русь жерлерінің оңтүстігіндегі шет аймақтарды тонайды. Дешті Қыпшақты басып өтіп, 1224 жылы Шыңғысханның Ертістегі Ордасына қайтып оралады. 1225 жылы Шыңғысхан Монғолияға қайтып келеді. Сөйтіп 1219-1224 жылдары монғолдар шапқыншылығы салдарынан Қазақстан мен Орта Азия Шыңғысхан империясына қосылады.

1227 жылы Шыңғысхан өлгеннен кейін 1235 жылы Қарақорымда Монғол ақсүйектерінің құрылтай жиналысында Шығыс Еуропаға жаңа жорық жасау туралы шешім қабылданады. Монғол әскерін Шыңғысханның ңемересі (Жошының ұлы) Батый (Бату) басқаратын болды. 1236-1242 жылдары Еділ Булгариясын, орыс князьдіктерін талқандап, Польшаға, Венгрияға, Чехияға, Молдавияға, Валахияға, Трансилванияға ойран салып, Батый Еділдің сағасына қайта оралады да мұнда жаңа монғол мемлекеті — Алтын Орданы құрады.

Отпен өртеп, қылышпен қырып, орасан зор империя құрған Шыңғысхан өзінің төрт ұлының әрқайсысына үлес бөліп берген еді. Кіші ұлы Төлей Шыңғысханның негізгі жұртын — Монғолияның өзін алды. Монғолиядан батысқа қарай жаулап алынған ұлан-ғайыр аймақ үлкен ұлдарына бөлінді: Батыс Монғолия, Жоғарғы Ертіс пен Тарбағатай үшінші ұлы Үгедейге берілді, Ол ұлы хан болып (1223-1241) жарияланғаннан кейін Орхонда, Қарақорымдағы ордада тұрды. Екінші ұлы Шағатайдың иелігі Оңтүстік Алтайдан Әмударияға дейінгі жерді алып жатты. Басты қаласы Алмалы болды, ал ордасы Іле алқабындағы Қияш деген қонысқа орналасқан еді. Үлкен ұлы Жошының үлесі Ертістен батысқа қарай: Жетісудың солтүстік бөлігін және Төменгі Поволжьеге дейінгі жерді қосып бүкіл Дешті Қыпшақты қамтыды.

Сонымен, Қазақстан аумағы монғолдың үш ұлысының -үлкен (далалық) бөлігі — Жошы ұлысының, Оңтүстік және Оңтүстік-шығыс Қазақстан — Шағатай ұлысының, Жетісудың солтүстік-шығыс бөлігі Үгедей ұлысының құрамына кірді. Шыңғысханның көзі тірісінде ұлдарына бөліп берген жерлер империя басшысына бағынышты болып қала берді. Ал ол өлгеннен кейін жағдай өзгерді. Монғол державасының ұлан-ғайыр кеңістігі, ұлыстардың иелері тұрған жерлердің Орхондағы жалпы империя орталығынан шалғайлығына байланысты іс жүзінде әрқайсысы тәуелсіз бола бастады. Ұлыс басшылырының қолына біртіндеп бүкіл билік толығымен көшіп, империя бірнеше дербес мемлекетке ыдырады. Оның ыдырауының басты себептері: 1) халық бұқарасының монғолдық езгіге қарсы күресі; 2) көптеген елдер мен халықтарды қарудың күшімен қаратып алған империяның берік болмауында; 3) өзара үздіксіз жүргізілген соғыстарда; 4) экономикалық, мәдени байланыстардың, тарихи дәстүрлердің болмауында.

Монғол империясы ыдыраған соң ұлыстар дербес мемлекеттерге айналды. Шыңғысханның үлкен ұлы Жошы әкесінің көзітірі кезінде-ақ өзінің ұлысын тәуелсіз етуге күш салды, бірақ ол әкесімен соғыста 1227 жылы қазаға ұшырады.

Еділдің ең төменгі сағасындағы Жошы ұлысының хан ордасы болған Сарай қаласы (Астраханның маңында) алғашқыда «Алтын Орда» болып аталды, келе-келе ол географиялық ұғымнан саяси терминге айналды. 1237-1240 жылдары Батыйдың тобырлары орыс жеріне басып кірді. Рязань, Мәскеу, Владимир қалаларының маңында монғолдармен кескілескен ұрыстар болды. Монғолдар Переяславль, Глухов, Чернигов қалаларын жаулап алды. 1240 жылы Батыйдың әскерлері Киевті қоршады, қаланы қорғағандардың барлығы дерлік қырылды, ал оның баға жетпес тамаша мәдени ескерткіштері айуандықпен қиратылды.

XIII ғасырдың екінші жартысы — XIV ғасырдың басындағы Алтын Орданың тарихы орыс князьдіктерімен ұдайы жүргізілген соғыстарға толы болды. Тек XIII ғасырдың соңғы ширегінде ғана монғолдар Русьқа ірі 15 шабуыл жасап, орыс жерлерін қанға бөктірді. Батыйдың иелігі ұлғая түсті, оның құрамына Оңтүстік-Шығыс, Солтүстік Хорезм мен Сырдарияның төменгі сағасындағы жерлер кірді. Сол сияқты орыс князьдіктері де Батыйға вассалды тәуелді болды. XIII ғасырдың 60-жылдарында Алтын Орда монғол империясынан бөлінді де өз алдына дербес хандық құрды.

Алтын Орда хандығы өз құрамына енген түркі тілді тайпалар мен хандықтардың ежелден келе жатқан ел басқару жүйесін өзгертпеді, басқару орындарының қызметін бұрынғыша жергілікті феодалдар атқарып отырды. Орда хандары халықты өз феодалдары арқылы басқарды. Жергілікті түркі тайпаларының феодал-шонжарлары мен монғолдардың әскери-феодал шонжарлары арасындағы ауыз жаласқан одақ барған сайын күшейе түсті. Монғол хандары мен шонжарлары түркі тайпаларының ру басылар мен құдаласып, олардан туған балалар аналарының тілін үйренгендіктен жаулаушылардың жергілікті халыкқа сіңіп кету процесін тездетті. Келекеле билік жүргізуші монғолдар қыпшақ тілінде сөйлейтін болды. Алтын Орда мемлекетінің ресми тілі — бұрыннан осы өңірде қалыптасқан қыпшақ тілі болды.

Дәстүрлі шаманизм нанымын тұтынып келген монғол ақсүйектері бағынышты ұлықтардың көпшілігі мұсылман болғандықтан уақыт өте келе ислам мәдениетін қабылдайды. Өзбек ханның (1312-1342) тұсында ислам үстем дінге айналды. Алғашқыда «жасақ» заңы жүргізілсе, енді шариғат ережелері енгізіле бастады.

Монғолдардың жаулап алуы бағындырылған елдер халықтарының әлеуметтік-экономикалық құрылысын тұтас алғанда өзгертпегенімен, олардың қоғамдық-саяси өмірі мен тұрмысына айтарлықтай өзгеріс енгізді. Отырықшы-егіншілікпен айналысатын өңірлерде ислам үстем дінге айналды. Дін басылары, көпестер, ірі феодалдар және түріктердің көшпелі ақсүйектері монғол хандары мен феодалдарының тірегіне айналды, ал еңбекшілер екі жақты экономикалық және саяси езгіге ұшырады.

Монғолдар Қазақстан жерінде «Жасы» немесе Шыңғысханның «Ұлы жасы» деп аталатын құқықтық нормаларын жүзеге асырды, оның түпнұсқасы сақталмаған, тек үзінділері мен қысқаша баяндаулары ғана белгілі. Соған сәйкес жергілікті халық әскери жорықтарға қатысу үшін адамдар беріп тұруға міндетті болды. Көшпелі малшылар әрбір жүз бас малдың біреуін салыққа төледі. Егіншілерден қазынаның пайдасына әрбір он тугар егістіктің ондық түсімі алыныһ отырдьі. Көпестер кеден ақы төледі. Салық жинаумен арнайы бөлінген жасақтар айналысты.

Татар-монғол шапқыншылығы орта ғасырды түгел алғанда халықтарды адам айтқысыз әскери-саяси және моралдық күйзеліске ұшыратты. Шыңғысхан қарақшыларының шапқыншылығы өзінің салдары жағынан жаулап алған елдерге ауыр апат әкелді. Көптеген халықтардың экономикалық және мәдени серпіліс, олардың саяси, әлеуметтік дамуы, демографиясы ұзақ мерзімге тежелді.

Монғолдардың жаулап алуы салдарынан өндіргіш күштер талқандалып, адамдар жаппай қырылды. Өркендеген қалалар жер бетінен ғайып болды. Материалдық және рухани қазыналар жойылып кетті, ондаған мың тамаша шеберлер мен қолөнершілер Монғолияға құлдыққа айдалды. Жаулап алынған елдерде індеттер таралып, жаппай жоқшылық жайлады. Жергілікті халықтың қарсыласуын басу үшін Шыңғысхан жаппай қырып-жою және күштеу, тұтас бір аудандарды жермен-жексен ету тәсілдерін қолданды. Жаулаушының Орта Азияға баратын жолындағы Оңтүстік Қазақстанның Сырдария бойьшдағы қалалар мен қоныстары бұл тәсілдің алғашқы құрбандары болды. Монғол әскерлері отпен өртеп, қылышпен қырып өзіне жол ашып отырды. Олардың айуандығына мынадай дәлелдер келтіруге болады: монғолдар түрлі елдердің отызға тарта қаласының халқын түгелдей дерлік қырып тастаған, олардың ішінде Оңтүстік Қазақстанның Отырар, Сығанақ және Ашнас қалалары бар.

Жетісу жері кескілескен, ұрыссыз-ақ басып алынғанымен Монғол феодалдарының үстемдігі орнағаннан кейінгі ондағы жағдай өте ауыр болды. Бұрын гүлдеп тұрған, халқы жиі қоныстанған, қала мәдениеті дамыған әрі отырықшы-егіншілік және мал шаруашылығы бар Қазақстанның оңтүстік-шығыс аумағы өзінің бұрынғы экономикалық, саяси және мәдени маңызынан тез айырылып қалды. Алмату қаласы Монғол шапқыншылығына дейін Іле өзені алқабындағы гүлденген қала болатын. Қазіргі Алматының орнында тұрған ол да жермен-жексен етіліп қиратылды, байырғы отырықшылықтың ізі де қалмады.

Монғолдардың жаулауы шаруашылықтың жайына ғана кері әсерін тигізіп қойған жоқ, ол қоғамдық дамуды да тежеді, мұнымен қоймай жаулап алынған елдердің, оның ішінде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық құрылымында елеулі регресс туғызды. Монғолдар басып алған елдерде құл иеленушілік уклады кең етек алды, феодалдық қатынастарда ең артта қалған формалар орнығып жатты. Феодализмнің одан әрі даму процесінің тежелуі егіншілік пен қала мәдениетінің күрт құлдырауына, шаруашылықта экстенсивті көшпелі мал шаруашылығының үлес салмағының арта түсуіне соқтырды.

Шыңғысханның жаулаушылық жорықтары мен басқа елдерді жаулап алуынан монғол халқының өзі де ешқандай пайда таппады. Таусылмайтын соғыс монғол араттары бұқарасына шалғай жерлерге жорыққа аттану қамына қосымша шығын жұмсап жоқшылыққа ұшыраудан, жорықтар кезіндегі тақсыреттер мен жат жерде сүйегін қалдырудан басқа ештеңе берген жоқ. Монғолия Шыңғысхан мен оның ұрпақтарының жаулаушылықтарынан кейін де соның алдындағыдай дамымаған, патриархалдық-феодалдық мемлекет күйінде қалып қойды.

Пайдаланылған әдебиеттер: Рысбай К., Қазақстан Республикасының тарихы. – Алматы, 2005. -368 б.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *